Шоқан Уәлихановтың бейнесі өзгеше қырынан ашылады: жаңа фильм желтоқсанда шығады
АЛМАТЫ.KAZINFORM — Алматыда өткен II халықаралық Shoqan Forum барысында танымал журналист, деректі фильмдер режиссері Майя Бекбаева Шоқан Уәлиханов туралы жаңа туындысының ерекшеліктерін таныстырды. Автор фильмде қазақтың көрнекті ғалымын кеңестік кезеңде қалыптасқан біржақты бейнесінен бөлек, қиын кезеңде өз халқына қызмет етуді мақсат еткен тұлға ретінде көрсетуді көздеген.
II халықаралық Shoqan Forum биыл «Шоқан Уәлиханов феномені: Ұлы даланың зияткерлік мұрасы жаһандық контексте» тақырыбында өтті. Форумның пленарлық сессиясында ол жаңа туындысы туралы толығырақ айтты.
Майя Бекбаеваның айтуынша, «Шоқан» атты жаңа фильм көркем-деректі жанрда түсірілген. Жоба авторлары көркем сахналар арқылы көрермен назарын аударуды, ал архивтік құжаттар мен тарихи материалдар арқылы оқиғалардың деректік негізін сақтауды мақсат еткен.
— Көркем формат фильмді көрерменге қызықты әрі тартымды етеді. Ал деректі бөлігі архив кадрларын, құжаттарды көрсетеді, жүргізушінің кадрда болып, оқиғаларға қатысты өз бағасын білдіруіне мүмкіндік береді. Меніңше, көркем және деректі бағытты үйлестіру — көрерменге әсер етудің тиімді жолы, — деді режиссер.
Оның сөзінше, фильммен жұмыс бір жылға жуық уақытты қамтыған. Қыста сценарий жазылып, көктемде түсірілім басталды. Жазда монтаж жұмыстары жүргізілген. Қазір туындыны аяқтау үшін түс коррекциясы, дубляж, музыкалық безендіру секілді постпродакшн жұмыстары атқарылып жатыр. Фильм желтоқсан айында көрерменге ұсынылмақ.
Бекбаева фильмде Шоқан Уәлихановтың ішкі әлемін ашуға ерекше назар аударғанын айтады. Оның пікірінше, бұған дейінгі тарихи түсінікте ғалымның тұлғасы кейде біржақты сипатталып, кеңестік идеологияның ықпалымен қарастырылған.
— Біз Шоқанды өте терең, сезімтал әрі батыл интеллектуал ретінде көрсеткіміз келді. Ол өз заманынан бір ғасыр озып кеткен тұлға деп ойлаймын. Оның бойында терең ішкі қайшылық болған. Бір жағынан, ол Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы, төре әулетінен шыққан адам. Екінші жағынан, Ресей империясына қызмет етті. Осындай күрделі тарихи жағдайда да өз халқына пайдалы болудың, оған қызмет етудің жолын іздеді, — деді Майя Бекбаева.
Ол Шоқанның өмір сүрген кезеңі қазақ даласындағы саяси өзгерістермен тұспа-тұс келгенін атап өтті. Сол уақытта дәстүрлі билік жүйесі өзгеріп, хандық басқару жойылған еді. Мұндай тарихи жағдайда Шоқанның өз тегін, шыққан ортасын және империялық қызметтегі орнын қалай үйлестіргені фильмде назарға алынған.
Режиссердің айтуынша, Шоқанның өз халқына қызмет етуге ұмтылғанын оның өмір жолы мен еңбектерінен байқауға болады. Ол ғалымның тарихын тек өткен дәуірдің оқиғасы ретінде қарастырмайды.
— Шоқанның тарихы — тек өткен шақ туралы емес. Бұл — бүгінгі біздің де оқиғамыз. Қазіргі әлемде әркім өз орнын іздеп жүргенде, өз болмысымызды жоғалтпау, тарихи тамырымыздан ажырамау өте маңызды. Ағаш тамырсыз өспейді. Адам да, ұлт та өз бастауын білмей дами алмайды, — деді ол.
Сондай-ақ Майя Бекбаева тілшімізге фильмді түсіру барысында актерлерді іріктеу оңай болмағанын да айтты. Себебі бұған дейін Шоқан Уәлиханов туралы екі фильм түсірілген. Олардың бірінде басты кейіпкерді актер Сәғи Әшімов сомдады. Сондықтан шығармашылық топ бұрынғы экрандық бейнені қайталамай, Шоқанның жаңа образын қалыптастыруға тырысқан.
— Біз үшін басты рөлді сомдайтын актерді таңдау кезінде бұрынғы кейіпкерді қайталамау маңызды болды. Сонымен қатар жаңа Шоқан бейнесі нанымды, үйлесімді әрі бүгінгі көрерменге жақын болуы керек еді. Басты рөлді жас актер Ерлан Құлмурзин сомдады. Ол бұрынғы образдан біршама ерекшеленеді. Дегенмен көрерменге ұнайды деп ойлаймын, — деді режиссер.
Оның айтуынша, фильм авторлары Шоқан тұлғасына қатысты қазіргі тарихшылардың көзқарастары мен зерттеулеріне де сүйенген. Режиссер көрермен осы туынды арқылы ғалымды жаңа қырынан танып, оның тұлғасына тереңірек үңіледі деп үміттенеді.
Еске салсақ, былтыр Бішкекте Шоқан Уәлиханов туралы деректі фильмнің тұсаукесері өтті.