Шолоховпен бірге Нобель сыйлығына таласқандардың есімдері енді ғана белгілі болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Швед корольдігі академиясының архиві 1965 жылы әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығына номинант болғандардың есімдерін жариялады.
Академия архивінің құжаттарында көрсетілген мәліметке сәйкес, олар - Францияда тұрған орыс жазушысы Владимир Набоков, Чили ақыны Пабло Неруда және аргентиналық Хорхе Луис Борхес, деп хабарлайды Lenta.ru. Бұлардың арасынан тек Пабло Неруда ғана кейін, 1971 жылы осы сыйлыққа қол жеткізе алды.
Сыйлық беру жөніндегі түпкілікті шешімді шығаратын академия өзінің ережесі бойынша номинант атанғанымен, сыйлыққа қол жеткізе алмай қалған қаламгерлердің аты-жөндерін 50 жылға дейін құпия ұстайды. Тек осынша уақыт өткеннен кейін ғана таласқа түскен үміткерлердің толық құрамын жария етеді. Осылайша бізге 1965 жылғы кандидаттар қатарында, жоғарыда аталғандардан бөлек, британиялықтар Уистен Хью Оден, Лоренс Даррел, Лесли Поулз Хартли, Соммерсет Моэм және Алан Силлитоу болғаны да енді мәлім болып жатыр. Бұлардың арасынан бірде-біреуі кейін Нобель сыйлығын ала алмады. Тек сол жылы номинант болған ирланд жазушысы, ақын, драматург Сэмюэл Беккет кейінірек, 1969 жылы сыйлық иегері атанады.
Кеңес жазушысы Михаил Шолохов аталған сыйлықты «Тынық Дон» трилогиясы үшін алды. Оның алдында, 1958 жылы кеңестік тағы бір қаламгер - Борис Пастернакқа осы сыйлық берілген болатын. Бірақ жазушы кеңестік идеологияның қысымы салдарынан одан ресми түрде бас тартты, деп жазады egemen.kz.