«Шоқпар-2013» оқу-жаттығуы басталды - ҚР Қорғаныс министрлігі

ҚР ҚМ баспасөз қызметінің мәліметінше, «Оңтүстік» және «Астана» өңірлік қолбасшылықтарының құрылымдары мен әскери бөлімдері, Аэроұтқыр әскерлері толық жауынгерлік әзірлікке келтіріліп, Жамбыл облысы Гвардейск гарнизонының «Мәтібұлақ» полигонына аттанып кетті.
Аталған жаттығуға төрт жарым мыңнан астам әскери қызметші мен төрт жүзден астам жауынгерлік техника тартылып отыр. Жаттығуға мотоатқыштар, танкистер, артиллеристер, десантты-шабуылдаушылар және арнайы бөлімшелермен бірге армиялық авиация да қатысатын болады.
«Шоқпар-2013» жаттығуының ерекшелігі шартты түрдегі қарулы қақтығысқа қатысушылар екі жаққа бөлініп, жаумен ұрыс кезінде шешім қабылдауды, операцияны жүргізуді жоспарлауды жүзеге асырады. Сонымен қатар, жаттығуға қатысушылар алда болатын іс-қимылдар туралы қандай да бір ақпараттан бейхабар.
Әскерлер өздерінің жауынгерлік тапсырмаларын белгіленген ауданға келгеннен кейін алып, жауынгерлік іс-қимылдарды жоспарлап, ұйымдастыруға кіріседі.
«Заманауи қарулы қақтығыстардағы әлемдік тәжірибеге сүйене отырып және Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековтің талаптарына сәйкес жаттығудағы негізгі күш әскерлерді бүгінгі күннің қауіп-қатеріне қарсы стандарттан тыс қимылдауға оқытуға бағытталып отыр»,-дейді оқу-жаттығудың жетекшісі Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-лейтенант Мұрат Мәйкеев.