Шөкеев CITIC Group және Қытай даму банкінің өкілдерімен біріккен жобаларды талқылады

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы, Қазақстан-Қытай Іскерлік Кеңесінің (ҚҚІК) қазақстандық тараптан тең төрағасы Өмірзақ Шөкеев «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастық форумына қатысу аясында бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның Қытайдағы меншікті тілшісі. 

Шөкеев CITIC Group және Қытай даму банкінің өкілдерімен біріккен жобаларды талқылады

«Самұрық-Қазына» қорының басшысы ҚҚІК қытайлық тараптан тең төрағасы, «CITIC Group» директорлар кеңесінің төрағасы Чжан Чжэньминмен кездесті.

Өмірзақ Шөкеев пен Чжан Чжэньмин жаңа жобалар аясында ынтымақтастықтың мүмкіндіктері туралы, сондай-ақ таяу уақытта Астанада өткізілетін Іскерлік Кеңестің төртінші отырысында көтерілетін мәселелер туралы талқылады.

Ө.Шөкеев Қытайдың мемлекеттік даму банкінің (ҚМДБ) төрағасы Ху Хуайбанмен кездесу өткізіп, ынтымақтастықтың қазіргі және болашақтағы бағыттары бойынша бірқатар мәселелерді талқылады.

Қазіргі таңда қордың мамандары ҚМДБ-мен бірлесіп қаржыландыру көлемі 2 млрд долларды құрайтын химия саласындағы бірқатар ірі жобаларды жүзеге асырып жатыр.

Еске салайық, 2017 жылдың 14 мамыры күні «Масал тау-байыту комбинаты» ЖШС өкілдері Қытайдың China National Technical Import and Export Corporation (CNTIC) корпорациясымен және Ақмола облысындағы Масал темір кенді кен орны базасында тау-кен металлургиялық кешеннің құрылысын қарастыратын Қытайдың ЭКСИМ-банкімен келісімге қол қойды.