Шоқпар - Украина Президентінің ресми символы
АСТАНА. 20 наурыз. ҚазАқпарат - Сонау тас дәуірінде тас гүрзі, қола дәуірінде металл шоқпар болған қару түрі XIII-XVII ғасырлардан кейін әскери маңызын жоғалтып, қолбасшы билігінің символына айналды,
деп жазады «Алаш айнасы» басылымы.
Гүрзі XIX-ХХ ғасырларда түрік пашалары, украин гетмандары мен атамандары үшін билік пен артықшылық символы саналды. Бұл қару Польша маршалдарының айрықша белгісі болды. Қазіргі уақытта қысқа шоқпар Украин президенттік билігінің ресми символына айналды. Украина Президентінің 1999 жылғы 29 қарашадағы жарлығы бойынша Украина мемлекет басшысының ресми символдары болып - Украина Президентінің штандарты, Украина Президентінің белгісі, Украина Президентінің гербтік мөрі және Украина Президентінің шоқпары (булава) танылды. 2010 жылы 25 ақпанда ұлықтау рәсімінде Конституциялық сот төрағасы Андрей Стиржак Украина басшысы Виктор Януковичке басқа ресми символдармен бірге алтынмен апталған, күміспен күптелген, қымбат тастармен безендірілген қысқа шоқпарды табыс етті.