Шоқан және оның заманы туралы ғұмырнамалық кітап жарық көрді

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Автор Шоқан Уәлихановтың өмірін көп жылдан бері зерттеп, қазақтың ұлы ғалымының 1856 жылы жазған «Ыстықкөл сапарының күнделігі» ізімен қайталай жүріп өткен, ол ғұмыр кешкен мекендерді арнайы аралап, бұған дейін осы тақырыпқа арналған «Шоқан ізімен» (1977), «Жасын-тағдыр жарқылы» (1987) атты кітаптарымен оқырман қауымға танымал қаламгер.
Шоқандай ардақтымыздың келер жылы аталып өткелі отырған 175 жылдық мерейтойы қарсаңында жарық көріп отырған жаңа ғұмырнамалық туындыда ұлы ғұлама мен ол өмір сүрген заманға қатысты, кейінгі онжылдықтарда ғылыми айналымға түскен тарихи, мұрағаттық деректер кеңінен пайдаланылып, бұрын беймәлім боп келген көптеген тұстарға жаңаша барлау жасалынады. Сол кезеңдегі қазақтың белгілі тұлғалары туралы тиянақты мағлұматтар беріледі, күшейе түскен отаршылдық құрсау, жаңа жерлерді бағындыруға ұмтылған империялық обыр пиғылдың әртүрлі қитұрқылары ашып көрсетіледі. Автор мезгілінен оза туған Шоқанның ерек тұлғасын, шығыстану әлемінде құйрықты жұлдыздай ағып өткен ғажайып ғалымдығын, өз дәуірінің үздік ойлы ақылмандары мен қаламгерлерін айрықша тәнті еткен оқшау дарынын, қызығы мен құсалығы қатар ұшырасқан шытырман тағдырлы ғұмырын сол дүрбелең заман демімен тығыз байланыстыра қарап тарқатады.
Кітап Мәдениет және ақпарат министрлігінің әлеуметтік маңызды әдебиет тізіміне енгізілген. Көлемі - 39 баспа табақ.
ҚазАқпарат анықтамасы:
Ж. Бейсенбайұлы - 1969-1990 жылдары «Жас Алаш» газетінде қызмет істеді. 1990-1997 жылдары «Ана тілі» газетінің тұңғыш бас редакторы. 1997 жылдың соңынан бастап Қазақ ақпарат агенттігі (қазіргі «ҚазАқпарат» ұлттық компаниясы) Қазақ редакциясының бас редакторы. Оқырман қауымға ол жоғарыда аталып өткен шығармалардан басқа «Буырқанған бояулар» (1981), «Әдеп әлемі» (1982), «Қазақ шежіресі» (1994), «Арғы түрктер ақиқатының ізімен» (2006) атты кітаптарымен де таныс.