Шоқанның жолын қуған журналист: Жарылқап Бейсенбайұлымен кездесу кеші өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қарымды қаламгер, зерттеуші-журналист Жарылқап Бейсенбайұлымен «Шоқан жолы» атты кездесу кеші өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Егемен Қазақстан» газетіне сілтеме жасап.
Қазақ руханиятында Абайдың жолы қандай тағылымды болса, Шоқанның жолы да сондай қымбат. Осы екінші сара жолды негіздеушілердің бірі ретінде оқырманмен пікір алмасып, ой бөліскен Жарылқап Бейсенбайұлы өзінің шоқантануға қалай бет бұрғаны туралы кеңінен әңгімелеп берді.
Зерттеуші журналистің айтуына қарағанда, студенттік шағына тап келген өткен ғасырдың 60-жылдары қазақ руханиятында тың серпін пайда болып, жаңа тынысы ашылған кезең-ді. Яғни жас жазушы-ғалымдар Рымғали Нұрғалиев, Мұхтар Мағауин, Зейнолла Серікқалиевтің салған түрені студент жастың рухын оятқан. Аталған адамдар сияқты ол да осы арнаға бұрылуды мақсат тұтқан. Сөйтіп Шоқанның жолын журналистік леппен зерттеуге кіріскен. Әуелі ғалымның 1856 жылы басынан өткерген атақты «Ыстық көл сапары» жайлы күнделігін құшақтап, дәл сонда аты аталып, түсі түстелген жерлерді жаяу аралаған. Сонау Петербург, іргедегі Омбы, өзіміздің Семей мен Қапал, қырғыздың Ыстықкөліне дейін Шоқан басқан іздермен жүріп өткен.
Нәтижесінде, 1975 жылы ғалымның туғанына 140 жыл толған мерейтойы қарсаңында «Шоқанның ізімен» атты алғашқы кітабын жарыққа шығарған.
«Шоқан Уәлиханов көп қырлы ғалым, кеңес заманында оның саяхатшылық қыры ғана танылды. Оның фольклортану, этнография және сол тұстағы қазақ қоғамының бет-бейнесі, ресейлік отарлаудың озбырлығы жайлы жазған еңбектері әлі де толық зерделенген жоқ», - дейді Ж.Бейсенбайұлы.
Тіпті Ш.Уәлихановтың 19 жасында Қ.Жалайырдың еңбектерін оқып, оған ғылыми талдау жасағанын, сондай-ақ Мұхамед Дулатидің «Тарих-и Рашиди» шығармасын алғаш зерттегенін екінің бірі біле бермейді.
Кезінде академик Рымғали Нұрғалиев шоқантанушы публициске «Жарылқап-ау, сенің бар болғаның қандай жақсы, Шоқанды осындай дәрежеде зерттеген», деп емірене баға беруі тегін емес.
Бір жарым сағатқа созылған кездесу кешінде жиналған студент қауымы үшін бірталай маңызды мағлұмат айтылды.
Жиынды түйіндеген Л.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, академик Диқан Қамзабекұлы кеш қонағын, қарапайым ауыл баласынан мәдениеттанудың үздік үлгісіне айналған тұлға деп бағалап, оған оқу орнының естелік медалін табыстады.