Шоқпар стансасында 2 вагонның рельстен шығып, өртенуіне қатысты комиссия құрылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жамбыл облысы Шоқпар стансасындағы рельстен шығып, аударылған, сосын өртенген цистернаға қатысты арнайы комисся құрылды. Бұл жөнінде «Қазақстан темір жолы» АҚ баспасөз қызметі мәлімдеме жасады.

Шоқпар стансасында 2 вагонның рельстен шығып, өртенуіне қатысты комиссия құрылды

Естеріңізге сала кетейік, бүгін түнде Шоқпар стансасында 45 км/сағ жылдамдықпен 2-ші жолға келген жүк пойызының 2 вагон-цистернасы жолдан шығып кеткен болатын. Цистернаның меншік иесі - «HOLDING» ЖШС. Содан кейін цистернадан аққан бензиннен өрт шыққан.

«Габарит бар. Бензиннің жануына байланысты пойыздардың қозғалысы тоқтатылды. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ. 6 жолаушы пойызы жолдан қалды. 03.40 минутта өрт сөнді» делінген хабарламада.

Алдын ала болжам бойынша, апаттың шығу себебі - цистернаның доңғалақ жұбы осінің ортаңғы бөлігінің сынып кетуі.

Оқиғаны тергеу бойынша арнайы комиссия құрылды.