Шолпан Ата қаласында І Бүкіләлемдік көшпенділер ойындары ашылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 9 қыркүйек күні Қырғызстанның Шолпан Ата қаласында І Бүкіләлемдік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты өтті.
Бірегей спорт жарысының қатысушыларына Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев құттықтау хатын жолдады, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен.
Қазақстан Президентінің құттықтауында «Бірінші Бүкіләлемдік көшпенділер ойындары - көшпенді халықтың рухани құндылықтарын сақтауға бағытталған тағы бір мүмкіндік. Сіздер өз халықтарыңыздың тарихи-мәдени мұрасын сүйетін мәдениет саласының жарқын өкілісіздер. Осындай іс-шаралар түркі әлемі халықтарының басын біріктіреді, генетикалық кодтың жандануына сеп болып, тарихи сананы қалыптастырады», делінген.
«І Бүкіләлемдік көшпенділер ойындары мәдениетаралық диалогты қамтамасыз ету бойынша мемлекеттер интеграциясы жолында жасалған тағы бір қадам әрі елдеріміздің бай мұрасын насихаттауға қосар үлес болмақ», - деп атап өтті Н.Ә.Назарбаев.
Бүкіләлемдік ойындардың мақсаты - аймақтағы көршілік қарым-қатынастарды, түркітілдес елдердің ауызбірлігін нығайту, көшпенді елдер мәдениетінің ұқсастығы мен бабалар мұрасын сақтап қалу идеясын дамытуға жаңа серпін беру.
Қазақстанның ресми делегациясын Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Исабаев бастап барды.
Бұрындары хабарланғандай, жарысқа Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Гагаузия, Әзербайжан, Моңғолия, Ресей, Қытай елдерінің спорт делегациялары қатысады. Қазақстанның спорт делегациясының құрамына ұлттық спорт түрлері бойынша жетістіктерге жетіп жүрген спортшылар енді.
Ойындар бағдарламасында асық ату, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, қырғыз күресі, алыш, көкпар, аударыспақ, аламан бәйге, құнан бәйге, ат жарысы қамтылған. Сайыстың салтанатты жабылу рәсімі Шолпан Атада 14 қыркүйек күні 3D форматында өтеді.