ШОЛУ: Қазақстандағы спорттың дамуы (ІІ бөлім)

АСТАНА. ҚазАқпарат 2016 жыл - Қазақстан спорты үшін ерекше жыл. Биыл Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында төрт жылда бір келетін дүбірлі дода жазғы Олимпиада ойындары байрағын көтереді. Төрткүл дүние көз тігетін бәсекеге біздің спорт саңлақтарымыздың дайындығы қалай? Іріктеу жарыстарынан кім сүрінбей өтіп, жанкүйер үмітін ақтап жатыр? Олимпиададан өзге де спорттық жарыстардағы нәтижеміз қандай? Елімізде жалпы бұқаралық спорт қаншалықты дамып жатыр? «ҚазАқпарат» жыл басынан бері спорт тақырыбын назардан тыс қалдырмай, ерекше көңіл бөліп келді. Назарларыңызға осы және өзге де тақырыптарды қамтитын спорт туралы ең қызықты материалдарға шолудың екінші бөлімін ұсынамыз.
None
None

***

 

Путинцева WTA рейтингінде Диасты басып озып, Қазақстанның бірінші ракеткасы атанды

Юлия Путинцева спорт жолында алғашқы рет Қазақстанның бірінші ракеткасы атанды, деп хабарлады Vesti.kz. Бұл туралы Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) өз рейтингін жаңартқаннан кейін белгілі болды.Теннис бойынша Австралияның Ашық чемпионатында сәтті ойын көрсетуінің арқасында 21 жастағы Путинцева 16 сатыға көтеріліп, WTA рейтингінде 64-ші орынға табан тіреді. Бұл - WTA рейтингінде Путинцева үшін үздік көрсеткіш. Бұрын ол 70-ші сатыдан жоғары көтерілмеген.Қазақстанның бірінші ракеткасы болған Зарина Диас 12 сатыға төмен түсіп, рейтингте 69-шы орында. Тағы бір қазақстандық теннисші Ярослава Шведова Аustralian Open-нен кейін 70-тен 83-ші сатыға төмендеді. Рейтингте америкалық теннисші Серена Уильямс көшбасшылықты сақтап қалды. Финалда 6:4, 3:6, 6:4 есебімен Серена Уильямсты жеңген Australian Open жеңімпазы неміс теннисшісі Ангелика Кербер алты орынға көтеріліп, екінші орынға жайғасты. Үшінші жолда румындық Симона Халеп тұр. 


Солтүстікқазақстандық спортшы Рио Олимпиадасына тағы бір лицензия жеңіп алды

Солтүстікқазақстандық велошабандоз Артём Захаров жапондық Ошима қаласында өткен велоспорт бойынша Азия чемпионатында тректік жарыс - омниум көпсайысында күміс жүлдегер атанды. Осылайша, 2016 жылғы жазғы Олимпиадалық ойынға лицензия ұтып алды.«Велоспорт бойынша Азия чемпионаты Жапонияда 19-30 қаңтар аралығында өтеді. «Велотректе омниум» тәртібінде СҚО шабандозы Артем Захаров жапондық спортшы Хашимото Эльді алға оздырып, күміс медальді еншіледі. Үшінші орынға қытайлық Лю Хао жайғасты», - деп хабарлады СҚО бас бапкері Сергей Курчин. Азияның күміс жүлдесі «Track Team Astana» командасының өкілі Артем Захаровқа Қазақстанның олимпиадалық рейтингі есебінде 105 ұпай жинауға мүмкіндік берді. Бұдан бұрынырақ Артем Захаров Гонконгта велотрек бойынша әлем кубогының қорытынды кезеңінде скретч жарысының жеңімпазы атанған. Тұтастай Қазақстан ұлттық құрамасы Жапонияда өткен Азия чемпионатында «элита» санатында екі күміс жүлдені иеленді. Артем Захаровтан басқа екінші орынға жеке жарыста қазақстандық Диас Өмірзақов   көтерілді.     

Алматы Марафонына скандинавиялық жүріс түрі қосылды

 

Алматы Марафонына жеңіл атлетиканың тағы бір түрі - Скандинавиялық жүріс тәртібі қосылды. Сондай-ақ, осы ақпан айында жүгірем деушілер 10 шақырымдық қашықтық бойынша жарысқа қатысып, старттық нөмірлер ала алады.2015 жылдың тамыз және қараша айларында марафон және жартылай марафонға қатысушылар алғаш рет атаулы нөмірлерге ие болған еді. Мұндай тәжірибе барлық халықаралық марафондарда қолданылады. Бұл үрдіс осы ақпан айында өткізілетін 10 шақырымдық қашықтыққа жарыс барысында да жалғасын табады. Бұл үшін www.almaty-marathon.kz сайтына кіріп, тиісті сауалнамаға жауап беріп, старттық жарнаны төлеу қажет. Ал мұны ақпан айына дейін жасағандар атаулы нөмірге автоматты түрде ие болды.  «Марафон - өмірде үлкен жетістіктердің бірі. Ол, ағзаның физикалық қана емес, сондай-ақ, психологиялық кедергілерін жеңуге мүмкіндік береді. Алғашқы кезде қаншалықты қиын болғанымен, тұрақты дайындықтың, жаттығулардың арқасында әр түрлі қашықтықтағы марафондарға қатысуға болады», - деді Алматы Марафоны ұйымдастыру комитетінің директоры Салтанат Қазыбаева. Ал 10 шақырымдық марафон - қатысушылар арасындағы ең танымал қашықтықтардың бірі. Сондай-ақ, ұйымдастыру комитетінің хабарлауынша, алдағы сәуір айында Алматы Марафонына старттық пакеттер алу шарасы барысында да атаулы нөмірлерге қол жеткізуге болады. Сонымен қатар, бесінші мерейтойлық Алматы Марафонына жеңіл атлетиканың тағы бір түрі - Скандинавиялық жүріс тәртібі қосылды. Скандинавиялық жүріс - шаңғышы секілді екі қолға арнайы сүйеніш таяқша ұстап алып жүретін жүріс. Таяқтың арқасында екі аяққа салмақ бірдей түседі. Соның арқасында ұзақ қашықтыққа жүруге болады. Сәйкесінше, мұндай жүріспен ересектер де айналыса алады. 10 шақырымға арналған бұл қашықтыққа барлық ниет білдірушілердің қатысуға мүмкіндіктері бар. Егер скандинавиялық жүріске арналған таяқшаларды сатып алуға мүмкіндік жоқ болса, оларды «Еуразия» скандинавиялық жүріс мектебінен тегін алуға болады. Сондай-ақ, аталған мектептің мамандары айына бір рет осы жүріс бойынша қоғамдық жаттығулар ұйымдастырады. Жаттығулардың уақыт кестесі Алматы Марафоны сайтына жарияланады. Айта кетелік, бесінші мерейтойлық Алматы Марафонынан жиналған қаржы «АРДИ» оңалту орталығына тірек-қозғалыс жүйесін қалпына келтіруге арналған төрт аппарат сатып алуға жұмсалады. Ал скандинавиялық жүріс бойынша старттық нөмірлер таратылмайды.   


Ташкентте тоғызқұмалақтан халықаралық жарыс өтті

Өзбекстандағы Қазақ мәдениет ұлттық орталығы және Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Қауымдастығының ұйымдастыруымен 2016 жылдың 27-29 қаңтар аралығында Ташкент қаласында тоғызқұмалақтан жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін халықаралық жарыс өз мәресіне жетті.Бұл туралы Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Қауымдастығының баспасөз қызметі хабарлады. Төл ойынымыз - тоғызқұмалақтан өткен тартысты бәсеке Ташкент Ирригация және мелиорация институты ғимаратында өтті. Осымен тоғызыншы рет жалауын желбіреткен жарысқа Өзбекстан, Қазақстан және Қарақалпақстан республикаларынан 40-қа жуық спортшылар қатысты. Жарыс 3 жас ерекшелігі бойынша қыздар және ұлдар арасында бөлек өткізілді. Олар 14 жастан төмен, 15-17 жас және 18 жастан жоғары спортшылар. Жарыстың ашылу салтанатында Ташкент ирригация және мелиорация институтының проректоры Қадиржан Шовозов, Өзбекстандағы Қазақ мәдениет ұлттық орталығының төрағасы Серікбай Үсенов, Өзбекстандағы Қазақстан Елшілігінің Кеңесшісі Наурыз Айдаров және Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Қауымдастығының бас хатшысы Мақсат Шотаев сөз сөйлеп, бұл жарыстың мақсаты мен мәніне, екі елдің достығы мен ынтымақтастығына тоқталды.  Екі елдің әнұрандары шырқалғаннан кейін жарыс жалауы көтеріліп, тартысты бәсекелер басталды. Әр жас ерекшелігінде қызықты ойындар өтті. Нәтижесінде төмендегі спортшылар жүлделі орындарға ие болды. 14 жастан төмен қыздар Есіркеп Құндыз (Астана) І орын  Жақсылықова Аруна (Ақтөбе) ІІ орын Зорбайқызы Алтынай (Ақтөбе) ІІІ орын 14 жастан төмен ұлдар Әуелбай Ерсұлтан (Астана) І орын  Қалжан Қуанышбек (Ақтөбе) ІІ орын Орынбасаров Асхат (Ақтөбе) ІІІ орын  15-17 жас қыздар  Серікова Айжан (Астана) І орын  Ибрагимова Адина (Ташкент) ІІ орын Ибрагимова Динара (Ташкент) ІІІ орын 15-17 жас ұлдар Серікмұрат Тойбахыт (Астана) І орын  Жетпісбайұлы Орынбасар (Ақтөбе ІІ орын Жолмұрат Бегзат (Ақтөбе) ІІІ орын Әйелдер Такишева Алмагул (Ақтөбе) І орын  Асқарова Луиза (Ташкент) ІІ орын Халова Сарвиноз (Ташкент) ІІІ орын Ерлер Өндірбаев Аманбек (Ақтөбе) І орын  Танхаев Алишер (Астана) ІІ орын Қалмұратов Жақсыбай (Нүкіс) ІІІ орын Жарыстың жабылу салтанатында Өзбекстандағы Қазақ мәдениет ұлттық орталығы атынан медаль және дипломдар, Өзбекстандағы Қазақстан Елшілігі атынан бағалы сыйлықтар тапсырылды. Жарыстың ең жас ойыншылары - ұлдар арасында Ержігіт Ибрагимов (Ташкент) пен қыздар арасында Таласбаева Нұрлыайым (Ақтөбе) болды. Сондай-ақ Өзбекстандағы Қазақ мәдениет ұлттық орталығы төрағасы Серікбай Назарұлы тоғызқұмалақты Өзбекстан Республикасында дамытуға сіңірген еңбегі үшін Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Қауымдастығының өкілі, Ақтөбе облысының аға жаттықтырушысы Бауыржан Төлегеновке шапан жауып, сый сияпатын көрсетті.    Күнсұлтан Отарбай      


Самарада панкратионнан өткен «Мықтылар шайқасында» ҚР құрамасы жеңімпаз атанды

Самара қаласында кәсіпқой панкратионнан өткізілген «Мықтылар шайқасы» халықаралық турнирінде Қазақстан құрамасы жеңімпаз атанды.Бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекет бастап барған ел құрамасы сапында Жұман Жұмабеков (62 кг, Алматы), Ербол Сағидолла (66 кг, Атырау), Алмат Есентаев (71 кг, БҚО), Гойти Дозаев (77 кг, Ақтөбе), Дәурен Ермеков (84 кг, Ақтөбе) және Андрей Смирнов (93 кг, БҚО) өнер көрсетті. Қазақстандықтар ресейліктермен алты ұрыстың төртеуінде жеңіске жетіп, ауыспалы кубокті жеңіп алды.          



Қарағанды облысында фермер туған Түгіскен ауылына спорт кешенін сыйлады

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысындағы Жаңаарқа ауданының Түгіскен ауылында «Мақсат» шаруа қожалығының қаражатына салынған спорт кешені ашылды. Бұл туралы аудан әкімдігінен хабарлады.«Түгіскенде спорт кешенінің құрылысын «Мақсат» шаруа қожалығының басшысы Қайрат Көпбаев қаржыландырды. Жобаның құны - 110 млн. теңге. Мемлекет шаруаға спорт кешенінің құрылысына жер телімін бөліп, коммуникацияларды қамтамасыз етті», - деп баяндады аудан әкімдігінен. Жаңа спорт кешенінде ауыл тұрғындары волейбол, баскетбол, шағын футбол және күреспен айналыса алады. Жаттығу залы да жабдықталған. Қ.Көпбаев басқарып отырған «Мақсат» асыл тұқымды мал шаруашылығы қазақтың ақ бас сиырларының етті тұқымын өсіріп-бағуға маманданып отыр. Мұнда 30 жұмыс орны құрылған.          



Хоккей: «Барыс» Уфада айдын иелеріне есе жіберді

Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионатында Астананың «Барысы» «Уфа-Аренада» «Салават Юлаев» командасымен ойнап, тартысты кездесуде 4:5 есебімен жеңіліп қалды.Ойынды айдын иелері қарқынды бастап, Энвер Лисин есеп ашса, көп ұзамай Линус Умарк 2:0-ге жеткізді. Бір минуттан кейін астаналықтардан Дастин Бойд бір гол соққанымен, отыз секундтай уақыт өтпей жатып, «Салават Юлаевтан» Теему Хартикайнен есепті қайта ұлғайтты. Ойынның екінші кезеңінде Майк Ландин мен Константин Пушкарев таразы басын теңестіргенімен, уфалықтар (Степан Крикунов) қайтадан алға шықты. Үшінші кезеңде Найджел Доус сан басымдылығын пайдаланып, есепті теңестіре алды. Алайда айдын иелері (Олег Сапрыкин) ойын бітуге минут жарым уақыт қалғанда жеңіс голын соғып кетті. Сөйтіп осыған дейін бес рет қатарынан ұтылған «Салават Юлаев» бөркін аспанға атса, «Барыс» маңызды үш ұпайын жоғалтты.  Қазіргі кезде Андрей Назаровтың шәкірттері 56 ойыннан кейін 80 ұпаймен  Шығыс конференциясында сегізінші орында тұрғанымен, оны сақтап қалу қиынға түседі. Өйткені «Автомобилист» (Екатеринбург) командасы 81 ұпаймен қазірдің өзінде жетінші орында тұрса, әзірге тоғызыншы орындағы «Нефтехимиктің» «Барыспен» ұпайы тең. Осы турда Нижнекамскіде «Нефтехимик» «Автомобилисті» қабылдауда, демек, олардың ұпай қорын толықтыруға мүмкіндіктері бар. Астаналықтар 3 ақпан күні Сочиде біріншіліктің азулы командаларының бірі «Сочи» хоккей клубымен айдынға шығады. Еске сала кетейік, 18 ақпан күні мәреге жететін тұрақты чемпионатта «Барыстың» сырт айдында енді төрт ойыны қалды. Содан кейін Батыс пен Шығыс конференциясының әрқайсысынан үздік шыққан сегіз команда плей-офф бәсекелерін жалғастырады.      

«Қайрат» футбол клубы өзіне арналған ең үздік ұранға байқау жариялады

Футболдан Қазақстан біріншілігінің Премьер-Лигасында өнер көрсететін Алматының «Қайрат» футбол клубы өзі туралы ең үздік ұранға байқау жариялады. Бұл туралы клубтың ресми сайтында жария етілді.«Жанкүйерлер - тек 12-ші ойыншы ғана емес, клубтың ең маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. «Қайрат» командасы жанкүйерлерсіз мұншалықты дәрежеге көтерілмес еді. Құрметті жанкүйерлер, сіздердің пікірлеріңіз біз үшін өте маңызды. Біз өз жұмысымызда қашанда жанкүйерлеріміздің пікірлерін ескеруге тырысамыз. Сондықтан да «Халықтық командаға - халықтық ұран» байқауын жариялап отырмыз», - делінген хабарламада.  Байқаудың шарты өте қарапайым. Бар болғаны клуб үшін ұран ойлап табу қажет. Оны «Қайрат» командасы алдағы маусым бойы қолданатын болады. Клуб қызметкерлері ұсынылған ұрандардың ішінен ең үздік деген 10 ұранды таңдап алады. Кейін бұл ұрандар клубтың ресми сайты мен әлеуметтік желілерде жарияланып, дауысқа салынады. Сонда ең үздік ұранды жанкүйерлердің өздері таңдайды. Ал жеңімпаз атанған авторға клубтың жылдық абонементі табыс етіледі. Сол арқылы ол барлық матчтарға тегін қатыса алады. Ал оның ұраны алдағы маусымда клубтың ресми ұранына айналады. Ұран бойынша ұсыныстарды marketing@fckairat.kz электронды поштасына жіберуге болады.   


Жасұлан Қыдырбаев пен Алмас Өтешов Польшада жаттығуда жүр

Қазақ ауыр атлеттері Жасұлан Қыдырбаев пен Алмас Өтешов Польша астанасы Варшавада жаттығу жұмыстарын жасап жүр.Бұл туралы қазақстандық БАҚ өкілдеріне ұлттық құраманың бас бапкері Алексей Ни мәлімдеді, деп жазады «Аламан» порталы. Естеріңізге сала кетейік, Өтешов пен Қыдырбаев Хьюстонда өткен әлем чемпионатында 94 келіге дейінгі салмақта тиісінше күміс және қола жүлдегер атанған. Одан кейін, Халықаралық ауыр атлетика федерациясы бұл спортшыларды «допинг қолданды» деп айыптап, алдағы жарыстарға қатысуға тыйым салған еді. Алайда спортшылар жаттығуын үзген жоқ. Федерация нақты шешімді көктемде шығаруы тиіс. Ал осы 94 келі салмақта 2009 жылғы әлем чемпионы, 2013 жылғы әлем чемпионатының қола, 2014 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Владимир Седов жаттығуын қайта бастаған. Седов қазір Алматы облысы Үштөбе қаласында жаттығып жатыр. Осыған дейін ол  2015 жылы Талдықорғанда өткен ел чемпионатына қатыспаған. Кейін Илья Ильин Седов спорттан кеткенін жеткізген. Қазіргі уақытта ауыр атлетикадан Алексей Ни бастаған Қазақстан ұлттық құрамасы Ресейдің Сочи қаласында Олимпиада алдындағы жаттығу жұмыстарын бастап кетті. Сочи қаласына Зульфия Чиншанло, Мая Манеза, Светлана Подобедова, Фархад Харки, Арли Чонтей, Жазира Жаппарқұл және Нижат Рахимов сынды спортшылар барған. Спортшылардың тағы бір бөлігі Текеліде жаттығуларын пысықтап жүр. Ал Илья Илиннің командасы Варшавада жаттығу жұмыстарын бастаған.       


Чиншанло екі дүркін олимпиада чемпионы болуға әзірлік үстінде - Алексей Ни

Зілтемірші Зульфия Чиншанло екі дүркін олимпиада чемпионы болуға әзірленуде. Лондондағы Олимпиада ойындары жеңімпазының алға қойған міндеті жайлы Vesti.kz-ке берген сұхбатында     Қазақстан құрамасының бас бапкері Алексей Ни айтып берді.- Алексей Геннадьевич, құраманы үшке бөлу не үшін қажет болды? - Осы маусымда бірінші жиын  қалпына келтіру болып табылады. Мен бәріне таңдау құқығын бердім. Команданың әр мүшесі оны қайда, қалай өткізем десе өзі біледі. Дәстүрлі түрде жылды Текеліде қаңтарда бастадық. Алайда биыл Сочидегі ресейлік базаға қолжетімділік алдық. Барғысы келгендер бізбен бірге барды. -   Ұзақ уақыт көрінбей кеткен Зульфия Чиншанлоны көрсеттіңіз. Ол туралы қандай жаңалықпен бөлісесіз? - Чиншанло  о бастан Риодағы Олимпиадаға өз жеке жоспарымен әзірлік үстінде. Ол Бразилияда ғана толық дайын болады. Оған дейін ол Талдықорғанда өтетін Қазақстан чемпионатына қатысады. Қазір ол екі дүркін олимпиада чемпионы атану үшін дайындалып жатыр. - Соңғы сұрағым - Олимпиада-2016-ға дайындықтың келесі қадамы қалай жалғаспақ? -  Сочиден кейін команда бөлігі 15 ақпанда Қытайға ұшады, қалған бөлігі Еуропада қалады. Ал үшінші бөлігі Текеліде жаттығады. Команданың жағдайлары жақсы. Көңіл күйлері өте жоғары деңгейде. Олимпиадалық ойындарға жарты-ақ жыл қалды... Еске салсақ, ауыр атлетика бойынша Қазақстанның ұлттық құрамасы осы жылы алғаш рет Сочиде 10 ақпанға дейін жалғасатын оқу-жаттығу жиынына кірісті. Команданың тағы бір бөлігі Варшавада. Қалған штангышылар Қазақстанда дайындалуда.     


Подобедова Хьюстондағы әлемдік сынның қола медалін алады

Хьюстондағы әлем чемпионатында 75 келіде төртінші орын алған Светлана Подобедова енді қола медаль алады.Осы салмақта қола алған ресейлік Ольга Зубова Халықаралық ауыр атлетика федерациясы тарапынан ресми түрде допинг қолданды деп айыпталып, екі жылға спорттан шеттетілді. Енді қола медаль Подобедоваға беріледі, деп жазады «Аламан» порталы.  2009 және 2011 жылы өткен әлем чемпионатында алтын, 2011 жылы күміс медаль алған. 2012 жылы Лондон олимпиадасының чемпионы атанған. Қазақстан Хьюстондағы әлем чемпионатында екі алтын, екі күміс, бір қола медаль алған. Алайда күміс пен қола иеленген Алмас Өтешов пен Жасұлан Қыдырбаев «допинг қолданды» деген айыппен уақытша жарыстардан шеттетілген. Оларға қатысты нақты шешім алдағы күндері жарияланады.   

Допты хоккей: әлем чемпионатында қазақстандықтар ресейліктерден ұтылды

 Кеше Ульяновск қаласында басталған допты хоккейден кезекті әлем чемпионатында күштілердің «А» тобында күтпеген нәтиже тіркеле қойған жоқ.Ресей допты хоккей федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Қазақстан құрамасы ресейліктерден 1:9 есебімен ойсырай ұтылды (қазақстандықтардан голдың авторы - Сергей Почкунов). Шведтер дәл осындай есеппен фин құрамасын тізе бүктірді. Қазақстандықтарды команда капитаны, Орал допты хоккейінің түлегі, қазіргі кезде Новосібірдің «Сибсельмашында» өнер көрсететін Рауан Исалиев айдынға бастап шықты.Бүгін Швеция - Қазақстан, Ресей - Финляндия құрамалары өзара күш сынасады. Айта кетейік, дүниежүзілік додада жүлдеге таласатындар да - осы төрт команда. Соның ішінде Ресей мен Швеция алтын медальдан дәмелі болса, Қазақстан мен Финляндия қола жүлдеге қол созып келеді. 

WBC таяуда Головкиннің келесі қарсыласын жариялайды

АСТАНА. ҚазАқпарат  -  Дүниежүзілік бокс кеңесі өз Твиттерінде таяу уақытта орта салмақтағы қазақстандық чемпион Геннадий Головкиннің келесі қарсыласын жариялайтынын мәлімдеді.«Жуырда біздің ұлы чемпион Геннадий Головкиннің  жайлы жарияланатын болады», - деген хабарламаны келтірді Sports.kz.       


Ү.Шаяхметова қайтадан Қазақстан гимнастика федерациясының президенті болып сайланды

29 қаңтарда Алматыда қазақстандық гимнастика федерациясының есептік-сайлау конференциясы болып өтті.Федерацияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұйымның басшысы болып бесжылдық олимпиадалық мерзімге Қазақстанның гимнастика федерациясының қазіргі президенті, «Қазақстан Халық банкі» АҚ басқармасының төрағасы Үміт Шаяхметова қайта сайланды. Федерация мүшелері бұл туралы шешімді бірауыздан шығарды. Қазақстанның гимнастика федерациясы 1992 жылдан бері жұмыс істеуде, Халықаралық гимнастика федерациясының және Азиялық гимнастикалық одағының мүшесі. Федерацияның құрамына Қазақстанның 13 аймағынан спорттық гимнастика, көркем гимнастика, спорттық акробатика, акробаттық жолақта және батутта секіруден  аккредиттелген 16 аймақтық спорттық  федерация кіріп отыр. Гимнастика федерациясы 10 мыңнан астам спортшы гимнастқа жетекшілік етеді.      

Геннадий Головкиннің келесі қарсыласы белгілі болды

WBA (Super), IBO, IBF және  WBC (Interim)  тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық боксшы  Геннадий Головкин келесі айқасын америкалық  Доминик  Уэйдпен өткізеді.ESPN телеарнасы тілшісі Дэн Рафаэлдің ақпаратына сәйкес Геннадий Головкин мен Доминик  Уэйдтің жұдырықтасуы 23 сәуірге бекітілген.   Жекпе-жекті HBO телеарнасы көрсетеді, деп хабарлады  Sports.kz. «Маған Головкин - Уэйд  айқасы келісіліп,   НВО бекіткенін айтты. 23 сәуірде, Лос-Анджелесте   Forum аренасында өтуі мүмкін», -  деп жазды журналист твиттеріне.     


Назым Қызайбай: Астанадағы әлемдік сында атағымды қорғауға күш саламын

Астанадағы әлемдік сында атағымды қорғауға күш саламын, дейді бокстан әлем чемпионатында алтын алған алғашқы қазақ қызы Назым Қызайбай.  Назым болашақ жоспарлары мен басты арманы туралы және жеңе алмай жүрген басты қарсыласы туралы айтып берді, деп жазады «Аламан» порталы.Балалық шағы туралы Мен ауылда, қарапайым отбасында дүниеге келдім. Біз отбасыда алты ағайындымыз. Мен үйдің үшіншісімін. Мен өмірге келгенде қызық оқиға болыпты. Әкем ұл бала күткен екен. Бірақ мен дүниеге келіппін, соған әкем ұл болмады деп, үш күн бойы үн қатпай, ренжіп жүрген көрінеді. Бәлкім, әкем ұл болғанын қатты қалағандықтан ба екен, бала кезімнен ұлдармен алысып ойнайтынмын. Әпкелерім мен кішкентай ініме біреу тиіссе солар үшін төбелесетінмін. Көбіне ұлдармен төбелесуге тура келетін. Кейде адам жаратылысынан бір іске жақын болады ғой. Мен ата-анам қалағандай ұл болмасам да, спортқа жақын болдым. Мектепте баскетбол, футбол ойнадым. Менің бала кезде спортқа жақын екенімді байқап, ауылда бокс пен күресті қатар үйрететін жалғыз жаттықтырушы спортқа шақырды. Бірер ай ол кісіден бокс әліппесін үйрендім. Кейін ағам Алматыда осы қазір біз отырған интернаттың ашылғанын айтты. Сосын сынақ тапсырып түстім. Интернатта оқу туралы Интернетта бес ай оқыған соң, алғашқы жарысқа қатыстым. Ол жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігі болатын. Бірінші кездесуім жеңісті болды. Бірінші жарысымда 44 келі салмақта топ жардым. Үш кездесу өткізіп, қарсыластарымның бәрін айқын ұттым. Содан кейін бапкерім Жұмабек ағай ересектер жарысына қатысамыз деді. Бірақ ол кезде жасым он алтыға толмаған. Бірақ, ол кедергі болмады, жолым болып Қызылордада өткен әйелдер арасындағы ел чемпионатында 46 келіде бірінші орын алдым. Әлем чемпионаты туралы Менің спорттық карьерамдағы маңызды кездесу ол Чеджу қаласында өткен Әлем чемпионаты. 48 келі салмақта алаңға шығып, бес кездесу өткіздім. Ақтық сынға үнді боксшысымен шықтым. Оған жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында есе жібергенмін. Сол жолы қарымта қайтару үшін барымды салдым. Алтынға да қол жетті. Шыны керек, елге оралғанша жеңістің тәтті дәмі қандай болатынын сезініп үлгермедім. Тек әнұран шырқалған сәтте жүрегім әдеттегіден жиірек соқты. Жеңістің қуанышын тек Алматының әуежайына қонған сәтте жанкүйерлерімнің «Назым, Назым» деп айғайлаған дауысын естігенде барып сезіндім. Нағыз жеңісті өз жеріме келгенде ғана сезіне алдым. Жарыстармен көп елдерде болдым. Мысалы, Германияның үйлері ертегідегідей, өте әдемі. Бірақ қанша әдемі болса да, басқа елде өмір сүргім келмейді. Мен Қазақстанды, Алматыны қатты жақсы көремін. Әлем чемпионатынан кейінгі кезең Әлем чемпионатынан кейін адамдар тани бастады, теларнаға, газет-журналдарға сұхбатқа, түрлі салтанатты шараларға шақыра бастады. Айтпақшы, осы салтанатты шараларға шақырудың арқасында киімдеріме ұзын көйлектер де қосылды. Бұрын көбіне спорттық киім киетінмін. 8 наурыз қарсаңында Президенттің қабылдауында болдым. Сол жолы бірінші рет бірнеше сағат биік өкше киіп жүрдім. Барлық іске жаттығу керек екен. Өзім үшін ашқан жаңалығым: бірнеше сағат биік өкше кигеннен, жарыста жұдырықтасу оңай екен. Рингтегі сезімі туралы Жалпы қорқыныш сезімінің болуы заңды.  Егер рингке шыққанда қорықпасам, қобалжи бастаймын. Ал егер кездесуге дейін қорқыныш болатын болса, рингте өзімді сенімді ұстаймын. Әйелдер боксы туралы Бәрінен ауыры - бүйрек тұсынан соққы алу. Мені де көбінсе бүйрегімнен ұруға тырысады. Бірақ аяп отыра алмайсың. Бұл - спорт. Жарыстарға әкем-анам, бауырларым қелмейді. Мен қобалжымасын деп ойлайды. Әрі мен де туған-туыстарым жоқ кезде рингте өзімді еркін сезінемін. Жарыстан тыс уақытта қолым қалт етсе бірден ата-анама, бауырларыма тартамын. Жайна Шекербекова туралы Рингта қарсыласпыз. Ал негізінен бірге жаттығу жасаймыз. Спортта қарсыластық керек. Қарсылас болмаса спортшының өсіп-жетілуі қиын. Барлық нәрсе өз қолымызда. Кім көп еңбек көрсетеді соның жолы болады. Алдағы Қазақстан чемпионатында кездесеміз, сол кезде жеңіске жетемін деп ойлаймын. Басты мақсаты туралы Әрбір спортшының басты арманы - Олимпиада шыңын бағындыру. Биыл өтетін төртжылдықтың басты бәсекесінде барымды саламын. Ол үшін алдағы жарыстарда олимпиада лицензиясын иеленуім керек. Биыл Астанада өтетін әлем чемпионатында атағымды қорғау да жоспарымда бар. Спорттан тыс Қазір мен Kaspi Bank-тің «Kaspi қаһармандары» атты жарнамалық науқанына қатысып жатырмын. Бұл науқан 2014 жылдың қыркүйек айынан басталып іске қосылты. Мақсаты еңбектің арқасында жетістіктерге жеткен қазақстандықтарды насихаттау. Бұған дейін 7 рет рекордтар кітабына енген, әйгілі марафоншы Марат Жыланбаев, 350 баланы асырап алған Тұяқ Есқожина, әлемнің ең биік 8 шыңын бағындырған альпинист Мақсұт Жұмаев кейіпкер болған екен. Биыл мені шақырды. Бұл да спорттағы жетістіктің, жеңістің нәтижесі деп ойлаймын. Баршаңызды алдыға мақсат қойып, жеңіске жету үшін талмай еңбектенуге шақырамын.   


Элизабет Тұрсынбаева қысқы жасөспірімдер Олимпиада ойындарына қатысады

Ақпанның 12-21-і аралығында Лиллехаммер қаласында (Норвегия) II қысқы жасөспірімдер Олимпиада ойындары өтеді. Додада қазақстандық спортшы Элизабет Тұрсынбаева ел намысын қорғайтын болады. Бұл туралы облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.Мәнерлеп сырғанау бәсекесін «КАZsport» арнасында көрсетеді. Бағдарлама бойынша Элизабет 14, 16 және 20 ақпан күндері өнер көрсетеді. 


Алматыда өтетін VI қысқы республикалық универсиадаға 1000-нан аса спортшы қатысады

 

Биыл Алматыда 6-17-ші ақпан аралығында тұңғыш рет VI Ұлттық қысқы республикалық Универсиада ойындары өтеді. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихаты барысында жария етілді.«VI Ұлттық қысқы республикалық Универсиада ойындары Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналады. Бұл ойындарды өткізудегі басты мақсат - Елбасы Н. Назарбаевтың қазақстандықтардың кем дегенде 30 пайызын бұқаралық спортпен шұғылдануға тарту туралы тапсырмасын орындау және жастар арасында осы бұқаралық спортты кеңінен насихаттау. Сондай-ақ, бұл ойындар Алматыда 2017 жылы болатын 28-ші Дүниежүзілік қысқы студенттік Универсиада ойындарына дайындық іспеттес болады», - деді өз сөзінде ҚР Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев. Сонымен қатар, Тахир Оспанұлы ұлттық Универсиада аясында қысқы спорттың 10 түрінен жарыстар өтетіндігін жеткізді. «Ұлттық Универсиада аясында 10 спорт түрінен жарыстар болады. Олар: президенттік көпсайыс, шаңғы жарысы, биатлон, шорт-трек, тау шаңғы спорты, сноуборд, қысқы спорттық бағдарлау, шаңғымен тұғырдан секіру, шайбалы хоккей және конькимен жүгіру. Ойындарға республика бойынша 35 жоғары оқу орындарынан құрамында жалпы саны 1072 спортшы бар 141 спорт командалары қатысады. Олар спортпен тұрақты түрде айналысып жүрген жәнде қандай да бір разряды бар студенттер. Ал жарыстар Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында, «Медеу» спорт кешені, «Шымбұлақ» тау-шаңғылы шипажайы, Алатау шаңғы биатлоны кешені, Халықаралық «Сұңқар» шаңғы тұғырлары кешені және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ спорт сарайында өтеді», - деді Т. Балықбаев. Айта кетелік, Алматы қаласында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған 6-шы Ұлттық республикалық Универсиада ойындарының ашылу салтанаты 6-шы ақпан күні күндізгі сағат 13:00-де Халықаралық «Сұңқар» шаңғы тұғырлары кешенінде өтсе, жабылау салтанаты 17-ші ақпан күні Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында болады.   



Алматыда 28-ші қысқы Универсиадаға арналған концерт болады

Алматыда үстіміздегі жылдың 11-ші ақпанында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Студенттер сарайында 28-ші қысқы Универсиада ойындарын ілгерілету мақсатында кең көлемді мәдени іс-шара ұйымдастырылады. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихаты барысында - ҚР БҒМ Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Меркіжан Қошаев мәлім етті.  «Енді Ұлттық Универсиада барысында спортшы студент жастарымыз әр түрлі спорт нысандарында өнер көрсетеді ғой. Бір-бірін тіпті көрмейді десе де болады. Сондықтан, Алматыда 2017 жылы болатын 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындарын жастар арасында кеңінен насихаттау, ілгерілету мақсатында осы ұлттық Универсиадаға қатысып жатқан жастардың басын қосып, үлкен мәдени шара өткіземіз. Оның үстіне, осы жарыстарда жеңімпаз атанған спортшылар 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиадада өнер көрсететін ұлттық құрама сапына енуге жолдама алады. Ал мәдени іс-шара барысында жастар бір-бірімен қауышып, танысып, білісіп, өзара байланыс орнатады. Сондай-ақ, осы шара аясында үлкен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады. Оған Қазақстанның эстрада жұлдыздары қатысып, патриоттық рухта әндер шырқайды», - деді М. Қошаев.      


VI Ұлттық Универсиада ойындарының бюджеті 50 млн. теңгені құрады - Т. Балықбаев

Алматыда өтетін VI Ұлттық қысқы республикалық Универсиада ойындарының бюджеті  50 млн. теңгені құрады. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев мәлім етті. «Республикалық бюджеттен бұл жарысқа ешқандай қаржы бөлінген жоқ. Біздің өз бюджетімізде студенттер мен мектеп оқушылары арасында спорт жарыстарын ұйымдастыруға арналған қаражат бар. Сол қаражаттан спорт нысандарын жалға алуға, жарыстарды ұйымдастыру, көркемдеу, безендіру жұмыстарына деп бар болғаны 50 млн. теңге шамасында ақша бөлінді. Шын мәнісінде, бір спорт нысанында өтетін жарысқа бұдан да көп қаржы кететіні белгілі. Мысалы, бір ғана «Медеу» спорт кешенінің бір күндік жалдық төлемі - 4 млн. теңге. Басқа спорт кешендерінде де баға осы шамалас. Сондықтан, аталмыш спорт нысандары басшыларының бізге қолдау көрсеткеніне ризашылығымызды білдіреміз», - деді Т. Балықбаев. Сонымен қатар, Тахир Оспанұлы сәйкесінше, жеңімпаздарға арнайы жүлде қоры белгіленбегенін жеткізді. «Арнайы жүлде қоры жоқ. Бірақ, жеңімпаздарға медальдар мен грамоталар береміз. Алайда, жеңімпаздарды өз жоғары оқу орындарының ректорлары «ақшалай сыйақымен марапаттаймыз» деп жатса, біз бұған қарсы емеспіз. Біз бұл жарыстарға қазір 103 алтын, 103 күміс және 103 қола медальдарды дайындап отырмыз. Соларды жеңімпаздарға ұсынамыз», - деді Т. Балықбаев. Айта кетелік, 6-шы Ұлттық республикалық Универсиада ойындарына еліміз бойынша 35 жоғары оқу орындарынан құрамында 1072 спортшы бар 141 команда қатысады. Олардың ішінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ҚазҰАУ, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ және басқа да жоғары оқу орындары бар. Айта кетелік, Ұлттық Универсиада ойындарын ҚР Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырып отыр. Оған Алматы қаласының әкімдігі қолдау көрсетуде.  

Қазақстанда әрбір жоғары оқу орнында спорт клубтары құрылатын болады - Т. Балықбаев

Қазақстанда жақын болашақта әрбір жоғары оқу орнында спорт клубтары құрылатын болады. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев мәлім етті.«Ұлттық республикалық қысқы Универсиаданың арқасында жоғары оқу орындарында спортқа жете мән берілетін болады. Неге? Елімізде 2014 жылы ұлттық студенттік Лига құрылғанын білесіздер. Соның аясында 2014 жылы футзалдан, 2015 жылы баскетболдан жарыстар өткізілді. Биыл волейболдан өткізуді жоспарлап отырмыз. Қазір елімізде спорт клубтары бар 35-тен астам жоғары оқу орны осы ұлттық студенттік Лига ойындарына қатысады. Егер бұрын олар тек өз студенттерінің күшіне арқа сүйеп келген болса, қазір жас, дарынды спортшыларды өздеріне тарта бастады. Яғни, оларды студент ретінде қабылдап, жарыстарға салады. Сондықтан, біз биыл әрбір жоғары оқу орнында спорт клубтарын құру керектігі туралы бастама көтердік. Солардың негізінде алдағы уақытта көптеген спорт түрлерінен ұлттық студенттік лигалар құралатын болады. Олар кейін студенттік спорт федерацияларына тіркеледі», - деді Т. Балықбаев.      


Шведова мен Воскобоева Федерация Кубогында жұптық кездесуде жеңіске жетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұл күндері Хуа Хинде (Таиланд) Азия/Океания аймағының Федерация Кубогының топтық кезеңі өтіп жатыр, деп хабарлайды Sports.kz.Қазақстандық Ярослава Шведова мен алған жарақатынан айыққан Галина Воскобоева кәріс спортшылары Хан На Лэ мен Ли Со Раны 6:2, 6:3 есебімен ұтып, Оңтүстік Кореямен В тобындағы матчтық жеңісін 3:0 есебімен нығайтты. Ертең біздің командамыз ҚХР құрамасынан басым түскен Қытайлық Тайпеймен кездеседі.          


Футзалдан Еуропа чемпионаты: Қазақстан құрамасы алғашқы кездесуінде ресейліктерге есе жіберді

Сербияның Белград қаласында футзалдан Еуропа чемпионатында Қазақстан құрамасы алғашқы кездесуін ресейліктермен өткізіп, бір ғана доп айырмасымен (1:2) есе жіберді.Әлемдік рейтингте үшінші сатыда тұрған Ресей дүние жүзіндегі мықты командалардың бірі болса, небәрі 15-інші орындағы қазақстандықтар Еуропа біріншілігіне тұңғыш рет қатысуда. Алма-кезек шабуылмен өрбіген матчтың бірінші кезеңінің орта тұсында алаңға шыққан ресейлік Дмитрий Лысковтың екі мәрте дәл пасынан кейін Ромуло Қазақстан құрамасының есін жиғызбастан, есепті бір-ақ минуттың ішінде 2:0-ге жеткізді. Бұдан соң қазақстандықтардың бас бапкері Какау тайм-аут алып, шәкірттеріне дер кезінде ақыл-кеңесін берді. Осыдан кейін қақпашы Игита да алға шығып, оның қатты соққысынан кейін 13-минутта Қазақстан құрамасының ойыншысы Серік Жаманқұлов есепті қысқартты. Бұл - қазақстандықтардың Еуропа чемпионатында соққан алғашқы голы. Екінші таймда қарсыластардың бірнеше мәрте гол соғатын мүмкіндіктері болғанымен, есеп өзгерген жоқ. C тобында өнер көрсететін қазақстандықтар келесі ойынын 5 ақпан күні әлемдік рейтингте өзінен кейін 16-орында келе жатқан Хорватия командасымен өткізеді. Әр топта үш команда болса, соның екеуі 13 ақпанға дейін созылатын жарысты жалғастырады. Сондықтан Қазақстан құрамасына Хорватияны қалайда жеңу қажет.     

Допты хоккейден ӘЧ-да финдерді жеңген қазақстандықтар ширек финалда норвегтермен кездеседі

Ресейдің Ульяновск қаласында допты хоккейден өтіп жатқан кезекті, 36-ыншы әлем чемпионатында кеше Қазақстан құрамасы финдерді 5:4 есебімен ұтты.Бұл жолы қазақстандықтар қақпасын Орал допты хоккейінің түлегі, қазір Саратовтың «Универсалында» өнер көрсететін Ілияс Хайрекешев қорғады. Ал алғашқы голды 19-минутта тағы бір батысқазақстандық, Қазақстан құрамасының капитаны, Ресей чемпионатының суперлигасында («Сибсельмаш», Новосібір) ойнап жүрген Рауан Исалиев салды. Ойын барысында Қазақстан құрамасынан Анатолий Голубков хет-триктің авторы атанса, соның екеуін 12 метрлік пенальтиден енгізді. Тағы бір гол Дмитрий Завидовскийдің еншісінде. Сөйтіп осының алдында Ресей мен Швеция құрамаларынан ірі есеппен ұтылып қалған Алексей Никишовтың шәкірттері біріншіліктегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Осылайша мықтылардың «А» тобында үшінші орынды иеленіп, плей-офф бәсекесіне шыққан қазақстандықтар бүгін, 4 ақпан күні ширек финалда Норвегия құрамасын тізе бүктірсе, онда жүлделі орындар үшін таласады. Еске сала кетейік, осыған дейін Қазақстан құрамасы алты рет әлем чемпионатының қола жүлдегері атанса, соның бәрінде де үшінші орын үшін бәсекеде финдерді жеңген болатын.     


Мейвезер Головкинмен жекпе-жекке шығу үшін өз шартын айтты

 Р4Р рейтингісінің бұрынғы көшбасшысы  Флойд Мейвезер өзін ауқатты адамдар санатына қосқан спортқа қайта оралғысы келмейтінін айтты, деп жазады sports.kz.Алайда, ол қомақты сома төленсе, рингке қайта шығуға әзір. Мұндай сомада ақша жинау үшін оған Сауль Альварес немесе Геннадий Головкинмен шығуы қажет.  «Қазір өз бабымдамын. Егер рингке қайта оралғым келсе, ол ақша үшін емес. Алайда қомақты гонорардан бас тартпаймын. Мен сондықтан да Флойд «Money» Мейвезермін», - деді ол.  «Бұл өркөкіректік, болмаса өрескелдік емес,  бұл менің мықтылығымның дәлелі. Өзімді үздік деп атауға толық құқылымын. Себебі рингке шыққан сайын жеңіс менікі болды», - деп қосты Мейвезер.     


Қазақстан татами шеберлеріне Олимпиада ойындарының ұпайлары үлестірілетін тоғыз бәсекенің бірі Алматыда өтеді

Алдағы мамыр айының 13-15 күндері аралығында Алматы қаласында Дзюдо күресінен халықаралық «Гран-При» турнирі өтеді. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.Алатау бөктерінде өтетін бұл доданың басты ерекшелігі - дзюдошылар үшін Рио-де Жанейро Олимпиадасының алдындағы қажетті ұпайларын қоржынға басатын маңызды жарыстардың бірі.  Кеше бұл байрақты бәсекені өткізуге негізделген жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Серік Жарасбаевтың төрағалығымен өткен жұмыс тобының отырысында нақты жоспар бекітіліп, жауапты тұлғалар белгіленді. Қазір Олимпиада ойындарына жолдама берілетін жарысқа Қазақстан ұлттық құрамасы қызу дайындық үстінде. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан дзюдошылары осыған дейін Олимпиада ойындарында тек бір ғана медаль (күміс) алды. Оны 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында Асхат Житкеев қоржынымызға салған болатын. Лондонда дзюдошыларымыздың бағы жанбады. Енді Рио Олимпиадасына үмітпен қараймыз. Қазақстан дзюдо федерациясы ресми сайты еліміздің дзюдошылары Олимпиада ойындарына дейін тоғыз жарыста бақтарын сынайтынын жазды. Олар: «Grand Slam» (Париж, 6-7 ақпан), «Grand Prix» (Дюссельдорф, 19-21 ақпан) «European Open» (Прага, 27-28 ақпан) «Grand Prix» (Тбилиси, 25-27 наурыз) «Grand Prix» (Самсун, 1-3 сәуір) Азия чемпионаты (Ташкент,15-17 сәуір) «Grand Slam» (Баку, 6-8 мамыр) «Grand Prix» (Алматы, 13-15 мамыр) «Masters» (Гвадалахара, 27-29 мамыр) Бұл турнирлердің ішінде ең көп ұпай берілетіні - Masters және Grand Slam турнирлері. Демек, алда әлі нағыз бәсеке күтіп тұр. Дзюдода төмендегідей ретте ұпайлар үлестіріледі (мәлімет халықаралық дзюдо федерациясының сайтынан алынды).   Жарыс І орын ІІ орын ІІІ орын Олимпиада ойындары 1000 600 400 Әлем чемпионаты 900 540 360 «Мастерс» 700 420 280 «Grand Prix» 300 180 120 Continental Open 100 60 40 Құрлықтық чемпионат 400 240 160 «Grand Slam» 500 300 200   Күнсұлтан Отарбай     


Көкшетауда Д.Сабырғалиұлының құрметіне алғашқы рет қоян-қолтық ұрыстан дәстүрлі турнир өтеді

Ақмола облысының «Динамо» Денешынықтыру спорт қоғамдастығы және барлық қазақстандық жекпе-жек ұрыс қауымдастығының ұйымдастыруымен федерациясының құрметті президенті Дарын Сабырғалиұлының құрметіне 12-13 ақпан аралығында Көкшетауда FCF - MMA қағидалары бойынша толық келісімшарттық қоян-қолтық ұрыстан алғашқы дәстүрлі турнир, сондай-ақ бокс, кикбоксинг, грепплинг, самбодан кәсіби спортшылар арасында жарыстар өтеді. Бұл турнирге Қазақстанның әр түпкірінен атақты спортшылар, Әлем, Азия чемпиондары, қоян-қолтық ұрыс, самбо, джиу-джитсу және басқа да ұрыс түрлері бойынша Қазақстан чемпиондары шақырылды. Олар Чемпион белдігі мен Қазақстан Чемпион атағы үшін күресетін болады.Биыл Көкшетау қаласында жаңа спорттық кешен салу жоспарланған. Онда еркін спорт шебері, президент Сабырғали Дарын құрметіне «Дарын» ұрыс өнері академиясы ашылады. Осылайша, дәстүрлі турнир жыл сайын өткізілетін болады.Дарын Сабырғалиұлы - Целиноград ауданы әкімінің орынбасары. Оның басшылығымен соңғы жылдары жекпе-жек ұрыс, самбо, джиу-джитсу федерациясының спортшылары спорт аренасында үлкен жетістіктерге жетті. Себебі, оларға спортты дамытуда үлкен қолдау көрсетілді.Ол спорттағы ерен еңбегі үшін ҚР ІІМ министрі Қ.Қасымов, Ұлттық Олимпиада комитеті, вице-спикер генерал-лейтенант А.Б. Тасболатов, ҰҚК Ақмола облысының бастығы, Ақмола болысы ІІД бастығы, басқа да басшылардан алғысхат алды. 


Қазақстан FIFA рейтингінде бір саты жоғары көтерілді

FIFA ұлттық құрамаларының ақпан айындағы рейтингі жаңартылды, деп жазады Sports.kz.Үздіктер үштігі өзгеріссіз қалды. Бірінші орында бельгиялықтар, екіншіде - Аргентина болса, үшінші орынды Испания еншілеп отыр. FIFA рейтингі (2016 жылдың 4 ақпандағы жағдай бойынша): 1 (1). Бельгия - 1494 ұпай 2 (2). Аргентина - 1455 3 (3). Испания - 1370 4 (4). Германия - 1347 5 (5). Чили - 1293 6 (6). Бразилия - 1251 7 (7). Португалия - 1219 8 (8). Колумбия - 1211 9 (9). Англия - 1106 10 (10). Австрия - 1091 23 (24). Ресей - 895 27 (29). Украина - 842 67 (68). Беларусь - 514 71 (73). Өзбекстан - 502 88 (90). Эстония - 379 100 (102). Латвия - 338 105 (107). Қырғызстан - 324 116 (117). Әзербайжан - 296 114 (117). Түркіменстан - 298 120 (122). Грузия - 286 123 (121). Армения - 285 128 (127). Литва - 274 131 (132). Қазақстан - 266 148 (160). Тәжікстан - 196 155 (154). Молдова - 170     

Допты хоккей: Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының жартылай финалына шықты

Бүгін Ульяновск қаласында допты хоккейден өтіп жатқан әлем чемпионатының ширек финалында Қазақстан құрамасы норвегтерді 11:3 есебімен тізе бүктірді.Ресей допты хоккей федерациясынан алынған мәліметке қарағанда, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Алексей Никишов бастаған мамандар жаттықтыратын командадан Вячеслав Бронников төрт, Рауан Исалиев үш, Руслан Галяутдинов екі доптың авторы атанды. Максим Гавриленко мен Сергей Почкунов бір-бірден гол соқты. Қазақстан құрамасы жартылай финалда Ресей-АҚШ жұбының жеңімпазымен кездеседі. Бұл матчта ресейліктер жеңуі тиіс. Еске сала кетейік, айналым турнирінде қазақстандықтар 1 ақпан күні ресейліктерден 1:9 есебімен ойсырай жеңілген болатын. Жартылай финалда жеңіске жеткендер алтын, ұтылғандар қола жүлде үшін таласады. 

Қызылорданың «Қайсары» Анталияға аттанды

Қызылорданың «Қайсар» футбол командасы Түркияның Анталия қаласына аттанды, - деп хабарлады облыстық футбол федерациясының баспасөз қызметінен.Ақпан айының 4-18 ақпан аралығында 25 футболшы осында  оқу-жаттығуын өткізбек.  Бапкер  Сұлтан Әбілдаев бастаған  құрам отандық чемпионаттың премьер-лигасында өнер көрсетуге тәжірибесі жеткілікті легионерлер мен аяқдопшыларды іріктейді. Алдағы уақытта жанкүйерлер үмітін ақтау үшін сапалы ойыншылар қатарын арттыру - басты назарда. Оқу-жаттығу кезінде төрт жолдастық кездесу өткізу жоспарланып отыр.  Бүгінде «Қайсар» жаңа мамандармен толыққан. Олар - қызылордалық жанкүйерлерге жақсы таныс, 2015 жылғы Бірінші лиганың үздік бапкері атанған Александр Москаленко. Өткен маусымда ол теміртаулық «Болат АМТ» командасын басқарған болатын.  А.Москаленкомен келісімшарт жасалды. Енді ол «Қайсардың» бас бапкерінің көмекшісі боп қызмет атқарады.  


Зілтемірші Татьяна Капустина допинг қолданғаны үшін әлем чемпионы титулынан айырылды

Қазақстандық зілтемірші Татьяна Капустина допинг қолданғаны үшін әлем чемпионы титулынан айырылды, деп хабарлайды Sports.kz.Quadratin агенттігінің Халықаралық ауыр атлетика федерациясына сілтеме жасап хабарлағанындай, қазақстандық зілтемірші Татьяна Капустина 2015 жылы Перудегі жастар чемпионатындағы алтын медалінен айырылды. Бұл шешім Капустинаға жасалған допинг-сынақтамасынан кейін қабылданған. Осылайша, әлем чемпионы титулы эквадорлық атлет Айови Кабесасқа, күміс жүлде - Украина спортшысы Анастасия Шишановаға, ал қола медаль  мексикалық зілтемірші Лизабет Руис Ноласкоға бұйыратын болды.      


Маңғыстау облысында Құрық ауылының балаларына жаңа футбол алаңы сыйға тартылды

Бүгін Маңғыстау облысының Қарақия ауданындағы Құрық ауылында «Тасболат Ойл» ЖШС әлеуметтік жауапкершілік аясында Қарақия ауданындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ашық стадионын қалпына келтіру жобасын аяқтады.Бірінші кезеңде 480 орынға арналған трибуна мен қоршау салынды, жарық өткізілді, екінші кезеңде - футбол алаңының жаңа жасанды жасыл жабындысы орнатылып, жеңіл атлетикамен айналысу үшін 400 метрлік жүгіру жолағы салынды. Балалар мен жасөспірімдерге арналған бұл мектеп 1974 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазіргі кезде онда 198 оқушы спортпен айналысуда.       

БАӘ шейхы Фьюриге жекеменшік яхтада Кличкомен қарымта айқас өткізуді ұсынды

 Есімі аталмаған БАӘ-дегі миллиардер шейх британдық боксшы Тайсон Фьюриге украиналық Владимир Кличкоға қарсы қарымта жекпе-жегін өзінің яхтасында өткізуді ұсынды.Бұл туралы The Daily Mirror жазады. Бірақ британдық бұл ұсынысты қабылдамады. Оның айтуынша, мұндй айқасты дәулетті жүз адам емес, бүкіл әлем көруі тиіс. Шейхтің кемесі 120 адамды сыйдыра алады. Ол әрбір билет үшін миллион доллардан пайда тапқысы келген. Қаңтарда Тайсон Фьюри мен украиналық Владимир Кличконың арасындағы қарымта кездесудің өткізілетін күні аталды. Алдын ала мәліметтер бойынша, ол 2016 жылдың 7 мамырында болуы тиіс. Өткізілуі мүмкін орын ретінде Мюнхендегі «Альянц Арена» аталып отыр. 28 қарашада Дюссельдорфта Фьюри төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен Кличконы сүріндіріп, одан IBF, IBO, WBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы титулдарын, және WBA нұсқасы бойынша ауыр салмақтағы чемпион титулын тартып алған еді.      

Головкин Қарағандыда жас хоккейшілермен кездесті

WBA (Super), IBO, IBF және WBC (Interim) нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин (34-0, 31 КО) жас хоккейшілермен кездесті.Қарағандыдағы сапарын жалғастырып отырған Головкин тағы бір жақсы тосын сый жасады. Бұл жолы боксшы Қарағандыда шайбалы хоккейден балалар мен жасөспірімдерге арналған облыстық мамандандырылған спорт мектебіне келді. Бозбалалар арасындағы Қазақстан чемпионатының аясында "Юность-2003" командасының "Барыс-2003"-пен ойынына келген Головкин балаларға қолдау көрсетіп, жас хоккейшілерге табыстар мен жеңістер тіледі. Еске сала кетейік, бұған дейін Головкин қарағандылық мектепте болды, деп хабарлады Vesti.kz.     

Хабибулин Әзербайжандағы ITF жарысының жұптық разрядының жартылай финалына өтті

Қазақстандық теннисші Тимур Хабибулин Өзбекстан өкілі Санжар Фацзиевпен жұпта бейсенбі күні Әзербайжанда ITF топтамасы жарысының жұптық разрядының жүлде қоры 10 мың долларды құраған жартылай финалына өтті.Ширек финалда Хабибулин/Файзиев жұбы жарыстың екінші дуэті - Пирмин Хенле (Германия)/Петру Лункануды (Румыния) - 7:5, 6:3 есебімен ұтты. Жартылай финалда қазақстандық-өзбек жұбы жарыстың үшінші жұбы, жартылай финалда итальяндық Даллу Вэлле мен Андреа Пеллегриноны 6:3, 6:2 есебімен жеңген ресейліктер - Александр Игошин және Евгений Карловскиймен кездеседі, деп жазады ports.kz.     

БАҚ: «Қайрат» ФК Андрей Аршавинге көз салып отыр

 «Қайрат» жартылай қорғаушы Андрей Аршавинге қызығушылық танытуда. chаmpionat.com сайтының хабарлауынша, қазақстандық футбол клубы Ресей құрамасының бұрынғы ойыншысының кандидатурасын қарастыруда, алайда басты кедергі футболшының қаржылық талабы болуы мүмкін.1 ақпанда краснодарлық «Кубань» 34 жастағы жартылай қорғаушымен тараптардың өзара келісуі бойынша еңбек шартын тоқтататынын хабарлады. Футболдан Ресей Премьер-Лигасының биылғы маусымында Аршавин 8 матч өткізді және бірде-бір гол соға алмады. Футболшының өзі клубтардың әртүрлі ұсыныстарын қарауға әзір екенін мәлімдеді, деп жазады Sports.kz.      

Боксшы Мадияр Әшкеев 13 ақпанда рингке шығады

Болашағы зор қазақстандық боксшы Мадияр Әшкеев кәсіби рингтегі келесі жекпе-жегін 13 ақпанда «Студио Ситиде» (Калифорния штаты, АҚШ) өткізеді. Қазақстандық былғары қолғап шеберінің қарсыласы жарияланған жоқ.Еске сала кетейік, Мадияр танымал мексикандық жаттықтырушы Роберт Гарсияның басшылығымен жаттығуда, ол Әшкеевті әлемнің болашақ чемпионы деп атады. Қазақстандықтың менеджері - Эгис Климас, деп жазады Sports.kz.      

Александр Винокуров Дубайда «алтын» велосипедін таныстырды

 «Астана» велокомандасының бас менеджері, Олимпиада чемпионы Александр Винокуров Дубайда «алтын» велосипедін таныстырды. Велосипед қазақстандық спортшының «Тұманды Альбиондағы» жарқын жеңісінің нышанын білдіреді.Велосипед қазақы ою-өрнектермен, Олимпиада танымбелгісімен безендірілген. Сондай-ақ, спортшының есімі де жазылған. Отандасымыз «алтын» велосипедін «Дубай турының» мәресінде жұртшылық назарына ұсынды, деп жазады massaget.kz.     


БАҚ Геннадий Головкиннің үздік үш британдық қарсыласын атады

 Bleacherreport.com сайты Геннадий Головкинмен кездесуі мүмкін үздік британдық боксшылардың үштігін ұсынды, деп жазды Sports.kz.Бірінші орында Джеймс Дигейл. Авторлар оны «Олимпиадада жарысқа шыққан кезде GGG-ға қарағанда үздік өнер көрсеткен солақай  деп атады».   Бұл Головкинді 168 фунтқа көтерілуге  көндіруге қабілетті жалғыз боксшы екені айтылады.   Екінші қарсылас  Билли Джо Сондерсу. Сайттың пікірінше, онда Головкинге қарсы тұра алатын екпін жетіспейді.  Үшіншісі кіші Крис Юбэнк. Материал авторы Головкинмен айқасындағы оның мүмкіндіктерін бағалауды ауырсынды. Себебі Юбэнк өзінің үздік қасиеттерін толық көлемде көрсете алмай келеді.      

Халықаралық федерация: Қазақстандық ауыр атлеттер И. Сон мен Т. Капустина жарыстардан шеттетілген жоқ

Халықаралық ауыр атлетика федерациясы қазақстандық ауыр атлеттер - И. Сон мен Т. Капустинаны  жарысқа түсу құқығынан айырған жоқ, 2015 жылы сәуірде өткен Лимадағы жастар әлем чемпионатынан кейін допинг-сынамада олардан тыйым салынған заттар табылған.Қазақстандық ауыр атлетика федерациясының күшімен спортшылардың кінәсі ауыр емес екені дәлелденді. Олар спортта тыйым салынған дәрі емес,  биологиялық белсенді қоспа пайдаланған.    ХААФ баспасөз қызметінде хабарланғандай,  ХААФ қағидаларына сәйкес спортшылар медальдары мен чемпиондық титулдарынан айырылғанына қарамастан, бұдан бұрын белгіленген Татьяна Капустина мен Игорь Сонды спорттан уақытша шеттетуді ХААФ Тәртіптік кеңесі 2015 жылғы 20 қарашадағы тыңдауда алып тастаған. Қазір зілтеміршілер жаттығуды жалғастырып, алдағы жарыстарға дайындалуда.     

Юлия Галышева Әлем Кубогы кезеңінде могулдан екінші орын иеленді

Фристайл бойынша Әлем Кубогының кезеңінде  қазақстандық Юлия Галышева  канадалық Жюстин Дюфур-Лапуант (77.80) бес балл ғана есе жіберіп, 77.75 нәтижемен күміс жүлдегер атанды, ал үшінші орынды жеңімпаздың сіңілісі  Хлоэ Дюфур-Лапуант иеленді.Ерлер арасында қазақстандықтар арасында үздік нәтижені 79.18 көрсеткішімен сегізінші орынға тұрақтап, Дмитрий Рейхерд көрсетті.  Павел Колмаков 10-шы (79.00) орында. Бірінші орынды  австралиялық Мэтт Грэм   (83.48), екінші орынды канадалық Микаэль Кингсбери ( 82.75) және үшінші орынды швед  спортшысы Людвиг Фьяльстрем (81.41) иеленді. 

Батысқазақстандық балуан қыздар Қостанайда өткен халықаралық жарыстан табысты оралды

 Батысқазақстандық балуандар Қостанай қаласында 1999-2001 жылғы қыздар арасында өткен Қазақстандағы еркін күрестің негізін салушы Петр Матущакты еске алуға арналған халықаралық турнирден табыспен оралды.БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, бұл жарысқа Батыс Қазақстаннан төрт спортшы барса, соның екеуі жүлдеге ілікті. Атап айтқанда, 43 келіге дейінгі салмақта Яна Яковлева жеңімпаз атанса, 49 келіде Назерке Оңдағанова күміс жүлдені иеленді. Балуандарды облыс құрамасының аға бапкері Мұсабек Нарегеев бастаған мамандар жаттықтырады.     

Жаркентте құрылысына 542 млн теңге жұмсалған дене шынықтыру кешені ашылды

Бүгін Алматы облысындағы Жаркент қаласында дене шынықтыру және сауықтыру кешені ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Амандық Баталов қатысты, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінен. - Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әсіресе жастардың арасында саламатты өмір салтын дәріптеудің, спортта жоғары жетістіктерге жету мен бұқараның дене шынықтырумен, спортпен белсенді айналысуына қажетті барлық жағдайларды жасаудың маңызын жиі айтады. Сондықтан, спорт біздің өміріміздің өзегі, өскелең ұрпақтың негізгі болуы тиіс. Бүгінгі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуы - кәсіби спортшыларға да, спортты жақсы көретін адамдар үшін де айтулы оқиға, - деді өңір басшысы А. Баталов.Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде ойын залы, бокс залы, тренажер залы, сол сияқты 480 орынды стадион, волейбол, баскетбол алаңдары бар.Бүгінгі күні мұнда 925 жасөспірім спортпен айналысса, кешкі уақытта аудан тұрғындары бұқаралық спорт түрлерімен шұғылданады.Кешен құрылысына 542,3 млн. теңге бөлінген. 


Ақмолалық Т.Қадырқұлов жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионы атанды

Ақмолалық Тахиржан Қадырқұлов 23 жастағы спортшылар арасында өткен жеңіл атлетика жарысынан Қазақстан чемпионы атанды.Өскемен қаласында Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығында Қазақстан чемпионаты өтті. Жарыс алаңына Ақмола облысы атынан шыққан Тахиржан Қадырқұлов үш аттап секіруден алтын,  ұзындыққа секіруден қола медалға қол жеткізді. Сонымен қатар,  ақмолалық Инна Агоева да қыздар арасында үш аттап секіру бойынша үшінші орыннан көрінді. Ақмола облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының жоғары спорттық шеберлік мектебінің мамандары берген мәліметке қарағанда Тахиржан осыдан бір апта бұрын жеңіл атлетикадан ересектер арасында өткен жарыста қола жүлдегер атанған болатын. Айта кетейік, Тахиржан мен Иннаны тәжірибелі бапкерлер Василий Чуйко мен Алмагүл Әділова жаттықтырады.   


Керімбаева Мысырда ITF жарысы жұптық разрядының ақтық кезеңіне өтті

 

Жұма күні қазақстандық теннисші Камила Керімбаева мысырлық Ола Зекрумен жұптасып Мысырда жүлде қоры 10 мың долларды құрайтын ITF жарысы жұптық разрядының ақтық кезеңіне өтті.Жартылай финалда екінші нөмірмен шыққан Керімбаева/Зекру жұбы жапондық екі спортшы - Рио Китагава/Хайне Огатаны - 6:4, 6:7, 10:6 есебімен ұтты. Ақтық кезеңде қазақстандық-мысырлық жұп жарыстың бірінші дуэтінің арасындағы ойынның жеңімпаздары, неміс спортшылары Нора Нидмерс және Юлия Вашачук, және бәсекенің төртінші жұбы - Риа Бхатиа (Үндістан)/Бритт Гейкенспен (Бельгия) кездеседі. ITF топтамасы жарысының әйелдер туры Халықаралық теннис қауымдастығының тікелей ұйытқы болуымен өтуде, деп жазады sports.kz.      


Хабибулин Әзербайжандағы ITF жарысы жұптық разрядының ақтық кезеңіне өтті

Қазақстандық теннисші Тимур Хабибулин Өзбекстан өкілі Санжар Файзиевпен жұпта жұма күні Әзербайжанда ITF топтамасы жарысының жүлде қоры 10 мың долларды құраған жұптық разрядының ақтық кезеңіне өтті.Жартылай финалда Хабибулин/Файзиев жұбы жарыстың үшінші дуэті, ресейлік Александр Игошин мен Евгений Карловскийді 4:6, 6:4, 10:3 есебімен ұтты. Финалда қазақстандық-өзбек жұбы жарыстың төртінші дуэті, жартылай финалда жарыстың бірінші жұбы - ресейлік Маркос Каловелонис пен Антон Зайцевті 6:4, 6:2 есебімен ұтқан Микелис Либитис (Латвия)/Бен Маклахлан (Жаңа Зеландия) жұбымен кездеседі. ITF топтамасындағы жарыстардың ерлер туры Халықаралық теннис қауымдастығының тікелей қамқорлығында, деп жазады sports.kz.     


Ертең Алматыда VI қысқы республикалық Универсиада басталады

 Ертең Алматыда VI қысқы республикалық Универсиада басталады, деп хабарлады www.24.kz.Әр екі жыл сайын өткізілетін бұл шараның маңызы зор. Сондықтан да жарысты ұйымдастырушылар мен қатысушыларға артылатын жауапкершілік те жоғары. Алматыдағы «Сұңқар» спорт кешенінде VI республикалық қысқы Универсиадаға дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. 500-ден аса студент жұмылдырылған екен. Қазір сәлден соң дайындық жұмыстарына осы жарыстың, яғни Универсиаданың символы - Ақ барыс та араласады. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен қатар келген республикалық Универсиаданың жоғары деңгейде өтуі үшін ұйымдастырушылар бар күш жігерлерін салуда. Өйткені қыр астында Бүкіләлемдік XXVIII Универсиада тұр. Сондықтан жарыстың ашылуы мен жабылу салтанатына дейінгі іс-шаралар назардан тыс қалмаған.  «Біздің бұл жердегі ең басты нөміріміз деуге болады. Соңына таман осында өзіміздің жүргізуші трамплиннен шаңғымен секіреді. Өнерін көрсетеді. Бұл жерде біздің вокалистеріміз бен хореграфтарымыз да бар», - дейді ұйымдастыру алқасының мүшесі Әнуар Қадыров. . Соңғы жылдары Бүкіләлемдік Универсиада ойындарында қазақ студенттері тамаша табыстарға қол жеткізді.2015-ші жылы Словакия мен Испанияда өткен қысқы ойындарда біздің құраманың 5 алтын 6 күміс медальмен командалық сында үздік үштіктен көрінуі осы сөзімізге дәлел. Қазақстан Білім және ғылым министрлігі болашақта да студенттердің спортын дамыту мақсатында көптеген іс-шараларды жүзеге асыруда. Республикалық Универсиада да үздік шыққандар келер жылғы Бүкіләлемдік Универсиадаға қатысуға мүмкіндік алады. Бұл жолы спорттың 10 түрінен сынға түсетін еліміздің 35 жоғарғы оқу орнынан келген 1000-нан аса үміткердің аянып қалмасы анық. Ертеңнен бастап Шымбұлақ пен Медеу, Сұңқар мен Талғар маңындағы «Алатау» спорт кешендеріне тартысты жарыс басталады.     


Қазақстандық төрт боксшы Иштван Боскай мемориалының финалына шықты

Венгрияның Дебрецен қаласында бокстан Иштван Боскайды еске түсіруге арналған турнир өтуде - бұл 1956 жылы алғаш рет ұйымдастырылып, Еуропадағы байырғы ең беделді құрлықтық жарыстардың біріне айналды.  Турнирге 29 елден 168 боксшы қатысуда, олардың арасында екі әлем чемпионы және жеті Еуропа чемпионы бар. Қазақстандық команда фавориттердің бірі; ширек финал сатысында біздің бір ғана боксшымыз - Әбілхан Аманқұл (75) ғана ойыннан шығып қалды. 5 ақпанда жартылай финалдық сайыстарда Айқынбай Шалқар (49) түрік спортшысы Остүрік Толгаханды, Ілияс Сүлейменов (52) венгр Нандор Чокты жеңді, ал Абылайхан Жүсіпов (64) канадалық Мовладин Биарслановтан басым түсті. Төртінші болып финалға Әли Ахмедов (81) шықты - ол Грузиядан Кизирия Янгоны 3:0 есебімен ұтты. Бұл туралы Қазақстандық бокс федерациясы хабарлады. Сөйтіп Қазақстан күшті командалар қатарынан орын алып, төрт медальға үміткер болып отыр, енді медальдардың алтын не күміс болары 7 ақпанда өтетін финалдан кейін анықталады.      


Футзал: Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатында алғашқы тарихи жеңісіне қол жеткізді

Сербияның Белград қаласында футзалдан өтіп жатқан Еуропа чемпионатының С тобында Қазақстан құрамасы екінші кездесуін Хорватиямен өткізіп, 4:2 есебімен жеңіске жетті.«Қазақстан» телеарнасынан көрсеткеніндей, бірінші таймда 6-минутта Қазақстан құрамасынан Дуглас мергендік танытып, есеп ашты. Дегенмен бір минуттан кейін  Қазақстан құрамасының капитаны Дінмұхамбет Сүлейменовтің қателігінен кейін хорваттар (Ведран Матошевич) таразы басын теңестірді. Іле-шала Д.Сүлейменов хорваттардың ойыншысын әдемі алдап өтіп, есепті 2:1-ге жеткізді. 17-минутта Серік Жаманқұлов қарсыластар қақпасын дәл көздеді. Екінші таймда С.Жаманқұлов өзінің екінші голын салды. Бұдан кейін хорваттар қақпашысын алаңдағы ойыншыға ауыстырып, шабуылдауға тырысып бақты. Олардың бұл тактикасы бір рет қана жемісін беріп, Сутон есепті 4:2-ге қысқартты. Осыдан соң С.Жаманқұловтың да, Шыңғыс Есенамановтың да гол соғатындай мүмкіндіктері болды. Сөйтіп Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатындағы алғашқы да маңызды жеңісіне қол жеткізді. С тобында енді бір ғана ойын қалды. 7 ақпан күні Ресей мен Хорватия соңғы кездесуін өткізіп, осы топтан плей-оффқа жолдама алған қос команда белгілі болады. Еске сала кетейік, бұдан бұрын Какаудың шәкірттері ресейліктерге 1:2 есебімен есе жіберген болатын.     


Хоккей: «Барыс» Ригада «Динамо» командасын тізе бүктірді

Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионатында Астананың «Барысы» Ригада жергілікті «Динамо» командасын 3:2 есебімен ұтты.Чемпионат.ком сайтынан алынған мәліметке қарағанда, тартысты өткен кездесуде Найджел Доус есеп ашса, ригалық Каспарс Саулиетис таразы басын теңестірді. Ойынның екінші кезеңі де 1:1 есебімен аяқталды. Бұл жолы «Барыстан» Дастин Бойд, «Динамодан» Гинтс Мейя көзге түсті. Үшінші кезеңде «Барыстың» капитаны Брэндон Боченски жеңіс голын соғып, астаналықтар маңызды үш ұпайға ие болды. Бұл турда «Барыстың» негізгі қарсыластары да жеңіске жетті. «Автомобилист» Мәскеуде «Спартакты» 4:2 есебімен қапы қалдырса, «Нефтехимик» (Нижнекамск) өз айдынында Минскінің «Динамосын» овертаймда (3:2) ұтып, екі ұпайға қол жеткізді. 58 ойыннан кейін «Автомобилист» 88 ұпаймен Шығыс конференциясында жетінші орынға нық орнықты. Ал 83 ұпайы бар «Барыс» «Нефтехимикпен» сегізінші, тоғызыншы орынды бөлісуде. Енді «Барыстың» тұрақты чемпионатта екі-ақ ойыны қалды. 16 ақпанда Қазанда «Ак Барс», 18 ақпанда Омбыда «Авангардпен» күш сынасады. Бұлардың екеуі де мықты команда екендігін ескерсек, «Барыстың» плей-офф бәсекелеріне қатысуға мүмкіндік беретін алғашқы сегіздікке ілігуі аса қиынға түседі. Айта кетейік, негізгі қарсыласы «Нефтехимик» 16 ақпанда Тольяттиде «Ладамен», одан кейін 18 ақпанда өз айдынында «Салават Юлаев» (Уфа) командасымен шеберлік байқасады.      


Қазақстандық жеті спортшы грек-рим күресінен әлемдік рейтингке енді

United World Wrestlingм грек-рим күресінен әлемдік рейтингті жаңартты. Үздіктердің тізіміне қазақстандық жеті палуан кірген, деп хабарланады Kazakhstan Wrestling Online-нің ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі парақшасында. Осылайша, Алмат Кебіспаев 59 келі салмақ дәрежесінде үшінші орыннан көрінді. Демеу Жадыраев - 17-ші орында (66 келі), Дархан Баяхметов 13-ші орыннан көрінген (71 келі). Досжан Кәртіков 75 келі салмақта екінші орында. Асхат Ділмұхамедов пен Нұрсұлтан Тұрсынов - 80 және 85 келі салмақ дәрежесінде тоғызыншы орында тұр. Нұрмахан Тінәлиев ең ауыр салмақ дәрежесі - 130 келіде 12-ші орын алды.   


Алматыда Ұлттық республикалық қысқы Универсиада ойындары басталды

 

Бүгін Алматыда Халықаралық «Сұңқар» трамплиндер кешенінде 6-шы Ұлттық республикалық қысқы Универсиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті.Онда өзінің алғы сөзінде ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов еліміздің 34 жоғары оқу орындарынан жиналған спортшы студенттерді Универсиада ойындарының басталуымен құттықтап, оларға сәттілік тіледі.  «Бұл 6-шы Ұлттық Универсиада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отыр. Осы бір ширек ғасыр ішінде Қазақстан әлеуметтік-экономика саласында да спортта да үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Бұл Универсиада ойындарында еліміздің түкпір-түкпірінен келген мыңнан астам спортшы студенттер бақ сынайтын болады. Ал жеңімпаз атанғандар 2017 жылы Алматыда өтетін 28-ші Бүкіләлемдік қысқы студенттік Универсиада ойындары барысында ұлттық құрама команда сапында өнер көрсетіп, ел намысын қорғайды», - деді А. Сәрінжіпов. Студенттік спорт федерациясының президенті Қайрат Зәкіриянов FISU (Халықаралық студенттік спорт федерациясы) ұйымының жіберген құттықтау хатын оқып беріп, алдағы Бүкілімдік Универсиадаға дайындықтың жоғары деңгейде жүргізіліп жатқандығын атап өтті. «Денсаулықтың мықты болуы медицинаға емес, өмір сүру салтыңа байланысты. Сондықтан спортпен айналысыңыздар, чемпион болыңыздар», - деді Қ. Зәкіриянов.Бүгінгі шараға атақты Олимпиада жұлдыздары: Жақсылық Үшкемпіров, Елена Хрусталева және Ермахан Ибраимов қатысып, жастарға қолдау көрсетті. Сонымен қатар, ашылу рәсімі аясында студенттік көркемөнерпаздар ұжымдары және танымал Ringo тобының қатысуымен концерттік бағдарлама қойылды. Естеріңізге тағы да сала кетелік, 6-шы Ұлттық республикалық қысқы Универсиада ойындары Алматыда 6-17-ші ақпан аралығында өтеді. Онда спортшылар қысқа спорттың 10 түрінен бақтарын сынайды.             


Абель Санчес жыл жаттықтырушысы атанды

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің жаттықтырушысы Абель Санчес 2015 жылдың үздік бапкері атанды. Бұл туралы GGG-дің Вконтакте әлеуметтік желісінде хабарлады.«BWAA» Бокс туралы жазатын америкалық журналистер қауымдастығы Абель Санчесті  2015 жылдың үздік жаттықтырушысы деп таныды!», - деп жазылған хабарламада.       


Қазақстандық дзюдошы қыз Парижде өткен жарыста алтын алды

Моңғолиядан Қазақстан құрамасына ауысқан Галбадрах Отгонцэгцэг Парижде өтіп жатқан Гранд Слам жарысында алтын алды, деп хабарлайды Аламан порталы.Ол финалға дейін тунистік Олфа Сауодиді, жапониялық Ами Кондоны, кубалық Дайарис Альваресті жеңді. Ал жартылай финалда бельгиялық Чарлин Ван Сниктен басым түсті. Финалда Галбадрах Отгонцэгцэг бұрынғы командаласы Моңғолия құрамасының мүшесі Мунхбат Уранцецегті юко әдісімен жеңді. Екі спортшы осыған дейін үш рет кездесіп, барлығында Мунхбат жеңіске жеткен еді. Бұл - Галбадрах Отгонцэгцэгтің Гранд Слам жарыстарындағы алғашқы алтыны. Ол осыған дейін Джеджуде өткен Гран-При жарысында алтын, Ташкент пен Цинбаодағы сында қола алған. Париждегі жеңісі үшін Галбадрах Отгонцэгцэг рейтингіне 500 ұпай қосты. Ол енді 23-орыннан 16-орынға көтеріледі.       


БОКС: Минскіде қазақстандық спортшылар екі алтын бір қола медаль жеңіп алды

Минск қаласында Кеңес Одағының батыры Виктор Ливенцевті еске алуға арналған халықаралық турнир өтті. Сайысқа 17 мемлекеттен 100-ге тарта боксшы қатысты, деп хабарлады sports.kz.Былғары қолғап шеберлері: Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Грекия, Грузия, Латвия, Литва, Молдова, Нигерия, Ресей, Тәжікстана, Тунис, Түркіменстан, Өзбекстан, Украина және Эквадордан келді. Қазақстандық спортшылар: Ермек Мәдиев (49 кг) пен Дидар Өтелбаев (60 кг) турнир чемпионы атанса, Аяна Қалибекова (64 кг) қола медальді жеңіп алды. 


Петропавлда теннис орталығы салынады

 Петропавлда 2016 жылы бірқатар спорт нысандары салынады. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысы Дене тәрбиесі және спорт басқарма басшысы Руслан Есеналин хабарлады.«Бүгінде СҚО-да дене тәрбиесі және спортпен жүйелі түрде 162,2 мың адам (облыс халқының жалпы санының 28,4 пайызы) айналысады. 2014 жылмен салыстырғанда, 1,9 пайызға немесе 10,3 мың адамға артқан. Дене тәрбиесі және спортпен белсенді айналысуға арналған 2738 спорт ғимараты бар. 2014 жылмен салыстырғанда, 2015 жылы спорт желілері 345 бірлікке ұлғайды», - деп мәлімдеді Р. Есеналин.Есеналиннің айтуынша, Петропавл қаласында бірегей теннис орталығын салуға жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптама тарапынан оң бағаланды. Құны - 700 млн теңге. Теннис орталығының ғимараты 1000 орындық. Бұдан басқа, ағымдағы жылы облыс аумағында футбол, шағын футбол алаңдары мен тренажерлер орнату жалғасын табады. Атап айтқанда, 8 футбол алаңы, 35 шағын футбол алаңы, оның ішінде жасанды жамылғымен 18 шағын футбол алаңы, 23 волейбол, баскетбол алаңы және 16 тренажер кешендерін салу жоспарланған. Оның ішінде Петропавл қаласында жасанды жамылғымен 5 шағын футбол, 3 тренажер кешені бар. Айыртау және Тимирязев аудандарында жабық хоккей корттарын салынбақ. 


Г.Головкин өз бапкерін жеңісімен құттықтады

Геннадий Головкин «Твиттер» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында бапкері Абель Санчесті құттықтады, деп хабарлады Sports.kz.А.Санчес бокс жайлы жазатын АҚШ журналистер қауымдастығының талдауы бойынша 2015 жылдың үздік бапкері атанды. «BWAA марапаты Абель Санческе бұйырды! Жылдың үздік бапкерін құттықтаймын!» - деді боксшы. 


«Астана» велошабандозы Лоренс де Вриз «Дубай турында» 20-сыншы болды

 «Дубай туры» велоспорт көпкүндігінің финалдық кезеңі аяқталды. «Etixx - Quick-Step» командасының неміс велошабандозы Марсель Киттель кезең жеңімпазы атанды, екінш орын «Sky» клубынан итальяндық Элиа Вивиани, үшінші болып «Dimension Data» клубынан британиялық Марк Кавендиш келді, деп жазды sports.kz.   Финалда 21-ші болып мәре сызығын қиып өткен «астаналық» Лоренс де Вриз үздік нәтиже көрсетті. Гатис Смукулис -31, Даниил Фоминых - 43, Андреа Гуардини - 53, Руслан Тілеубаев - 75, Дмитрий Груздев - 82, Льюве Вестра - 105. «Дубай туры». Төртінші кезеңДубай - Бизнес Бэй. 137 шақырым1. Марсель Киттель (Германия, «Etixx - Quick-Step») - 2:50:472. Элиа Вивиани (Италия, «Sky»)3. Марк Кавендиш (Ұлыбритания, «Dimension Data»)***21. Лоренс де Вриз (Бельгия, «Астана»)31. Гатис Смукулис (Латвия, «Астана»)43. Даниил Фоминых (Казахстан, «Астана»53. Андреа Гуардини (Италия, «Астана»)75. Руслан Тлеубаев (Қазақстан, «Астана»)82. Дмитрий Груздев (Қазақстан, «Астана»)105. Льюве Вестра (Нидерланды, «Астана») - +0:39118. Ларс Боом (Нидерланды, «Астана») - +1:09Жалпы есеп:1. Марсель Киттель (Германия, «Etixx - Quick-Step») - 14:46:542. Джакомо Ниццоло (Италия, «Trek-Segafredo») - +0:043. Хуан Хосе Лобато (Испания, «Movistar») - +0:06 20. Лоренс де Вриз (Бельгия, «Астана») - +0:5321. Гатис Смукулис (Латвия, «Астана»)32. Даниил Фоминых (Қазақстан, «Астана») - +1:1642. Руслан Тлеубаев (Қазақстан, «Астана») - +1:4646. Ларс Боом (Нидерланды, «Астана») - +2:0849. Льюве Вестра (Нидерланды, «Астана») - +2:1773. Дмитрий Груздев (Қазақстан, «Астана») - +3:5687. Андреа Гуардини (Италия, «Астана») - +5:36.   


Дәурен Елеусінов бесінші жекпе-жегін 17 ақпанда өткізеді

17 ақпанда Нью-Йоркте (АҚШ) орта салмақта 29 жастағы қазақстандық боксшысы Дәурен Елеусінов кәсіби рингтегі өзінің бесінші жекпе-жегін өткізбек. Бұл туралы sports.kz жазды.6 раундтық айқаста қазақстандықтың қарсыласы кім болатыны әзірге айтылған жоқ, деп хабарлады Inboxing.kz. Сондай-ақ, Елеусінов 16 сәуірде Нью-Йоркте (АҚШ) тағы бір жекпе-жек өткізуді жоспарлаған. Дәурен Елеусінов кәсіби рингтегі төрт айқасында да (3 КО) жеңіске жетті.   


Допты хоккейден ӘЧ: Қазақстан құрамасы төртінші орынды қанағат тұтты

 

Бүгін Ульяновск қаласында допты хоккейден ХХХVІ әлем чемпионатының қола жүлде үшін бәсекесінде Қазақстан құрамасы шведтермен айдынға шықты.Негізі әлемдегі екі мықты команда Ресей мен Швеция болып есептеледі. КСРО құрамасын есепке алмағанда, ресейліктер тоғыз рет әлем чемпионы атанса, одан кейін бұл жөнінен шведтер басқа ешкімге дес бермей келеді. 1957 жылдан бері дүниежүзілік додаға қатысып келе жатқан Швеция өз тарихында үшінші орыннан төмендеп көрген емес. Алайда топтық бәсекеде фин құрамасын (9:1), қазақстандықтарды (11:4), ресейліктерді (6:3), содан кейін ширек финалда Латвияны 28:3 есебімен ұтқан Швеция жартылай финалда білгенінен жаңылып, күтпеген жерден жеңіліп қалды. Шведтердің ойын тактикасын әбден зерттеген финдер аса тартысты ойында 3:2 есебімен ұтып, финалға жолдама алды. Финдер де - әлемдік сында чемпион атанып көрген команда. Ал ресейліктер жартылай финалда Қазақстан құрамасын 16:6 есебімен ойсырата жеңіп, финдердің қарсыласы атанды. Осылайша, қола жүлде үшін кездесуде Алексей Никишовтың шәкірттері әлемдегі үздік команданың бірімен бақ сынауға мәжбүр болды. Ойын басында бұрыштамадан кейін шведтер есеп ашты. Бұдан кейін қос команданың да гол соғатындай мүмкіндіктері болғанымен, бірінші таймда есеп өзгерген жоқ. Әсіресе, тайм соңында Сергей Почкуновтың 12 метрлік айып добын енгізе алмауы қазақстандықтардың таразы басын теңестіруіне жол бермеді. Екінші таймда шведтер есепті 4:0-ге жеткізді. Қазақстандықтар қарымта қайтармақ түгілі, бір гол соға алмай, пұшайман болды. Матч барысында Қазақстан құрамасының қақпашысы Андрей Рейн өз қақпасын жанын салып, қорғағанымен, шведтердің дәл соққыларын үнемі тойтару мүмкін емес-ті. Сөйтіп қазақстандықтар төртінші орыннан аса алған жоқ. Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы бұған  дейін әлем чемпионатының алты мәрте қола жүлдегері атанған еді. Олардың бәрінде де қазақстандықтар финдерді ұтқан еді. Қазіргі кезде Қазақстан құрамасында негізінен жасы келген хоккейшілер ойнайды. Мысалы, Сергей Почкунов ойынды мүлдем қойып кетсе де, бапкерлердің өтінішімен қайта оралуға мәжбүр болды. Ал жартылай қорғаушы Леонид Бедарев 36-да, тағы бір жартылай қорғаушы Андрей Ковалев пен шабуылшы Вячеслав Бронниковтың жасы 35-те. Лек-легімен қосылып жатқан жастар болмағаннан кейін үнемі ардагерлерге арқа сүйеудің ақтамайтыны анық. Қазақстанда допты хоккей күні бүгін Оралда ғана жақсы дамыған деп айтуға болады. Биыл құрылғанына 40 жыл толатын Оралдың «Ақжайығы» өзімізде чемпионат өткізілмейтіндіктен, «Жоғары лига» бүкілресейлік жарысының екінші тобында ойнап жүр. Осы жолы әлем біріншілігінде Орал допты хоккейінің түлектері, команда капитаны Рауан Исалиев, сондай-ақ Леонид Бедарев, Денис Максименко, қақпашы Ілияс Хайрекешев өнер көрсетті. Қазақстанның өзінде  біріншілік ұйымдастырып, қалаларда командалар жасақтамай, допты хоккей алға басады деп айту қиын.     


БОКС: Венгрияда Иштван Боскай атындағы турнирде А.Жүсіпов алтын медальді жеңіп алды

 

Венгриядағы Дебрецен қаласында Иштван Боскайды еске алуға арналған турнир мәресіне жетті, деп хабарлады sports.kz.Қазақстан бокс федерациясы хабарлағандай, финалға біздің 4 боксшымыз шыққан.  Қорытындысында  әзербайжан  Сотомайор  Лоренцомен айқаста   Абылайхан Жүсіпов (64 келі) алтынды жеңіп алды. Ілияс Сүлейменов (52), Айқынбай Шалқар (49) және Әли Ахмедов  (81) күмістен алқа тақты. Бұр турнир 1956 жылы алғаш рет ұйымдастырылып, Еуропадағы байырғы ең беделді құрлықтық жарыстардың біріне айналған.   Биылғы турнирге 29 елден 168 боксшы қатысты. Олардың арасында екі әлем чемпионы және жеті Еуропа чемпионы болды.      


Боксшы Димаш Ниязов кәсіби рингтегі тоғызыншы жеңісіне қол жеткізді

АҚШ-та өткен жекпе-жекте 26 жастағы қазақтан шыққан америкалық боксшы Димаш Ниязов кәсіби рингтегі тоғызыншы жеңісіне қол жеткізді.  Оның қарсыласы жергілікті боксшы Джеймс Лестер болды. Кездесу жеңіл салмақта өтті, деп жазады Inboxing.kz. 6 раундтық жекпе-жекте де Ниязов басымдық танытты, әділ қазылар бір ауыздан жеңісті Димашқа берді. Димаш Ниязов 13 жасында АҚШ-қа көшіп кеткен, Қазақстанда оны Нұрғали Сафиуллин жаттықтырған болатын.      


Қарағандыда кикбоксингтен кәсіпқой жекпе-жектер өтті

 Қарағандыдағы «Достар әлем» қонақ үй кешенінде кикбоксингтен Қарағанды және Атырау облыстарының  командалары арасында кәсіпқой жекпе-жектер өтті, деп хабарлайды egemen.kz.Спортсүйер қауымға қуаныш сыйлаған бұл шараны Қарағанды облыстық кикбоксинг және тай бокс федерациясының президенті, WAKO-pro-ның ресми өкілі Ерлан Сұлтанұлы Досмағамбетов ұйымдастырды. Доданың ашылу салтанатына арнайы келіп қатысқан Қазақстан кикбоксинг федерациясының президенті Тастанбек Құтжанұлы Есентаев мұндай спорттық шараның саламатты өмір салтын насихаттауға зор үлес қосатынын атап өтті. Жалпы, командалық сайыс форматы бойынша өткен кәсіпқой жекпе-жектер елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Спорт жанашыры Ерлан Досмағамбетовтің айтуынша, болашақта коммерциялық бағыттағы мұндай турнирлер лайықты жалғасын тауып, дәстүрлі түрде өтетін спорт шарасына айналмақшы. Жекпе-жектер арасындағы үзіліс кезінде воркаут спортының «Bar bars pro» командасы өз өнерлерін көрсетті. Сондай-ақ, Ресейдің бірінші арнасындағы «Голос» шоу-бағдарламасына қатысып, танымал болған Беназир Ермағанбетова ән салып, жанкүйер қауымды желпінтіп отырды. Тартысты өткен жекпе-жектер нәтижесінде Қарағанды облысының спортшылары 4:1 есебімен жеңіске жетіп, қомақты сыйақыға ие болды. Кәсіпқой жекпе-жектер нәтижесі: (Жеңімпаздар бірінші жазылды) 51 кг. Лоу-кик. Жанәлі Сәлімгереев (Атырау) - Данияр Орал (Қарағанды); 57 кг. К-1. Сафар Ахмадов (Қарағанды) - Жандос Назарбеков (Атырау); 58,5-60 кг. Фул-контакт. Руслан Баязитов (Қарағанды) - Азамат Өтемісов (Атырау); 71 кг. Лоу-кик. Бақытбек Шынтемір (Қарағанды) - Әсет Мейірлан (Атырау), 81 кг. Лоу-кик. Михаил Татьков (Қарағанды) - Сағындық Қизатов (Атырау).              


Қазақстан ширек финалда ЕУРО-2016 чемпионымен ойнайды

Шағын футболдан Қазақстан құрамасының Еуропа - 2016 чемпионатындағы ширек финалдық ойынындағы қарсыласы анықталды, деп жазады Sports.kz.Ол D тобындағы  Азербайжанды (3:0) және Чехияны (7:0) ұтқан Италия командасы болып отыр.  Айта кеткен жөн, итальяндықтар турнирдің екі дүркін - 2003 және 2014 жылғы жеңімпазы. Қазақстан мен Италия арасындағы матч 9 ақпанда өтеді.      


Головкиннің әлеуетті қарсыласы жекпе-жегін 5 наурызда өткізеді

12 желтоқсанда Лондонда 31 жастағы ирландиялық Гари О'Салливанды жеңген 26 жастағы кіші Крис Юбанк келесі жекпе-жегін 5 наурызда өткізбек. Юбанктың қарсыласы 25 жастағы отандасы Ник Блэквелл болады.Еске сала кетейік, бұған дейін кіші Юбанктың әкесі, екі салмақ дәрежесіндегі әлемнің бұрынғы чемпионы, британдық Крис Юбанк оның баласының алдағы уақытта басты мақсаты  IBF, WBA (Super) және WBC (Interim) титулдарына ие орта салмақтағы аса күшті спортшы, қазақстандық Геннадий Головкинге қарсы жекпе-жекке шығу екенін бірнеше рет мәлімдеген болатын, деп жазады sports.kz.     


Дәурен Елеусінов кәсіби бокстағы бесінші жекпе-жегін АҚШ-та Рэймонд Тэрримен өткізеді

Қазақстандық боксшы Дәурен Елеусінов кәсіби мансабындағы бесінші жекпе-жегін АҚШ-та Рэймонд Тэрриге қарсы өткізеді. Бұл туралы спортшының ВКонтакте-дегі ресми парақшасында хабарланды. «Қазақстандық орта салмақтағы боксшы Дәурен Елеусіновтің келесі қарсыласы белгілі болды. Ол американдық Рэймонд Тэрри. Жекпе-жек 17 ақпанда Нтю-Йорктегі (АҚШ) Манхэттен BBking-те өтеді», - делінген хабарламада. Профирингте өткізілген төрт жекпе-жектің ішінде Д.Елеусінов төрт рет жеңген, соның ішінде үшеуін нокаутпен аяқтаған. Болашақ қарсыласының есебінде де сонша жекпе-жек бар, соның ішінде екеуінде басым түсіп, екеуінде жеңіліп қалған.      


260 жас шығысқазақстандық шаңғы марафонына қатысты

Риддер қаласының күре жолында Республика Тәуелсіздігінің 25 жылдығының құрметіне өткізілген шаңғы марафоны  260 жас шығысқазақстандықты жинады. Марафонның көптеген қатысушылары - түрлі деңгейдегі жарыстардың жеңімпаздары.«Нұр Отан» партиясы Риддер қалалық филиалы төрағасының  бірінші орынбасары Надежда Климованың айтуынша, партиялықтар бұл шаңғы жарысын ұйымдастыра отырып, тұрғындарды белсенді және салауатты өмір салтына тартуды көздеп отыр. Еліміздің шығысында қысқы спорт түрлері бойынша спорт мектептері жақсы дамығаны белгілі. Олардың тәрбиеленушілері жыл сайын халықаралық олимпиадаларда аса жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді, олардың арасында әлемнің үздік шаңғышысы Алексей Полторанин, Қазақстан Республикасының халықаралық кластағы спорт шебері Сергей Малышев бар. Сондай-ақ Қазақстан құрамасындағы танымал спортшылар - шығысқазақстандық Юлия Галышева, Дмитрий Рейхард, Дмитрий Бамашовты және т.б. атап өтуге болады.      

Қызылордада волейболдан Шиндин турнирі мәресіне жетті

Қызылорда қаласы «Сейхун» спорттық-сауықтыру кешенінде волейболдан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, профессор Николай Шиндинді еске алуға арналған ерлер арасында волейболдан республикалық турнир өтті.Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады. Осымен он бірінші мәрте ұйымдастырылған бәсекеде Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарының  8 командасы сынға түсті. 2 күнге созылған жарыстың финалында «Қорқыт Ата ҚМУ» командасы «Тараз - ТАРМУ» командасын 3:0 есебімен жеңіп, тоғызыншы мәрте турнир жеңімпазы атанды.  Оңтүстік Қазақстан облысының  «Қарабұлақ» командасы үшінші орынды иеленсе, Түркістан қаласының «МКТУ» командасы төртінші орынды қанағат тұтты. Турнирдің үздіктері:     Үздік қорғаушы -  Берік Өтегенов («Қорқыт Ата ҚМУ» командасы) Үздік үйлестіруші  - Алмерек Ибраев  («Байқоңыр» командасы) Үздік шабуылшы - Бауыржан Әбілдаев («Тараз-ТАРМУ» командасы) Үздік либеро - Ғияситдин Үсенов («МКТУ» командасы) Жеңіске деген ынтасы үшін  - Андрей Корчагин («Байқоңыр» командасы) Пайдалы ойыншы - Руфат Хамракулов («Қарабұлақ» командасы) Әділ төреші - Ғалымжан Әбдірейімов (Жаңақорған ауданы) Үздік ойыншы - Аслан Зұлқарнаев («Қорқыт Ата ҚМУ» командасы) Сондай-ақ, турнирде жақсы өнер көрсеткені үшін бірқатар командалар мен команда ойыншылары алғыс хаттармен марапатталды.  Жеңімпаз және жүлдегер командалар мен номинация иегерлеріне дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.      


Шведова WTA тізімінде 21-ші орынды сақтап қалды

Кәсіби теннисшілер қауымдастығы чемпиондық жарыстың жаңа рейтингін жариялады, деп хабарлады Sports.kz.Рейтингті теннистен Австралия Ашық чемпионатының жеңімпазы неміс Анжелик Кербер басқарды, ол америкалық Серена Уильямс пен поляк Агнешка Радванскадан сенімді түрде алға оза білді. Қазақстандық Ярослава Шведова 21-ші жолды сақтап қалды. Юлия Путинцева   58-ден 63-ке түсті, Зарина Дияс - 168-ден  180-ге түссе, ал Камила Керімбаева  249-дан  196-ға көтерілді. 2016  жылғы 8 ақпандағы WTA  чемпиондық жарыс рейтингі: 1. Анжелик Кербер (Германия) - 2360 ұпай 2. Серену Уильямс (АҚШ) - 1300 3. Агнешка Радванска (Польша) - 1060 4. Виктория Азаренко (Беларусь) - 900 5. Йоханна Конта (Ұлыбритания) - 782 6. Шуай Чжан (Қытай) - 640 7. Карла Суарес Наварро (Испания) - 616 8. Светлана Кузнецова (Ресей) - 570 9. Белинда Бенчич (Швейцария) - 480 10. Моника Пуиг (Пуэрто-Рико) - 470 21 (21). Ярослава Шведова (Қазақстан) - 278 63 (58). Юлия Путинцева (Қазақстан) - 144 180 (168). Зарина Дияс (Қазақстан) - 41 196 (249). Камила Керімбаева (Қазақстан) - 36.     


Дзюдо: Ел біріншілігінде батысқазақстандықтар қос жүлдені иеленді

4-7 ақпан аралығында Ақтөбе қаласында дзюдодан 1999-2000 жылғы жасөспірімдер арасында ҚР чемпионаты өткізілді.БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, Батыс Қазақстаннан барған Ерлан Оңалов 46 келіге дейінгі салмақта қарсыластарының бәрін тізе бүктіріп, алтын медальді жеңіп алды. Қыздар арасында Мөлдір Ахметжанова 70 келіден астам салмақта күміс жүлдені иеленді. Аталған спортшыларды Қасым Қаженов, Азамат Қапсатов, Айболат Сұлтанов, Ерген Усманов жаттықтырады.         


Жасөспірімдер олимпиадасы. 18 спортшы ел намысын қорғайды

12-21 ақпан аралығында Норвегияның Лиллехаммер қаласында жасөспірімдер арасында ІІ қысқы Олимпиада ойындары өтеді. Бұл сынға Қазақстан атынан 18 спортшы бақ сынайды, деп жазады «Аламан» порталы.Қазақстан делегациясы Лиллехаммерге 10 спорт түрінен қатысады. Қазақстанның еншісіндегі 18 жолдамаға еліміздің 10 облысының спортшылары иелік еткен. Қазақстан намысын қорғайтын спортшылардың ішінде мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева мен жас биатлоншы Арина Пантовадан медаль күтетініміз жасырын емес. Тұрсынбаева қазірдің өзінде бірнеше халықаралық жарыста жүлдеге ие болған. Ал Пантова биатлоннан 2016 жылғы жасөспірімдер арасында чемпион атанған. Лиллехаммерге баратын спортшылар: Биатлон: Арина Пантова (Павлодар), Евгений Красикова (ШҚО), Дарьни Иван (ШҚО), Жанболатов Берік (Алматы облысы). Конькимен жарысу: Мухамедеев Анвар (Алматы), Громова Мария (СҚО) Шаңғымен жарысу: Лювт Иван (ШҚО), Тарасева Анастасия (ШҚО) Мәнерлеп сырғанау: Тұрсынбаева Элизабет (Қызылорда)           

«Челси» мен «Манчестер Ситидің» бұрынғы ойыншылары «Ақтөбе» командасынан қашып кетті

 «Челсидің» бұрынғы ойыншысы Ислам Феруз бен «Анжи», «Манчестер Сити» клубтарында ойнаған Абдул Разак «Ақтөбенің» атынан шықпайтын болды, деп жазады Sports.kz.«Олар кеше өздері жаттығу жасады. Кешке қарай ойынның тактикалық сәттері туралы әңгімелестік, ал бүгін олармен танысып, мүмкіндіктерін байқап көрсек пе деген едік. Біз оларға қалай ойнайтынымызды көрсеттік. Таныстығымыз осылай аяқталып қалды. Себебі, таңертең тұрсақ, олар қонақүйде болмай шықты», - деді команданың жетекшісі Юрий Уткульбаев.      

Том Леффлер: «Хопкинс Головкин үшін тамаша қарсылас болар еді»

K2 Promotions атқарушы директоры Том Леффлер  BoxingScene.com-ға берген сұхбатында олар Бернард Хопкинсті Геннадий Головкинмен айқасуға әлеуетті үміткер ретінде қарастырып жатқандықтары жайлы айтты, деп жазады  Sports.kz.«Бернард Хопкинс Геннадий Головкинмен жекпе-жекке шығуға қызығушылық танытып қалды. Бернард -  спорт  аңызы. Алдымен IBF титулын міндетті қорғау мәселесін талқылап алумыз қажет. Мұны қарастырдық та. Хопкинс - Сергей Ковалевпен шыққан мықты боксшы. Геннадиймен жекпе-жегі тартысты өткен болар еді».        


Қызылордалық каратэшілер халықаралық турнирден 11 жүлде иеленді

Бішкекте каратэ-додан өткен IX халықаралық турнирде жерлестеріміз жақсы өнер көрсетіп, 11 медальмен (3 алтын, 3 күміс, 5 қола) оралды, - деп хабарлады облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасаөз қызметінен.8-9 жас аралығында ката бағдарламасы бойынша Павел Барыбин мен 10-11 жас аралығында Ердос Кенжалиев (екеуі де облыстық каратэ-до федерациясынан) турнирдің чемпионы атанса, 16-17 жас аралығында кумитэ бағдарламасында 61 келі салмақ дәрежесіне  дейін сынға түскен Қайсар Өмірбек бірінші орынды иеленді. Ката сайысы бойынша 10-11 жас аралығында Сергей Осипов (облыстық каратэ-до федерациясы), кумитэ бойынша 12-13 жас аралығында 35 келі салмақ дәрежесіне дейін Диас Молдабек («Қажымұқан» СК) пен 18 жастан жоғары Мөлдір Жаңбырбай (ЖСШМ) халықаралық турнирдің  күміс жүлдесін иеленді. Ката сайысы бойынша 6-7 жас аралығында Константин Каджиев (облыстық  каратэ-до федерациясы), 8-9 жас аралығында кумитэ бағдарламасы бойынша Гафур Шайхы (27 келіге дейін), ката бағдарламасы бойынша 10-11 жас аралығында Нұрбол Нұрлыбеков (обл. каратэ-до федерациясы), кумитэ сайысында  12-13 жас аралығында Аман Шора ( «Қажымұқан» СК, -35 келі) мен 16-17 жас аралығында Нұрәділ Кеңесбек (ЖСШМ, 61 келіге дейін) қола жүлдені иеленді. Спортшыларды жарысқа облыстың аға жаттықтырушысы Рүстем Әбжәмиев және жаттықтырушылар  Нұржан Ақпанбет, Рустам Орлов, Әкімжан Нұрғалиевтер дайындады.       

Геннадий Головкин: «Жанкүйерлер үшін рингке оралу қажет»

WBA/IBF/IBO  тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин рингке оралуды тағатсыздана күтіп жүргенін мәлімдеді, деп хабарлады Sports.kz.«Жанкүйерлерім үшін рингке оралуым қажет. Тағатсыздана күтіп жүрмін», - деп жазды GGG өз  твиттерінде.     


Қазақстан спортшылары Норвегияда өтетін жасөспірімдер арасындағы Олимпиадаға 20 жолдама ұтып алды

Қазақстан құрамасы Норвегияда өтетін ІІ қысқы Олимпиада ойындарына аттанды. Бүгін бүкіл ел Астанадан жас спортшыларды Норвегияға шығарып салды.Салтанатты жиынға қатысқан Спорт жəне мəдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жастарға сəт-сапар тіледі. «Қазақстанның болашағы сендер болған соң, сендердің əр жеңістерің бүкіл елдің жетістігі. Қысқы спорт түрі бойынша Қазақстанның көрсеткіші жыл сайын жақсарып келеді. Сендер бүгін жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарына қатысып жүрсіңдер, ертең Олимпиада ойындарына барасыңдар»,-деді спорт министрі.         

Алматыда спидвейден Әлем біріншілігі өткізіледі

Алматыда 20-21 ақпан аралығында «Медеу» биік таулы мұз айдынында спидвейден (мұзда мотоциклмен жарыс) жеке есептегі Әлем біріншілігінің екінші кезеңі өткізіледі. Жарысқа әлемнің жеті елі: Қазақстан, Швеция, Австрия, Германия, Ресей, Чехия және Финляндия елдерінен барлығы 16 «мұз гладиаторы» қатысады.«Біз Халықаралық мотоцикл федерациясымен бірлесе отырып, спидвейден Әлем біріншілігінің кезеңін осымен екінші рет Қазақстанда өткізетіндігімізді мақтан тұтамыз. Бұл өте қызықты шара. Әлем жұртшылығы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі қарсаңында Қазақстан туралы тағы да қызықты да тартымды жаңалықтар еститін болады. «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ биыл спидвейден бүкіл Әлем біріншілігінің негізгі демеушісі атанды. Биыл барлығы бес жеке есептегі Әлем біріншілігі және бір командалық есептегі Әлем біріншілігі өткізіледі» - деді осыған орай Қазақстанның Автомотоспорт федерациясының президенті Марат Әбіқаев. Айта кетелік, 2016 жылы Спидвейден Әлем біріншілігінің Жеке есептік финалы бес кезеңде өткізіледі. Таяу күні бірінші кезең Ресейдің Красногорск қаласында өткізілген болатын. Екінші кезең Алматы қаласында, үшінші кезең - Германияда (Берлин), төртінші - Голландияда (Ассен) және бесінші - тағы да Германияда (Инцель) ұйымдастырылады. Сондай-ақ, алдағы уақытта Ресейдің Тольятти қаласында командалық есептегі Әлем чемпионаты да өткізіледі. Бүгінгі таңда, спидвейді әлем бойынша 20-дан астам спорт арналары көрсетеді. Сәйкесінше, жылына бұл жарысты 200 миллионнан астам көрермен тамашалайды. Әлем чемпионатының Алматыдағы кезеңін Қазақстан Республикасының Автомотоспорт федерациясы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізеді.  Ал «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ демеушілік қолдау көрсетеді.   

Бейсенбі Нәсиоллаұлы WBC нұсқасы бойынша жастар әлем чемпионының белбеуіне таласады

Қытайда тұратын қандасымыз, кәсіби боксшы  Бейсенбі Нәсиоллаұлы 12 ақпанда өз елінде титулдық айқас өткізеді. Онда гандық боксшы Тэкки Аннанмен  бірінші орташа салмақта WBC  тұжырымы бойынша жастар әлем чемпионы белбеуіне таласатын болады. Бейсенбі Нәсиоллаұлы «Жон-Вей»  промоутерлік компаниясының аясында өнер көрсетеді, оны филиппиндік Лиябын Дунда жаттықтыруда, деп жазады sports.kz.      

Гір көтеру және қол күресінен облыстық жарыс өтеді - Қызылорда

13-14 ақпан күндері Қызылорда облысының жоғары спорт шеберлігі мектебінде гір көтеру және қол күресінен облыстық жарыс өтеді, деп хабарлайды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға Қызылорда қаласы мен барлық аудандардан, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ, облыстық ішкі істер және төтенше жағдайлар департаменттерінің құрама командалары қатысады. Гір көтеру 7 салмақ бойынша  (63, 68, 73, 78, 85, 95 және +95 кг), қол күресі 8 салмақ дәрежесінде (55, 60, 65, 70, 75, 80, 85 және +90кг) өткізіледі. Жарыс бағдарламасы 13 ақпан 11.00-18.00  - гір көтеру (барлық салмақ дәрежелері) 18.30-19.30 - марапаттау 14 ақпан 11.00-18.00  - қол күрес (барлық салмақ дәрежелері) 18.30-19.30 - марапаттау 


Алматыда жаңа параолимпиялық спорт түрі голболдан турнир өтті

Алматыда ҚР Тұңғыш президенті спорттық-жаттығу кешенінде жаңа параолимпиялық спорт түрі голболдан турнир өтті.Спорттық сайысты «Мейірімді ел» мүгедектер қоғамдық қоры Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнайы ұйымдастырды. Турнирде Алматы мен облыстан 4 команда қатысты. Ұйымдастырушылардың бастамасын Германия елшілігі, Ұлттық параолимпиялық комитет, спорт кешенінің дирекциясы қолдады. Мұндай ойын әлемде зағип жандардың арасында өте танымал. «Бұл спорт түрі 1946 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанда пайда болған. Ол кезде майданнан қайтқан мүгедектер көп болған. 70 жылдары бұл параолимпиялық спорт түрі қатарына кіргізілді. Дуйсбургтағы зағип жандар ұйымы қазақстандық спортшыларға 30-ға тарта арнайы доп сыйлады. Біз Қазақстан голболшыларының да халықаралық додаларға қатысуын қалаймыз», - деді ГФР Алматыдағы бас консулы Ренате Шимкорайт. Ойынның басты шарты допты қарсылас команданың шекарасынан асырып жіберу. Голбол добының ішіне зағип жандарға арнап қоңырау орнатылған.          


Зарина Дияс «Taiwan Open» жарысының екінші айналымына шықты

 

Тайваньның Гаосюн қаласында WTA турнирі өтуде, деп хабарлады Sports.kz.Қазақстандық  Зарина Дияс Юлия Путинцевадан кейін халықарпалық жарыстың екінші турына өтті. Бірінші айналымда Зарина Украина өкілі Людмила Киченокты 5:7, 6:1, 6:2 есебімен жеңіске жетті.   



Баянауылда туристік қызметтің деңгейі көтеріледі

Павлодар облысындағы Баянауыл туристік бағдарында қызмет көрсету деңгейі артады. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында аталған өңірдің әкімі Қанат Бозымбаев осылай мәлім етті.Оның сөзіне қарағанда, облыс әкімдігі туристік сала бойынша еріктілер мен гидтерді даярлау, сондай-ақ туристік бағдарларды құру шараларын жүзеге асыруда. «Жасыбай» және «Торайғыр» көлдері секілді бірегей жерлердің мүмкіндігі шексіз емес. Егер де 150-200 адам келсе, бұл Жасыбай көлі үшін жеткілікті», - деп атап өтті әкім. Қ.Бозымбаевтың атап өтуінше, тасқын кезінде су шайып кеткен Баянауыл ауданындағы жолдар қалпына келтірілуде. Енді бірнеше шағын учаскелерге асфальт төсеу жұмыстары қалды және бұл жұмыстар күн жылығаннан кейін жалғасатын болады. Сонымен қатар аудан орталығында қазіргі заманғы кәріз жүйесінің құрылысы жоспарлануда. Осының алдында таныстырылған 5 млрд. теңгелік жоба қымбатқа түсіп отыр. Бүгінде бұл жобаны арзандату үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде.     


Футзалдан Еуропа чемпионаты: Бүгін Қазақстан-Италия матчы тікелей эфирден көрсетіледі

9 ақпаннан 10 ақпанға қараған түні Астана уақытымен сағат 01.50-де  Сербия астанасы Белградта футзалдан өтіп жатқан Еуропа чемпионатында Қазақстан мен Италия құрамаларының арасындағы ширек финалдық кездес өтеді, деп хабарлайды «Қазақстан» РТРК» АҚ баспасөз қызметі.Қазақстан құрамасының құрлық біріншілігінің финалдық кезеңіне шығуының өзі мамандар үшін сенсация болғаны анық. Бірақ Қазақстандық футболшылар турнир барысында Белградқа жай келмегенін дәлелдеуде. Атап айтсақ, турнир фавориттерінің бірі Ресей құрамасы біздің ойыншылардан жеңілмей кеткенін олжаға балауда. Ал Дінмұхамед Сүлейменов пен оның әріптестері Хорватия құрамасын оңай ұтып, ширек финалға жолдама алды. Біздің келесі қарсыласымыз - Италия құрамасы. Екі жыл бұрын Кәрі құрлықтың үздігі атанған командаға қарсы матч қалай аяқталса да, Қазақстан құрамасының футболшыларының Еуропа чемпионатындағы керемет ойыны - зор жетістік. Қазақстан - Италия құрамаларының арасындағы матчтың тікелей көрсетілімін бүгін сағат 01.50-де "Қазақстан" ұлттық арнасынан тамашалауға болады.       


Головкин мен Уэйд жекпе-жегі 23 сәуір күні өтеді

 

IBF/IBO/WBA нұсқалары бойынша чемпион қазақстандық боксшы Геннадий Головкин өзінің чемпиондық белбеуін қорғау үшін келесі жекпе-жегін 23 сәуірде өткізеді.Оның қарсыласы IBF рейтингінде екінші орында тұрған америкалық  Доминик Уэйд, деп жазады sports.kz. East Side Boxing ақпаратына қарағанда, жекпе-жек АҚШ-тың Калифорния штатындағы The Forum в Byukdelt аренасында өтеді.      


Футзал: Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионын ұтып, жартылай финалға жолдама алды

Сербияның Белград қаласында футзалдан өтіп жатқан Еуропа біріншілігінде Қазақстан құрамасы Италияны 5:2 есебімен ұтып, жартылай финалға жолдама алды.Қазақстан мұндай додаға алғаш рет қатысып жатса, Италия құрамасы Еуропа чемпионы ғана емес, әлем біріншілігінде күміс, қола жүлдегер атанып жүрген мықты команда еді. Осыған дейін қақпасына бірде-бір гол өткізбеген итальяндықтар (бұл команданың да негізін бразилиялықтар құрайды) Қазақстаннан мұндай тойтарыс аламыз деп күтпесе керек. Есесіне қазақстандықтар батыл қимылдап, қарсыласының қадамын тұсап тастады. Қазақстандық қақпашы Игитаның шабуылға қосылуы да итальяндықтарды әбден абдыратты. Сондай шабуылдардың бірінде команда капитаны Дінмұхамбет Сүлейменовтен дәл пас алған Лео бірінші голды соқты. Көп ұзамай Леоның қатты соққысын әлемдегі үздік қақпашылардың бірі делінетін Стефано Маммарелла қақшып ұстай алмағаннан кейін оны Серік Жаманқұлов қақпаға сүңгітті. Бұл чемпионат мергендерінің бірі Серіктің төртінші голы еді.  Екінші таймда ерекше сілкініп шыққан итальяндықтардан Фортино 23-минутта есепті қысқартты. Бірақ 30 секунд өтер-өтпесте итальяндықтардың қатесін пайдаланған Шыңғыс Есенаманов есепті 3:1-ге жеткізді. Бұдан кейін Италия құрамасы қақпашысын алып тастап, ойнауға көшті. Сондай сәтте С.Жаманқұлов алыстан бағыттаған доп бос қалған қақпадан қиыс кетті.  37-минутта Каналь есепті қайта 3:2-ге дейін жеткізді. Осы сәтте Қазақстан құрамасының бас бапкері Какау үзіліс алып, ойыншылар алаңға шыққан мезетте қазақстандықтар тағы бір голды соқты. Үздік ойыншылардың бірі Шыңғыс Есенаманов  тепкен доп бағанадан кері қайтқанмен, қақпа алдындағы бұл мүмкіндікті Дәурен Нұрғожин мүлт жіберген жоқ. Соңғы секундтарда Лео алыстан бос қалған қақпаны дәл көздеп, қос голдың авторы атанды. Осылайша Еуропа чемпионын қапы қалдырған Қазақстан құрамасы жартылай финалға шықты. Жартылай финал кездесулері бейсенбі күні өтеді. Алдымен алаң иелері Сербия мен Ресей құрамалары ойнайды. Содан кейін Қазақстан мен әлемдегі  тағы бір мықты командалардың бірі Испания күш сынасады. Өкінішке қарай, Италиямен ойында чемпионаттағы екінші ескертуін алған қақпашы Игита Испаниямен кездесуге қатыса алмайды.     


Геннадий Головкин: «Жұртшылық Ханның жылдамдығын дұрыс бағаламай отыр»

 

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин Әмір Хан мен Сауль «Канело» Альварестің арасында 7 мамырда Лас-Вегаста өтетін жекпе-жегі туралы пікірімен бөлісті, деп хабарлайды Sports.kz.Бокс әлеміндегі сарапшылар мен адамдардың көбі Канелоның сөзсіз жеңетініне сенімді, алайда GGG британдықтың одан шебер қарсыласына қарсы тұрар шамасы бар деп санайды. «Жұртшылық Ханның жылдамдығын дұрыс бағаламай отыр», - деп жазды Головкин өзінің твиттерінде, хабарламасына #CaneloVsKhan және #Khanelo хэштегтерін қосып.      


Қанат Ислам ІВО рейтингінде бір сатыға көтерілді

Халықаралық бокс федерациясы (ІВО) барлық салмақ дәрежелеріндегі әлем боксшыларының ай сайынғы рейтингін жаңартты.Қазақстан спортшыларының да тізімдегі орындары өзгерді. Жанат Жақиянов ең жеңіл салмақ рейтингінің бірінші жүздігіндегі орнынан екі саты төмендеді, 47-ші болды, деп жазады Sports.kz.  Бірінші орташа дәрежеде Қанат Ислам 81-ші орыннан 80-ші орынға көтерілді. Бейбіт Шүменов пен Иса Ақбербаев бірінші ауыр салмақ рейтингінде тиісінше 11-ші және 35-ші позицияларын сақтап қалды. 


Серік Жаманқұлов ЕУРО-2016 чемпионатының «Алтын бутсасынан» үмітті

Еуропа чемпионатының футзалдан үздік үш мергені жеке жүлделер - түрлі құндылықтағы бутсаларды алады, деп хабарлайды Sports.kz.«Алтын» бутсаға 6 футзалшы үмітті, олардың арасында есебінде 4 гол бар Қазақстан құрамасының шабуылшысы Серік Жаманқұлов бар. Жаманқұлов сияқты, қарсыластарының қақпасына төрт рет доп кіргізген испандық Марио Ривиллос пен сербиялық Младен Кочич - үміткерлердің арасында. Ресейлік төлқұжатқа ие бразилиялықтар Эдер Лима мен Ромуло, сондай-ақ тағы бір испандық спортшы - Мигелинаның есебінде үш доптан бар.      


Гонсалес Головкин -Уэйд шоуы кезінде айқасқа шығады

Жеңіліп көрмеген никарагуалық бокшы Роман Гонсалес 23 сәуірде  Головкин-Уэйд шоуының аясында  рингке шығады, деп жазды Sports.kz.Бұл туралы Гонсалес Манагуада өткен баспасөз конференциясында айтты, деп  хабарлады notifight.com. «Дәл қазір кіммен жұдырықтасатыным белгісіз. Бірақ келесі жекпе-жегім 23 сәуірде Лос-Анджелесте өтеді. Мен Хуан «Чурритос» Эрнандеспен жекпе-жекке шыққым келеді, себебі оның қисынды қимылдары бар. Тартысты айқас болар еді. Қарсыласым кім болатыны маңызды емес, мен титулды қорғауға жан-тәніммен дайындалатын боламын», - деп мәлімдеді боксшы.     


«Қайрат» командасы Словакия құрамасының 30 жастағы ойыншысымен келісім-шартқа қол қойды

Футболдан Қазақстан біріншілігінің Премьер-Лигасында өнер көрсететін Алматының «Қайрат» футбол клубы Словакия құрамасының 30 жастағы қорғаушысы Лукаш Тесакпен келісім-шартқа қол қойды. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметінен хабарлады.Лукаш өзінің футболдық жолын туған қаласы Жьяр-над-Грономда бастаған. Кейін, «Дубница» клубына ауысып, тұңғыш рет кәсіби келісім-шартқа қол қояды. «2005 жылы Тесак «Жилина» клубына ауысып, осында 4 жыл ойнайды. Маусымдардың бірінде «Римовску Соботу» клубына жалға беріледі. Кейін ол «Сеннице» және «Татране» клубтарында өнер көрсетеді. 2010 жылы Луганск қаласының «Заря» клубына ауысады. Украина Премьер-Лигасында екі жыл ойнаған соң, Мәскеудің «Торпедо» клубына ауысып, команда капитаны атанады. Словакия құрамасы сапында екі матч өткізген», - делінген хабарламада.   Айтпақшы, словактар Еуро-2016 аясында топтық кезеңде Англия, Ресей және Уэльс құрамаларымен кездеседі. «Қайрат» пен Лукаш Тесак арасындағы келісім-шартқа 2+1 схемасы бойынша қол қойылды.  


Қазақстандық альпинистер Универсиада-2017 жалауын Оңтүстік Американың ең биік шыңына тігеді

Қазақстандық альпинистер - Мақсұт Жұмаев пен Мағжан Сағымбаев Оңтүстік Американың ең биік шыңы - Аконкагуаға («Тас күзетші», 6962 метр) Қазақстанның Туы мен 2017 жылы Алматыда өтетін Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың жалауын тігеді. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихаты барысында белгілі болды.«Аконкагуа - Оңтүстік Америкадағы Анд тау сілемінің ең биік шыңы. Биіктігі - 6962 метр. Бұл ұшар басына шығу өте қолайсыз, аса бір асу бермес тау емес. Бірақ, оның басында сұмдық қатты дауыл соғып тұрады. Оның жылдамдығы кейде сағатына 100 шақырымға дейін жетеді. Бірақ, біз Мағжан екеуміз ешқандай қиындыққа қарамастан, шыңның басына шығып, Қазақстанның ұлттық Туын және Алматыда 2017 жылы өтетін Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың жалауын тігеміз. Бұл жерде Қазақстанның Туы біреу емес, екеу болады. Екеуі де бірдей. Бірақ, олар жай тулар емес. Мағжан өз туымен велосипед арқылы бүкіл дүние жүзін шарлап шыққан жиhангез. Ал менің туым, дүние жүзі бойынша биіктігі 8 мың метрден жоғары барлық 14 шыңды қосымша оттегінсіз бағындырған кезімде өзіммен бірге болған. Оны сол шыңдардың басына тіккем. Сондықтан, бұлар жай тулар емес. Елдің атын Ту шығармайды, сол Туды ұстаған тұлғалар шығарды», - деді М. Жұмаев. Сонымен қатар, ол бұл экспедицияның тек қана спорттық сипаттағы сапар еместігін, оның үлкен мағынаға ие екендігін жеткізді. «Бұл жай экспедиция емес, бұл нағыз реалити-шоу болайын деп отыр. Біз тұңғыш рет альпинизм саласына инновациялық жоба енгізейін деп жатырмыз. Біз 24 сағат бойы онлайн режімінде боламыз. Өйткені, біз өзімізбен бірге «вай-фай» тарататын су-жаңа жерсеріктік терминалдар алып жүреміз. Арнайы телефон арқылы үнемі байланыста боламыз. Бізге қоңырау шалуға да болады. Сондай-ақ, Қазақ жағрафиялық қоғамының сайтына кіріп, біздің дәл қазір қай жерде кетіп бара жатқанымызды, қай нүктеде екенімізді біліп отыруға болады. Фейсбук және инстаграм әлеуметтік желілерінде біздің парақшамыз болады. Оларға күніне бірнеше рет кіріп, қызықты ақпараттарды, фотосуреттерді жариялап отырамыз. Кейін, шың басына шыққан сәтімізді және ту тіккен сәтімізді бейнекамераға түсіріп, оны да онлайн желісі арқылы таратқымыз келеді. Яғни, осы жаңа технологиялардың арқасында біз Аконкагуа шыңына жалғыз немесе екі адам болып емес, бүкіл Қазақстан халқымен бірлесіп шығамыз», - деді М. Жұмаев. Айта кетелік, экспедицияға Қазақ жағрафиялық қоғамы, «Kaspi Bank» АҚ мен «Beeline Қазақстан» компаниясы жан-жақты қолдау көрсетіп отыр.   Ал қос альпинист Оңтүстік Америка құрлығына  үстіміздегі жылы  15-ші ақпанда ұшып кетеді. Жалпы экспедиция мерзімі 3 аптаға шақталған. Альпинистер Аргентинаның Мендоса қаласына келгеннен кейін, келесі күні 2700 метр биіктікте орналасқан Пенитентес тау-шаңғылы шипажайына көтеріледі. Келесі күні экспедиция Аконкагуа Ұлттық саябағына кіреді. Экспедиция сол жерден басталады. Ұлттық саябақтан Конфлюэнция лагеріне (3300 метр) дейін 3-4 сағаттық жол бар. Сол жерде топ жерсіну үшін екі күн түнеп, 4100 метр биіктікке көтеріледі. Ол биіктік - Франция Пласа деп аталады. Келесі күні Плаца де Мулас (4350 метр) базалық лагеріне дейін 7-8 сағаттық жол жүру қажет. Шыңға шығу классикалық Солтүстік-Батыс бағыты бойынша жүзеге асырылады.   Бір күндік демалыстан соң 4900 метр (Канада Пласасы), 5500 метр (Нидо де Кондорес) және 5900 метрлік (Берлин) биіктіктерде лагер тігіледі. Экспедицияның 12-14-ші күндері шыңды бағындыру жоспарланған.        


Геннадий Головкин: Уэйд - «аш» қарсылас

  WBA/IBO/IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы орта салмақтағы   Геннадий Головкин 23 сәуірге белгіленген  Доминик Уэйдпен айқасы жайлы ойымен бөлісті.  «Лос-Анджелесте жанкүйерлерімнің, достарымның алдында «Forum»  аренасында қайта жекпе-жекке шығатыныма қуаныштымын. Уэйд - «аш» қарсылас. Сіздер тамаша айқастың куәсі боласыздар», - деп жазды Головкин Инстаграмдағы парақшасына.     


Қазақстанда спорттағы допингпен күрес бойынша тәуелсіз Комиссия құрылды

 Астанада Ұлттық Олимпиада Комитетінің бастамасымен допингке қарсы Тәуелсіз комиссия құрылды. Тәуелсіз комиссияның жұмысы Қазақстандағы допингке қарсы жүйенің жетілуіне ықпалдасады, деп хабарлады ҚР ҰОК баспасөз қызметінен. Қазір Комиссия өз жұмысын Алматыда орналасқан Ұлттық допингке қарсы орталық пен допингке қарсы зертхананың жұмысын бақылауға бағыттайды. Олардың допингке қарсы халықаралық қозғалыстармен өзара әрекеттестігінің механизмдерін қарастырады. «Допингке қарсы Тәуелсіз комиссия құрудың негізгі мақсаты Қазақстан Республикасындағы допингке қарсы бақылау жүйесін жетілдіру мен «таза спортшыларды» қорғауды күшейту болмақ. Комиссия мүшелерінің қатарында спорт қоғамдастықтарының және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, медицина қызметкерлері, заңгерлер бар.  Кейін оның құрамына халықаралық деңгейдегі допингке қарсы қозғалыс сарапшыларын енгізуді жоспарлап отырмыз.  Қазақстандық тәуелсіз Комиссия дүниежүзілік допингке қарсы агенттікпен (WADA) ықпалдасып жұмыс істейді», - деп атап өтті Қазақстанның Ұлттық Олимпиада Комитетінің президенті Тимур Құлыбаев.      


Том Леффлер: «Уэйдпен келіссөзде кедергілер болған жоқ»

 

Геннадий Головкиннің промоутері Тома Леффлер Доминик Уэйдтің өкілдерімен келіссөз барысында ешбір жағдай туындамағанын айтты, деп жазды  Sports.kz.Еске салсақ, Уэйдтің мүддесін Showtime арнасымен жұмыс істейтін  Эл Хэймон қорғайды, ал GGG-де   НВО-мен келісімшарт бар.  «Мен мәселені Хэймонмен жұмыс істейтін Том Браунмен тікелей шештім. Келіссөз барысында  кедергі болмады, олар мүмкіндікті түсінді. Бұл әлемдегі үздік орта салмақ титулы үшін жекпе-жек екенін білдіреді. Әр қадамды талқылап, айқастың өтуі үшін шегінетін тұстар да болды. Олар біздің шартымызға келісті, алдағы уақытта келісімшартқа қол қойылады», - деді Леффлер Boxing-ке берген сұхбатында.     



Олимпиадаға қатысатын спортшыларымыздың формасының дизайны анықталды

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде 2016 жылы Рио-де-Жанейро қаласында өтетін XXXI жазғы олимпиада ойындарында өнер көрсететін спортшылардың спорттық киіммен жабдықталуына орай арнайы құрылған комиссияның 2-ші отырысы өтті. Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, комиссия отырысына Юрий Мельниченко, Ольга Шишигина, Серік Сәпиев сынды танымал спортшылар мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, Ұлттық олимпиада комитеті мен тәуелсіз дизайнерлер қатысты. Комиссия мүшелері киімнің сапасы, тігіс сапасы, дизайны ең басты талаптар екенін ескертті. Себебі ең бастысы киімнің спортшылар үшін ыңғайлы болуы өте маңызды. Комиссия аталған мақсаттағы мемлекеттік тапсырысты отандық компанияларға беру жөнінде шешім қабылдады. Отырыста жалпы талаптар, эскиздер мен отандық киім өндірушілердің ұсыныстары ортаға салынды. Айтылған ескертулер мен өзгерістер ескеріле отырып спортшылар формасының нақты дизайны белгіленді. Естеріңізге сала кетейік бұған дейінгі Сочиде өткен қысқы олимпиада ойындарына барған спортшылардың киімін өзіміздің отандық компания әзірлеген болатын.     


Лиллехаммерде жасөспірімдер арасында өтетін ІІ қысқы олимпиадалық ойындарға батысқазақстандық шорттрекші қатысады

 

Норвегияның Лиллехаммер қаласында 12-21 ақпан аралығында өтетін ІІ қысқы олимпиадалық ойындарға БҚО-дан шорттрекші Анита Нагай қатысады.БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, А.Нагай - болашағынан үміт күттіретін жас спортшылардың бірі. Жалпы, жасөспірімдер олимпиадасында Қазақстан құрамасы сапында спорттың тоғыз түрінен (биатлон, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғысы спорты, шаңғы спорты, тұғырдан шаңғымен секіру, фристайл (ски-кросс) және шана спорты) лицензияға қол жеткізген барлығы 20 спортшы сынға түседі.       


Боб Арум Геннадий Головкин мен Хильберто Рамирес жекпе-жегін ұйымдастырмақ

9 сәуірде мексикалық Хильберто Рамирес (33-0, 24 КО) WBO нұсқасы бойынша екінші орта салмақтағы ( 76,2 кг дейін) әлем чемпионы титулын армян, Германия өкілі Артур Абрахамнан (44-4, 29 КО) тартып алған жағдайда промоутері Боб Арум оның орта салмақтағы WBA/IBF/IBO чемпионы қазақстандық Геннадий Головкинмен (34-0, 31 КО) кездесуін ұйымдастыруға барынша әрекет етуді көздеп  отыр.«НВО-мен мұндай мүмкіндікті талқылап жатырмыз, - деді Арум ESPN Deportesке берген сұхбатында. - Егер Рамирес Абрахамды жеңсе, ол Головкинмен және кіші Чавеспен кездесуі мүмкін». Еске сала кетейік, Головкин 23 сәуірде америкалық  Доминик Уэйдпен (18-0, 12 КО) кездеседі деп жоспарланған, деп хабарлады sports.kz.      

«Kazsport» телеарнасы ІІ қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатын көрсетеді

 «Kazsport» телеарнасы ІІ қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатын тікелей эфирде көрсетеді, деп жазылған телеарнаның сайтында.«Норвегияның Лиллехаммер қаласында 12-21 ақпан аралығында жасөспірімдер арасындағы II қысқы Олимпиада ойындары өтеді. Ойындарға 16 спорт түрінен 70 медаль сарапқа салынады. Сондай-ақ, дүниежүзінің 70 мемлекетінен келетін 1100-ге жуық 15 пен 18 жас аралығындағы жас спортшылар қатысады», делінген жазбада. Қысқы Олимпиадаға Қазақстан атынан спорттың 9 түрінен сынға түсетін 18 спортшы бақ сынайды. Олар: биатлон (Арина Пантова, Евгения Красикова, Иван Дарьин, Берік Жанболатов), конькимен жүгіру (Анвар Мухамадеев, Мария Громова), мәнерлеп сырғанау (Элизабет Тұрсынбаева), шорт-трек (Еркебұлан Шамуханов, Анита Нагай), тау шаңғы спорты (Екатерина Карпова), шаңғы спорты (Иван Люфт, Анжелика Тарасова), тұғырдан шаңғымен секіру (Сергей Ткаченко), фристайл (ски-кросс) (Олжас Қайрат, Айжан Сапиянова) және шана спорты (Роман Ефремов, Денис Татьянинченко, Анастасия Богачева) түрлерінің өкілдері. Мемлекеттік ту көтеруші болып шорт-трек спортшысы Еркебұлан Шамуханов сайланды. Ол Австрия елінде халықаралық конькишілер одағы (ISU) ұйымдастырған «Danabia 1 - Austrian Open& Styrian Open 2015» жарысының жүлдегері, Қазақстан біріншілігінің бірнеше дүркін жеңімпазы. Еске сала кетейік, 2012 жылы Австрияның Инсбрук қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы I Қысқы Олимпиада ойындарында біздің спортшыларымыз 10 спорт түрінен қатысып, үш медальға (1 күміс, 2 қола) қол жеткізіп, жалпы есепте 23-ші орынға ие болған еді. Айта кетейік, «Kazsport» телеарнасы ІІ қысқы Олимпиада ойындарынның ашылу салтанатын жұма, 12 ақпанда, сағат 00:00-де тікелей эфирде көрсетеді. Сонымен қатар, күнделікті түрде шолу жүргізеді.     

Павлодар пединститутының қыздар командасы - VI қысқы Универсиадада шаңғы жарысының жеңімпазы

Бүгін «Алатау» спорт кешенінде жоғары оқу орындары арасындағы VI қысқы Универсиаданың шаңғы жарыстары аяқталды. Командалық эстафетада Павлодар пединститутының студенттері Анна Шевченко, Дарья Ряжко және Зура Калипенова бірінші орынға ие болды, деп хабарлады ПМПИ баспасөз қызметі.Ал Анна Шевченконың бір өзі барлық жарыстарда үздік нәтижелер көрсетіп, универсиаданың  үш алтын медалін қанжығалады. Сондықтан оны жоғары оқу орны құрамасының мақтанышы деп атауға болады. Командалық спринтте де біздің спортшылар Наталья Андрух пен Зура Калипенова екінші орындарды жеңіп алды. Сөйтіп, қыздар табанды күресе отырып, командаға көптен күткен жеңісті алып берді. Жарыс қорытындыларымен Павлодар мемлекеттік педагогикалық инсттутының командасы қыздар арасындағы шаңғы жарысында абсолютті жеңімпаз атанды.      

Қазақстандық боксшылар Мұхаммед Әлидің туған қаласына барады

Қазақстандағы АҚШ Елшілігі АҚШ-пен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастарды орнатудың 25 жылдығын атап өту құрметіне арналған науқанның басталғанын жариялады. Оның лейтмотиві - мыңдаған қазақстандық пен америкалықты байланыстырып отырған достық қарым-қатынас.«Достықтың 25 жылдығы» шарасының аясында Мұхаммед Әлидің спорт орталығымен тәжірибе алмасу бағдарламасы жоспарланып отыр. «Қазақстандық боксшылар мен жаттықтырушылардың делегациясы АҚШ-қа америкалық әріптестермен кездесу және әлеуметтік-бағытталған бағдарламалар бойынша алдыңғы қатарлы тәжірибемен алмасу үшін барады. Мұхаммед Әли орталығы бағдарламаны Әлидің туған қаласы - Кентукки штатындағы Луисвилде ұйымдастырады», - деп хабарлады АҚШ-тың ҚР-дағы Елшілігінен.     

Еуро 2016: Футзалдан Қазақстан құрамасы жартылай финалда Испанияға есе жіберді

 Футзалдан Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатының жартылай финалында Испанияға есе жіберді. Былтырғы чемпион Италияны жарыс жолынан шығарған футзалшыларымыз ақтық сынның жолдамасы сарапқа салынған тартыста Испания құрамасынан жеңіліп қалды, есеп - 5:3, деп хабарлады Sports.kz.Бұл матчқа ойыннан шеттетілген қақпашы Игита мен шабуылшы Шыңғыс Есенаманов қатыса алмады. Бірінші таймда есеп 3:1 болып, Испания пайдасына аяқталды. Енді сенбі күні Қазақстан үшінші орын үшін Сербия командасымен кездеседі. Сонымен, Испания - Қазақстан 5:3 (3:1)Голдар: Довгань 4 (0:1), Бебе 8 (1:1). Мигелин 17 (2:1), Кампос 18 (3:1), Алекс 27 (4:1), Лео 36 (4:2), Жаманкулов 38 (4:3), Кампос 39 (5:3)Ойыншылар: Испания: Пако Седано, Хесус Эрреро, Хуанхо - Ортис, Марио Ривильос, Пола, Рауль Кампос, Хосе Руис, Бебе, Андресито, Рафа Усин, Лин, Алекс, МигелинҚазақстан: Шамро - Лео, Дуглас, Жаманқұлов, Довгань, Сүлейменов, Першин, Кнауб, Гребонос, Пенгрин, Таку, Нұрғожин Төрешілер: Саша Томич (Хорватия), Эдуарду Фернандеш Коэлью (Португалия)   

«Жібек жолы» ралли-марафонына қатысудан Қазақстанның жиынтық табысы 3,5 млн еуроны құрамақ

 «Жібек жолы» ралли-марафонына қатысудан Қазақстанның жиынтық табысы 3,5 млн  еуродан кем болмайды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «Жібек жолы раллиі» жобасының атқарушы директоры Сергей Гиря мәлім етті.«Менің ойымша, жиынтық табыс алдын ала есептеу бойынша Қазақстан үшін 3,5 млн еуродан кем болмайды»,-деді С. Гиря. Жарыс Ресей, Қазақстан және Қытай аумағында ұйымдастырылып, Мәскеу-Астана-Бейжің арқылы өтеді. Екі аптада қатысушылар 10 мың шақырымнан астам жерді еңсереді және оның жартысынан астамы жылдамдығы жоғары арнайы учаскелер болып табылады. Бәсеке шілденің 8-24 аралығында өтеді. Марафон кезінде тек Алматыға Еуропалық елдерден 1 мыңға тарта қонақ келеді деп күтілуде. Олар негізінен туристер мен журналистер болмақ. Бұдан кейін жарыс бағдары Алматыдан соң Қытай аумағынан өтіп, Бейжіңде мәреге жетеді.     

«Жібек жолы: Мәскеу-Астана-Бейжің» ралли-марафонына Қазақстаннан 10-нан астам экипаж қатысады

Құрлықаралық «Жібек жолы: Мәскеу-Астана-Бейжің» ралли-марафонына Қазақстан тарапынан 10-15 экипаж қатысады деп күтілуде. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «Жібек жолы раллиі» жобасының атқарушы директоры Сергей Гиря мәлім етті. «Жарысқа Қазақстаннан 10-15 экипаж қатысады деп күтілуде. Бұл айтарлықтай көп, себебі жарыс күрделі әрі ауыр болады. Спортшылар мен барша техниканың ауқымды даярлығы қажеттілікті талап  етеді. Бұл бағытта толық жетекті арнайы дайындалған автомобильдер, сондай-ақ жүк көліктерінің бірнеше санаттары қамтылады. Бұл шарадан Қазақстанның құрылымдары мен кәсіпорындары өздері тиісті қаржылай пайдасын алады, себебі қатысушылар инфрақұрылымды пайдаланып, тарихи жерлерге баратыны анық»,-деді С.Гиря. Бұдан бұрын хабарланғандай, жарыс Ресей, Қазақстан және Қытай аумағында ұйымдастырылып, Мәскеу-Астана-Бейжің арқылы өтеді. Екі аптада қатысушылар 10 мыңнан астам шақырым жерді еңсереді және оның жартысынан астамы жылдамдығы жоғары арнайы учаскелер болып табылады. Жарысы шілденің 8-24 аралығында өтеді.     


Путинцева Taiwan Open турнирінің жартылай финалына шықты

Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева жұма күні Taiwan Open турнирінің жеке сынында жартылай финалға жолдама алды. Жарыстың сыйлық қоры 500 мың доллар.Ширек финалда Путинцева швейцариялық Стефани Фегелені 6:3 есебімен жеңді. Жартылай финалда Путинцева турнирдің бірінші ракеткасы америкалық Венус Уильямс пен Латвия өкілі Анастасия Севастовамен арадағы ойынның жеңімпазымен кездеседі, деп хабарлады sports.kz.     


Ресей Кубогы жарысында Игорь Закурдаев супергигант бәсекесінде алтын олжалады

Архызда өтіп жатқан тау шаңғысы спорты бойынша Ресе Кубогының төртінші кезеңі мәреге жетті, деп жазады Sports.kz.Қазақстандық Игорь Закурдаев супергигантта алтын медаль еншіледі. Жарыстың алғашқы айналымында Игорь екінші болған еді, ал екінші кезеңінде ресейлік Евгений Лисица мен  Александр Бойсовты артқа тастады. Тау шаңғысы спорты. Ресей Кубогы. Төртінші кезең. Архыз (Ресей). Ерлер. Супергигант. Алғашқы айналым. 1. Павел Заплетин (Ресей) - 1:11.55 2. Игорь Закурдаев (Қазақстан) - +0.24 3. Максим Симонов (Ресей) - +0.30 Екінші айналым. 1. Игорь Закурдаев (Қазақстан) - 1:11.87 2. Евгений Лисица (Ресей) - +0.10  3. Александр Бойсов (Ресей) - +0.25.      


Рио Олимпиадасын тамашалағысы келген қазақстандықтардың қалтасында 3,8 млн. теңгесі болуы керек

 Рио-де-Жанейрода өтетін жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстанның ұлттық құрамасына жанкүйер болғысы келген азаматтар қалтасынан 3,8 млн. теңге шығындауына тура келеді.Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің ресми билет агенті болып бекітілген  «Complete Service» халықаралық туристік агенттік қазақстандық жанкүйерлерге бірегей сапар ұйымдастыруға көмек бермек. Қазақстандықтар Риоға тамыздың 4-і мен 14-і аралығында сапарлап, 11 күн, 10 түн бола алады. Туристерге 3,8 млн. теңгеге (1 доллар 368 теңге бағамымен) жазғы ойындардың ашылуы салтанатын тамашалап жарыстың бес түрін (бокс, ауыр атлетика, дзюдо және қосымша 2 сайыс) көруге мүмкіндік беріледі. Мұнан бөлек, Бразилияға 14-23 тамыз аралығында барып, 10 күн, 9 түн болуға да мүмкіндік бар. Ал бұл туристік топтамаға Олимпиада ойындарының жабылу шарасы және   (бокс, ауыр атлетика, күрес және қосымша 2 сайыс) кіреді. Айта кетейік, 31-ші жазғы Олимпиада ойындары тамыздың 5-21-і  аралығында Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтеді.      


Путинцева «Taiwan Open» жартылай финалында жеңіліп қалды

Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева «Taiwan Open»  турнирінің жартылай финалында америкалық Винус Уильямспен кездесті, деп хабарлады Sports.kz.Екі сеттік жарыс нәтижесі бойынша Уильямс басымдық танытып, 7:5, 6:3 есебімен қазақстандықты сүріндірді.      


Дубайдағы турнирде Шведова Диястан басым түсті

Қазақстандық теннисші Ярослава Шведова сыйлық қоры екі миллион долларды құрайтын Dubai Duty Free Tennis Championship іріктеу турнирінде өзінің отандасы Зарина Диясты жеңді.Шведова үш сетте Диястан  6:4, 3:6, 6:4 есебімен басым түсті. Іріктеудің екінші айналымы бойынша Шведованың қарсыласы  Словакия өкілі Кристина Куцова мен қытайлық  Яфан Ван арасындағы кездесудің жеңімпазы болмақ, деп жазды sports.kz.     


Допты хоккей: Оралдың «Ақжайығы» көш басындағы команданы ірі есеппен ұтты

 Бүгін допты хоккейден «Жоғары лига» бүкілресейлік жарысының екінші тобында өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» өз айдынында көш басындағы команданың бірі «Знамя-Удмуртия» (Воткинск) командасын қабылдап, 8:3 есебімен жеңіске жетті.«Ақжайық» құрамында ресейлік легионерлер Сергей Башаев пен Максим Пьянов сәйкесінше үш және екі голдың авторы атанды. Сондай-ақ Максим Өтебалиев, Нұрлан Оразғалиев, Петр Грибанов қарсыластар қақпасына бір-бірден доп енгізді. Ертең командалар екінші кездесуін өткізеді. Айта кетейік, 23 ойыннан кейін 26 ұпай жинаған «Ақжайық» өз тобында бұрынғыша жетінші орында келеді.      


Бүгін «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы Сербия-Қазақстан матчын тікелей эфирде көрсетеді

Бүгін Сербия астанасы Белградта футзалдан Еуропа чемпионаты аяқталады. Турнирдің соңғы күні Қазақстан Ұлттық құрамасы да бақ сынайды.Еліміздің спортшылары Еуропа чемпионатының қола жүлдесі үшін Сербия командасымен ойнайды. Бұл матчты «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы сағат 23:20-да тікелей эфирде көрсетеді. Сонымен қатар, бүгін Еуропа біріншілігінің финалында Испания мен Ресей құрамасы ойнайды. Бұл ойынның тікелей көрсетілімін «Қазақстан» Ұлттық арнасының көрермендері Астана уақытымен сағат 01:50-ден бастап тамашалай алады.     


«Арлан» буллит соғу барысында «Ертісті» ұтты - хоккей

 

Қазақстанның тұрақты біріншілігі аясындағы кездесуде көкшетаулық «Арлан» өз алаңында павлодарлық «Ертісті» буллит соғу барысында жеңді жетті, деп хабарлайды sports.kz порталы«Арлан» - «Ертіс» 2:1 Б (0:0, 0:1, 1:0, 0:0, 1:0) Шайбалар: 0:1 - 40:14 Рахманов (Фабуш). Тең. 1:1 - 59:27 Гашпар (Кучин, Дэвечка). Аздықта. 2:1 - 65:00 Виртала. Буллит Қақпашылар: Волошин - Шимко.        

Футзал: Қазақстан құрамасы өз тарихында тұңғыш рет Еуропаның қола жүлдегері атанды

Сербияның Белград қаласында футзалдан Еуропа чемпионатының қола жүлде үшін бәсекесінде Қазақстан құрамасы алаң иелерімен күш сынасып, 5:2 есебімен жеңіске жетті.Ойынның бірінші таймы командалардың алма-кезек шабуылымен өтті. Чемпионаттың мерген ойыншыларының бірі Серік Жаманқұлов пен Михаил Першиннің тепкен доптары қақпа маңдайшасынан қайтса, сербиялықтардан Владимир Разич алға шығып кеткен Игитадан допты асыруға тырысты. Бірақ Лео баспен допты дер кезінде қайтара білді. Дегенмен бірінші тайм бітуге оншақты секунд қалғанда, сербиялық қақпашы Миодраг Аксентиевичті қапы қалдырған Дуглас есеп ашып, Қазақстанды алға шығарды. Екінші тайм алаң иелерінің шабуылымен басталғанымен,  бір минут өтер-өтпесте Серік Жаманқұлов сол қапталдан осы біріншіліктегі алтыншы добын соғып, есепті 2:0-ге жеткізді. Мергендік жағынан Серік португалиялық Рикардиньомен теңесті. Бұдан кейін Александр Довгань қақпашымен жеке-дара шыққанымен, өз мүмкіндігін пайдалана алмады. Көп ұзамай Дуглас оң қапталдан суырылып шығып, тағы да мергендік танытты. Осыдан  соң сербиялықтар қақпашысын алып тастап, ойнауға көшті. Бірақ олардың бұл тактикасы өзін-өзі ақтамады. Допты қақшып алған Игита өз қақпасының маңынан әуелете соғып, дәл көздеп, төртінші голдың авторы атанды. Бұдан кейін Дуглас өзінің осы ойындағы үшінші добын соқты. Матч аяғына таман сербиялықтар Стефан Ракич пен Слободан Райчевич есепті 5:2-ге дейін қысқартты. Сөйтіп білікті бапкер Какаудың шәкірттері Еуропа біріншілігіне тұңғыш рет қатысқанына қарамастан, айды аспанға шығарып, қола жүлдегер атанды. Әсіресе, олар ширек финалда Еуропа чемпионы Италия құрамасын жеңіп, сенсация жасады. Алтын жүлде үшін Еуропаның алты мәрте чемпионы Испания мен осы біріншіліктің қос дүркін күміс жүлдегері атанып үлгерген Ресей құрамалары таласады. Еске сала кетейік, енді қазақстандықтар өзара бәсекеде Польша құрамасымен 14 қыркүйек - 2 қазанда Колумбияда өтетін әлем чемпионатына берілетін жолдаманы сарапқа салады. Какаудың шәкірттері бірінші ойынды 22 наурызда сырт алаңда өткізсе, содан кейін 12 сәуірде өз алаңында қабылдайды.      


Туристік компания Рио Олимпиадасын тамашалау сапарының бағасын жариялады

 

Рио-де-Жанейрода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына барып, ұлттық құрамаға жанкүйер болу үшін сапардың бағасы - 3,8 млн теңге.«Complete Service» халықаралық туристік компаниясы осындай айрықша ұсыныс жасап отыр. Бұл компания 2014 жылы Сочидегі қысқы Олимпиада ұйымдастыру комитеті мен Қазақстанның ұлттық Олимпиада комитетінің ресми билет агенті болған. Риоға ұшып бару 4-17 тамыз аралығында өтеді яғни, 11 күн мен 10 түнге жалғасады. Туристерге Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты мен 5 спорт түрі бойынша жарыстарды тамашалау ұсынылады (бокс, ауыр атлетика, дзюдо және тағы да қосымша екі спорты түрі бойынша), бұл қызметтің ақысы - 3,8 млн теңге (1 доллар - 368 теңге есебі бойынша). Немесе Бразилияға 14 - 23 тамыз аралығында, 10 күн 9 түнге бару ұсынылады. Ақысы сәл арзандау бұл сапарға Олимпиада ойындарының  жабылу салтанатын тамашалау және бес спорттың жарыстарын тамашалау кіреді (бокс, күрес, ауыр атлетика және қосымша екі жарыс түрі).   


Дзюдошы Дидар Хамза «European Open» алтынын еншіледі

Австрияның Оберварт қаласында дзюдодан «European Open» халықаралық лицензиялық жарыс өтіп жатыр.Оған әлемнің 48 елінен 242 спортшы қатысуда. Бәсекенің алғашқы күні біздің спортшыларымыздың ішінен тек Хамза Дидар ғана финалға шыға алды, деп хабарлайды sports.kz. Дидар Хамза алдында румын Роберт Флориан Папты тізе бүктірсе, одан кейін австралиялық Христофер Вагнердің мысын басты. Келесі айқаста Мысырдан келген Мохамед Мухелдинді сүріндірсе, жартылай финалда бразилиялық Алек Вилиам Помбо Да Силваны жеңді, ақтық белдесуде де осы елдің тағы бір өкілі Маркело Континиді ұтты.          


Сербия - Қазақстан матчы Еуропа чемпионатындағы көрермендердің рекордтық санын жинады

 Еуро-16-да Сербия құрамасының жанкүйерлері шағын футбол матчтарына барудан рекорд жасады, деп хабарлайдыSports.kz   УЕФА сайтына сілтеме жасап.Қазақстан мен Сербия құрамалары арасында үшінші орын үшін болған ойынды аренада11,161 жанкүйер көрген. Сондай-ақ Еуропа чемпионаттарын өткізу кезінде турнирді тамашалағандардың саны алғаш рет 100 мыңнан асты. Қазақстанмен ойын басталар алдында серб фанаттары «Біз үшін сіздер қазірдің өзінде жеңімпазсыздар» деп жазылған үлкен баннер іліп қойды және ойынның аяғына дейін белсене қолдап отырды. Еске сала кетсек, Сербияның Белград қаласында футзалдан Еуропа чемпионатының қола жүлде үшін бәсекесінде Қазақстан құрамасы алаң иелерімен күш сынасып, 5:2 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп білікті бапкер Какаудың шәкірттері Еуропа біріншілігіне тұңғыш рет қатысқанына қарамастан, айды аспанға шығарып, қола жүлдегер атанды.      


Жанбота Алдабергенова Әлем кубогының кезеңінде шаңғы акробатикасы бойынша екінші орынға ие болды

Қазақстандық Жанбота Алдабергенова Мәскеуде фристайл бойынша әлем Кубогінің кезеңінде шаңғы акробатикасы бойынша  күміс медальға қол жеткізді.Финалдағы үздік нәтижені - 77,43 ұпайды ресейлік Алина Гриднева көрсетті,  Жанбота Алдабергенова - 75,91 ұпайға ие болса, үшінші орын америкалық Мэдисон Олсенге (75,69) бұйырды. Кезең Мәскеуде сенбі күні аяқталды, деп хабарлады sports.kz.     


Футзал: Қазақстан құрамасы әлемдік рейтингте тоғызыншы орынға көтерілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Футзал бойынша Қазақстан құрамасы  әлемдік рейтингте тоғызыншы орынға көтерілді, деп жазды Sports.kz.Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатына дейін 15-ші орында болған. Еуропалық құрамалардың ішінде Қазақстан 6-шы орында. Рейтингтің лидері Испания құрамасы. 2016 жылғы 14 ақпандағы жағдай бойынша рейтинг: 1. Испания 2. Бразилия 3. Ресей 4. Италия 5. Аргентина 6. Иран 7. Португалия 8. Украина 9. Қазақстан 10. Жапония.     


Голландиялық конькимен жүгіруші Крамер 24 дүркін әлем чемпионы атанды

Нидерланды конькимен жүгірушісі, үш дүркін олимпиада чемпионы Свен Крамер 24-ші рет әлем чемпионы атағына ие болды. Ол сенбі күні  Коломнада 5 5000 метр қашықтықта жеңіске жетті.Крамер 5 шақырымды 6 минут 10,31 секундта бағындырды. Күміске голландиялық Йоррит Бергсма (6.10,66), қолаға норвегиялық Сверре Лундре Педерсон (6.15.08) ие болды. Осыған дейін Крамер 10 000 метр қашықтықта да алдына ешкімді салмаған еді.     

Қазақстандық боксшы Мадияр Ашкеев кәсіби рингте екінші рет жеңіске жетті

 Қазақстандық боксшы Мадияр Ашкеев кәсіби рингте екінші рет жеңіске жетті, деп хабарлады Vesti.kz.27 жастағы қазақстандық боксшы бірінші орта салмақта (154 фунтқа - 69,9 келіге дейін) америкалық Обафеми Бакаремен айқасты. "Студио Ситиде" (АҚШ, Калифорния штаты) болған жекпе-жекте  Ашкеев басым түсті. Еске сала кетейік, бұл Ашкеев үшін кәсіби шаршы алаңдағы екінші кездесу. Алғашқысы өткен жылы 12 желтоқсанда өткен. Төрт раундтық жекпе-жекте оның қарсыласы Тэворис Тидж екінші раундтан кейін айқасты жалғастырудан бас тартты. Америкалық боксшы үшін бұл 4 рет өткізген жекпе-жегіндегі алғашқы жеңілісі болды.      


Джо Кортес: «Головкин мен Канело 2017 жылға дейін шаршы алаңда кездеспейді»

Танымал рефери Джо Кортес WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы 25 жастағы мексикалық  Сауль «Канело» Альварес пен WBA (Super), WBC (Interim) және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы 33 жастағы қазақстандық  Геннадий Головкин биыл шаршы алаңда кездеспейді деп санайды.«Альварес командасы ақылмен әрекет етіп жатыр деп ойлаймын. Олар аса қауіпті қарсыласпен кездесіп, басын тәуекелге тіккісі келмейді. Өйткені олар бұдан әлдеқайда жеңілірек миллион өзге оппоненттер бар екенін біледі.  Канело жас және Головкинді өзінің келесі қарсыласы ретінде көріп отырған жоқ. Дұрысы 2017 жылға дейін күту керек», - деді Кортес Izquierdazo.com сайтына.         


Допты хоккей: Оралдың «Ақжайығы» «Знамя-Удмуртия» командасын тағы да ірі есеппен ұтты

Бүгін допты хоккейден «Жоғары лига» бүкілресейлік жарысында өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» «Знамя-Удмуртия» (Воткинск) командасымен екінші ойында да қарсыласын ірі есеппен (8:2) тізе бүктірді.«Ақжайық» құрамында команданың үздік мергені Сергей Башаев екі мәрте қонақтар қақпасын дәл көздесе, Максим Өтебалиев, Еламан Әліпқалиев, Максим Пьянов, Александр Шавалдин, Павел Чебаков, Николай Болдырев бір-бір голдың авторы атанды. Осы ойыннан кейін барлығы 29 ұпай жинаған «Ақжайық» екінші топта бесінші орынға көтерілді. Оралдықтар келесі кездесулерін 20-21 ақпанда өз айдынында турнир кестесінде 22 ойыннан кейін 35 ұпаймен төртінші орында келе жатқан «Маяк» (Краснотурьинск) командасымен өткізеді. Бұл клубты Орал допты хоккейінің түлегі Олег Чернов жаттықтыратынын айта кетейік.  


Андрей Гривко «Жерорта теңізі турының» жеңімпазы атанды - велоспорт

Көпкүндік «Жерорта теңізі туры» мәресіне жетті, деп хабарлайды sports.kz.Соңғы кезеңнің жеңімпазы - «AG2R» командасындағы бельгиялық Ян Беклантс. Екінші болып мәре сызығын «Cofidis» велошабандозы француз Арнольд Жаннессон қиып өтті. Оның жерлесі FDJ командасының мүшесі Александр Женье -  үшінші орында. «Астананың» велошабандозы Андрей Гривко ақтық кезеңде оныншы келді, әрі жалпы есепте бірінші орынға тұрақтады. Эрос Капекки 17-ші, Андрей Зейц - 22-ші, Бақтияр Қожатаев - 52-ші, Даниил Фоминых - 57-ші орында. «Жерорта теңізі туры». Төртінші кезең. Bordighera - Bordighera. 126 км 1. Ян Беклантс (Бельгия, «AG2R») - 2:37:38 2. Арнольд Жаннессон (Франция, «Cofidis») - +0:02 3. Александр Женье (Франция, FDJ) 10. Андрей Гривко (Украина, «Астана») - +0:08 17. Эрос Капекк (Италия, «Астана») - +0:32 22. Андрей Зейц (Қазақстан, «Астана») - +1:19 52. Бахтияр Кожатаев (Қазақстан, «Астана») - +4:45 57. Даниил Фоминых (Қазақстан, «Астана») - +5:42 Жалпы есепте: 1. Андрей Гривко (Украина, «Астана») - 11:21:27 2. Матьё Ладанью (Франция, FDJ) - +0:18 3. Ян Беклантс (Бельгия, «AG2R») - +0:32 11. Эрос Капекк (Италия, «Астана») - +1:55 25. Андрей Зейц (Қазақстан, «Астана») - +6:56 28. Даниил Фоминых (Қазақстан, «Астана») - +8:03 48. Бахтияр Кожатаев (Қазақстан, «Астана») - +17:31.        


Қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында Э.Тұрсынбаева қысқа бағдарлама бойынша екінші орында тұр

Норвегияның Лиллехамер қаласында жасөспірімдер арасындағы қысқы олимпиада өтіп жатыр, деп жазады alaman.kz спорт сайты. Мәнерлеп сырғанаудан қыздар арасындағы сынның қысқа бағдарламасы бойынша қазақстандық Элизабет Тұрсынбаева 59,11 ұпай жинап, екінші орында келе жатыр. Көш басында 60,87 ұпаймен жапониялық Юна Шириява тұр. Үздік үштікке латвиялық Диана Никитина енген, ұпайы 58,81. Қыздар арасындағы сынның негізгі бағдарламасы 16 ақпанда өтеді. Жеңімпаз осы күні анықталады. Қазақстан әзірге бұл олимпиадада бір қола медаль иеленді. Оны биатлоншы Арина Пантова жеңіп алған еді. 


Қазақстан ФИФА рейтингінде ондыққа енді

 Футзалдан Еуропа чемпионатында қола алған Қазақстан ФИФА рейтингінде 12-орыннан 9-орынға көтерілді, деп жазады alaman.kz сайты. Қазақстан Әзербайжан, Жапония, Сербия, Колумбия, Словения сынды елдердің алдына шықты. Әлем чемпионатының іріктеуіндегі қарсыласымыз Польша 35-орында тұр. Көш басында Испания. Бразилия, Ресей тұр. Испания Сербиядағы Еуропа чемпионатының финалында Ресейді ұтты - 7:3.       


Биатлоншы Арина Пантова жасөспірімдер Олимпиадасында «қола» жүлдеге ие болды

Норвегияның Лиллехаммер қаласында қыздар арасында биатлон спринтінен алты шақырымдық жарыс аяқталды, деп хабарлады Sports.kz.Онда неміс биатлоншысы Юлиана Фруует жеңімпаз атанды, екінші орында - норвегиялық Марта Йохансен, қазақстандық Арина Пантова үшінші орынға ие болды. Биатлон. Қысқы жасөспірімдер Олимпиадалық ойындары. Лиллехаммер (Норвегия)Спринт. Нысана көздеу. 6 шақырым.  1. Юлиана Фрууерт (Германия) - 18:23.5 (0+0) 2. Марта Йохансен (Норвегия) - +5.6 (0+1) 3. Арина Пантова (Қазақстан) - +17.1 (1+1).      

Том Леффлер: Геннадий Головкинмен ешкім жұдырықтасқысы келмейді

 

IBF/IBO/WBA нұсқалары бойынша орташа салмақта әлем чемпионының промоутері Том Леффлер қарамағындағы спортшының неліктен жаңа міндетті үміткер, IBF рейтингінде екінші нөмірлі Доминик Уэйдпен жұдырықтасатынын түсіндірді, деп хабарлайды Sports.kz.«Геннадиймен ешкім жұдырықтасқысы келмейді - біз титулдардың иегерлерінің ешқайсысымен келісе алмадық, сондықтан Головкиннің белбеуіне міндетті үміткермен жекпе-жекті ұйымдастыруға тура келді. Бірақ жұдырықтасу жай болмайды, себебі біздің қарсыласымыз жас әрі табысқа жетуге асығып отыр», - деп жазады Леффлердің сөздерін Boxing News 24.       


WTA: Юлия Путинцева WTA рейтингінде 7 сатыға көтерілді

Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) жаңартылған рейтингінде қазақстандық теннисші Юлия Путинцева өткен апта ішінде жеті сатыға жоғарылады, деп хабарлайды Спорт.кз.Осылайша ол Қазақстанның бірінші ракеткасы атағын сақтап қалып отыр. Спортшы WTA тізіміндегі үздік жүз спортшының арасынан 57-орынға табан тіреді. Ал Зарина Дияс бір сатыға төмен түсіп, 69-орынға тұрақтады. Ярослава Шведова 82-орынды сақтап тұр. Әлемнің үздік ракеткасы атағы әлі де америкалық Серена Уильямске тиесілі. Ал екінші орында неміс қызы Анжелика Кербер, үшінші орында румыниялық Симона Халеп келеді.     


«Ақтөбе» футбол клубының басшысы Д.Васильев шілдеге дейін қазақша сайрауды үйренбек

"Ақтөбе" футбол клубының бас директоры Дмитрий Васильев қазақ тілін үйрене бастады. Бұл жайында өзінің Facebook парақшасында Мерей Құпжан мәлімдеді. Оның айтуынша, олардың мақсаты - шілдеге дейін қазақ тілінде еркін сөйлеу, деп хабарлады Керек-инфо.  «Ақтөбе» ФК бас директоры Дмитрий Васильев бүгіннен бастап қазақ тілінен сабақ ала бастады. Ұстазы - мына мен! Уақытының тығыздығына қарамастан, мемлекеттік тілді үйренуге бел шеше кіріскен ол екі сағаттық бірінші дәрістен тамаша көрсеткіш көрсетуде. Кофесінен дәм татқызған басшыға Димаш деген қазақша ат қойып та үлгердім. Мақсат - шілдеге дейін оны қазақша сайрату. Сәттілік саған, Димаш!", - дейді Мерей Құпжан. Еске сала кетейік, Васильев "Ақтөбенің" бас директоры болып өткен жылдың желтоқсан айында тағайындалды. Оның алдында мынадай мақсаттар тұр: ол футбол орталығының жұмысын тиісті дәрежеде ұйымдастыра отырып, клубқа ақша түсіретін қосымша пайда көздерін табуы, сонымен қатар жанкүйерлермен жұмысты жандандыруы тиіс. Бұның алдында ол Қазақстан Футбол федерациясының бас менеджері қызметінде жүрді.     


Биыл Универсиада-2017 нысандарына 33,6 млрд. теңге бөлінеді

 

Бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев биылға Универсиада-2017 бюджетін жариялады.«Алматыда Универсиада-2017 шарасын сәтті өткізу үшін 33,6 млрд. теңге бөлу жоспарлануда, оның ішінде 10,9 млрд. теңге 3 мың және 12 мың орындық мұз ареналарын аяқтауға көзделген», - деді министр. Е. Досаевтың сөзіне қарағанда, жалпы соманың ішіндегі 4,8 млрд. теңге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысындарының құрылысы мен қайта жаңартуға, ал 17,9 мдрд. теңге Алматыда Универсиада шараларын өткізуге бағытталады.     


Семсерлесу бойынша Әлем кубогы кезеңінде ҚР құрамасы «күміс» жүлде ұтып алды

Канадалық  Ванкуверде Әлем кубогының кезеңі аяқталды.  Онда семсер бойынша Қазақстан ерлер құрамасы командалық біріншілікте күміс жүлдегер атанып, отандық семсерлесу тарихындағы ең биік табысқа қол жеткізді, деп жазады  Sports.kz.Гонконгтан қарсыластарын - 45:22 есебімен жеңіп бастаған құрама  Ресей құрамасын - 45:39, Жапония  - 45:33 және Украинаны - 45:43 есебімен ұтты.    Финалда Венгрия  өкілдеріне  36:42 есебімен есе жіберді. Бұл нәтиже Қазақстан құрамасына 52 рейтингтік ұпай әкелді, бұл Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиадалық ойындарға жолдама алуда біздің спортшыларымызға үлкен  жол ашады.     



Қанат Ислам кіммен жұдырықтасқысы келетінін айтты

 

Белгілі  қазақстандық боксшы  Қанат Ислам  кіммен жұдырықтасқысы келетінін айтты, деп хабарлады Inboxing.kz.«Менің арманым  - рингте мексикалық боксшы Сауль Альвареспен кездесу. «Үздікті жеңбей, үздік болмайсың» деген сөз бар ғой.  Бокста жүргенімізге де көп болды. Ол қалай соққы жасаса, мен де солай соққы жасай аламын.     Онымен кездессем, шіркін! (Канело Альварес).  Бұл айқас болады деп үміттенемін. Күндердің күні бұл арманыма да жетемін», - деп мәлімдеді Қанат Ислам.     


Спорт басылымдары қауымдастығының басшысы І. Омаров Азиялық спорт басылымдары одағының атқарушы комитетінің құрамына кірді

Катар мемлекетінің астанасы Дохада Халықаралық спорт басылымдары қауымдастығының (АИПС) жыл сайынғы 79-шы конгресі өтті.Спорт журналистикасы ортасында «БҰҰ Бас Ассамблеясы» болып табылатын АИПС форумы осы жолы 100-ден астам елден 200-ден астам делегат жинады. Қазақстан атынан Спорт басылымдары қауымдастығының президенті (АСПК) Ілияс Омаров пен қауымдастық бас хатшысы Станислав Филиппов қатысты. Форумның ашылу рәсіміне Катар мемлекетінің премьер-министрі шейх Абдулла Бин қатысты. Қатысушылар заманауи спорт журналистикасының өзекті проблемаларын талқылады. Конгресс бағдарламасының аясында делегаттар жыл сайын Катарда атап өтілетін дәстүрлі Спорт күніне қатысты, Qatar Foundation және Aspire Academy спорт мектебіне барды, сондай-ақ 2022 жылы осы елде өтетін футбол бойынша Әлем чемпионатына спорт құрылыстарын салу барысымен танысты. Қазақстандық делегация өкілдері өңірлік секцияларға, Конгрестің пленарлық пікірсайыстарына қатысты. Форум алаңдарында көптеген шетелдік әріптестермен екіжақты кездесулер өткізді. Оның барысында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің шағын таныстырылым сериясы ұйымдастырылды. Форум қатысушылары елдің спорттық жетістіктерінің жоғары деңгейін атап өтті, оның ішінде Геннадий Головкин, Серік Сәпиев, Илья Ильин, Зарина Диас, Алексей Полторанин, Денис Тен сияқты атақты спортшылар бар. Олардың айтуынша, Астанада өтетін ЭКСПО-2014 көрмесінің ұраны «Болашақ энергиясы» өзекті проблемаларды қамтиды. Ол терең зерттеп, талдауды қажет етеді. Дохада өткен конгрестен кейін азиялық континет қатысушылары  Бахрейн Корольдігінің астанасы - Манамеде Азиялық спорт басылымдары одағының (ASPU) 18-ші конгресінде жиналды. ASPU жоспарлы отырысының барысында қауымдастық президенті Ілияс Омаров Алматыдағы қысқы Универсиада мен Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесін таныстырды. Манамедегі кездесудің маңызды сәттерінің бірі 2016-2022 жж. аралығы кезеңінде Азиялық спорт басылымдары қауымдастығы Атқарушы комитетінің жаңа құрамын сайлау болды. Сайлау қорытындысы бойынша Ілияс Омаров Біріккен Араб Әмірліктері өкілдерімен қатар, көп дауыс жинап, алғаш рет ASPU ЕО-дағы Қазақстан өкілі атанды.             


Қазақстан бүркітшілері Илан тауының бауырындағы сайысқа қатысты

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Илан тауының баурайында Қазақстан Республикасы Тəуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Саят» Ұлттық спорт түрінен республикалық жарыс өтті, деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінен.   Жарыста еліміздің 10 облысынан келген 45 құсбегі өздері баптап жүрген бүркіт, қаршыға құстарының шеберлігін сынады. Жарысқа қатысушыларды Алматы облысы əкімінің атынан əкім орынбасары Бахтияр Өнербаев құттықтап, жарысқа қатысушыларға сəттілік тіледі. Салтанатты ашылу рəсімінен кейін қырандардың бабы жарыстың бірнеше кезеңінде сыналып, қоян, түлкі ұстаудағы нəтижелері сарапқа салынды. Спорт жарысының қорытындысы бойынша, бүркітшілер арасында 1-ші орынды қызылордалық Сармат Əбдулкерімұлы, 2-орынды Астана қаласының намысын қорғаған Арманбек Күнтуған және 3-орынды Ақмола облысынан келген Бергенбай Тастанбек жеңіп алды. Сондай-ақ, қаршығамен аң аулау жарысында бірінші және екінші жүлделерді Жамбыл облысынан Бақдəулет Бабажан Берікболсын Жалғасұлы, 3-орынды Ақтөбе облысынан келген Ақберен Құрманғалиев иеленді. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлық пен грамоталар тапсырылды. Құсбегілердің келесі ірі жарысы Жамбыл облысының Тараз қаласында өтетіндігі белгілі болды.       



Қызылордада волейболдан дәстүрлі республикалық турнир мәресіне жетті

Ағымдағы жылдың 11-14 ақпан аралығында Арал қаласында Асхат Ахановты еске алуға арналған волейболдан 2000-2001 ж.т. жасөспірімдер арасында республикалық турнир аяқталды. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады. Биылғы жылы бесінші мәрте ұйымдастырылған жарысқа Ақтөбе, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан  және  Қызылорда облыстарынан 29 команда  (ұлдар 14, қыздар 15 команда) 300-ге жуық спортшы қатысты. Төрт күнге созылған жарыстың қорытындысы бойынша ұлдар арасында Шиелі ауданының командасы қатарынан 3 мәрте турнирдің жеңімпазы атанды. Екінші орынды Ақтөбе облысы Байғанин ауданының құрама командасы иеленсе,  үшінші орынды Арал ауданының командасы еншіледі. Қыздар арасында Ақтөбе облысы Хромтау қаласының спортшылары мықтылықтарын дәлелдесе, күміс жүлде Сырдария ауданына, қола жүлде Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының  командасына бұйырды. Турнирдің үздіктері: Ұлдар арасында Үздік қорғаушы -  Мамыр Алғиұлы (Байғанин ауданы) Үздік байланыстырушы  - Аят Рамазанұлы  (Шиелі ауданы) Үздік шабуылшы - Жандос Шамранов (Арал ауданы) Қыздар арасында: Үздік қорғаушы -  Әмина Жұманова (Арал ауданы) Үздік байланыстырушы  - Сандуғаш Жолмырза  (Хромтау қаласы) Үздік шабуылшы - Гүлсім Кеңесбекова (Сырдария ауданы) Жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом, медаль, кубоктармен марапатталса, номинация иегерлеріне диплом және естелік сыйлықтар табыс етілді.           

ЭКСКЛЮЗИВ: Сыртқы істер және Денсаулық сақтау министрліктері Риода спортшыларымызды Зика безгегінен қорғау шараларын пысықтауда

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі еліміздің Сыртқы істер министрлігі мен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Рио-де-Жанейро жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын спортшыларымызды Зика безгегінен қорғау шаралары бойынша шешімдерін күтуде. «ҚазАқпарат» агенттігінің ресми сауалына орай еліміздің басты спорттық ведомствосы осындай жауап берді. «Белгілі болып отырғандай, дәл осы проблемамен Олимпиаданы қабылдаушы тарап та жұмыстар жүргізу үстінде. Дегенмен, біздің спортшыларымыз бен делегациямызға қатысты нақты шаралар жайында қазіргі уақытта айтуға ерте. Сыртқы істер министрлігі мен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрліктерінің ұсыныстары мен шешімдерін күтеміз», - деп хабарлады министрліктен. Айта кетерлігі, «ҚазАқпарат» агенттігі дәл осы сауалмен ҚР Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары  бас мемлекеттік санитар дәрігер Жандарбек Бекшинге де жүгінген болатын. «Бразилияда өтетін Олимпиада ойындарына баратын Қазақстан құрамасының мүшелерін, ілесіп бірге баратын азаматтарды (жаттықтырушылар, дәрігерлер және т.б.) және жанкүйлерлерді сақтандыру шаралары жеке әзірленетін болады», - делінген еді оның жауабында. Естеріңізге сала кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Зика безгегін жаһандық қатер деп жариялаған болатын. Дәл осы ұйымның мәліметтерінше, Зика безгегіне шалдыққан Оңтүстік және Солтүстік Америка елдері тұрғындарының саны 3-4 млн. адамға жетуі мүмкін. Оның ішінде 1,5 млн. адам Бразилия тұрғындары болуы ықтимал. 31-ші жазғы Олимпиада ойындары тамыздың 5-21-і  аралығында Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтеді.     

Бүгін Елбасы Алматыда қаланы дамыту жөнінде кеңес өткізеді

 Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті  Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Алматы қаласын дамыту және 2017 жылы 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиаданы өткізуге дайындық жөнінде кеңес өтеді.Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қаладағы бірқатар әлеуметтік нысандарға барады деп жоспарланып отыр. 


Бокстан Қазақстан құрамасы Германия командасымен кездесу өткізеді

 Алматы облысындағы Дүниежүзілік бокс академиясында ұлттық бокс командаларының жиыны өтіп жатыр. Бұл жолы Қазақстан және Германия командалары бірге жаттығу өткізіп жатыр.Қазақстан құрамасының бас бапкері  Мырзағали Айтжанов академияға 69-дан 91 келіге дейін және одан жоғары тапшы салмақ санатындағы  спарринг әріптестер келгеніне қуанышты екенін жеткізді.   Олардың біразы олимпиадалық жолдамалар ұтқан - Араик Марутян (69 келі), Давид Граф (91 келі) және Эрик Пфайфер (91 келіден жоғары). Қазақстандық бокс федерациясы атап өткендей, неміс командасы мүшелерінің жартысына жуығы орыс тілінде сөйлейді. Марутян мен Граф - Армения, Пфайфер - Ресей тумалары. Қазір біздің спортшылар мен неміс боксшылары жұппен жаттығу жасауда, екі команданың кездесуі 17 және 19 ақпанда өтеді.                    


Елорда көшелерінде белгілі қазақстандық спортшылардың суреттері ілінеді

Жетекші отандық командалардың басын қосқан «Астана» президенттік кәсіпқой спорт клубы әлеуметтік жарнама әзірледі. Белгілі қазақстандық спортшылар бейнеленген плакаттарды қаланың адамдар көп жүретін жерлерінде орналасқан Astana Bike велопрокатының 110 станциясынан көруге болады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.Акцияның мақсаты - жанкүйерлер мен спортқа әуес жандарды біріктіру, сондай-ақ, салауатты және белсенді өмір салттарын насихаттау. Астаналықтардың назарына қазақстандық спортшылардың, Astana Pro Team велокомандасы, «Барыс» хоккей клубы, «Астана» футбол клубы өкілдерінің, Astana Arlans боксшыларының, «Астана» баскетбол клубы ойыншыларының, Astana Motorsports ралли-рейдтері бойынша команда мүшелерінің суреттері ұсынылады. Айта кетейік, аталған командалардың арқасында соңғы үш жылда Қазақстанның қоржыны жаңа спорттық жетістіктермен толыға түсті.     

Рио алтынын алған спортшыға 250 мың доллар беріледі - ҚР МСМ

Олимпиадада, оның ішінде 2016 жылдың тамызында өтетін Рио-де-Жанейро ойындарында жүлдегер атанған спортшыларға берілетін сыйақы көлемі өзгеріссіз қалады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» агенттігінің ресми сауалына орай еліміздің ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен мәлім етті.«Үкімет қаулысымен осы уақытқа дейін бекітілген олимпиада жүлдегерлерінің сыйақы көлемі өзгеріссіз қалады: Олимпиада алтынына 250 мың, күмісіне 150 мың, ал қола медаліне 75 мың доллар беріледі», - деді министрліктен. Ведомство ақпаратына сәйкес, осы уақытқа дейін еліміздің спортшылары спорттың 12 түрінен 48 лицензия жеңіп алды. Жалпы, Олимпиада ойындарына дейін спорттың 25 түрінен 100-ден астам лицензияға иелік ету жоспарланған. Айта кетерлігі, еліміздің басты спорттық ведомствосы осы жолы қанша спортымыздың жүлдегер атанатындығына қатысты болжам жасаудан аяқ тартып отыр. «Ең бірінші кезекте бұл спорт болғандықтан тосын жайттардың жиі болатындығын қаперге ұстау қажет. Барлық қатысушылар да бұл жарысқа жыл бойы дайындалады. Сондықтан бәсекелестік өте жоғары. Өздеріңіз де білетіндей, елімізде болашағы зор спортшылар көп. Біреуін бөле-жара айту дұрыс емес. Ең бастысы, болжам жасалған спортшы қобалжуы мүмкін. Ал мұның барлығы да нәтижеге өз әсерін тигізеді. Яғни, спортшының дайындық деңгейін Олимпиада көрсетеді», - деп хабарлады министрліктен. Жалпы, қазақстандық спортшылардың дайындығына барлық жағдай жасалып, олардың жаттығу жоспарларының кестесі бекітілген. Қазіргі уақытта лицензия ұтып алу үшін көптеген спортшылар әлем кубоктарының кезеңдеріне қатысып, қажетті ұпайлар жинауда. Айта кетерлігі, Халықаралық олимпиада комитеті аккредиттелген журналистер үшін Қазақстанға  орын беріп отыр. Оған 2 фотограф пен ассистент және 8 журналист кіреді. Ал ресми хабар тарату құқығына ие қазақстандық телеарналар өздерінің түсірілім топтарын іссапарға жіберетін болады.      


Жанқош Тұраров WBA рейтингіндегі үздік 15 спортшының қатарына кірді

 WBA нұсқасы бойынша барлық салмақ дәрежелеріндегі әлем боксшыларының жаңартылған рейтингі жарияланды.Кейбір өзгерістер Қазақстан боксшыларына да қатысты болды, деп хабарлайды Sports.kz. Жанат Жақиянов ең жеңіл салмақ рейтингінде бірінші болып тұр. Жартылай салмақ категориясында үздік 15 спортшының қатарына Жанқош Тұраров кірді. Ол 14-ші орында тұр. Қанат Ислам бірінші орташа салмақта бесінші орыннан жетіншіге түсті.  Бірінші ауыр дивизионда Бейбіт Шүменов көш бастады.     

Батысқазақстандық балуан халықаралық жарыстан жүлдемен оралды

 

Батысқазақстандық жас балуан Дәулет Ларионов Мәскеу қаласында КСРО еңбек сіңірген спорт шебері, 1968 жылғы олимпиада чемпионы Борис Гуревичті еске алуға арналған грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында өткен халықаралық турнирден табыспен оралды.БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, Дәулет 63 келіге дейінгі салмақта күміс медальді жеңіп алды. Аталмыш жарысқа Ресей, Қазақстан, Беларусь және басқа елдерден 620 спортшы қатысып, бақ сынады. Айта кетейік, Д.Ларионов осыған дейін тағы бір олимпиада чемпионы Иван Ярыгинді еске алуға арналған бүкілресейлік турнирдің жеңімпазы атанған болатын. Мақсот Төлегенов пен әкесі Алексей Ларионов жаттықтыратын Дәулет - белгілі балуан, Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Екатерина Ларионованың туған інісі.        


Универсиадаға салынған қаржы қайтуы керек - ҚР Президенті

Универсиадаға салынған қаржыдан қайтарым болуы керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы бүгін Алматыда өтіп жатқан 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға дайындық пен қаланың дамуы мәселелеріне қатысты кеңес барысында айтты.Мемлекет басшысы Универсиада нысандарының барлығы белгіленген мерзімінде аяқталарына сенім білдірді. «Бүгін біз Универсиаданың бірегей нысандарын аралап көрдік. Нысандар тек Алматының ғана емес, бүкіл Қазақстанның мақтанышы десек болады», - деді Н.Назарбаев. Мемлекет басшысы Алматыдағы түрлі салаларды дамытуға 2 трлн теңге бөлінетінін айтты. «Алматыда да қаржы тиімді игерілуі тиіс. Қазір сол Универсиада ойындарынан қайтарым болуын қарастыру керек.  Сайыстың трансляциясы, туристерді күтіп алу - барлығы табыс әкелуі керек. Бұл нысандардың одан кейін де бос тұрмай халық игілігіне қызмет етуін ойластыру жөн. Мемлекет кейін ақша төлеп отырмайтындай. Жаңа мұз айдыны, бассейн, барлық инфрақұрылым адам игілігіне қызмет еткені абзал», - деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ, Елбасы қала әкімі Бауыржан Байбекке дамуы мешеулеп қалған аудандарды көркейтуге күш салуды тапсырды. «Онсыз да көркейген аудандарды дамыта бермеңдер. Бар қаржыны орта класстағы адамдардың өмірін жақсартуға жұмсаңдар», - деді Мемлекет басшысы.     

Лиллехаммердегі қысқы Олимпиада: Элизабет Тұрсынбаева қола еншіледі

Лиллехаммерде өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан қысқа және еркін бағдарламалардың қорытындысы бойынша алтын мен күміс жүлдені ресейлік мәнерлеп сырғанаушылар Полина Цурская мен Мария Сотскова еншіледі.Ал қазақстандық Элизабет Тұрсынбаева қола жүлдені иеленіп, үздік үштікті түйіндеді, деп хабарлайды Sports.kz.       

Қазақстандық теннисші Шведова Дубайдағы турнирдің бірінші айналымында Винчиден басым түсті

Итальян Роберта Винчи Дубайдағы жарыста қазақстандық Ярослава Шведоваға 0:6, 6:4, 3:6 есебімен жол берді, деп хабарлады  «Чемпионат».Жекпе-жек 1 сағат 49 минутқа созылды. WТА рейтингісінде 82 орында тұрған мәскеулік теннисш 16 брейк-пойнттың 12-сінде ұтылды және 7 брейк жасады. Шведова ширек финалға шығу үшін енді Италия өкілі Сара Эрранимен сайысқа түседі.     


«Барыс» ҚХЛ матчында қазандық «Ақ Барыстан» жеңіліп қалды

Астаналық «Барыс» Қазанда өткен Құрлықтық хоккей лигасының матчында «Ақ барыстан» 2:5 есебімен ұтылды, деп хабарлайды Sports.kz.Құрлықтық хоккей лигасы «Ақ Барыс» - «Барыс» 5:2 (3:0, 2:2, 0:0) Шайбалар: 1:0 - 02:59 Азеведо. Ойыншы саны аз. 2:0 - 09:04 Малыхин (Варнаков, Сидоров). Ойыншы саны тең. 3:0 - 15:55 Лукоянов (Шёгрен, Ткачёв). Ойыншы саны тең. 4:0 - 21:46 Малыхин (Обухов). Ойыншы саны тең. 4:1 - 24:10 Бойд (Доус, Боченски). Ойыншы саны артық. 4:2 - 26:49 Старченко (Краснослободцев). Ойыншы саны тең. 5:2 - 31:23 Токранов (Свитов). Ойыншы саны тең.      



Былтыр Жамбыл облысының спортшылары 1 128 медаль жеңіп алды

 Жамбыл облысында жыл сайын жаңадан салынған спорт нысандарының саны көбейіп, стадиондар мен ғимараттарды қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.Мәселен, 2015 жылы Жуалы, Мойынқұм аудандары мен Тараз қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілді. Шу қаласында заманауи үлгідегі спорт кешенін салу жұмыстары басталды. Ол жерде жасөспірімдер күрес, ауыр атлетика, бокс, дзюдо, таэквондо бойынша жаттығады, сонымен қатар түрлі жарыстар өткізілетін болады. Бүгінгі күнге, облыста 2 013 спорттық нысан бар. Атап айтар болсақ, 1 спорт сарайы, 19 стадион, 665 футбол алаңы, 548 спорт залы, 662 спорт алаңы және 118 өзге де спорт нысандары жұмыс істейді. Осының арқасында жамбылдық тәрбиеленушілер әр түрлі спорттық жарыстарынан жоғары нәтиже көрсетуде. Өткен жылы 1 156 спортшы халықаралық және республикалық жарыстарға қатысып, 1 128 медальға ие болды. Атап өту керек, ҚР Ұлттық құрамасына спорттың әр түрі бойынша облыстан 470 спортшы енді. Оның ішінде, ұлттық құрамаға - 206, жастар құрамасына - 199, жасөспірімдер құрамасына - 65 бала кіреді. «Тараз-Арена» спорт сарайында волейболдан Венесуэла, Египет, Испания және Қазақстан командаларының қатысуымен Әлемдік лиганың 1-ші кезеңі өткізілді. «Тараз» волейбол командасы Ұлттық лига командалары арасынан Қазақстан Республикасы XXIII чемпионатының жеңімпазы және 2015 жылдың Суперкубогының иегері атанды. Сонымен қатар, қазақ күресінен 3-ші рет «Еуразия Барысы» халықаралық турнирі өткізілді. Б.Ыстыбаев қазақ күресінен республикалық турнирінде 2-ші рет «Қазақстан Барысы» титулын жеңіп алды. Жалпы, облыс бойынша өткен жылы 2 614 спорттық іс-шаралар өткізіліп, 540 мыңнан астам адам атсалысты. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 2 700-ден астам бұқаралық - спорттық іс-шаралар ұйымдастырылатын болады. Дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын, барлық жастағы тұрғындарды қамтуды ұлғайту 26%-ын қамту жоспарланып отыр. Жас өспірімдер мен жеткіншектердің балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде 7 жастан 18 жасқа дейінгі тәрбиеленушілерді қамту үлесі 11%-ды құрамақ.     


Оралда шорт-тректен Қазақстан чемпионаты өтуде

Орал қаласындағы жабық мұз айдыны сарайында шорт-тректен Қазақстан чемпионаты өтуде.Жарысқа Астана қаласынан, Алматы, Қостанай, Қарағанды, Шығыс, Оңтүстік және Батыс Қазақстан облыстарынан 9-13 жас аралығында барлығы жеті команда құрамында 160 спортшы қатысуда. Олар төрт жас ерекшеліктеріне қарай сынға түсуде. Біріншіліктің ашылу салтанатында БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекет жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, Батыс Қазақстан облысында шорт-тректің жақсы дамығанын атап өтті. Шынында да  құрамында батысқазақстандықтар Абзал Әжіғалиев, Айдар Бекжанов, Нұрберген Жұмағазиев бар Қазақстан құрамасы Сочи олимпиадасында эстафеталық сында бесінші орынды иеленген болатын. Сол секілді болашағынан үміт күттіретін спортшылардың бірі Анита Нагай Норвегияның Лиллехаммер қаласында жасөспірімдер арасында өтіп жатқан қысқы олимпиада ойындарында 1 мың метр қашықтықта сынға түсті.  Оралдағы шорт-тректен ҚР чемпионаты 18 ақпанда мәреге жетеді.         


Денис Тен Төрт құрлық чемпионатында өнер көрсетеді

Ертең қытайлық Тайбэйде Төрт құрлық чемпионатының ашылуы өтеді. Онда өткен жылғы осы турнирдің жеңімпазы, Сочидегі Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тен қатысады. бұдан басқа Қазақстаннан басқа да мәнерлеп сырғанаушылар бар, олар - 24 жастағы Дарын Жүнісов және 18 жастағы Анастасия Хромова.Жарыс қысқа бағдарламада 18 ақпанда, Астана уақыты бойынша сағат 10.45-те өтеді.  Ашылуы сағат 13.40-та. Еркін бағдарлама 19 ақпанда сағат 11.30-ға жоспарланған.  «Настямен бір жарым жылдай бірге сырғанап жүрміз. Ол алғаш рет төрт құрлық чемпионатына қатысып жатыр. Мен үшінші рет бұл додада бақ сынамақпын. Бұл біз үшін маусымдағы маңызды жарыс. Сондықтан өзімізді жоғары деңгейде көрсетіп, жақсы нәтижеге жеткіміз келеді», - деді Жүнісов. Денис Тен 19 ақпанда сағат 15.55-те қысқа бағдарламада, 21 ақпанда сағат 10.00-де - еркін бағдарламада  өнер көрсетеді.  Жарысты «Kazsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.     


Геннадий Головкин Лос-Анджелесте баспасөз конференциясын өткізді

 

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин Лос-Анджелесте Доминик Уэйдке қарсы жекпе-жекке қатысты баспасөз конференциясына қатысты, деп хабарлады sports.kz.Еске салсақ, Головкин-Уэйд айқасы 23 сәуірде «Forum» (Калифорния штаты, АҚШ) аренасында өтеді. Бұл  WBA (Super), IBO, IBF және WBC (Interim)  тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкиннің кәсіби мансабындағы 35-ші айқасы. Баспасөз конференциясына Головкин-Уэйд андеркартында жұдырықтасқан Роман Гонсалес те қатысқаны айтылады. Бұдан бұрын GGG промоутері Том Леффлер берген сұхбатында жанкүйерлерді қызықты айқас күтіп тұрғанын атап өтті. Бір кеш аясында көрермендер қатарынан Головкин мен Гонсалестің жекпе-жегін тамашалайды.            


Қызылордада спортпен тұрақты шұғылданушылар қатары 25,3 пайызға жетті - аймақ басшысы

Қызылорда облысында спортты дамыту мақсатында жаңа нысандардың қатары артып келеді. Өткен жылдың өзінде Ипподром, «Бокс» орталығы, Қазалы ауданындағы Әйтеке би, Жаңақорған ауданы Жаңақорған кентінде спорттық-сауықтыру кешендері мен Сырдария ауданындағы Н.Ілиясов елді мекеніндегі стадион пайдалануға берілді.Нәтижесінде спортпен тұрақты шұғылданушылардың саны 25,3 пайызды құрап отыр. Бұл туралы бүгін Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев халық алдындағы есепті кездесуінде мәлімдеді. 66 спортшыға, оның ішінде 10 мүгедек спортшыға стипендия төлеу үшін облыстық бюджеттен 69,5 млн. теңге бөлінді.  Өткен жылы жоғарғы шеберлік деңгейіндегі спортшыларды дайындау мақсатында 227 оқу-спорттық жиындар өткізіліп, оған 2417 спортшы қатысты. 278 халықаралық, республикалық жарыстарға облыстың 2468 спортшысы қатысты. Республика чемпионаттарында облыс спортшылары 165 алтын, 138 күміс және 221 қола медальдарды иеленсе, Азия және әлем чемпионаттарында 23 алтын, 11 күміс, 19 қола медальды иеленді. ҚР құрама командаларына облыстың 306 спортшысы кірді.       


Денис Тен жарақатына байланысты Төрт құрлық чемпионатына қатыспайтын болды

азақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочидегі Олимпиаданың қола жүлдегері Денис Тен жарақатына байланысты Төрт құрлық чемпионатына қатыса алмайды. Бұл туралы спортшының ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі ресми тобында хабарланды, ресми ақпаратты сондай-ақ Твиттерде жарыстың ұйымдастырушылары да орналастырды.Төрт құрлық чемпионаты - Америка, Азия, Африка және Мұхит елдері арасынан Австралия мәнерлеп сырғанаушылары арасында өтетін жарыс. Жарыс 2016 жылдың 16-21 ақпан күндері Тайбэйде өтпек.      



Қазақстан 2016 жылғы Олимпиададан екі алтын алуы мүмкін

Голландиялық  Infostrada спорт агенттігі   осы  жылы тамызда Рио-де-Жанейрода өтетін жазғы Олимпиадалық ойындарға қатысты өз медальдық болжамын жаңартты, деп хабарлады Sports.kz.Осы ұйым мамандарының болжамынша, Бразилиядағы алтын   наградаларды қазақстандық Иван Дычко (бокста), Александр Зайчиков (ауыр атлетикада)  иеленуі мүмкін.   Олимпиаданың күміс жүлделері біздің жерлестеріміз Данияр  Елеусіновке (бокс), Зульфия Чиншанло, Нижат  Рахимов  және Жасұлан  Қыдырбаевқа (барлығы - ауыр атлетика), сондай-ақ Алмат  Кебісбаевқа (грек-рим күресі) «бұйырады».    Голландияда талдаушылардың болжамынша, отандастарымыз Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика), Әділбек Ниязымбетов, Василий Левит және Жасұлан Әлімханұлы  (барлығы - бокс), Карина Горичева  мен Алмас Өтешев (екеуі де - ауыр атлетика), Елдос Сметов (дзюдо) қола жүлдеге лайық.         


Павлодарлық спортшылар өткен жылы республикалық жарыстарда 833 медальға ие болды

Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың есептік кездесуінде спортқа қатысты мәселе де қозғалды. Аймақ басшысы бір жылда облыста 20 спорт құрылымы іске қосылғанын атап өтті.  Қ.Бозымбаев келесі аптада Ақсу қаласында демеушілердің қаражатына жабық хоккей корты ашылатынын айтты. Сонымен қатар, биыл Усольский шағын ауданында 50 метрлік олимпиадалық бассейннің құрылысы басталады. Демеушілер құрылысқа 600 млн. теңге бөлуге келіскен. Павлодарлық спортшылар біраз жетістікке жетті. «Хоккейшілеріміз Қазақстан бойынша ерлер арасындағы шайбалы хоккей сынынан үшінші рет алтын медальға ие болды. «Павлодар» және «Иртыш-Казхром» волейбол клубтары күміске қол жеткізді. «Иртыш-ПНХЗ» әйелдер баскетбол командасы Республика чемпионатында үшінші орыннан көрінді, -деп атап өтті облыс әкімі. Жалпы өткен жылы облыс спортшылары республикалық сындарда 833 медаль иеленген.   


СПОРТ: Лиллехаммерде Ә.Мұхамадиев күміс медальға ие болды

Лиллехаммердегі жасөспірімдер арасындағы қысқы Олимпиада ойындарында аралас командалық спринтте конькимен жүгірушілер сайысты, деп хабарлады Sports.kz.Бұл жарыста италиялық Ноэми Бонацца, Моңғолия өкілі Сумия Буянтогтох, кореялық Джа Вун Чун және қытайлық Ханян Шен жеңіске жетті. Қазақстандық Әнуар Мұхамадиев және америкалық Остин Клиба, сонымен қатар, голландиялық Элиза Дуль және польшалық Каролина Гасечка күміс медальға ие болды.Қола медаль италиялық спортшы Кьяре Кристелли, румыниялық Михаэле Хогаш, неміс Оле Йеске және Алан Даль Йоханссонға бұйырды.   

Ақмолалық суда жүзушілер ел біріншілігінде топ жарды

Ақмолалық суда жүзушілер ҚР біріншілігінде топ жарды. Бұл туралы «Бурабай» спорт сарайының баспасөз қызметкері Владимир Третьяков хабарлады.«Петропавлда 2003 жылы туған және одан жас шамасындағы ұлдар мен қыздар арасында суда жүзуден Қазақстан біріншілігі өтті. Жарысқа Көкшетаудағы «Бурабай» спорт сарайында Валерий Крутов, Евгений Анзин, Екатерина Дубицкая және Джанна Зайцева жаттықтыратын Ақмола облысының құрамасы да қатысты.50 метрге суда жүзуде эстафеталық сайысқа түскен жерлестеріміз Алексей Овчаров, Никита Адам, Евгений Голованов және Виктор Вайцель чемпион атанды. Сонымен қатар, ақмолалықтар 2 күміс, 1 қола медалге қол жеткізді.Ал жалпы командалық есепте Ақмола облысының құрамасы үшінші орыннан көрінді», дейді В.Третьяков.   


Алматыда VI Ұлттық қысқы республикалық Универсиада аяқталды

Бүгін Алматыда Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында VI Ұлттық қысқы республикалық Универсиада ойындарының салтанатты жабылу рәсімі өтті.«Еліміздің жас студент спортшылары 103 медальдар кешенін сарапқа салды. Олардың ішінде жеңіс тұғырына үш рет көтерілгендер де бар. Универсиаданы өткізуге жоғары оқу орындары мен бейінді ұйымдар белсене атсалысты. Солардың арқасында ұлттық республикалық қысқы Универсиада ойындары жоғары деңгейде өткізілді. Мұндай спорттық шаралар Елбасы Н. Назарбаевтың қазақстандықтардың кем дегенде 30 пайызын бұқаралық спортпен шұғылдануға тарту туралы тапсырмасын орындауға және жастар арасында осы бұқаралық спортты кеңінен насихаттауға септігін тигізеді», - деді өз сөзінде ҚР Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев.  Қазақстанның студенттік спорт федерациясының президенті Қайрат Зәкіриянов Халықаралық студенттік спорт федерациясы (FISU) жарыс барысын мұқият бақылағанын айта келе, осы жарыстарда жеңімпаз атанған спортшылардың енді алдағы 2017 жылы болатын Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындарында да лайықты өнер көрсетініне сенім білдірді. «Өткен жылы Испания мен Словакияда өткен Бүкіләлемдік қысқы Универсиада барысында біздің команда өз тарихында тұңғыш рет жалпыкомандалық есепте үшінші орынға ие болды. Ал енді туған жерімізде біз кем дегенде осы жетістігімізді қайталауымыз керек», - деді Қ. Зәкіриянов. Жарыс қорытындысы бойынша ең көп медаль жинаған Қазақтың спорт және туризм академиясының студенттері болды. Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты екінші орынды иеленді. Ал үшінші жалпакомандалық орынды Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері өзара бөлісті. Марапаттау рәсімінен кейін қатысушылар мен қонақтардың құрметіне отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт ұйымдастырылды. Айта кетелік, Алматыда 6-17-ші ақпан аралығында өткен VI Ұлттық қысқы республикалық Универсиада барысында 10 спорт түрінен жарыстар болды. Олар: президенттік көпсайыс, шаңғы жарысы, биатлон, шорт-трек, тау шаңғы спорты, сноуборд, қысқы спорттық бағдарлау, шаңғымен тұғырдан секіру, шайбалы хоккей және конькимен жүгіру. Ойындарға республика бойынша 35 жоғары оқу орындарынан құрамында жалпы саны 1072 спортшы бар 141 спорт командалары қатысып, 103 алтын, 103 күміс және 103 қола медальды сарапқа салды.         


ҚР ҰОК президенті Лиллехаммердегі жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының қола жүлдегерлерін құттықтады

Қазақстанның Ұлттық Олимпиада Комитетінің Президенті Тимур Құлыбаев Арина Пантова мен Элизабет Тұрсынбаеваға Лиллехаммердегі жасөспірімдер арасындағы қысқы Олимпиада ойындарының биатлон және мәнерлеп сырғанау бойынша қола жүлдеге ие болғандары үшін  құттықтау жолдады. Құттықтауда жас спортшыларға қазақстандық спорттың дамуына және оны әлемдік спорт аренасында танылуына қосқан үлестері үшін алғыс айтылды. «Өз өнерлеріңді көрсету арқылы қазақстандық жанкүйерлерге жақсы көңіл күй сыйладыңыздар. Қол жеткізілген марапат - күнделікті еңбектеріңіздің жемісі және қазақстандық спортты әлемнің мойындауы бойынша жолы. Мықты қарсыластармен күресте қол жеткізілгендіктен жеңіс өте бағалы. Сіздердің жетістіктеріңізге алдағы уақытта да қуанамыз деген үміттеміз!» - делінген Қазақстанның Ұлттық Олимпиада Комитетінің Президентінің 2016 жылға жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының жүлдегерлеріне арналған құттықтау хатында.   


Түркиядағы халықаралық турнирде Ескендір Әбілхайыр алтынға ие болды

Қазақстандық жас таеквондошы Ескендір Әбілхайыр Белек қаласында өтіп жатқан Тurkish Open турнирінің алтынына ие болды, деп хабарлады таеквандо қазақстандық федерациясы.15 ақпанда турнир аясында жастар арасында жарыс өтті. Онда 68 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Әбілхайыр  Болгария, Түркия және Норвегия өкілдерінен басым түсті. Нәтижесінде спортшы жеңіске жетті. Еліміздің тағы бір өкілі Рабиль Сағитжанов та жақсы нәтиже көрсетті. Төрт түрік өкілін жеңген қазақстандық финалда  ирандық Амир Валипоурудан ғана жеңілді. Нәтижесінде екінші орынға тұрақтады. Жарыстың соңғы күнінде чемпионаттың үздік спортшылары анықталады. Еске сала кетейік, жарыстың алғашқы күнінде қазақстандық таеквондошылар ересектер арасында үш медальға ие болды.  


Эфиопиялық желаяқ 26 жыл бұрын жасалған рекордты жаңартты

Эфиофиялық желаяқ спортшы қыз Гензебе Дибаба жабық нысанда  1 миль қашықтыққа жүгіруден 26 жылдан бері өзгермей келе жатқан рекордты жаңартты. Оның көрсеткіші - 4 минут 13,31 секунд. Дибаба бұл нәтижені Стокгольмдегі жарыста орнатты. Ол 1990 жылғы румындық Дойна Мелинтенің көрсеткішін  (4.17,14.) жақсартты. Дибаба 1500 метр қашықтыққа жүгіруден 2015 жылғы әлем чемпионы. Жабық нысанда ол 1500, 3000 және 5000 метрлік қашықтықтағы әлем рекордтарының иегері.     


Дәурен Елеусінов кәсіпқой бокста бесінші рет жеңіске жетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық екінші орташа салмақтағы кәсіпқой боксшы Дәурен Елеусінов Нью-Йоркте америкалық Бернард Томасқа қарсы жекпе-жек өткізді, деп жазады Sports.kz.Бірінші раундта Елеусінов қарсыласының оң жақ бүйіріне соққы жасап, тізе бүктірді. Төреші жекпе-жекті тоқтату шешімін қабылдап, қазақстандық спортшы 1 минут 50 секундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Бұл Елеусіновтің кәсіби рингтегі бесінші жеңісі.       


Қазақстан спортшыларының «РИО-2016» Олимпиадасындағы парадтық киімі таныстырылды

Бүгін Астанада Қазақстан спортшыларының «РИО-2016» Олимпиада ойындарында киетін парадтық киімі таныстырылды.Айта кетейік, парадтық және спорттық киімдерді Олимпиада чемпиондары Ермахан Ыбрайымов, Юрий Мельниченко, Серік Сәпиев, Ольга Шишигина және Сәкен Жүнісбекұлы мүшелік ететін арнайы топ жасақтады. «Біз осы формаларды тігу үшін Юрий Мельниченко, Серік Сәпиев, Ольга Шишигина және Сәкен Жүнісбекұлы - барлығымыз арнайы кеңес құрдық. Парадтық киімдер қандай болатынын талқыладық. Менің ойымша, форма өте жақсы шыққан. Олардың матасы өте сапалы. Түстерін аздап қанықтыру керек, сары түсі ашықтау болса деген тілек бар. Мен өзім екі мәрте Олимпиада ойындарына қатыстым, Ольга да Олимпиадада болды, біз спортшыларға ыңғайлы болу үшін барлығын ескеруге тырыстық. Ең бастысы спортшы үшін жаттығу кезінде ыңғайлы болғанын қаладық. Бразилиядағы ауа райы да ескерілді», - дейді Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбрайымов ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қатысуымен өткен жиында. Спорттық-парадтық киімді және жаттығуға арналған формаларды «ҚазСПО-N» ЖШС жасап шығаратын болады. Компания басшысы Елена Свечникованың сөзіне қарағанда, бұл киімдер алдын ала тігілген үлгілер ғана. Болашақта олардың түстері бойынша өзгерістер жасалуы әбден мүмкін.  «Спорттық киімдерді біз сегіз жылдан бері шығарамыз. Соңғы рет Сочи-2014 Олимпиадасында Қазақстан спортшыларына киім тіккен болатынбыз. Біз ауа райының өзгешеліктеріне байланысты маталарды түрлі елдерден әкелдік. Бразилиядағы климатқа сай киім тігу спортшылар үшін өте маңызды. Сондықтан біз ең озық технологиялардың негізінде жасалған әлемге танымал маталарды пайдаландық», - дейді «ҚазСПО-N» ЖШС басшысы Елена Свечникова.       


Батысқазақстандық спортшы джиу-джитсудан ел біріншілігінің қола жүлдегері атанды

Батысқазақстандық Жәнібек Арыстанғали Ақтөбе қаласында 1996-1998 және 1999-2001 жылғы жасөспірімдер арасында джиу-джитсудан өткен ел біріншілігінен қола медальмен оралды.Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, аталмыш жарысқа БҚО-дан екі спортшы қатысып, соның біреуі жүлдеге ілікті. Жәнібек 77 келіге дейінгі салмақта файтинг жүйесі бойынша үшінші орынға көтерілді. Оның бапкері - джиу-джитсудан облыстың аға бапкері Ерлан Ғалиев.     


2017 жылғы Универсиадада хоккейден студенттік құраманың жүлде алу мүмкіндігі мол - С.Шавернев

2017 жылы Алматы мен Астанада өтетін Қысқы Универсиада барысында Қазақстанның хоккейден студенттік құрамасының жүлде алу мүмкіндігі мол. Бұл туралы «Еңбек» хоккей клубының директоры Сергей Шавернев айтты.«Универсиаданың Қазақстанда өтетіні, сөз жоқ, ауыз толтырып айтарлық оқиға. Бұл - халықаралық спорт қауымдастығының Қазақстанның әлеуетін мойындауы. Бұл шараға арнап бірегей ірі спорт нысандары салынып жатыр. Осындай ареналар біздің бала кезімізде болса, мен Вячеслав Фетисовпен ойнар едім. Жас ұрпаққа жасалып жатқан жағдай көп. Әрине, олар ертең Қазақстанның намысын қорғайтын болады», - деді С.Шавернев. Сарапшының айтуынша, хоккейден студенттік құраманың кәсіби біліктілігі жоғары. «1998 жылы қазақстандық студенттер Испанияда өткен сайыста алтын олжалады. Ол кезде құраманың өзінде кіл мықтылар болды. Одан кейін күміс те, қола да болды. Елімізде қазір хоккейден студенттік лиганы құру уақыты келді. Бізде ойнайтын спортшылардың барлығы кәсіби алаңға шығып жүргендер. Канада, АҚШ, Ресей, Швеция, Чехия құрамалары бізге жақсы қарсылас болуы мүмкін», - деді С.Шавернев. Айта кету керек, жақында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Алматы қаласының спорттық додаға дайындығын тексерді. Елбасы 12 мың орындық мұз айдыны сарайының құрылысымен танысты.     


Шымкенттік палуан джиу-джитсуден әлем чемпионатына жолдама ұтып алды

Ақтөбеде өткен джиу-джитсу бойынша Қазақстан чемпионатынан шымкенттік спортшылар бір алтын және үш қола медаль жеңіп алды, деп хабарлады sports.kz.Жарысқа республиканың тоғыз облысынан 100 палуан қатысты. Оңтүстікқазақстандық Қайнар Ізбасаров 85 келі салмақ дәрежесінде бірінші орынға ие болып, Мадридте өтетін әлем чемпионатына жолдама алды. «Шымкентте джиу-джитсу жаңа ғана кең тарап келеді. Дегенмен спорттың бұл түрінен жақсы нәтижелеріміз бар. Жарыс жоғары деңгейде өтті. Спортшыларымыздың өнеріне көңілім толды», - деді бапкер Мұхтар Мамбетов.   




Абель Санчес: «Амир Хан Сауль Альваресті жеңіп, әлемді таң қалдыруы мүмкін»

Орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкинді жаттықтыратын Абель Санчес алдағы жекпе-жекте Амир Хан Сауль Альваресты жеңуі мүмкін деп есептейді, деп хабарлады sports.kz ВКонтакте желісіндегі GGG ресми тобына сілтеме жасап.«Егер Амир Хан тиянақты болып, жақсы дайындалса, ол Сауль Альваресті жеңіп, әлемді таң қалдыруы мүмкін», - дейді А. Санчес.      


Қазақстан және Әзербайжан құрамаларының ойыны 26 наурызда өтеді - футбол

Футболдан Қазақстан мен Әзербайжанның құрамалары арасындағы достық кездесуінің өтетін уақыты жария етілді, деп хабарлайды sports.kz сайты.Кездесу 26 наурызда өтеді, ойын жергілікті уақытпен 17.00-де басталады (Астана уақыты бойынша 21.00), деп жазады Azerisport.com сайты. Еске сала кетсек, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ойын Түркияның Анталиясында өткізіледі.          

«Астананың» велошабандозы Вольта Альгарве додасының екінші кезеңінің жеңімпазы атанды

Қазақстандық «Астана» командасының велошабандозы Луис-Леон Санчес (Luis Leon Sanchez) Вольта Альгарве-2016 екінші кезеңінің таудағы Альто-да-Фойя (Alto da Foia) додасының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды velolive.com.32 жастағы испандық шабандоз мәреде Sky командасының британдық спортшысы Герант Томас (Geraint Thomas) пен LottoNl-Jumbo командасының словениялық шабандозы Примож Рогличті (Primož Roglič) артта қалдырды. Мәре сызығына дейін 10 шақырым қалғанда Зденек Штыбар (Etixx-Qiuck Step), одан кейін Роберт Гесинк (LottoNL-Jumbo), Диего Роса (Astana) және Нельсон Оливейра (Movistar) біріншілікке тартысты талас жүргізді. Соңғы шақырымда Луис-Леон Санчестің сәтті шабуылы оған жеңіс әкелді.        

Головкин мен Уэйд бетпе-бет кездесті

 Геннадий Головкин мен Доминик Уэйд Нью-Йорктегі баспасөз конференциясының барысында бетпе-бет кездесті.WBA (Super), IBO, IBF және WBC (Interim) нұсқалары бойынша орташа салмақта әлем чемпионы Геннадий Головкин Нью-Йорктегі баспасөз конференциясында 23 сәуірде Доминик Уэйдпен өтетін жекпе-жектің алдында өзін қалай сезініп отырғаны туралы айтып берді, деп хабарлайды  Sports.kz. «Қазіргі кезде өзімді әлдеқайда жақсы сезініп отырмын. Жаңа жыл, жаңа жұдырықтасу. Мен шаттанып отырмын, себебі бұл - бокс. Доминик Уэйдты құрметтеймін. Ол осыған дейін жеңілмеген спортшы әрі міндетті үміткер. Бұл өте күрделі. Бойымда жаңа эмоциялар бар. Кім жеңетінін білмеймін. Мен Құдай емеспін. Бұл бокс, жігіттер», - деп атап өтті қазақстандық боксшы. Өз кезегінде Уэйд алдағы жекпе-жекте GGG-нің жеңіске сенімді үміткер екеніне қарамастан, еш алаңдаушылық білдірмеді. «Мен оған назар аударып отырған жоқпын. Бұл мені алаңға шығып, әлемді таңғалдыруға ынталандыра түседі. Солай жасамақпын. Мен оған (Геннадий Головкин - авт.) тым артық баға берілді деп ойлаймын. Жұрт оны Супермэн қылып қойды. Мен оны сондай деп ойламаймын. Оның бокстағы ойынында осал тұстарын көріп отырмын. Ол қарапайым, бірақ айналасындағы шу көптеген адамды қорқытып отыр», - деп баяндады Уэйд. Еске сала кетейік, боксшылар арасындағы жекпе-жек 23 сәуірде «Форум» аренасында өтеді. Бұл Геннадий Головкиннің спорттық мансабындағы 35-ші жекпе-жегі болмақ. Доминик Уэйд 18 жекпе-жектің 18 бәрінде жеңіске жеткен, соның 12-сін ол уақытынан бұрын аяқтаған.    

Ертең Астанада ел тарихында екінші рет допты хоккейден Қазақстан чемпионаты басталады

Ертең, 20 ақпанда Астанада Қажымұқан мұңайтпасов атындағы орталық стадионда допты хокккейден (бенди) ересектер арасында  Қазақстан чемпионаты өтеді.Бұл туралы Ұлттық штаттық компандалалр және спортшылар резерві дирекциясының баспасөз қызметі хабарлады. Жаңа тарихымызда екінші рет бой көтеріп отырған дүбірлі жарысқа еліміздің 4 командасы қатысады. Олар: Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстары және Астана қаласының допты хоккейшілері. Жарыс 20 ақпаннан бастап күнде сағат 10:00-де басталады. Салтанатты ашылуы 22 ақпанда саған 16:00 өтеді. Ұйымдастырушылар - Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, Қазақстанның допты хоккей (бенди) федерациясы.     


«M-1 Challenge 64» турнирінде ақтөбелік С.Морозов ресейлікке қарсы шығады

Бүгін Мәскеудегі «Олимпийский» спорт кешенінде «M-1 Challenge 64»  турнирі өтпек. Оған 2014-2015 жылдары аралығында әуесқойлар арасындағы әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері, ММА жекпе-жегінен қазақстандық мықты спортшылардың бірі саналатын Сергей Морозов қатыспақ, деп хабарлады Қазақстан ММА федерациясынан.M-1 Global әлемдік промоушенімен келісімшартқа қол қойған ақтөбелік С.Морозов кәсіби жекпе-жегін ресейлік тәжірибелі спортшы Павл Витрукпен  өткізеді. Айта кетерлігі, бұл жекпе-жекте біздің спортшы жеңіске жететін болса, онда ол келесі кездесуін  M-1 Challenge чемпионы атағын үшін өткізуге мүмкіндік алады. Айта кетерлігі, С.Морозов бұған дейін 6 мәрте жекпе-жек өткізіп, олардың барлығында да мерзімінен бұрын техникалық нокаутпен жеңіске жеткен еді. Турнирді «Матч» телеарнасынан 00:30-да тамашалауға болады.      



Қазақстандық құзға өрмелеушілер Таиландта дайындықтан өтті

 Қазақстанның мықты құзға өрмелеушілері, яғни, ҚР Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының әскери қызметшілері кіші сержанттар Артем мен Никита Девятериковтар Таиландтың Краби қаласындағы Тонсай аралында оқу-жаттықтыру жиынын аяқтады.Армиялық спортшылар Қазақстан Республикасы құрамасының құрамында жаттықты. Шыңға өрмелеушілердің басты міндеті 8 (а)-дан бастап 8 (с)-ға дейін неғұрлым көп күрделі бағдардан өту болды. Барлығы армияшылар шамамен 30 бағдардан өтті. Артем мен Никита Девятериковтар халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері.  Бұл дарынды спортшылардан қазақстандық және әлемдік әскери спорт әлемінде үлкен үміт күтуге болады.  25 ақпанда «жылдамдық» және «болдеринг» түрлерінде спорттық құзға өрмелеу бойынша Қазақстан Республикасы кубогы бірінші кезеңінің сайысы басталатынын айта кетейік. Одан басқа, ақпанның 1-і мен 14-і аралығында Қырғыз Республикасының Ала-Арша шатқалында халықаралық альпинизм фестивалі аясында өткізілген техникалық дәрежедегі альпинизмнен әлем чемпионаты өтті. Сайысқа Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Украинаның 9 командасы қатысты. Қазақстандық құраманың негізгі құрамында альпинизмнен 1-дәрежелі спортшы ҚР ҚК-нің қызметкері Тұрсынәли Әубәкіров қатысты. Халықаралық альпинизм фестивалінің қатысушыларына 5 (а)-дан бастап 6 (а)-ға дейінгі күрделі санаттағы шыңды бағындыруға тура келді»,-  делінген Қорғаныс министрлігі таратқан ақпаратта     

VI қысқы Ұлттық Универсиаданың жабылу салтанаты «Kazsport» арнасында көрсетіледі

Бүгін, 19 ақпан күні кешкі сағат 21.00 де «Kazsport» телеарнасы Алматыда мәресіне жеткен VI қысқы Ұлттық Универсиаданың жабылу салтанатын көрсетеді, деп хабарлады «Қазақстан» РТРК» АҚ баспасөз қызметінен.Оңтүстік астанамызда өткен қысқы жарысты ұйымдастырушылар - 2017 жылы жалауын желбіретер Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың басты дайындығы деп бағалаған болатын. Ұлттық Универсиадаға Қазақстанның 35 жоғары оқу орындарынан 1000 студент қатысып, 10 спорт түрінен керемет нәтижелер көрсетті. VI қысқы Ұлттық Универсиадаға қатысты материалдарды «Kazsport»  телеарнасының ресми сайтынан көруге болады.      

Риода боксшыларымыз кем дегенде Лондон Олимпиадасындағы нәтижені қайталауы керек - С. Қонақбаев

Биыл Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін XXXI жазғы Олимпиада барысында боксшыларымыз кем дегенде 2012 жылғы Лондон Олимпиадасындағы нәтижені қайталауы керек. Бұл туралы бүгін Алматы облысының Талғар ауданында орналасқан Бүкіләлемдік бокс академиясында «Аруана» көпатқарымдық сауықтыру орталығының ашылу рәсімі барысында Халықаралық әуесқой бокс (АИБА) қауымдастығының вице-президенті, Азия бокс конфедерациясының президенті, АИБА-ның спортшылар және жастар жөніндегі комиссиясының төрағасы Серік Қонақбаев мәлім етті.«Бүгінгі таңда бокс бүкіл әлем бойынша жаңа деңгейге көтерілді. Әр елдерден мықты боксшылар шығып жатыр. Сол себепті боксшылар арасында бәсекелестік арта түсті. Бұған ұлттық құрама командамыздың 2015 жылы Доха қаласында өткен Әлем біріншілігіндегі сәтсіз өнері куә. Бұл жағдай біздің бапкерлердің алдына жаңа талаптар қойды. Боксшылардың физикалық және психологиялық даярлықтарына өзгерістер енгізілді. Сондықтан, енді биылғы Рио-2016 жазғы Олимпиадасынан да медальсіз қайтпаймыз деген үміттеміз. Бұл жерде менің жеке пікірім - кем дегенде 2012 жылғы Лондон Олимпиадасындағы нәтижені қайталауымыз қажет», - деді С. Қонақбаев. Сонымен қатар, ол жазғы Олимпиада ойындарына кәсіпқой боксшылардың қатысу мүмкіндігі туралы да өз ойын білдірді. «Бұл мәселе әзірге толық шешімін тапқан жоқ. Тек теория жүзінде қаралып жатыр. Қашан іске қосылатыны белгісіз. Бұл жерде әрине Халықаралық Олимпиада Комитетінің ресми рұқсаты керек. Оның үстіне бұл өте шетін мәселе. Неге десеңіз, әуесқой боксшылар мен кәсіпқой боксшылардың жарыстарға дайындалу және қатысу үдерісі әрқалай. Мысалы, кәсіпқой боксшылар бір бокс кешінде 12 раундтық сайысқа қатысқан соң, 3-4 ай үзіліс алады. Ал Олимпиада кезінде кем дегенде бес сайыс өткізуің қажет. Сондықтан, бұл мәселе бойынша да бапкерлер мен басқа да мамандардың нақты пікірлері өте қажет», - деді С. Қонақбаев. Айта кетелік, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында бокстан Қазақстан ұлттық құрама командасы 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медальге қол жеткізген болатын. Оның үстіне Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев (69 келі) техникалық шеберлігі өте жоғары боксшы ретінде Вэл Баркер Кубогына ие болған еді. Айтпақшы, Қазақстан Вэл Баркер Кубогына иелену жағынан АҚШ-тан кейін екінші орында келеді. Бұған дейін бұл кубокты 1996 жылғы Атланта Олимпиадасында 81 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, чемпион атанған Василий Жиров пен 2004 жылы Афина Олимпиадасында 69 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, алтыннан алқа таққан Бақтияр Артаев иеленген болатын. Ал АҚШ боксшылары бұл кубокты 5 рет алған. Ал, 2015 жылы Катар елінің астанасы - Доха қаласында өткен Әлем біріншілігенде бокстан Қазақстан құрама командасы бар болғаны 2 күміс медальге ғана қол жеткізген болатын.   


Еуропа Кубогында ШҚО өрт сөндірушісі жүлделі орынға ие болды

Серебрянск қаласындағы №19 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Дмитрий Бармашов Франция, Италия және Австриядағы  фристайл бойынша могулдан Еуропа Кубогына қатысты.Спорттық жарыстар шамамен бір айға дейін созылды. Әр кезең 200 метр мен 2 трамплиннен тұрды. Мұнда спортшылардың жүру және секіру техникасы, жылдамдығы бағаланды Жеке могулда Дмитрий Бармашов екінші, жұптық могулда бірінші орынға ие болды.  Алдағы уақытта Еуропа Кубогы  Санкт-Петербор, Финляндия және Швецияда жалғасады.  Дмитрий Бармашов оларға да қатысады, деп хабарлады ведомствода.   



Бүкіләлемдік бокс академиясында сауықтыру орталығы ашылды

Бүкіләлемдік бокс академиясында көпбейінді сауықтыру орталығының ашылуы - боксшылардың спорттағы өмірін ұзарта түседі. Бүгін Алматы облысының Талғар ауданында орналасқан Бүкіләлемдік бокс академиясында «Аруана» көпбейінді сауықтыру орталығының ашылу рәсімі барысында Халықаралық әуесқой бокс (АИБА) қауымдастығының вице-президенті, Азия бокс конфедерациясының президенті, АИБА-ның спортшылар және жастар жөніндегі комиссиясының төрағасы Серік Қонақбаев осылай деді.«Көрермендер, жанкүйерлер әдетте спортшылардың тек жарыстардағы көрсеткен өнерін тамашалайды. Ал мұның артында қандай ауыр еңбектің тұрғанын сезіне бермейді. Үлкен спорт - үлкен күш-жігерді талап етеді. Ал спортшылар белгілі бір салмақ дәрежесінде өнер көрсеткендерімен, бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Әрқайсының психологиялық, физикалық қарым-қабілеті әрқалай. Сондықтан, спортшыларды жарыстарға даярлауда немесе жарыстан кейін тез қалпына келтіруде әрқайсына жеке-жеке тәсілдеме қажет. Бұл орталық осындай тәсілдемелерімен ерекше. Мұнда әрбір спортшыға дербес бағдарлама әзірленеді. Сондықтан, боксшылар және басқа да спортшылар осы орталықтың арқасында тез оңалатын болады және олардың спорттағы өмірі ұзара түседі», - деді С. Қонақбаев.  Сонымен қатар, ол алдағы аптада Англияның Манчестр қаласында Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы комиссиясының кезекті отырысы өтетіндігін мәлімдеді. «АИБА соңғы жылдары бокс саласына көп жаңалықтар енгізіп жатыр. Бұл тұрғыда біздің комиссия өте маңызды роль атқарады. Біз алдағы отырыстың күн тәртібінде қаралатын мәселелердің тізімін күні кеше ғана алдық. Бүгін-ертең осы мәселелерді талқылап, алдағы дүйсенбі күні Англияға ұшамыз. Енді, онда қаралатын негізгі мәселелердің бірі - жарыстарға қатысатын боксшылардың жасына өзгеріс енгізу. Яғни, жас боксшыларға 18 жастан бастап-ақ, үлкен халықаралық жарыстарға қатыса беруге рұқсат беру. Бүгінде спорт талабы барған сайын қаталданып барады. Бәсеке көп. Сондықтан, әрине бұл мәселелерді медициналық тұрғыдан және жас боксшылардың психолгиялық және функционалдық даярлығы тұрғысынан мұқият талқылайтын боламыз», - деді С. Қонақбаев.       


Геннадий Головкин: Чемпиондық белбеудің барлығына қол жеткізгім келеді

IBF/IBO/WBA нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин барлық титулға қол жеткізгісі келетінін айтты, деп хабарлады sports.kz.23 сәуірде Лос-Анджелесте Головкин IBF титулына міндетті үміткер Доминик Уэйдпен жекпе-жек өткізеді.   «Барлық титулға қол жеткізгім келеді. Уэйд жас және жақсы боксшы. Ол міндетті үміткер. Мен боксшымын. Жалғыз Альвареспен ғана емес, басқалармен де жақсы жекпе-жектер болғанын қалаймын. Барлық белбеудің иегері болғым келеді», - деген Головкиннің сөзін BoxingScene келтірді.      



Қазақстандық Жанқош Тұраров спарринг-қарсыласын нокдаунға жіберді

25 жастағы қазақстандық боксшы Жанқош Тұраров кәсіби шаршы алаңдағы келесі жекпе-жегіне дайындалып жатыр.Тұраровтың келесі қарсыласының есімі әзірге хабарланбады, деп жазды sports.kz. Қазір қазақстандық Майамиде жаттығу  өткізіп жатыр. Спарринг кездесулердің пірінде Жанқош қарсыласын нокдаунға жіберді. 

Кез келген спортшы жоғары нәтижеге денсаулығын сақтай отырып қол жеткізуі тиіс - Г. Ким

Бүгін Алматы облысының Талғар ауданында орналасқан Бүкіләлемдік бокс академиясында Қазақстанда тұңғыш рет «Аруана» көпатқарымдық және көпбейінді сауықтыру орталығы ашылған болатын. Оған еліміздегі спорт федерацияларының басшылары мен дәрігерлері, сондай-ақ осы салда еңбек ететін қытайлық, ресейлік және венгриялық мамандар қатысты.«Еліміз бойынша тұңғыш рет ашылып отырған бұл сауықтыру орталығы дәстүрлі медицина мен дәстүрлі емес медицинаның бүкіл жетістіктерін қамтитын болады. Мұнда мысалы Қытайда ғасырлар бойы қолданылып келген мануальды терапия, сондай-ақ, Еуропа елдері психологтарының әдістемелері пайдаланылады. Сондай-ақ, бұл орталық соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталады. Біздің мақсатымыз - спортшыларға денсаулықтарын сақтай отырып, жоғары нәтижеге қол жеткізуге көмектесу. Өйткені, бүгінде спортшыларға көп міндеттер жүктеледі. Олар сол міндеттерді орындау барысында әр түрлі жарақаттар алып қалады немесе психологиялық дағдарықа ұшырап жатады. Міне, біздің орталық оларға осы тұрғыда көмек көрсетеді. Біз әрбір спортшымен жеке жұмыс істейміз. Олардың мүмкіндігіне байланысты сауығу, қалпына келу, жаттығу, тамақтану, психология және басқа да бағыттар бойынша жеке-жеке бағдарлама әзірлейтін боламыз. Бұл бірнеше айдан бір жылға дейінгі мерзімді қамтуы мүмкін», - деді «Аруана» сауықтыру орталығының бас дәрігері Галина Ким. Сонымен қатар ол бұл орталықта болашақта спортшыларға ғана емес, тұрғындарға да көмек көрсетілетіндігін айтты. «Менің арманым біздің әдістемелерді болашақта инсульт, инфаркт дертіне ұшыраған, әр түрлі жарақат алған науқастарға, сондай-ақ сал ауруынан зардап шегетін балаларға да қолдану», - деді Г. Ким.   


Қазақстандық боксшы Б. Сойлыбаев Солтүстік Американың чемпионы болды

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Бекман Сойлыбаев алғашқы титулдық жекпе-жегінде жеңіске жетіп, Солтүстік Американың чемпионы болды.25 жастағы Бекман Сойлыбаев екінші орта салмақта WBA - NABAUSA (Солтүстік Америка чемпионы) белдігін алды. Ол алты раундтық жекпе-жекте 28 жастағы мексикандық Мойзес Дельгадиллоны төрешілер шешімі бойынша жеңді. Сойлыбаев кәсіпқой бокста ctu3p жекпе-жек өткізіп түгелінде жеңген. Осының алдындағы кездесуін 2015 жылы желтоқсанда грузин Кахабер Аветисянмен өткізіп жеңіске жеткен. Аветисян өз карьерасында 78 кездесу өткізіп, 43 жеңіске жетсе, 34 жеңіліп, 1 кездесуінде тең түскен. Ал Дельгадилло 31 кездесуіндегі 14 жеңілісіне ұшырады (15 жеңіске жеткен, 2 тең түскен). Бұл - Сойлыбаевтың алғашқы титулы, деп жазады Аламан.     


Оралда шорт-тректен ҚР чемпионаты мәреге жетті

Оралда шорт-тректен жасөспірімдер арасында Қазақстан біріншілігі мәреге жетті.Жарыстың бас төрешісі Максим Лозовойдың хабарлағанындай, чемпионат төрт жас ерекшеліктеріне қарай өтіп, жеңімпаз-жүлдегерлер анықталды. Мысалы, аға жастағы жасөспірімдер арасында 1500 метр қашықтықта астаналық Дінмұхамед Жолдас, батысқазақстандық Әділ Ғалиахметов, 1 мың метрден Нұрлыбек Бейсеев (ОҚО), 1500 метрлік суперфиналда тағы да Ә.Ғалиахметов жеңімпаз атанды. Аға жастағы қыздардан 1500, 1000 және 500 метр қашықтықтың бәрінде батысқазақстандық Ғалия Жұмағазиева алдына жан салмады. 1500 метрлік суперфиналда Ксения Подчасова бірінші келсе, Ғалия екінші орынды еншіледі. Орта жастағы қыздардан 1 мың метр, 800 метр және 1 мың метрлік суперфиналда қостанайлық Қадиша Бақыткереева ешкімге дес бермеді. 500 метрде тағы бір қостанайлық Әсел Тайшыманова озды. Орта жастағы жасөспірімдерден 1 мың метр, 800 метр және 1 мың метрлік суперфиналда қостанайлық Глеб Ивченко чемпион атанды. 500 метрде тағы бір қостанайлық Даниэль Юрчуктің бағы жанды. Кіші жастағы қыздар арасында 800 метрден батысқазақстандық Дарья Задирайконың, 333 метрден шығысқазақстандық Мария Горбунованың, 500 метрден және 800 метрлік суперфиналдан қостанайлық Фариза Белжанованың мерейі үстем болды. Кіші жастағы жасөспірімдер арасында 800, 333 және 500 метр қашықтықта қостанайлық Вадим Садовников үздік атанса, 800 метрлік суперфиналда тағы бір қостанайлық Никита Овражко чемпиондық атаққа қол жеткізді. Сондай-ақ кішкентай қыздар арасында 500 метрден астаналық Іңкәр Нұрланова, 222 және 333 метрден батысқазақстандық Алина Әжіғалиева озса, балалардан 500, 222 және 333 метрден қостанайлық Григорий Рыбалко мәреге бірінші келді.  Эстафеталық сында аға жастағы жасөспірімдер арасында 2000 метрлік қашықтықта БҚО құрамасы (Әділ Ғалиахметов, Айбек Қадыров, Ғалым Хасанов, Азамат Үмбетқалиев), қыздардан қостанайлықтар чемпион атанды. Сол секілді орта және кіші жастағы бозбалалар мен қыздар арасында тағы да қостанайлықтар бірінші орынға шықты. Кішкентай қыздар арасында 1500 метрден БҚО құрамасы (Нарғыз Омарова, Алина Әжіғалиева, Анеля Керей) үздік болса, балалардан қостанайлықтар озды.Айта кетейік, жарысқа Астана қаласы, Алматы, Қостанай, Қарағанды, Шығыс, Оңтүстік және Батыс Қазақстан облыстарынан барлығы 160 шорттрекші қатысып, бақ сынады.        


Спортта медицина мен психология ғылымдарының көмегінсіз жоғары нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес - Ю. Цхай

Үлкен спортта бүгінгі таңда медицина мен психология секілді ғылымдардың көмегінсіз жоғары нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Бүгін Алматы облысының Талғар ауданында орналасқан Бүкіләлемдік бокс академиясында «Аруана» көпатқарымдық және көпбейінді сауықтыру орталығының ашылу рәсімі барысында Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті, КСРО және ҚазКСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Юрий Цхай осылай деді.«Мен өз басым консервативті адамдардың бірімін. Жаңалықтарға сын көзбен қараймын. Бірақ, дәл бүгінгі таңда ғылымның көмегінсіз, яғни медицина, психология және басқа да ғылымдардың көмегінсіз үлкен спортта жоғары нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Соған көзім жетті. Қазір, бапкерлеріміздің де ғылыми негізде жұмыс істей бастағаны мені қуантады. Бұрын, кеңес заманында біз боксшылардың бар күш-қуатын сарқа жұмсап жүріп жететін биігіміз ол Олимпиада ойындары болатын. Одан әрі боксшының спорттағы өмірі аяқталатын. Ал қазір басқаша. Бір ғана бапкердің түйсігіне, ақылына иек артатын заман келмеске етті. Қазір, мынадай ғылыми орталықтардың арқасында спортшылардың спорттағы өмірін ұзартуға болады. Олар, Олимпиададан кейін де мысалы кәсіпқой бокста өнер көрсете алады. Яғни, ғылыми орталықтар арқылы спортшының тылсым күш-қуатын, әлеуетін дамытуға әбден болады», - деді Ю. Цхай. 


Ғылыми, спорттық медицинаның көмегімен екі дүркін Олимпиада чемпионы болар едім - Е. Ибраимов

Егер біздің кезімізде Қазақстанда ғылымға негізделген, заманауи, спорттық медициналық орталық болғанда, менің екі дүркін Олимпиада чемпионы болуға мүмкіндігім болар еді.  Алматы облысының Талғар ауданында орналасқан Бүкіләлемдік бокс академиясында «Аруана» көпатқарымдық сауықтыру орталығының ашылу рәсімі барысында «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов осылай деді.«Біздің кезімізде боксшылардың спорттағы жолы қысқа болды ғой. Физикалық мүмкіндігімен, жігерімен, бапкерлердің күшімен чемпион болып жүрді. Ол кезде 30 жасқа дейін мүмкіндігіңді көрсетсең көрсеттің, көрсетпесең, «сау бол» дейтін. Ал қазір, ғылымға негізделген, инновациялық технологиялар мен бейстандарттық әдістемелермен қамтылған спорттық медицинаның арқасында спортшының спорттағы өмірін ұзартуға мүмкіндік ашылды. Енді, боксшылардың спорттағы жасы 35, бәлкім 36-37 жасқа дейін ұзарса деген ойымыз бар. Мен мысалы, 24 жасымда Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері атандым. 2000 жылы - 28 жасымда Сидней Олимпиадасында жеңіс тұғырына көтерілдім. Ал егер, менің кезімде Қазақстанда ғылымға негізделген, заманауи, спорттық медициналық орталық болғанда, екі дүркін Олимпиада чемпионы болуға толық мүмкіндігім болар еді. Әйтпесе, 32 жас - ер азаматтың нағыз пісіп жетілген кезі ғой. Біржан Жақыпов қазір 32 жаста. Оның әлі де жоғары жетістікке қол жеткізер мүмкіндігі зор», - деді Е. Ибраимов. Айта кетелік, алдағы наурыз айынан бастап, бокстан жастар және жасөспірімдер ұлттық құрама командалары аталмыш орталық мамандарының ақыл-кеңесін алатын болады.       



Эрфан Зенели мен Ягуби Муштаг «Шахтердің» келісімшартына қол қойды

 Қарағандының «Шахтері» құрамына Эрфан Зенели мен Ягуби Муштаг қосылды, деп жазады Sports.kz.29 жастағы жартылай қорғаушы Зенели финдердің ХИК-і мен «Клуби-04», сондай-ақ израильдің «Маккаби» (Петах-Тиква) клубтарының сапында болған. Сондай-ақ Финляндияның ұлттық құрамасының үш матчында ойнаған. 21 жастағы орталық алаң ойыншысы Ягуби Муштаг финдердің «Хонка», «Паллохонка» және «РоПС», латвияның Юрмаласының «Спартагінде», мәскеулік «Динамо» клубтарында ойнаған. Финляндия құрамасында 2013 жылы 31 қазанда Месика құрамасына қарсы ойында дебют жасап, көзге түсті.Қарағанды клубы екі ойыншымен бір жыл мерзімге шарт жасасты. 


Қазақстандық армияшылар Таиландтағы грек-рим күресінен әлем чемпионатында үш «қола» жүлдені жеңіп алды

Ақпанның 17-і мен 21-і аралығында Таиланд астанасы Бангкок қаласында күрестің үш түрінен - грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Азия чемпионаты өтуде. Екі күнгі жарыстың қорытындысы бойынша АОСК командасының спортшылары грек-рим күресінен жүлделі орынға ие болды.59 келі салмақта қола жүлдені 2015 жылғы СИЗМ Бүкіләлемдік армия ойындарының чемпионы ҚР ҚК қызметкері Мейрамбек Айнағұлов иеленді.  Жартылай финалда Таиландтың спортшысы Ритисак Праванд жеңіліп қалды. ҚР ҚК қызметкері Дархан Баяхметов 71 келі  салмақта қола жүлдені қанжығасына байлады. Үшінші орын үшін күрес барысында ол Түркіменстандық Дидар Аманназаровты 11:2 есебімен ойсырата жеңді. 80 келі салмақта қола жүлде үшін бақ сынасуда халықаралық дәрежедегі спорт шебері ефрейтор Асхат Ділмұхамедов Қытайдың палуанын мерзімнен бұрын жеңді. Бұдан өзге, 2016 жылғы ақпанның 18-і мен 20-ы аралығында Анталия қаласында таэквондодан IV Еуропа чемпионаты өтті. Жарысқа әлемнің 40 елінен 700-ден астам спортшы қатысуда. Чемпионат барысында ҚР Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының спортшылары жүлделі орындарға ие болды. Сонымен, Қазақстан Республикасының таэквондодан спорт шебері кіші сержант Алмас Мұқажанов 5 кездесу өткізіп, 63 келі салмақта күміс медальға ие болды.  87 келіден жоғары салмақта  ҚР спорт шебері, келісімшарт бойынша қатардағы жауынгер Руслан Жапаров чемпионаттың қола жүлдегері атанды. Жартылай финалда ол таэквондодан әлем чемпионы әзірбайжандық спортшыдан жеңіліп қалды.        



Қазақстандық балуандар Азия чемпионатынан төрт медаль олжалады

Бангкокта 2016 жылғы Азия чемпионатының төртінші күні өз мәресіне жетті. Қазақстандықтар бұл күні 4 медаль олжалады.Қыздар арасында 58 келіге дейінгі салмақта Айым Абдильдина қырғыз қызы Айсұлу Тыныбековоға жол беріп, күмістен алқа тағынды. Ерлер арасында Нұрлан Бекжанов та екінші сатыдан көрінді. Ол 65 келі салмақта ирандық Мейсам Насирге жол берді. Бақдәулет Алментай есімді балуанымыз (97 кг) жапондық спортшыны жеңіп, қолаға қол жеткізді. Ал, Жігер Закиров жарақатына байланысты белдесуден бас тартып, күмісті қанағат тұтты. Қазіргі сәтте Қазақстан қоржынында 14 медаль бар.       

Допты хоккей: Оралдың «Ақжайығы» қарсыласын тағы да ірі есеппен ұтты

Допты хоккейден «Жоғары лига» бүкілресейлік жарысының екінші тобында ойнайтын Оралдың «Ақжайығы» кеше Краснотурьинскінің «Маяк» командасын қабылдап, 7:2 есебімен жеңіске жетті.Бұл кездесуде «Ақжайық» құрамында өнер көрсететін ресейлік хоккейшілер Максим Пьянов бес, Сергей Башаев екі доп соғып, мергендік танытты. Сөйтіп С.Башаев осы маусымда соққан гол санын 32-ге, М.Пьянов 20-ға жеткізді. Мұның алдында оралдықтар өз айдынында Воткинскінің «Знамя-Удмуртия» командасын екі мәрте ірі есеппен ұтқан болатын. Кешегі ойында 9 қаңтар күні Саратовта жергілікті «Универсалмен» өткен матчта жарақат алып, допты хоккейден әлем чемпионатына қатыса алмай қалған Қазақстан құрамасының мүшесі, «Ақжайықтың» капитаны Ескендір Нұғмановтың айдынға қайтадан шыққанын айта кетейік. Бүгін аталған командалар екінші кездесуін өткізеді. Екінші топта 25 ойыннан кейін 32 ұпай жинаған «Ақжайық» алтыншы орында келеді.     

Лиллехаммер қысқы Олимпиадасы: шорттрекші Анита Нагай қола жүлдені жеңіп алды

Батысқазақстандық шорттрекші Анита Нагай Норвегияның Лиллехаммер қаласында өтіп жатқан жасөспірімдердің қысқы Олимпиадасында аралас командалық жарыста қола жүлдені еншіледі.Vesti.kz сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Анита құрамына одан басқа Катрин Манойлова (Болгария), Карлис Крусберг (Латвия), Казуки Йошинага (Жапония) кірген «6 команда» сапында 4:17.181 минут уақыт көрсетіп, мәреге үшінші келді. Бұл сында алтын медальді «2 команда» (норвегиялық Ане Бай Фаршиада, оңтүстіккореялық Джи Ю Ким, бельгиялық Стейна Десме және франциялық Квентин Феркок, 4:14.413 минут), күміс жүлдені «3 команда» (венгриялық Петра Язапати, австралиялық Джулия Мур, голландиялық Тьерк Де Боер, жапониялық Киичи Шигеиро, 4:14.495) жеңіп алды.   Еске сала кетейік, бұл - қазақстандықтардың жасөспірімдер олимпиадасындағы төртінші медалі. Мұның алдында биатлоншы Арина Пантова мен мәнерлеп сырғанаушы Элизавет Тұрсынбава қола, конькиші Анвар Мухамадиев күміс жүлдені иеленген болатын.      


Батысқазақстандық балуан Минскіде өткен халықаралық турнирде күміс жүлдегер атанды

Минск қаласында үш мәрте олимпиада чемпионы Александр Медведьтің жүлдесі үшін еркін күрестен өткен халықаралық турнирде БҚО ішкі істер департаментінің қызметкері Екатерина Ларионова күміс жүлдегер атанды.Департаменттің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталған жарысқа әлемнің 25 елінен мықты балуандар қатысып, бақ сынады. Е.Ларионова 63 келі салмақта екінші орынға көтерілді. Еске сала кетейік, бұл - Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Екатеринаның жыл басынан бергі үшінші медалі. Ол қаңтардың орта тұсында Таразда өткен ел чемпионатында жеңімпаз атанса, одан кейін сол айдың аяғында Красноярскіде «Иван Ярыгин» ХХVII халықаралық Гран-при турнирінде қола жүлдені еншілеген еді.      


Алексей Ни: Риода өтетін Олимпиада Қазақстанның ауыр атлетика тарихындағы ең сәттісі болмақ

Ауыр атлетика бойынша Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Алексей Ни республикалық   Sports.kz  интернет порталы тілшісіне берген сұхбатында ауыр атлетика құрамасының Олимпиадаға дайындығы, олимпиада алдындағы жарыстар жайлы айтты, сондай-ақ Бразилиядағы Қазақстан спортшыларының негізгі бәсекелестерін атады.- Алексей Геннадьевич, біздің атлеттер де іліккен допинг жайлы дау-дамай көпшілік үшін күтпеген жағдай болды десе де болады... Алдағы уақытта осындай жағдайларға жол бермес үшін Федерация не істеуі қажет деп ойлайсыз? -  Бұл сұрақты Федерацияға қойған жөн болар. -  Мұның бәрі біздің атлеттерді «орнына қою» мақсатында және Риода Қазақстанды медаль алу   мүмкіндіктерінен айыру үшін жасалып жатқан жоқ па? - Бұл жайлы ештеңе айта алмаймын. Менің жұмысым - команданы жаттықтырып, жарысқа дайындау. -  Жазғы олимпиадалық ойындар алдында біздің отандастардың қатысуымен қандай жарыстар өтеді? -  3-7 маусымда Талдықорғанда Қазақстанның іріктеу чемпионаты өтеді. Басқа да жарыстар бар, ал негізгісі - ел чемпионаты, оған Ильин, Подобедова, Чиншанло және басқа да көшбасшылар қатысады. Төрт әйел, қосымша екі спортшы, алты ер адам, оған да қосымша екі адам іріктейміз. Нәтижелер әлемдік рейтингте үшінші орыннан төмен болмауы тиіс. Бәрі бірден байқалады: егер көтерсе - жақсы, көтермесе - көтермегенін бәрі көреді. Бұрынғы  жетістіктері назарға алынбайды. Қазақстан чемпионатында 90 пайыздық дайындық өтеді. Айқас Олимпиадаға қарағанда, күштірек болады. Ел чемпионатына 30-ға жуық спортшының қолжетімділігі бар. Дайын спортшы Риоға барады. Олимпиадаға жарысқа бес күн қалғанда, үш топ болып ұшамыз. Бейімделу үшін бес күн жетеді. Бұл тексерілген. -   Рио-де-Жанейрода ұлттық командада танылған көшбасшылардан тыс кімнен жағымды тосын сый күтесіздер? - Әр жұма сайын тексеріп отырамыз. Іріктеуден кім өтеді, сол барады. Жоғары орындарға таласу үшін ең лайықты спортшылар таңдалады. Он адамның барлығы - лайықты. Дегенмен мен болжам жасап, уәде бере алмаймын. Бұл біз үшін ауыр атлетикадағы ең сәтті Олимпиада болады деп ойлаймын. Бапкерлік құрамға тәжірибелі, мықты адамдар таңдалды. Командада 2-3 цикл бойынша бапкерлер бар. Мен үшін бұл алтыншы Олимпиада. -   Дайындық кесте бойынша өтіп жатыр ма? -Дайындық жоспары Қазақстан кубогында Қызылордада республикалық бапкерлер кеңесінде жасалды. Наурызға, сәуірге, мамырға жаттығулар бойынша кесте жоспарланды. Бастысы - жұмыс істеу керек, жұмыс істеу керек және жоспарды орындау қажет. Содан соң іріктеуге көшеміз. - Илья Ильин, таяуда әлемдік рекордты жаңартқаны белгілі,  Жазғы ойындарда оның жеңіске деген мүмкіндіктерін қалай бағалаған болар едіңіз? -  Жеңу міндетін қоя білді. Әрқашан міндет қоя білу қажет. Реті келсе - рекорд жасайды. Грозныйда әлемдік рекорд орнату міндеті тұрды. Хьюстонда командаға жұмыс істеу керек болып, ол бара алмады. Рекорд жаңартуға ұмтылып, жолдары болмай, қарсыластары озған талай спортшыларды білемін. Илья қарсыластарын 1 келіге немесе Алматыдағы сияқты тек салмағы бойынша  болса да жеңсе деймін. -  Бразилияда біздің спортшыларға басты бәсекелестер кім? -  Олар әлемдік ауыр атлетика көшбасшылары: Қытай -  №1 команда, Солтүстік Корея -   № 2 команда, Ресей -   №3 команда. Тағы да бірнеше елдер бар, алайда оларда 1-2 спортшыдан ғана. Ал команда ретінде үш бәсекелес.  Біз жалпы есепте үшінші орынға Ресеймен бәсекелесеміз.    -  Мықты бапкер дарынды байқап қана қоймай, психолог та болуы қажет.   Қамқорлығыңыздағы спортшылардың одан әрі жетістікке ұмтылуына күш беріп, көп жағдайда олимпиадалық немесе әлемдік «алтын»  алатынына    сеніміңіз басым екені байқалып жатады. - Бәріне айтып отырамын: «Жұмысты мимен ойлап бастау қажет» деп. Штангашыларға күшпен қоса, бас қажет.   Спортшы жарысқа келіп, медальды ұтуы қажет екенін білуі қажет.   Ол жан-жақты болғаны абзал. Жарысқа  барлығы мінберге көтерілу үшін барады.  Психолог та штангашы болып, спорттың бұл түрін білуі керек.   Спортшылар психологиялық тестке мән бермейді. Олар оны орындамай, ұйықтап отырады. Ешбір психолог тізесі жыртылып, шынтағы шығып кетпес үшін штанганы қалай көтеру қажеттігін түсіндіріп бере алмайды. Егер ол  қазір темірді көтере  алмаса, онда Қазақстан чемпионатында ол жетістікке жете алмайды.  Олимпиада - мүлдем басқа жарыс. Спортшыға ол табиғатынан берілмесе, Олимпиадада жеңіліп қалады. Дарыны болған күнде  де ол үлкен  дайындықтың арқасында ғана биікті еңсереді.   -   Көбі допингке түсіп қалуда, әсіресе, бұл посткеңестік кеңістік елдерінің өкілдері. Бұған   медперсонал  біліктілігінің қатысы бар ма? - Мұның қыр-сыры көп. 1 қаңтардан бастап тыйым салынған  препараттардың жаңа тізімі енгізілді.   Оған жүрек бұлшық етінің жұмысын жақсартатын милдронат  дәрумені де енгізілген,  бұрын мұны қабылдауға рұқсат болған. Посткеңестік елдер   - «қоқыс шұңқыры» сияқты, мұнда жасанды препараттар әкелінеді.   Хьюстонда әлемдік чемпионатта посткеңестік спортшылардан 22 адам, үш солтүстіккорейлік түсіп қалды. Америкалықтар мен Еуропа бәрін ерте біліп отырады, оларда ақпарат барынша қолжетімді.  Құрамына не қосқанын толық жазбайтын (тыйым салынған қоспалар) арзан препараттар, биоқоспалар бар.   Америка, неміс препараттары - қымбат, ал Гонконг пен Қытайда   арзан. Қытайлықтар жасанды препарат сатуы мүмкін, Ловчев пен Зубова осылай ұрынып қалды.  Олар тікелей допинг қабылдамайды, себебі жарысқа түсу құқығынан айырылатынын біледі. Ал бұл препараттар ағзада ұзақ уақыт сақталады екен.  - Алексей жұмыста эмоцияға берілмейсіз. Үйде қандай отағасысыз? - Оны үйдегілерден сұраған жөн шығар. Жұмыс бөлек, ал үй мүлдем басқа.  Үйде балаларың, әйелің, анаң, ағаң, әпкең бар, өз-өзіңмен демалуға жақсы. Жұмыстағы эмоция  - күйзелістің белгісі. Кейде оң, кейде теріс болып жатады. Жарыстарда тәулік бойы ұйықтамай жүретін кездер болады.  Тіпті 3-4 келі салмақ тастаймын. Сол кезде өзімді 10 литр қан берген донор сияқты сезінемін.  Күшің сарқылады. Ал үйде демалып, тынығасың.        

Қазақ халқының Асық ойынының ұлттық мәдениетіміздегі алатын орыны қандай?

Халқымыздың ұлттық спорттық ойындарының бірі - асық ату. Қазақ баласы асықты кезкелген жерде күндіз де, түнде де ойнай берген.Күндізгі ойындар балаларды мергендікке тәрбиелесе, түнгі ойындар ептілікке тәрбиелеген. Бірақ, бүгінгі күні сол ұлттық құндылықтарымыздан алыстап барамыз. «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» дегізіп, ұлттық ойынымызды ұмыттыра бастады. Енді «асық ойнаған азбайды, доп ойнаған тозбайды» деп ұрандататын сәт келіп жетті... Асық ойынының қазақ мәдениетіндегі орынын дана халқымыздың «қой асығы демей-ақ, қолыңа толса сақа тұт», «асығы алшысынан түсті», «бүге-шігесіне дейін анықталды» деген сөз тіркестерінен-ақ байқауға болады.  Халқымыздың жақсы көрген жас жеткіншекті  «алтын асықтай немесе киіктің асығындай шымыр» деп  сипаттауы тегіннен тегін емес. Осыдан-ақ, ұлтымыздың асықтың маңызы мен мәнін жете түсінген танымдық көзқарасын байқауға болады. Асық - төрт түлік мал мен аңдардың тілерсегінде болатын, бітісі бөлек, қызметі аса күрделі,  буынға біткен шымыр сүйек. Қазақ ұғымында асық тек балалардың ойын құралы ғана емес,  өзіндік қасиеті бар мағыналы бұйым. Содан да болар,  ұлтымызда баласы ұл болса,  пәле-жаладан аулақ, қарымды, қайратты болсын деп бесігінің басына бөрінің, ал қыз болса сұлу, көрікті болып бөйжетсін деп бесігіне еліктің асығын тағатын әдет бар. Келіні құрсақ көтергенде,  атасы мен әжесінің ырымдап асық жинайтын әдеті де  «немерем ұл болсын,  келінге көз тимесін,  аман - есен босансын» деген ырыммен үндесіп жатыр. Қазақ халқында бейне жауырынға қарап болжам жасап,  бал ашқан секілді асық үйіріп те болжам айтатын ескілікті әдет болған.  Жаугершілік заманда бабаларымыз соғыс стратегиясын,  соққы беретін түйіндерді асықты шашып жіберіп түсіндіріп,  соғыс жоспарын жасағаны туралы деректерді де кездестіруге болады. Ал асық арқылы бал ашу мақсатымен «аңшының олжасынан,  жолаушының жолынан,  жоқ іздеген жоқшының соңынан,  құрған қақпанның қанынан хабар бер» деп тілек сөз айтып асық үйірген. Асық жинау және асық ойнау - қазақ халқының, әсіресе, қазақ жастары мен балаларының ерекше сүйікті істерінің бірі болған. Асық ойынын қырғыз,  қарақалпақ халықтарының бәрі ойнағанымен,  бірақ олардың асық ойынының түрлері қазақтікіндей мол емес. Айталық,  алшы,  омпы,  хан ойыны,  кентәй ату,  үштабан,  қақпақыл,  сасыр  т. б. сияқты ойындар бүкіл қазақ даласына жалпыласқан.  Ойыншылар асықты жаз жайлауда,  қыс қыстауда,  үй ішінде,  далада, тіпті мұз үстінде де ойнай беретін болған.  Кейбір асық құмарлар мен сал-серілер дорбаларына салып алып,  ел аралап, аты шыққан ойыншыларды іздеп барып өнер сынасқан. Кезінде ата-бабаларымыз асық ойынын осындай ұлттық деңгейге дейін көтергені тегіннен тегін емес. Өйткені асық ойыны балалардың жастайынан төзімділікке шыңдап, оларды мергендікке,  ұстамдылыққа,  байсалдылыққа, қағылездікке тәрбиелеген.  Асықтарды қаз-қатар тізу кезінде олардың санын алу,  кейін ұтысты есептеп,  ұпай бөліскенде асық санау баланың математикаға бейімін арттырып қана қалмай,  балаларды көз мергендігіне, қол буындарының икемді болуына баулиды.  Асық ойнағанда адамның тек екі қолы емес,  ойлау мүшелерінен бастап,  иығы,  аяғы,  барлық бұлшық еттері қимылдайды. Былайша айтқанда,  асық ойнаған бала жүгіреді, секіреді,  көздейді,  жеңеді,  жеңіледі,  ұтады,  ұтылады...  Міне осының бәрі таза бәсеке, таза дене тәрбие. Қазақтың әйгілі батыры Бауыржан Момышұлы «Асық - үлкен халықтық тәрбие» деп бағалауының сыры да осында болса керек. Халқымыз жетіген аспабының тиегіне асық қоюдан сырт, асықтан естелік бұйымдар мен әшекей бұйымдарын да жасайды.  Мұның жанды мысалы ретінде айта кетейік, алматылық шеберлер еліміздің түкпір-түкпірінен 8500 асық жинап,  алты айда ақбозаттың мүсінін тұрғызғаны бұл соның айғағы. Бұл ғана емес, асықтан шетелдегі қандастарымыз да неше түрлі мүсіндер жасап, алдын Гиннес рекордтар кітабына енгізіп үлгерді. Айталық, Қытайдағы қандастарымыз осыдан біраз уақыт бұрын қой асығынан Шыңжаң Автономиясының құрылғанына 60 жыл толуына орай, мерекеге арнап, асықтан  Шыңжаң өлкесінің картасын және Қытайдың бес жұлдызды қызылтуын жасап көпшіліктің назарын өзіне аударған болатын. Қытайдың «Халық газеті» сайтының мәліметіне сүйенсек, Іле аймағына қарасты Күнес ауданының 5- орта мектебі ұлттық дәстүр тәрбиесін мектепте оқытылатын пәндердің қатарына енгізіпті. Оны тек сабақ ретінде оқытып қана қоймай, дәстүрді ұрпақ санасына құюды шынайы іспен ұштастырып жатыр. Соның бір мысалы аталмыш мектептің оқушылары өз қолдарымен әлемдегі ең алып асықтың мүсінін құрастырып, мектеп алдындағы алаңқайға орнатыпты. Алып асықты жасау үшін кәдімгі кішкене асықтардың 10 мыңға жуық данасын жинауға тура келген. Осынша асықтан жасалған үлкен асықтың биіктігі 2.6 метр, көлденеңі 1.3 метр, ені 90 сантиметр болған. Мүсінді қолөнерге баулитын мұғалімдерінің жөн сілтеуімен 10 оқушы ақылдаса отырып жасаған екен. Оған бір ай уақыттарын арнаған. Формасын келісті, әрі нығыз, сапалы етіп, сәтті жасап шыққан асық мүсіні көптің көз айымына айналып, жақсы бағасына ие болыпты. Одан да қуаныштысы, мектеп басшылығы ғылыми түрде тізіліп, шебер туындыға айналған «алып асықты» «Гиннес рекордтар тізімдігіне» жолдауды ұйғарып, «Шаңхай дүние Гиннес рекордын бағалау» бас штабымен байланыс жасау арқылы тиісті құжаттарын жинауға кірісіпті. Соңғы кездері тұрмыс дағдымыздың өзгеруі жане ойын құралдарының көптеп дүниеге келуіне байланысты, сондай-ақ, электронды ойындардың көбеюінен ұлттық ойынымыз -  асық ойыны дәуір сахнасынан жоғалып барады. Қазіргі балаларға асықты тек науырыз мейрамында ғана ойнайтын ойын түрі деген түсінік қалыптасып барады. Тіпті, қалалы жердегі өскен бүгінгі бүлдіршіндер асықтың өзіндік атауларын атағанды қойып, асықты тек «сүйек» деп қана танитын деңгейге жақындап қалдық. Жоғарыда асықтың қазақ өміріндегі, мәдениетіндегі, салт-дәстүріндегі алатын орынын, оның ұлттық ойынымыз екенін айтып өттік. Енді, осы ұлттық ойынымызды қалай қолдап, қалай байырғы деңгейіне жеткізу оқырман қауыммен, ұлтшыл отандастарымыздың қолында екені анық. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтай жүрейік ағайын.  

ОҚО палуаны Бангкокта әлем чемпионатының күміс медалін иеленді

 

Таиланд астанасы - Бангкокта өтіп жатқан грек-рим күресі бойынша Азия біріншілігінде оңтүстікқазақстандық А. Жаңбыров күміс медаль еншіледі, деп хабарлады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.66 келіге дейін салмақ санатында А. Жаңбыров оңтүстіккореялық палуаннан жеңіліп, екінші орынды иеленді. Жарыстың бірінші айналымында палуан солтүстіккореялық спортшыны 8:0 есебімен жеңген. Келесі айналымда жапондықты 6:0 есебімен ұтты. Жартылай финалда А. Жаңбыров Өзбекстан спортшысына мүмкіндік қалдырмай, 4:2 есебімен жеңіске жетті. Бүгінде оңтүстікқазақстандық  Астанада таяуда өтетін чемпионатта ойналатын Рио-де-Жанейродағы Олимпиадаға лицензия алуға басты үміткерлердің бірі болып табылады.      


Астана әкімі ҚР тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған шаңғы фестиваліне қатысты

Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков биыл 16-шы мәрте өтіп  отырған «Қыс өрнегі» атты шаңғы фестиваліне қатысты. Биыл жарыс Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды. Ал, дәстүрлі фестивальге қатысқан елорда әкімі Ә.Жақсыбеков 1,6 шақырым жерді шаңғымен 10 минутта жүріп өтті. Бұл дистанцияны бағындырғандар арасында қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, генерал-лейтенант Абай Тасболатовтар бар. Жалпы, қала тұрғындары үшін ең қызықты спорттық шараға айналған шаңғы фестиваліне биыл үш мыңнан аса адам жиналған. Олардың басым бөлігі оқушылар мен студенттер болса, арасында күш құырылымдарының қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер де бар. «ҚазАқпарат» тілшісіне сұхбат берген қатысушылардың бірі - Арман Сұлтанов осы фестивальге қатысу үшін  әдейлеп, Щучинск қаласынан келген екен. Ат терлетіп келген Арман құр қол кетпей, күш құрылымдарындағы қызметкерлер арасында бірінші орын алып кетті. «Спорт жарыстарының зияны жоқ. Бүгін мен 2 шақырым жерді шаңғымен жүріп өтіп, күш құрылымдары арасында жеңіске жеттім. Осылайша, жанымды  да, тәнімді де қуанттым. Әрине, әскери қызметкерлер күнде таңертең жаттығу жасайды, сондықтан болар, жарыс маған қиындық туғызған жоқ. Ал, елордадағы бұл фестиваль өте керек», - дейді А.Сұлтанов. Айта кетерлігі, шаңғы фестивалі аясында спорттың тағы сегіз түрі бойынша жарыстар ұйымдастырылады.                  


Допты хоккей: Оралдың «Ақжайығы» «Маякты» тағы да тізе бүктірді

Допты хоккейден «Жоғары лига» бүкілресейлік жарысының екінші тобында өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» 21 ақпан күні Краснотурьинскінің «Маяк» командасымен екінші ойында да 6:3 есебімен қарсыласын тізе бүктірді.Кешегі кездесуге қарағанда, бұл матч тартысты өрбіді. Тіпті қонақтар 3:3 етіп, есепті теңестіре алды, бірақ одан әріге шамасы жетпеді. «Ақжайықтан» ресейлік легионер Максим Пьянов қос доптың авторы атанса, команда капитаны Ескендір Нұғманов, Максим Өтебалиев, Самат Аманшин бір-бірден гол соқты. Тағы бір ресейлік Сергей Башаев соңғы голдың авторы атанғанымен, 77-минутта 12 метрлік айып добы белгіленгенде, қақпашыдан айласын асыра алмады. Осы кездесуден кейін 26 ойында 35 ұпай жинаған «Ақжайық» бесінші орынға көтерілді. 24-25 ақпан күндері Дмитрий Иванниковтің шәкірттері маусымдағы соңғы кездесулерін өз айдынында Верхний Уфалейдің «Никельщик» командасымен өткізеді.     

Қазақстандық Елена Коломина - Лахтидегі скиатлоннан Әлем кубогының кезеңінде - 40-шы

Бүгін Лахтиде шаңғы жарысынан әлем кубогының финдік кезеңі аяқталады, деп хабарлады Sports.kz.Әлем чемпионатының шаңғы жолында норвегиялық үштік - Тереза Йохауг, Хейди Венг және Ингвилд Флугстад Ойстберг үздік атанды. Скиатлонда бірден-бір қазақстандық - Елена Коломина жарысты аяқтаған 57 спортшы қыздар арасында 40-шы болып келді. Шаңғы жарысы. Әлем кубогы. 15-кезең. Лахти  (Финляндия), Әйелдер.. Скиатлон. 15 шақырым (7,5 шақырым классикалық стиль + 7,5 шақырым еркін стиль). 1. Тереза Йохауг (Норвегия) - 38:59.9 2. Хейди Венг (Норвегия) - +1:05.5 3. Ингвилд Флугстад Ойстберг (Норвегия) - +1:31.1 40. Елена Коломина (Қазақстан) - +4:16.0.       


«Астана» велошабандозы Винченцо Нибали «Оман турының» жеңімпазы атанды

Бүгін «Оман туры» велокөпкүндігі аяқталды, деп хабарлайды Sports.kz.Финалдық кезеңде «Катюша» командасының өкілі норвег Александер Кристофф бірінші келді, екінші болып мәре сызығын «Giant-Alpecin» командасының спортшысы бельгиялық Зико Вэйтенс кесті. Үшінші орында - дат Сёрен Краг. Винченцо Нибали 21 бірінші болып мәреге жетті. Алайда ол жалпы есепте бірінші орынын сақтап қалды. «Оман туры». Алтыншы кезең. The Wave Muscat - Matrah Corniche. 130.5 км 1. Александер Кристофф (Норвегия, «Катюша») - 3:01:18 2. Зико Вэйтенс (Бельгия, «Giant-Alpecin») 3. Сёрен Краг (Дания, «Giant-Alpecin») 21. Винченцо Нибали (Италия, «Астана») Жалпы есеп: 1. Винченцо Нибали (Италия, «Астана») - 2:25:25.         



Ольга Рыпакова Азия чемпионы атанды

 Ольга Рыпакова мен Элина Михина Катарда жабық кешенде өтіп жатқан Азия чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілді.Риддерлік желаяқ қыз Элина Михина 400 м қашықтықта екінші келді, ол Азияның жаңа рекордын орнатқан (51,67) брунейлік спортшы Миждат Олувакемиға ғана есе жіберді, деп жазады vksport.kz. Ольга Рыпакова күткеніміздей Азия чемпионы атанды. Ол соңғы мүмкіндікте 14,32 м ұзындыққа секірді. Бұл да Азия біріншілігінің жаңа рекорды. Үш аттап секіруден тағы бір қазақстандық шебер  Ирина Эктова үшінші орында.      


Қызылордалық Дәулет Ниязбеков екінші жыл қатарынан Азия чемпионы атанды

Тайланд астанасы Бангкокта еркін күрестен өткен Азия чемпионатында  Дәулет Ниязбеков елінің туын биіктен желбіретіп, әнұранын шырқатты. Бұл туралы Қызылорда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.Ол 61 келі салмақта сынға түсіп, финалда иран балуанын 10:0 есебімен таза жеңді.  Айта кетейік, Дәулет осымен екінші жыл қатарынан Азия чемпионы атанды.  Бапкері - ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Абуталип Аманов.       


Астанада «Қыс өрнегі» дәстүрлі шаңғы фестивалі өтті

 

Бүгін Астанада ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Қыс өрнегі» шаңғы фестивалі өтті. Дәстүрлі шараға елорда әкімі Әділбек Жақсыбеков қатысты, деп хабарлады astana.gov.kz.Биыл 16-шы рет өткізіліп отырған шаңғы мерекесіне 3 мыңнан астам салауатты өмір салты мен белсенді демалысты таңдайтын қала тұрғындары жиналды, олардың ішінде 2700 - шаңғы жарысына қатысушылар. Кәсіпқой спортшылармен бірге әуесқойлар да шаңғы тепті. Мектеп оқушылары, спорт мектептерінің шәкірттері, күш құрылымдарының өкілдері, балалар мен ардагерлер арасындағы жарыстар бөлек ұйымдастырылды. Әдеттегідей жаппай жарысқа қатысушылардың саны көп болды. Дистанциялар жас санатына қарай 1-3 км құрады. Есіл өзенінің бойында нағыз спорт қалашығы бой көтерді. Шаңғы жарысынан басқа, көрші алаңдарда тағы да сегіз спорт түрінен жарыстар өткізілді. Атап айтқанда, гір көтеру спорты, армрестлинг, шағын футбол, су астынан балық аулау, арқан тарту, белбеу күресі, хоккей және мотокросс. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау шаралары арасында концерттік бағдарлама қойылған болатын. Айта кетейік, биыл құрылғанына 25 жыл толуын атап өтетін Ұлттық Олимпиада комитеті шараға белсенді қатысты. «Бүгін Астанада нағыз қысқы спорттық мереке өтті. 16-шы рет өткізіліп отырған шараға үш мыңнан астам адам қатысуда. Қала тұрғындары жарыстарға қатысу үшін балалармен, отбасыларымен келді», - деді Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Берік Маржықпаев. Дәстүр бойынша Астана қаласының әкімдігімен ұйымдастырылған фестиваль елордада қысқы спорт маусымын жапты. Астанада биыл шаңғы маусымы аясында 15 шаңғы жарысы өткізіліп, оған 6 мыңнан астам адам қатысқан.                        


Теннис: Дохада өтіп жатқан турнирге Қазақстанның үш бірдей теннисшісі қатысуда

21-27 ақпан аралығында Катардың Доха қаласында әйелдер арасында өтіп жатқан теннистен халықаралық турнирге Қазақстанның үш бірдей өкілі қатысып, бақ сынауда.Чемпионат.ком сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Қазақстанның бірінші, әлемнің 57-інші ракеткасы Юлия Путинцева алғашқы айналымда словакиялық, 1994 жылғы Анна Шмидловамен кездеседі. Биылғы сәтсіз өткен жарыстардан кейін дүниежүзілік рейтингте 69-ыншы сатыға дейін сырғып кеткен Зарина Дияс Латвия елінің өкілі, 1997 жылғы Елена Остапенкомен кортқа шығып, өкінішке қарай, 1:6, 3:6 есебімен жеңіліп қалды. Ал әлемнің 82-інші ракеткасы Ярослава Шведова жапониялық, 1994 жылғы Нао Хибиномен күш сынасады. Жүлде қоры 2,818 млн. АҚШ долларын құрайтын Доха турнирінің бірінші ракеткасы - Австралия ашық чемпионатының биылғы жеңімпазы, неміс теннисшісі Анжелика Кербер. Еске сала кетейік, Я.Шведова осының алдында Дубайда өткен ірі халықаралық турнирдің іріктеу сайыстарынан өтіп, әлемнің 13 ракеткасы, итальяндық Роберта Винчиді жеңгенімен, содан кейін дүниежүзілік рейтингте 22-сатыда тұрған Италия елінің тағы бір өкілі Сара Эрраниден өте алмады. Сенбі күні осы С.Эррани Дубай турнирінің жеңімпазы атанды.        



Зарина Дияс Дохадағы турнирде бірінші айналымнан аса алмады

Қазақстандық теннисші Зарина Дияс Дохада басталған халықаралық турнирдің бірінші айналымынан аса алмады. Отандасымыз латвиялық Елена Остапенкоға есе жіберді.1 cағатқа созылған ойында 18 жастағы Елена Заринаны 6:1, 6:3 есебімен жеңіп шықты. Алдағы жаңаратын рейтингте Зарина (84-орын) еліміздің үшінші ракеткасы атанатын болады. Оны Ярослава Шведова (64-орын) басып озады. Ал қазіргі таңда Қазақстанның бірінші ракеткасы - Юлия Путинцева. Ол алдағы уақытта жаңаратын рейтингте 56-орынға тұрақтайтын болады, деп жазады massaget.kz.     


БОКС: Дәурен Елеусіновтің келесі қарсыласы бір айдан соң белгілі болады

 

ақпан күні қазақстандық боксшы Дәурен Елеусінов кәсіпқой бокстағы бесінші жеңісіне қол жеткізді. Ол қарсыласы Бернард Томасты бірінші раундта нокаутқа жіберген болатын.Отандық журналистерге берген сұхбатында қазақстандық боксшы келесі жеке-жегі қашан және қарсыласы кім болатынын нақты айтпады. Тек бір айдан соң белгілі болатынын мәлімдеді, деп жазады sports.kz.  


Мартин Мюррей: «Головкин - шаршы алаңда кездескендердің ішіндегі үздік қарсыласым»

1 жыл бұрын қазақстандық боксшы, орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин британиялық Мартин Мюрреймен жұдырықтасып, жеңіске жеткен болатын. Британиялық спортшы әлеуметтік желілердің біріндегі парақшасында осыны өз жанкүйерлердің есіне салып, Геннадийді қарсыластарының ішіндегі ең үздігі екенін айтты, деп хабарлады sports.kz.«1 жыл бұрын Головкинмен күш сынастым. Менімен шаршы алаңда кездескендердің ішінде ол - үздік қарсыласым», - деді Мюррей.      


Қазақстандық балуандар халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды

Батысқазақстандық балуандар Минск қаласында самбодан Беларусь Республикасы Президентінің жүлдесі үшін өткен ХХ халықаралық турнирде жеңімпаз атанды.БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, әлем кубогының кезеңі болып есептелетін, кіл мықтылар сынға түскен жарыста 57 келі салмақта департамент қызметкері, полиция аға лейтенанты, самбодан төрт мәрте әлем чемпионы Ерболат Байбатыров жеңіс тұғырына көтерілді. Финалда белорусь балуаны Владислав Бурдьті ұтқан Ерболат «Жеңіске деген жігері үшін» аталымымен қоса марапатталды. Сонымен қатар департаменттің тағы бір қызметкері, полиция аға лейтенанты, әскери самбодан өткен жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Темірлан Ихсанғалиев 82 келі салмақта топ жарды. Әскери самбо шебері Темірлан да финалда Беларусь елінің өкілі Евгений Алексиевичті ұтты. Айта кетейік, халықаралық самбо федерациясының ресми сайтынан алынған мәліметке қарағанда, осы турнирде сондай-ақ Қазбек Сұпығалиев әскери самбодан 62 келі салмақта шешуші бәсекеде түркменстандық Ахмет Тәңірбердиевті тізе бүктіріп, чемпион атанды. Тағы бір батысқазақстандық Нұрбол Серіков спорттық самбодан 68 келі салмақта қола жүлдені еншіледі.   


Америкалық миллиардер Головкин мен Альварестің жекпе-жегін Далласта өткізгісі келеді

Boxingscene хабарлағандай, Golden Boy Promotions промоутерлік компаниясының президенті Оскар Де Ла Хойя америкалық миллиардер және Далластың ұлтық футбол лигасы командасының иегері  Джерри Джонспен келіссөздер жүргізді.  Джонс Сауль Альваресь (46-1-1, 32 КО) пен Геннадий Головкин (34-0, 31 КО) жекпе-жегі ағымдағы жылдың қыркүйегінде Далласта 80 000 көрерменді сыйдыратын AT&T стадионында өтуін қалайтынын жасырмады, өткен кездесуде осы мәселе қозғалды. Жекпе-жекті өткізуге сонымен қатар Лас-Вегастағы MGM Grand және Нью-Йорктегі Madison Square Garden үмітті, деп жазылды Вконтакте желісіндегі GGG тобында.   



Көкшетаулық спортшы Аян Бейсенбаев триатлоннан Африка кубогында топ жарды

Көкшетаулық спортшы Аян Бейсенбаев триатлоннан Африка кубогында топ жарды. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен хабарлады. Зимбабве елінде өткен байрақты бәсекеге үздіктер қатарында Қазақстан құрамасы да қатысты.  Ел құрамасы сапында 3 ақмолалық спортшы бақ сынады. Олимпиадалық қашықтық бойынша сынға түскен спортшылар 1500 метр суда жүзу, 40 шақырым велосипедпен өту және 10 шақырымды жаяу жүгірулері тиіс болатын. Тартысты өткен додада бабы мен бағы қатар шапқан жерлесіміз Аян Бейсенбаев алтын жүлдегер атанып, олимпиада ойындарына берілетін жолдамаға қажетті маңызды ұпайға қол жеткізді. Сонымен қатар,  ақмолалық Темірлан Теміров 5-ші орыннан көрінсе, тағы бір жерлесіміз Валентин Мещеряков 12-ші болып келді.   


«Қайрат» ФК жанкүйерлеріне Орталық стадионның көгалын сыйға тартады

Алматы қаласының Орталық стадионында көгалды ауыстыру және қалпына келтіру жұмыстары басталды. ҚР Премьер-Лигасында өнер көрсететін «Қайрат» ФК жаңа маусымда жаңа көгалда ойнайтын болады», - деп хабарлайды команданың баспасөз қызметінен.Осыған байланысты «Қайрат» ФК басшылығы жанкүйерлерге Орталық стадионның бұрынғы көгалын сыйға тартпақ ниетте. Бірегей акция ертең, 23 ақпан күні Орталық стадионда сағат 11:00-ден  15:00-ге дейінгі аралықта болады. Ниет білдірушілер өздері жайында деректі anton.lysyak@gmail.com поштасына жіберіп, көгалды қанша көлемде алғылары келетіндігін көрсетулері тиіс. Қосымша сұрақтар бойынша мына ұялы телефон нөміріне хабарласуға болады: +7 707 828 0404. Өтінімдерді қабылдау бүгін кешкі сағат 20:00-де аяқталады.  Айта кетелік, бұл ескі көгалда «Қайрат» командасы ішкі біріншілікте және Еуропа Лигасында талай сәтті ойындарын өткізген болатын.          


Батысқазақстандық дзюдошы ел чемпионы атанды

 

Өскемен қаласында 1996-1997 жылғы жастар арасында дзюдодан мәреге жеткен ел біріншілігінде БҚО құрамасы табысты өнер көрсетті.БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, Бейбіт Мәдиев 81 келі салмақта қарсыласының бәрін тізе бүктіріп, ел чемпионы атанды. Сондай-ақ Саят Сейтқалиев (66 кг) екінші орынға көтерілсе, Бақытжан Амангелді (60 кг), Серікбай Неғмет (66 кг), Арман Ерғалиев (90 кг) қола жүлдені еншіледі. Оларды БҚО жастар құрамасының аға бапкері  А.Байенов бастаған мамандар жаттықтырады.   


Қызылордалық дзюдошылар Қазақстан чемпионатында топ жарды

Өскеменде дзюдодан 440 спортшы қатысқан Қазақстан чемпионатында қызылордалық дзюдошылар жалпы командалық есепте 1 - орынды иеленді. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.Екінші орында - Шығыс Қазақстан облысы, Үшінші орында - Алматы қаласы. Сыр өңірінің жастары 2 алтын, 4 күміс, 6 қола медаль жеңіп алды. Атап айтсақ, жекелей сында 60 келі салмақта Жақсыбек Жеңісбек (ЖСШМ), 66 келіде Марат Жанқожа және (№1 ОРМБЖМ) ел чемпиондары атанды. 44 келіде Адия Сайын (№1ОРМБЖМ), 48 келіде Салтанат Сұлтанбекова (спорт интернат), 63 келіде Гүлдерайым Алмағанбет, +78 келіде Нұрғаным Тұршабек (екеуі де №1ОРМБЖМ) күміс жүлдені иеленсе, 44 келіде Малика Алпысбай (№1ОРМБЖМ), 52 келіде Диана Тлеумұратова (Қармақшы ауданы), 55 келіде Дидар Тәттібай (ЖСШМ), 63 келіде Сымбат Төрен (спорт интернат), 73 келіде  Нұрсұлтан Иса (ЖСШМ), 78 келіде Ләйлә Арыстанбек (№1ОРМБЖМ) қола жүлдені еншіледі.          


Керімбаева Мәскеудегі ITF турнирінің негізгі айналымына өтті

 Қазақстандық теннисші Камила Керімбаева Мәскеуде жүлде қоры 25 мың долларлық ITF турнирінде жеке біліктілік сайысының сегіз финалының бірін жеңіп, жарыстың негізгі айналымына өтті.Екінші айналым матчында біліктілік бойынша бірінші нөмірмен шыққан Керімбаева іріктеудің 13-ші ракеткасы, ресейлік Полина Монованы 6:2, 6:1 есебімен ұтты. Қарсыластардың жеке кездесулеріндегі есебі қазақстандықтың пайдасына 2:0 болды. ITF топтамасы жарыстарының әйелдер туры Халықаралық теннис қауымдастығының тікелей қамқорлығында, деп жазады sports.kz.     


Құзға өрмелеуден өткізілген жарыс Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналды - ОҚО

Оңтүстік Қазақстан облысы білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасына қарасты «Облыстық жас туристер» стансасының ұйымдастыруымен ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Менің еліме -25 шың» атты мектеп оқушыларының «Жасанды бедерде спорттық құзға өрмелеудің тәсілдері» бойынша қалалық туристік жарысы өткізілді. Шымкенттегі «Мега» ойын-сауық орталығында ұйымдастырылған шараға 5-11 сынып оқушылары қатысып, жеке және жалпы топтық сынақ бойынша жарысты. Спорттық құзға өрмелеуді мектеп оқушылары арасында насихаттау мен олардың шеберліктерін арттырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруды мақсат тұтқан жарыс шәкірттер арасында қызықты да тартысты өтті. Туристік жарыстың нәтижесі бойынша қыздар арасындағы жеке сынақ пен 2000-2001 жылы туылған ер балалар арасындағы бірінші орынды №15 жалпы орта мектебінің оқушылары алса, 1998-1999 жылы және 2002-2003 жылы туылған ер балалар арасындағы жеке сынақта, сондай-ақ, жалпы топтық сынақта көшті №38 мектептің оқушылары бастады, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.     


Доха турнирі: Шведова да бірінші айналымнан аса алмады

Қазақстанның үшінші ракеткасы Ярослава Шведова Доха турнирінің бірінші айналымынан аса алмады, деп жазады sports.kz.Ол жапон қызы Нао Хибиноға Дохада өтіп жатқан WTA турнирінің бірінші айналымында есе жіберді - - 6:3, 6:7 (5:7), 6:3. Бұған дейін осы турнирдің бірінші айналымында Зарина Дияс та латвиялық Елена Остапенкодан жеңіліп қалған болатын.     


Абель Санчес Головкин Хопкинстің рекордын жаңартады деп үміттенеді

Қазақстандық Геннадий Головкинді жаттықтыратын Абель Санчес өзінің шәкірті Бернард Хопкинстің рекордын жаңартады деп үміттенеді. 1996 жылдан 2005 жылға дейінгі мерзімде Хопкинс 20 рет өз атағын қорғаған. Бүгінге дейін Головкин титулын 15 рет қорғады, деп хабарлады Sports.kz.«Бізді түрлі факторлар ынталандырады, - деді Санчес. - Орта салмақта титулды қорғау саны бойынша Бернард Хопкинстің рекордын жаңартып, тарихта есіміміздің сақталуына қарсы емеспіз. Нокауттар ретін жалғастыру ойы да қанаттандырады. Егер ол Хопкинстің рекордын жаңартса, мен де тарихтың бір бөлшегі боламын. Қазақстандық жігітті ешкім білмеді, ал қазір оның жекпе-жектерінің билеттері  екі жағалауда да (США) үлкен сұранысқа ие». 

Головкин Уэйдпен жұдырықтасуға дайындықты бастады

Қазақстандық орта салмақтағы боксшы Геннадий Головкин жаттығу жұмыстарына кірісті, деп хабарлады Sports.kz.Спортшы жүгіре бастады. Әлеуметтік желілердегі фотолар бұған дәлел.  Еске сала кетейік, Геннадийдің келесі қарсыласы - америкалық Доминик Уэйд. Ол да қазақстандық  чемпион сияқты жеңіліп көрмеген.         


Астанада әйелдер арасында бокстан Қазақстан чемпионаты басталады

Бүгін, 23 ақпанда Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде әйелдер арасында бокстан Қазақстан чемпионаты басталады.Еліміздің түкпір-түкпірінен келетін 85 қатысушы 10 салмақ дәрежесі бойынша жүлделерді сарапқа салмақ, деп жазады 24.kz Бокс федерациясына сілтеме жасап. Бұл біріншілікте топ жарып, көзге түскендер 19 мамырда елордада өтетін әлем біріншілігіне жолдама алады. Үздік атағына таласатындар қатарында Назым Қызайбай, Жайна Шекербекова, Мәдина Нұршаева, Мөлдір Базарбаева секілді танымал боксшылар бар. Ел біріншілігінің ресми ашылу салтанаты сағат 15:00-ге жоспарланған. Кіру тегін.     


Астана Лиллехаммер Олимпиадасының қатысушыларын қарсы алды

 Өткен түні Лиллехаммер қаласында жасөспірімдер арасында өткен қысқы Олимпиада ойындарына қатысқан спортшыларымыз елге оралды. Оларды ҚР Мәдениет және спорт министірлігінің ұйымдастыруымен журналистер және спортшылардың туыс-туғандары барып, арнайы күтіп алды.Естеріңізге сала кетейік, Норвегия елінің Лиллехаммер қаласында 12-21 ақпан аралығында өткен II қысқы жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарына 9 спорт түрінен, яғни  биатлон, коньки мен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғысы спорты, шаңғы спорты, тұғырдан шаңғымен секіру, фристайл (ски-кросс) және шана спорттарынан 15 пен 18 жас аралығындағы  18 спортшымыз қатысып қайтты. Олимпиада ойындарында дүние жүзінің 70 мемлекетінен келген 1100 спортшы 16 спорт түрінен 70 медаль жинтығын сарапқа салды. Қысқы Олимпиада ойындарынан жерлестеріміз төрт медальға қол жеткізді. Биатлоншы Арина Пантова мен мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбава қола, конькиші Анвар Мухамадиев күміс жүлдені,  шорт-тректен аралас командалық жарыс бойынша 6-топта сынға түскен отандасымыз Анита Нагай болгар қызы Катрин Манойлова, латыш спортшысы Карлис Крусбергс және жапониялық Казуки Йошинагамен бірге өнер көрсетіп, Олимпиаданың қола жүлдесіне қол жеткізді. Еске алатын болсақ, Инсбрук қаласында (Австрия) 2012 жылда өткен I қысқы жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында біздің спортшыларымыз 10 спорт түріне қатысып, үш медальға қол жеткізіген болатын. Онда шығысқазақстандық биатлоншы қыз Галина Вишневская күміс пен қола медальдарды жеңіп алған еді. Сондай ақ, шаңғышымыз Сергей Малышев қосымша қола медальға да ие болды. Спортшыларымызды күтіп алу салтанатынан кейін, жүлдегерлерімізді сөзге тартып, аз-кем сұхбаттасудің сәті түскен еді. Еркебұлан Шамуханов, Қазақстан делегациясының Олимпиаданың салтанатты ашылуында Мемлекеттік Ту көтеруші, шорт-трекші: -  Олимпиада ойындарына бірінші рет қатысуым. Оның үстіне Олимпиаданың салтанатты ашылуында Мемлекеттік Ту көтеріп шықтым. Маған артылған үміт ауыр болды. Өзім де сондай ауыр жауапкершілікті арқалағанымды сезіндім. Алайда, жеңіс тұғырына жете алмадым. -  Оған не себеп болды? -   Жарыс болған соң неше түрлі болады. Қанша дегенмен Олимпиада ғой. Қобалжу болды. Екі реткі жарыста да жығылып қалдым. Бұл мен үшін үлкен сынақ, үлкен тәжірибе болды. Болашақта ондай қателіктерге бой алдырмаймын деген үміттемін. -  Осыған дейін қандай жетістіктерге қол жеткіздің? -  Осыған дейінгі ең үлкен жетістігім Австрия елінде халықаралық конькишілер одағы (ISU)  ұйытқы болып өткізген «Danabia 1 - Austrian Open& Styrian Open 2015» жарысында жүлдегері атандым. Ал Қазақстан чемпионаттарында бірнеше рет жеңімпаз атандым.    Анита Нагай, II қысқы жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері: - Жеңіске жету оңай болған жоқ. Бапкерлеріміздің арқасында, солардың нұсқауымен қола медальға қол жеткіздім. - Қарсыластарың қаншалық мықты болды? - Қарсыластарымның осалы жоқ. Бірақ, менде аздап тәжірибе жетіспеді деп ойлаймын. - Болашақта өзіңнен озып кеткен спортшыларды қуып жетуге болады ғой... - Әрине, мен болгариялық Катрин Манойлова,  латвиялық Карлис Крусберг, жапониялық Казуки Йошинагамен «6 команда» сапында 4:17.181 минут уақыт көрсетіп, мәреге үшінші келдім. Бұл сында алтын медальді «2 команда» норвегиялық Ане Бай Фаршиада, оңтүстіккореялық Джи Ю Ким, бельгиялық Стейна Десме және франциялық Квентин Феркок, 4:14.413 минутпен жеңіп алды. Ал екінші орынды «3 команда» венгриялық Петра Язапати, австралиялық Джулия Мур, голландиялық Тьерк Де Боер, жапониялық Киичи Шигеиро, 4:14.495 минутпен жеңіп алды. Бұл көрсеткіш нәтижелер айырмашылығы аса үлкен көрсеткіш емес. -  Енді алдағы жоспарларыңмен бөлісе кетсең... -  Алда әлі талай бәсекелер күтіп тұр. Әр жарыста жоғары нәтиже көрсетіп, еліміздің туын биіктен желбіреткім келеді. Болашақта ересектер дуына қатысып, Олимпиаданы бағындыруды армандаймын.       Күнсұлтан Отарбай, Суреттерді түсірген автор.      

Мәдениет және спорт министрі жасөспірімдер арасындағы Олимпиада жеңімпаздарымен кездесті

Лиллехаммер қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарындарына қатысқан Қазақстанның жас спортшылары бүгін түнде елге оралды. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жарыста төрт медаль иеленген Қазақстан командасымен кездесіп, оларға алғысын айтты.«Жасөпірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында Қазақстан осындай көрсеткішке жетіп отырғаны қуантарлық жағдай. Яғни, біздің жас спортшылар ертеңгі үлкен Олимпиадаларға дайын деген сөз. Сендерді жаттықтырып қана қоймай, патриот ретінде тәрбиелеп жатқан жаттықтырушыларыңызға және өздеріңе зор алғысымды айтқым келеді»,-деді кездесу барысында министр. Министр атап өткендей, енді спортшылар 2017 жылы Алматыда өтетін Универсиада ойындары мен келесі Олимпиада ойындарына дайындала беруі керек. Ал, Лиллехаммердегі жасөспірімдер Олимпиадасында қазақстан спортшылары бір күміс және үш қола медаль иеленді. Атап айтсақ, биатлоншы Арина Пантова 6 шақырым дистанцияда қола жүлде иеленіп, Қазақстан үшін алғашқы медаль жеңіп алған. 16 жастағы мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева екінші қола жүлдені иеленсе, аралас командалар арасында конькимен жүгіру сайысынан Анвар Махамадеев күміс медальды, шорт-трек бойынша аралас командалар сайысында Анита Нагай тағы бір қола медальді жеңіп алды.Естеріңізге сала кетейік, аталған жасөспірімдер Олимпиадасына еліміздің сегіз өңірінен 20 жас спортшы аттанған болатын.                     

Щучинск қаласындағы халықаралық шаңғы орталығы биыл іске қосылуы керек - министр

Ақмола облысына қарасты Щучинск қаласында салынып жатқан халықаралық шаңғы орталығы 2016 жылы іске қосылады. Бұл туралы еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы  мәлім етті.«Болжам бойынша, Щучинск қаласында салынып жатқан халықаралық шаңғы спорт орталығы жылдың соңына дейін, яғни 2016 жылдың ішінде іске қосылады. Жалпы алғанда, спорт базасының құрылысы аяқталған, тек трамплиндер салынып біткен жоқ. Алайда, оның құрылысын керек болған соң тоқтатқанбыз, себебі орталықты тек спортшылар жиналатын жер емес, халықаралық жарыстар өткізетін орталық етіп салғымыз келді»,-деді министр.  Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылдың көктемінде министр бұл шаңғы базасы 2015 жылдың соңында салынып бітіп, 2016 жылдың 1 қаңтарында ресми жұмысқа кіріседі деп айтқан болатын. «Осындай бірегей орталық салған соң оны халықаралық федерацияның талаптарына сәйкестендіргіміз келді. Міне, осы халықаралық федерацияның бірнеше ұсынысы мен талабына байланысты құрылысты уақытша тоқтаттық. Ол талаптар мен  ұсыныстарды орындау қолымыздан келеді»,-деп түсіндірді министр. А.Мұхамедиұлы атап өткендей, бұл орталық Қазақстанда қысқы спорт түрлерін дамытуға жақсы серпін береді. 

ОҚО спортшылары Олимпиадаға 12 жолдама жеңіп алды

ОҚО спортшылары алдағы Олимпиада ойындарына 12 жолдама жеңіп алды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті.«Өткен жыл біздің спортшылар үшін ерекше болды. Спортшылар 1385 медаль жеңіп алды (519 алтын, 450 күміс, 416 қола). Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарына ұтып алынған 12 жолдаманы ерекше мақтан тұтамыз. Маусым айына дейін біздің спортшылар тағы жолдама алады деген үміт бар», - деді әкім. Айта кетейік, бұгінде өңірде бұқаралық спортпен жүйелі түрде 600 мыңнан астам адам айналысады.      

Алексей Полторанин әлем Кубогының жалпы есебінде 12-ші орында

Шаңғы жарыстары бойынша Әлем кубогының бірінші ондығында және одан тыс аздаған өзгерістер болды, деп хабарлайды Sports.kz.Финдік Лахтиде кезеңге қатыспай қалған қазақстандық Алексей Полторанин тағы бір саты төмен түссе, Әлем кубогының көшбасшысы, норвегиялық Мартин Йонсруд Сундбю керісінше өз позицияларын нығайтып алды. Шаңғы жарыстары бойынша Әлем кубогының жалпы есебі. Ер адамдар: 1. Мартин Йонсруд Сундбю (Норвегия) - 1960 2. Финн Хаген Крог (Норвегия) - 1256 3. Петер Нортуг (Норвегия) - 1108 4. Никлас Дюрхауг (Норвегия) - 893 5. Сергей Устюгов (Ресей) - 877 6. Дидрик Тёнсет (Норвегия) - 762 7. Морис Манифика (Франция) - 746 8. Сюр Рёте (Норвегия) - 650 9. Франческо Де Фабиани (Италия) - 624 9. Александр Легков (Ресей) - 609 12. Алексей Полторанин (Қазақстан) - 531.       


Алматы жұртшылығы жаппай жүгіруге шығады

Алматы жұртшылығы жаппай қысқы жүгіруге шығады. 27 ақпанда өтетін спорттық шара - Алматы марафонына дайындықтың соңғы кезеңі.«Қысқы жүгіруде алматылықтар өзінің қандай межеге шамасы жететін анықтап, Алматы марафонында көрсететін мүмкіндігін сынайды. Сөре сызығы Президент паркінен басталады. Қатысушыларға викториналық сауалдар қойылады, қызықты шаралар өткізіледі», - деді ұйымдастыру комитетінің директоры Салтанат Қазыбаева. Тіркеу жұмыстары 500 адамға жеткенде тоқтатылады. Старт нөмірлері 25-26 ақпанға дейін беріледі.     


Қызылордада тоғызқұмалақтан республикалық жарыс өтеді

2-6 наурыз аралығында Қызылорда облысының Тереңөзек кентінде мемлекет және қоғам қайраткері Нәлқожа Ергешбаевты еске алуға арналған тоғызқұмалақтан республикалық рейтингілік турнир өтеді. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.Сегіз жылдан бері өткізіліп келе жатқан турнирдің мақсаты - ұлттық спорт ойын түрлерін насихаттау, дамыту, Н.Ергешбаевты еске алу, спорттық шеберлікті шыңдау. Республикалық турнирге Астана, Алматы қалалары, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар және Қызылорда облыстарынан 200-ге жуық спортшы қатысады. Жарыс швейцар жүйесімен классика түрі бойынша жас ерекшеліктеріне қарай өткізіледі. Оған 10, 14 жасқа дейін ұлдар, қыздар және 14 жастан жоғары ерлер мен әйелдер қатысады. Жарыстың бас төрешісі - ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Айнұр Жақапбаева.      


Дэвис кубогындағы 1/8 финалына қатысатын Қазақстан командасының құрамы жарияланды

4-6 наурыз аралығынла Белград қаласында Қазақстанның теннистен құрамасы Дэвис кубогы Әлемдік тобының 1/8 финалының аясында Сербиядағы қарсыластарымен кездеседі.Қазіргі кезде қазақстандық теннисшілер Венадағы McCartney спорттық академиясының базасында жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Қазақстан теннис федерациясының атқарушы директоры, Дэвис кубогы командасының капитаны Диас Досқараевтың айтуынша, сербтермен ойын біздің командамыз үшін өте маңызды және жауапты жарыс. Бұл жарыста Сербия командасы үшін әлемнің бірінші ракеткасы Новак Джокович шығатыны белгілі, деп жазады sports.kz. Қазақстанның Сербияға қарсы ойнайтын командасының ресми құрамы: Михаил Кукушкин, Андрей Голубев, Александр Недовесов, Дмитрий Попко.      



Михаил Кукушкин Дубай турнирін жеңіспен бастады

Қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин Дубай турнирінің (БАӘ) алғашқы кездесуінде қарсыласын тізе бүктірді, деп жазады gotennis.ru.Әлемнің 84-ракеткасы Михаил Кукушкин осы рейтингте 63 орында тұрған өзбекстандық  Денис Истоминмен кездесті. Есеп - 7/5, 7/6(3). Dubai Duty Free Tennis Championships додасының екінші айналымында жерлесіміз австралиялық Ник Киргиос пен словак Мартин Клижан кездесуінде жеңіске жеткен теннисшімен кордқа шығады.      


Илья Ильин Олимпиадаға қалай дайындалып жатыр?

Ауыр атлетикадан екі дүркін Олимпиада, төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин өзінің Instagram-дағы парақшасында Польшаның  Закопане қаласындағы жаттығу базасында түсірілген видеоны жариялады.«Закопане базасындағы алғашқы жаттығу! Орта деңгейдегі таулы аймақта жаттығатын боламыз! Мен бұны қытай күшімен жасалатын жаттығу деп атаймын!!! Chinese style...», - деп пікір жазды бұл видеоға ол. Айта кетейік, спортшының жазылушылары оған өз құпияларын ашпауды ескертті, себебі алда Рио Олимпиадасы келе жатыр. Бұл сында жерлестері одан тағы да жоғары нәтиже күтеді. Закопане - Польшаның ең биік белдеудегі қаласы. Ол теңіз деңгейінен 830 м биіктікте орналасқан.    

«Теміртау» ХК қақпашысы жеңіске жеткен сәтте мың бұралып билеп кетті

Қазақстанның жыл сайынғы чемпионаты аясында өз алаңында Павлодардың «Ертісін» 4:1 есебімен тізе бүктірген «Теміртау» хоккей командасының қақпашысы жеңісін ерекше бимен атап өтті.Владимир Ковач айдындағы кездесу аяқталған сәтте билеп сала берген. Еске сала кетсек, ол қарағандылық «Сарыарқа» құрамында жүрген кезінде де ел есінде ерекше биімен қалған болатын. «Теміртау» (Теміртау) - «Ертіс» (Павлодар) 4:1 (2:0, 1:1, 1:0) Шайбалар: 1:0 04:51 Хамматов (Жаворонков, Иванов) 2:0 17:26 Иванов (Хамматов, Яхонт) 3:0 21:04 Жаворонков (Остроухов, Яхонт), ГБ 3:1 38:31 Дульнев (Петушкин, Фабуш), ГБ 4:1 56:06 Лебедев (Зайцев, Соколов) , ГБ Қақпашылар: Ковач - Шимко     


Головкин-Уэйд кездесуіне билеттердің жартысы сатылып кетті

K2 Promotions промоутерлік компаниясы Головкин-Уэйд кездесуіне билеттердің жартысы сатылып кеткенін хабарлады.«Алғашқы аптада 8000 билет (50 пайыз)  сатылды», - деп жазылған   GGG-дің ВКонтакте желісіндегі ресми парақшасында. Еске сала кетейік, қазақстандық боксшы Геннадий Головкин америкалық Доминик Уэйдпен 23 сәуір күні жекпе-жек өткізеді. Бұл қазақстандық боксшының кәсіпқой бокстағы 35-ші кездесуі болмақ.       


Денис Тен жанкүйерлеріне уәде берді

Қазақстандық конькимен мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен жанкүйерлеріне қолдау көрсетіп жатқандарына алғыс айтып, Бостондағы әлем чемпионатына дайындалып, онда өнер көрсетуге сөз берді. Еске сала кетейік, денсаулығына байланысты спортшы төрт континент Чемпионатына қатысуын тоқтатуға мәжбүр болды. Ол әлеуметтік желілерде де белсенділігін доғарды. «Құрметті достар, жылы сөздеріңіз бен мен үшін алаңдап отырғандарыңызға рахмет. Жағдайым жақсарды, наурыз айында Бостонда болатын әлем чемпионатына барамын», - деді мәнерлеп сырғанаушы. Сонымен қатар, Денис Тен әлеуметтік желілерге неге сирек шығатынын түсіндірді. «Соңғы кездері әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланбаймын. Смартфондағы кей қосымшаларды да өшірдім.  Әзірге @d10world лентамды және soundcloud парақшамды жаңартамын», - деп жазды Денис Инстаграмдағы парақшасында. Конькимен мәнерлеп сырғанау бойынша әлем чемпионаты 28 наурыз бен 3 сәуір аралығында Бостонда (АҚШ) өтеді.   


Қазақстанның жас зілтеміршілері 2020 жылғы Олимпиадаға дайындалуда

ҚР Ауыр атлетика федерациясы Допингке қарсы орталықпен бірлесіп, 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарында еліміздің атынан өнер көрсетуі мүмкін жас спортшыларға семинар-тренинг өткізді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне федерация баспасөз қызметінен мәлім етті.«Допинг тек қана абыройды төгіп қана қоймай, спорттағы келеңсіздікке де бой алдыртады. Әділ әрі таза күрес қана жеңіске жету сәтінен ләззат алып, жарыстарға қатысуға мүмкіндік береді», - деді жас спортшыларға сөз арнаған ҚР Ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Омар Мұстафин. Семинар бар барысында мамандар жас спортшыларға әділ күрестің негізгі ұстанымдары мен допинг қауіпі жайында айтып берді. Айта кетерлігі, ендігі уақытта мұндай семинар ай сайын өткізілетін болады. Келесі шара наурыз айына жоспарланған. Естеріңізге сала кетейік, соңғы айларда шектеу қойылған препараттарды пайдаланды деген күдікпен жас зілтеміршілеріміз Игорь Сон мен Татьяна Капустина 2015 жылы өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының медалінен қағылған болатын. Дегенмен, еліміздің Ауыр атлетика федерациясының араласуымен олардың кінәсі жоқ екендігі дәлелденді. Спортшылар биологиялық белсенді қоспалардың орнына спортта шектеу қойылған субстанцияны пайдаланғандарын білмеген. Спортшылар қазіргі уақытта жаттығуларын жалғастырып, алдағы жарыстарға дайындық жүргізуде. 2015 жылғы ауыр атлетикадан әлем чемпионатында жүлдегер атанған спортшыларымызға қатысты тергеу амалдары жалғасуда. Есте болса, Алмас Өтешов, Жасұлан Қыдырбаев және Ермек Өміртай допингке қарсы ережені бұзды деген күдікпен халықаралық жарыстарға қатысу құқығынан уақытша шеттетілген еді. Американың Хьюстон қаласында өткен әлем чемпионатынан кейін спортшылардан алынған «А» сынамасынан тыйым салынған андрогендік сероидтар табылған. ҚР ауыр атлетика федерациясы допинг-тергеу нәтижелері таяу 2 айдың ішінде белгілі болатындығына үміт артуда.  

Манчестерде әлемдік боксты дамыту мәселелері талқыланады

Манчестер қаласында (Ұлыбритания) 2016 жылы 23-24 ақпанда Кәсіпқой бокстың халықаралық қауымдастығының барлық комиссиясының отырысы өтіп жатыр.Кеше өткен Спортшылар және жастар істері бойынша комиссия отырысында әлемдік бокстың алдағы дамуы мәселелері талқыланды. «Бүгін АИБА-да біздегі спорт түрлерін кеңінен таратуға байланысты  көптеген жобаларды алға жылжытып жатыр. Бокс өзінің көрермендерін жоғалқан кездер де болды.  Бұл ретте АИБА спорт қауымдастығында  боксты жетекші орынға шығаруға түрлі шараларды қолға алды. Осыған байланысты спортшыларды шлемсіз жұдырықтасуына мәжбүрледі. Бұл жаттығу үдерісіне тактикалық-техникалық арсеналды қайтаруға мүмкіндік берді.   Айта кету керек, бұл Қазақстан бокс федерациясының ұсынысы болды. Қазір соңғы үш жылда ересектер арасындағы бокс шлемсіз өтеді.  Қазір боксшылардың алдағы Рио-де-Жанейродағы Олимпиадаға қатысуы: шаршы алаңға шлеммен немесе шлемсіз шығуына байланысты Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) шешімін күтіп отырмыз», - деп атап өтті комиссия төрағасы, халықаралық бокс ұйымының вице-президенті Серік Қонақбаев.   Сондай-ақ комиссия отырысында ересек боксшылар үшін жас деңгейін төмендету ұсынылды. Қазір  спортшылар ересектер командасында 19 жастан өнер көрсете бастайды. АИБА ересектердің спорттық карьерасын 18 жастан бастауды ұсынды, деп хабарлады Азиялық бокс конфедерациясында. «Меніңше, бұл тиімді ұсыныс. Кеңес одағы кезінде де ересектер арасындағы сындарға 18 жастан қатыса бастадық», - деді  Азиялық бокс конфедерациясының президенті Серік Қонақбаев. Комиссияның талқылауына кәсіби боксшылардың Олимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігі туралы мәселелер енгізілді. «Аталған мәселені жан-жақты зерттеу керек. Өйткені ол көптеген аспектіні қамтиды. Соның ішінде жаттығу үдерісін ұйымдастыру бар. Меніңше, бұл ұтымды», - деді Серік Қонақбаев.            

Допты хоккей: «Ақжайық» соңғы ойынында ұтса, финалдық сайыстарға жолдама алады

Допты хоккейден «Жоғары лига» бүкілресейлік жарысының екінші тобында өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» 24 ақпан күні өз айдынында көш басындағы командалардың бірі «Никельщикті» (Верхний Уфалей) қабылдап, 7:6 есебімен жеңіске жетті.Аса тартысты өткен ойын барысында оралдықтар жеңіске деген жігерін таныта білді. Матчтың 88-інші және 90-ыншы минутында ресейлік легионер Максим Пьянов мергендік танытып, командасын алға шығарды. М.Пьянов осы кездесуде 5 доп соқса, тағы бір ресейлік легионер Сергей Башаев қос голдың авторы атанды. Қазіргі кезде С.Башаевтың еншісінде 35, М.Пьяновтың есебінде 27 гол бар. Сөйтіп 27 ойыннан кейін 38 ұпай жинаған «Ақжайық» төртінші орынға көтерілді. Ертең қос команда маусымдағы соңғы ойынын өткізеді. «Ақжайық» ертеңгі матчында жеңіске жетсе, басқа кездесулерді нәтижесіне қарамастан, финалдық сайыстарға жолдама алады. Мұның мәнісі мынада. Ресей допты хоккей федерациясы жарыс шартын бұзғаны үшін екінші топта бірінші орында тұрған Орынбордың «Локомотивіне» ірі көлемде айыппұл салып, біріншіліктен шеттету жөнінде шешім қабылдады. Сондықтан жолдама осы топта төртінші орынды иеленген командаға да беріледі», деді «Ақжайық» спорт клубының директоры Азамат Шайхы.      

Допты хоккейден БҚО құрамасы ел чемпионы атанды

Астана қаласында 20-24 ақпан аралығында допты хоккейден ересектер арасында ел біріншілігі өткізілді.Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, БҚО құрамасы барлық қарсыластарын тізе бүктіріп, ел чемпионы атанды. Батысқазақстандықтар астаналықтарды 14:2 есебімен ойсырата ұтса, хромтаулықтарды 5:4, Петропавл командасын 4:1 есебімен жеңді.        


Фредди Роуч: «Головкинді өткен жылдың үздік боксшысы деп санаймын»

Танымал жаттықтырушы Фредди Роуч  Fighthype.com-ға берген сұхбатында өткен 2015 жылдың үздік боксшысы деп кімді санайтынын атады, деп хабарлайды GGG-дің ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі ресми тобынан.- Жылдың үздік боксшысы кім? Жұрттың пікірінше,Тайсон Фьюри, Флойд Мейвезер... -  Тайсон Фьюри? Ол кәрі Кличконы ұрып тастады. Иә, Фьюри жеңді және оған лайықты баға беріп отырмын, бірақ мен оны жылдың үздік боксшысы деп ойламаймын. - Канело, Головкин, Флойд, Чоколатито бар... - Маған Головкин қатты ұнайды. Ол өте жақсы және ақылды боксшы, ол рингте орынды жақсы ауыстыра біледі, өз-өзін ұстай алады. Мен оның Канеломен жекпе-жегін көргім келеді. Мен оны (жылдың үздік боксшысы атағына) таңдаймын, ол маған ұнайды, меніңше, ол жылды табысты өткізген.      


Павлодар облысының құрамасы мұз астында балық аулау бойынша Қазақстан Кубогына қатысады

Қазақстан Кубогы үшін мұз астында балық аулаудан Ертіс өңірі чемпионатының қорытындысы бойынша облыс құрамасы жасақталмақ. Екібастұз өңіріне жақын орналасқан "Ауыз су" су қоймасында мұз астында балық аулау бойынша Павлодар облысының чемпионаты өтті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.  Шараны ұйымдастырушы - өңірлік дене шынықтыру және спорт басқармасы. Үздік атану үшін сегіз команда сынға түсті. Оның ішінде төрт ұжым - Павлодардан, үшеуі - Екібастұз қаласынан және біреуі - біріктірілген. Жарыс екі кезең бойынша өткізіліп, әр бөлімі үш сағатқа созылды. Төрешілер екі спортшыны үш сектордан тұратын екі аумаққа бөлген. Бір қатысушыға кем дегенде жүз шаршы метрден тұратын балық аулайтын аумақ белгіленді. Алабұға, майда табан балық, таутан - Екібастұз су қоймасындағы жиі кездесетін балық түрі. Ауланған балықтың 90 пайызын майда табан балық құрайды десе болады. Алты сағаттық жарыстан кейін командалық есепте бірінші орынды «Fishmania» (Павлодар-Екібастұз) бірлескен ұжымы жеңіп алды. Олардың қатарында Тимур Ковалев, Николай Токарев және Ержан Уахитов бар. Екінші, үшінші орын павлодарлық «Fishka» және «Балық аулау» командаларына бұйырды. Жеке есепте чемпиондық "алтынды" павлодарлық Сергей Шаманин, "күмісті" екібастұздық Александр Гасымов және "қоланы" Валерий Степанов қанжығасына байлады. Ең ірі, салмағы 667 грамм тартқан май табан балықты Александр Гасымов ұстады. Аталмыш облыстық чемпионат Ертіс өңірінің үздік балықшы-спортшылары үшін 2017 жылы Болгарияда өтетін әлем чемпионатына дайындық кезеңі болды.    



Дэвис Кубогы: Новак Джокович Қазақстан құрамасына қарсы ойнайтын Сербия командасының сапына енді

Дэвис Кубогында бақ сынайтын теннистен Қазақстан мен Сербия құрамасының тізімі жарияланды, деп хабарлайды Қазақстанның теннис федерациясы.Қазақстан Ұлттық құрамасының капитаны Диас Досқараев сербиялықтарға қарсы матчқа Михаил Кукушкин, Александр Недовесов, Андрей Голубев пен Дмитрий Попконы шақырған. Ал, Сербия сапында әлемнің 1-ші ракеткасы Новак Джокович, Виктор Троицки, Филип Крайинович және Ненад Зимонич ойнайтын болды. Еске сала кетейік, 4-6 наурыз аралығында Белградта (Сербия) Қазақстан Ұлттық құрамасы Сербиямен Дэвис Кубогының Әлемдік тобындағы 1/8 финалында кездеседі, деп жазады kazsport.kaztrk.kz. Айта кетейік, Қазақстан 6 жыл қатарынан теннистің әлемдік элитасында бақ сынауда. Соның 4-еуінде турнирдің ширек финалына жеткен.     


Илья Ильин әлемнің үздік ауыр атлетшісі деп танылды

Қазақстандық Илья Ильин 2015 жылдың қорытындысы бойынша әлемдегі үздік ауыр атлетші деп танылды, деп  жазады Vesti.kz. Бұл туралы Ауыр атлетиканың халықаралық федерациясы мәлім етті, деп хабарлады www.24kz7Дауыс беруді ұйымның ресми сайты ұйымдастырып отыр. Ал әйелдер арасында Қытайдың Тайбэй атынан шығатын Сюй Шу-Чин көш бастады. Қос спортшы да 2000-нан астам дауыс жинап, айқын жеңіске жетті. Атап өтерлігі, IWF жанкүйерлер арасындағы сауалнамада 2015 жылы Ильиннің Грозный қаласында өткен Ресей Президентінің кубогында жеңіп алған алтын медалі мен екі бірдей әлемдік рекорды оның дауыс беруде жеңіске жетуі мол септігін тигізгендігін алға тартты.    


Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев төртінші баланың әкесі болды

 

Бокстан Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев төртінші баланың әкесі атанды, деп жазады Baistars.kz. Зайыбы Салтанат ұл баланы дүниеге әкелді. Бұл Бақтиярдың отбасындағы төртінші бала, бұған дейін ерлі-зайыптылар бір ұл мен екі қыз баланы тәрбиелеп отырған болатын.      


Батысқазақстандық садақшылар Теміртауда өткен ел чемпионатынан табысты оралды

Батысқазақстандық спортшылар Теміртау қаласында ересектер мен жастар арасында жабық ғимаратта садақ атудан өткен ел чемпионатынан табысты оралды.БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, республика өңірлерінен 164 спортшы қатысқан жарыста батысқазақстандық Артем Костин М-4 (18+18 метр) жаттығуынан күміс жүлдені иеленді. Ал осы жаттығудан командалық сында құрамында Владимир Каримов, Артем Костин, Роман Смирнов, Манас Қуанышқалиев бар БҚО жастар құрамасы чемпион атанды. Сол секілді М-3 (25+25 метр) жаттығуынан Анастасия Баннова бірінші, Константин Солодовников пен А.Костин үшінші орынды еншіледі. Олимпиадалық айналым жаттығуында жастар арасында А.Костин жеңіс тұғырына көтерілсе, Артур Нұрмаханбет қола жүлдені қанағат тұтты. Ересектер арасында командалық сында батысқазақстандықтар (Игорь Ковалев, Сағадат Нұғман, Ғалимат Қуанышқали, Артур Нұрмаханбет) және М-3 жаттығуынан (25+25 метр) жастар арасындағы командалық сында В.Каримов, А.Костин, Р.Смирнов, М.Қуанышқалиев екінші орынды иеленді. Садақ атудың басқа түрлерінен де батысқазақстандықтар жүлдеге ілікті.            


Головкин мен Баррера бірге жаттығып жатыр

Абель Санчестің шәкірттері американдық жаттығу лагерінде бірге жаттығып жатыр, деп хабарлады  Sports.kz.Геннадий Головкин және кубалық Салливан Баррера Big Bear жүгіріп жатыр. Еске сала кетейік, 26 наурызда Баррера Андре Уордпен, ал Головкин 23 сәуірде Доминик Уэйдпен кездеседі.   

Серік Сәпиев: Өзбек боксшыларымен кездесу оңай болмайды

27 ақпанда Ташкентте «Astana Arlans» бокс клубы «Uzbek Tigers» командасымен кездеседі. Қазақстандық клубтың бас директоры Серік Сәпиев жекпе-жек алдында сұрақтарға жауап берді, деп жазады «Sports.kz» порталы.«Біздің боксшылар Өзбекстанға барды. Барлығы жақсы, команда дайын. Алдағы жекпе-жектерде жеңіске жетеміз деп үміттенеміз. Күрделі кездесу болады деп дайындалдық. Өзбекстандық боксшылар Әлем чемпионатында өздерін жұдырықтай жұмылған, мықты құрама ретінде көрсетті. Олардың мықты жақтарын білеміз. Жақсы дайындалдық. Ендігісі шаршы алаңда белгілі болады. Қазақстан жанкүйерін қуантамыз деп үміттенеміз.  «Uzbek Tigers» командасына қарсы біздің құраманың құрамы белгілі. Ташкентте шаршы алаңға біздің клубтан Теміртас Жүсіпов, Мейірболат Тоитов, Асхат Уәлиханов, Мейірім Нұрсұлтанов және Еркін Мұхамеджан қатысады.   


«Самұрық-Қазына» спорттық жобаларды қаржыландыру көлемін елеулі деңгейде қысқартпақ

 «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ спорттық жобаларды қаржыландыру көлемін елеулі деңгейде қысқартпақ. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында аталған Қордың басқарушы директоры Дархан Қалетаев мәлім етті.«Спорт жобаларына тоқталатын болсақ, әрине, қаржылық қысқарту болады. Дегенмен де, жобалар жабылады деген әңгіме жоқ. Бірақ, өте көп көлемде қысқартулар енгізіліп жатыр»,-деді Д. Қалетаев. Осы орайда «Самұрық-Қазына» қорының акционері ҚР Үкіметі болып табылатынын еске салып өткен ол: «Қазіргі кезде Үкімет басшылығымен спорттық жобаларға қандай көлемде қаржы бөлу тұрғысында тиісті талқылаулар жүрігізіп жатыр. Бірақ қомақты көлемде қысқарту болатыны анық»,-деді. Естеріңізге сала кетейік, Қор бірқатар спорттық жобаларды қаржыландыруға өз үлесін қосуда. Оның аясында «Астана» президенттік кәсіби спорт клубы қамтылған. Клуб  - еліміздің танымал спорттық жобаларын, соның ішінде «Астана» велокомандасын, «Астана» футбол клубын, «Astana Arlans» кәсіби бокс клубын, «Барыс» хоккей клубын және басқаларын топтастырған жоба.     

Андреа Гуардини - «Лангкави турының» екінші кезеңінің күміс жүлдегері

Малайзияда «Лангкави туры» велокөпкүндігінің екінші кезеңі өтті, деп хабарлады Sports.kz.Жарыста италиялық Андреа Палини "SkyDive Dubai" жеңіске жетті, екінші орынға «Астана» құрамындағы италиялық  Андреа Гуардини ие болса, үшінші болып мәреге ОАР төрағасы Рейнардт Янсе ван Ренсбург "Dimension Data" келіп жетті. Бас іріктеуде Гуардини алғашқы орынды сақтап қалды, екінші орында Палини, үшінші көрсеткішті қытайлық Меюина Ванга "Hengxiang Cycling Team" көрсетіп отыр. «Лангкави туры». Екінші кезең.  Сунгай Петани - Джорджтаун. 159.8 км 1. Андреа Палини (Италия, "SkyDive Dubai") - 3:56:02 2. Андреа Гуардини (Италия, «Астана») 3. Рейнардт Янсе ван Ренсбург (ЮАР, "Dimension Data") Екінші кезеңнен кейінгі жалпы есеп: 1. Андреа Гуардини (Италия, «Астана») - 8:11:43 2. Андреа Палини (Италия, "SkyDive Dubai") - +0:03 3. Меюин Ванг (Китай, "Hengxiang Cycling Team") - +0:10.     

WBC президенті Альварестің Головкинмен 155 фунтта айқасу құқығына байланысты пікірін білдірді

WBC президенті Маурисио Сүлейман Геннадий Головкин мен Сауль «Канело» Альварестің 155 фунтты орташа салмақ немесе аралық категория деп тану бойынша келіспеушілігі туралы өз пікірін айтты, деп хабарлайды Sports.kz.«Адамдар 160 фунттың дивизион екенін түсінбейді. Егер олар басқа салмақ бойынша келісімге жетсе, өздерінің проблемасы. Ұйыммен ортақ ісі жоқ жайттар бойынша алаңдаушылық тым көп болып отыр. Бұл 160 фунт категориясы. Егер боксшының салмағы 154 немесе 159 болса - бұл орташа салмақтың маңы», - деген Сүлейманның сөздерін келтіреді Worldboxingnews.net.      

Құсбегілердің республикалық жарысында Жамбыл облысы командасының мерейі үстем болды

Жамбыл облысының Жамбыл ауданындағы Бектөбе ауылында өткен құсбегілердің республикалық жарысы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және жамбылдық «Қауырсын» құсбегілер клубының 35 жылдығына арналды. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасынан хабарлады. Жергілікті ипподромда екі күн бойы өткен жарысқа елдің тоғыз аймағынан  келеген  32 саяткер  аңшылықтың екі түрінен - бүркіттер мен  сұңқар салудан бәсекелесті. Бүркіттермен аңшылық жасайтындардың арасында жамбылдық бүркітші Бақдәулет Бабажановтың құсы Қапсалған бірінші орын алды. Иесінің айтуынша, оның бүркіті осындай жарыстарда талай рет жеңген, барлық тапсырмаларды орындаған. «Бұған үйрету оңай іс емес, оған талай жыл жаттығу керек», - дейді Б.Бабажанов. Екінші жүлделі орынды қызылордалық Самат Әбкәрімұлы еншіледі, үшінші орынды Астанадан келген бүркітші Серікбек Күнтуған мен Алматы облысының тұрғыны Алмас Сейітжан өзара бөлісті. Сұңқарлармен аңшылықта сондай-ақ жеңімпаз атанған жамбылдық Шернияз Бауыржан,  және екінші жүлдегер Бақтияр Нұрқали ерекшеленді. Ал Ақтөбе облысынан келген Ақберген Құрманғалиев үшінші орыннан көрінді. Жамбылдықтар жалпыкомандалық есепте бірінші орыннан көрінді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы жылы осыған ұқсас талай жарыстар мен халықаралық сайыстар жоспарланған. Болашақта қазақтың ұлттық спорт түрі, Қазақстандағы аңшылықтың ең көне түрлерінің бірі  - саятшылыққа халықаралық дәреже беру көзделіп отыр.      


Ольга Полторанина - Еуропа ашық чемпионатының спринтінде 19-шы орында

Түменде биатлон бойынша өтіп жатқан Еуропаның ашық чемпионатында әйелдердің спринтердік жарысы болып өтті, деп жазады Sports.kz.Жеңімпаздар тұғырына неміс спортшылары көтерілді. Жеңімпаз болып Надин Хорхлер атанса, екінші орынды одан үш жас кіші сіңлісі Каролин Хорхлер еншіледі, қола медальды Анника Кнолль қанағат тұтты. Қазақстандықтардың арасында үздік нәтижені Ольга Полторанина - 19-шы, Елена Хрусталева  - 33-ші, Марина Лебедева - 42-ші, Александра Сасина - 44-ші, Галина Микрюкова - 57-ші көрсетті.      


Алматыда трамплиннен секіруден Әлем кубогының қысқы кезеңдеріне 100 спортшы қатысады

Алматыда трамплиннен секіруден Әлем Кубогының қысқы кезеңдерінде әлемнің 100 спортшысы бағын сынайды. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында ҚР Трамплиннен секіру және шаңғы қоссайысы бойынша федерацияның президенті Андрей Вервейкин айтты.«Бұл кезеңде әлемге танымал спортшылар келеді. Ерлер арасында 62 спортшы, әйелдер арасында 34 спортшы бағын сынайды. Ертең сайыс басталады. Бірақ ең үздіктер сенбі күні өнер көрсетеді»,- деді А.Вервейкин. Қазақстан құрамасының намысын Радик пен Марат Жапаровтар, Сабыржан Мүмінов пен Константин Сокаленко қорғайтын болады. «Сайыс өте қатаң болады. Жеңімпаз мынау болады деп тап басып айта алмаймыз. Біздің спортшылардың бірі үздік 30-дыққа енеді деп сенеміз», - деді федерация президенті. Спорттық дода 27 ақпанда «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплині кешенінде өтеді. 

Алматыда трамплиннен секіруден Әлем кубогының қысқы кезеңдерінің жүлде қоры 180 мың франк

Алматыда трамплиннен секіруден Әлем Кубогының қысқы кезеңдерінің жүлде қоры 180 мың франк. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз конференциясы барысында трамплиннен секіру және шаңғы қоссайысы бойынша ҚР Федерациясының президенті Андрей Вервейкин айтты.«Ерлер арасындағы жүлде қоры 72 мың швейцар франкі. Бірінші орын алған спортшы 10 мың франк алады. Әйелдер өзара 20 мың франкті бөліседі. Ертең сайыс басталады. Бірақ ең үздіктер сенбі күні өнер көрсетеді»,- деді А.Вервейкин. Оның айтуынша, айтулы додаға кіл мықтылар келеді. «Қыс бойы 30-дан аса кезең өткізіледі. Ерлер арасында финал Словенияның  Планицада өтеді. Жеңімпаз Хрусталь глобусты алады», - деді А.Вервейкин. Айта кету керек, спорттық дода 27 ақпанда «Сұңқар» халқаралық шаңғы трамплині кешенінде өтеді. Бұл сайыс 2017 жылы өтетін Қысқы универсиада ойындарына тестілік дайындық саналады.       

Ақмола облысында «Хрустальный колос» 30-шы қысқы спартакиадасы өтуде

Сандықтау ауданының орталығы Балкашино кентінде қысқы облыстық «Хрустальный колос» спартакиадасының алауы жағылды.Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.  Осымен 30-шы рет ұйымдастырылып отырған спартакиаданың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов қатысып, құттықтады.  Бәсекеге облыстың әр ауданынан келген 19 команда қатысып, шаңғы жарысы, допты хоккей және биатлон тәрізді қысқы спорт түрлері бойынша сынға түсуде.   Сап түзеген командалар алдында 6 қысқы универсиаданың қатысушылары Сирик Сергей  мен Людмила Науменко спартакиада жалауын көтерсе,  Беларусь елінде өткен биатлоннан әлем чемпионатына қатысушы Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы сандықтаулық Роман Ерёмин жарыс алауын жақты.  Үш күнге жалғасатын жарыс жеңімпаздары 27 ақпанда анықталатын болады.     

«Kazsport» АПЛ аясындағы «Манчестер Юнайтед» - «Арсенал» матчын тікелей эфирде көрсетеді

Алдағы демалыс күндері АПЛ-дың 27-ші тур ойындары өтеді. «Kazsport» телеарнасы 3 ойынды тікелей эфирде, 5 матчты қайталауда көрсетеді.Көрсетілім кестесі: 27 ақпан 20:50. ФУТБОЛ. АПЛ. «Саутгемптон» - «Челси». Тікелей эфир 23:20. ФУТБОЛ. АПЛ. «Вест Бромвич Альбион» - «Кристал Пэлас». Тікелей эфир 01:30. ФУТБОЛ. АПЛ. «Вест Хэм Юнайтед» - «Сандерленд» 28 ақпан 08:05. ФУТБОЛ. АПЛ. «Уотфорд» - «Борнмут» 11:15. ФУТБОЛ. АПЛ. «Сток Сити» - «Астон Вилла» 13:05. ФУТБОЛ. АПЛ. «Лестер Сити» - «Норвич Сити» 19:55. ФУТБОЛ. АПЛ. «Манчестер Юнайтед» - «Арсенал». Тікелей эфир 00:15. ФУТБОЛ. АПЛ. «Тоттенхэм» - «Суонси Сити».     

Допты хоккей: Оралдың «Ақжайығы» финалдық сайыстарға жолдама алды

Допты хоккейден «Жоғары лига» бүкілресейлік жарысының екінші тобында өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» маусымдағы соңғы ойынын Верхний Уфалейдің «Никельщик» командасымен өткізіп, 4:2 есебімен жеңіске жетті.Бұл матчта команда капитаны Ескендір Нұғманов қос голдың авторы атанса, ресейлік легионерлер Сергей Башаев пен Максим Пьянов бір-бірден доп соқты. Маусым соңында 28 ойыннан кейін 41 ұпай еншілеген Дмитрий Иванниковтың шәкірттері екінші топта төртінші орынға көтеріліп, Димитровград қаласында (Ульяновск облысы)  3-9 наурыз аралығында өтетін финалдық сайыстарға жолдама алды. Ресей допты хоккей федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, финалдық турнирде «Ақжайықтан» басқа «Мурман» (Мурманск), «Саяны-Хакасия» (Абакан), «Знамя-Удмуртия» (Воткинск), «Никельщик» (Верхний Уфалей), «Черемшан» (Димитровград) командалары сынға түседі. Осылардың арасынан бірінші және екінші орынды иеленген қос команда Ресей чемпионатының суперлигасына жолдама алады. Айта кетейік, биыл құрылғанына 40 жыл толатын оралдық клуб үшін бұл оныншы финалдық турнир болмақ. Осыған дейін «Ақжайық» жоғары лигада 2006, 2008, 2009 және 2010 жылдары қола жүлдені иеленген еді.      


24 елдің спортшылары олимпиадалық лицензиялар үшін Астанаға келеді

 Қазақстанның күрес федерациясында Азиялық олимпиадалық біліктілік турниріне даярлық қызу жүргізілуде. Осы жылғы 18-20 наурыз күндері Астанада жоспарланған спорт шарасы Рио-де-Жанейродағы олимпидалық ойындарға лицензиялар сарапқа салынатын   ең алғашқы біліктілік жарысы (әлем чемпионатын есептемегенде) болмақ.Сондықтан да биылғы жылдың ең маңызды спорт жарысына Қазақстан астанасында азиялық құрлықтың барлық үздік палуандары бас қосады, деп хабарланды федерацияның сайтында. Федерацияның халықаралық бөлімінің мәліметтері бойынша, алдын ала тізімге 24 ел кірді, олардың арасында қазақстандық спортшыларға елеулі бәсекелес болып табылатын көшбасшы құрамалар бар: Иран, Қытай, Жапония, Моңғолия, Оңтүстік Корея, Үндістан. «Тағы екі ел тіркеліп үлгерген жоқ, бірақ та турнирге қатысуды жоспарлап отыр, олар: Филиппин мен Иордания», - деп түсіндірді федерациядан.  Қазіргі кезде бұл командалардың барлығы өздерінің көшбасшы-спортшыларын алты салмақ санаты, әртүрлі стиль бойынша үкілеп бәйгеге қосады, өйткені Олимпиада ойындарының талабы осындай.   Грек-рим күресі: 59, 66, 75, 85, 98, 130 келі; Еркін күрес: 57, 65, 74, 86, 97, 125 келі; Әйелдер күресі: 48, 53, 58, 63, 69, 75 келі. Жоғарыда көрсетілген үш салмақ санаттары бойынша Қазақстанның төртжылдықтың басты сайысына қазірдің өзінде лицензиялары бар. Алғашқы лицензияны 59 келі салмақ санатына дейінгі грек-рим күресінің палуаны Алмат Кебісбаев алды. Ол Риоға жолдамаға 2015 жылғы Лас-Вегастағы әлем чемпионатындағы қола медалі есебінен қол жеткізді. Осы жарыстарда екінші лицензияны классикалық күрестен 75 келі салмақ санатында Досжан Қартықов жеңіп алды. Риодағы үшінші жолдамаға 57 келіге дейінгі салмақ санатында еркін күрес шебері Санаа Артас ие болды. Ол Вегастағы әлем чемпионатында күштілердің бестігі қатарына кірді. Бұл спортшылар сондықтан да Астанадағы жарыстарға қатыспайды, ал қалған салмақ санаттары бойынша Қазақстан өзінің үздік палуандарын сайысқа салады.      

Футболдан ҚР Суперкубогы матчы тікелей эфирден көрсетіледі

 8 наурызда қазіргі ел чемпионы «Астана» мен Қазақстан кубогының жеңімпазы «Қайрат» Қазақстанның 2016 жылғы Суперкубогының жаңа маусымы ашылуы матчында сайысқа түседі, деп хабарлады Sports.kz.Кездесуді тікелей эфирде «Қазақстан» ұлттық телеарнасы көрсетеді. Трансляция Астана уақытымен сағат 14:45-ке белгіленген. «KAZsport» тееарнасы ойынды сағат кешкі 20:00-да оны тікелей эфирде көре алмаған жанкүйерлері үшін қайталап көрсетеді.      


Алматыда трамплиннен шаңғымен секіруден FIS Әлем Кубогының қысқы кезеңдері өтеді

27 мен 28 ақпан күндері  Алматыда «Viessmann» ұсынған трамплиннен шаңғымен секіруден FIS Әлем Кубогының қысқы кезеңдері өтеді. 15 елдің 150 спортшысы,  халықаралық «Сұңқар» трамплиндер кешенінде бақтарын сынайды. Аталған тестілік жарыс, 2017 жылғы 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиадаға дайындық аясында өткізіледі.Бұл туралы Қазақстанның шаңғы спорт түрлері қауымдастығының баспасөз қызметі хабарлады. Шаңғымен трамплиннен секіруден Әлем кубогінің кезеңі - Халықаралық шаңғы спорты федерациясының (FIS) жыл сайын өткізетін мәртебелі жарысы. Ол бірнеше кезеңнен тұрады. Алматының «Сұңқар» трамплиндер кешенінде өтетін қысқы кезеңге 15 елден 150 спортшы қатысады. Олар FIS нұсқасы бойынша әлемнің ең үздік  отыздығына кіретін тұғырдан секірушілер. Eurosport телеарнасы жарыстан екі күн бойы хабар таратады. «Біздің еліміз үшін бұл айтулы оқиға. Алматыда әлемнің кіл мықты спортшылары бас қоспақ. Бұл жарысты ұйымдастыруда ауқымды дайындық жұмыстары атқарылды. Барлық спортшылар жарыста бүкіл күш-жігерін ортаға салмақ. Өйткені оларға  әрбір ұпайды еншілеу аса маңызды. Сондықтан Алматыдағы әлем кубогының кезеңіне, әлемнің топ-30 спортшылары келді, - деді, Қазақстанның шаңғы спорт түрлері қауымдастығының бас хатшысы Игорь Жуков. Әлем кубогы алдағы жылы Алматыда өтетін қысқы Универсиада аясындағы тестілік жарыс болып есептеледі. Жарыс кезінде қысқы Универсиаданың ұйымдастыру комитеті мен «Сұңқар» халықаралық трамплиндер кешенінің  қызметтері тестілеуден өтеді.  «Әлем кубогының қысқы кезеңі, биыл біз ұйымдастырып жатқан екінші тестілік шара болып табылады. Жақында ғана VI-шы Республикалық Универсиада кезінде дирекцияның бірқатар қызмет бөлімдерін сынақтан өткіздік. Биылға 7 тестілік жарыс жоспарланып отыр.  Ал осы жолғы жарыс арқылы біз «Сұңқар» трамплиндер кешенінің үлкен жарыстарды қабылдауда қаншалықты дайын екенін байқап көреміз. Сондай-ақ, дирекцияның транспорт, волонтерлар, хаттама бөлімдерінің жұмысын байқаймыз. Біз барлық Алматы тұрғындары мен қонақтарын алдағы демалыс күндері өтетін жарысты көруге шақырамыз», - деді, 2017 жылғы қысқы Универсиаданы ұйымдастыру және өткізу бойынша дирекциясының жетекшісі Әсет Әбдуалиев. Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін жарысқа кіру тегін. Ақысыз билеттерді kassir.kz, ticketon.kz, zakazbiletov.kz, tvoibilet.kz сайттарынан алуға болады. Жарыс бағдарламасы: 27 ақпан, сенбі 13.00 - Ашылу салтанаты  14.00 - Байқау кезеңі, әйелдер 15.00 - Әйелдер арасындағы 1-ші сынақ секіру. Финалдық кезең. 17.00 -Байқау кезеңі, ерлер  18.00 -Ерлер арасындағы 1-ші сынақ секіру. Финалдық кезең     28 ақпан, жексенбі 14.00 - Іріктеу, әйелдер  15.00 - Әйелдер арасындағы 1-ші сынақ секіру. Финалдық кезең. 16.45 - Іріктеу, ерлер 18.00 - Ерлер арасындағы 1-ші сынақ секіру. Финалдық кезең Viessmann - Viessmann Werke GmbH & Co компаниясына тиесілі сауда маркасы. Бұл маркамен мекемелер мен ғимараттарды жылыту жүйелері жасап шығарылады. Viessmann қысқы спорт түрлерінің біразына демеуші болып жүр. Атап айтсақ: биатлон, шаңғы сайысы, шана спорты, шаңғы қоссайысы мен трамплиннен секіру спорты.      



«Ертістің» бұрынғы шабуылшысы Э. Ронкатто еліне кетіп қалды

 «Ертістің» бұрынғы шабуылшысы Эвандро РонкаттоБразилияға оралды. «Futebol Interior» 29 жастағы бразилиялық форвард Эвандро Ронкатто өз мансабын отанында жалғастыра деп мәлімдеді. Енді ол «Рио Бранко» футболшысы болмақ, деп хабарлады Sports.kz. Еске салсақ, өткен жылы жазда Ронкатто павлодарлық «Ертістің» қатарына қосылған. Аталған команда сапында ол «ҚПЛ-2015 турнирі» маусымында 5 гол соғып, 11 ойынға қатысты.   


Қазақстан Риода паралимпиадаға кезекті лицензияны жеңіп алды

Куала-Лумпурда (Малайзия) осы күндері өтіп жатқан паралимпиадашылар арасында пауэрлифтинг бойынша Әлем Кубогының ІІ кезеңінде қазақстандық спортшы Раушан Қойшыбаева (Алматы облысы) 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола медаль ұтты, деп хабарлады Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві баспасөз қызметінен.sports.kz сайтының хабарлауынша, 109 келі зілтемірді көтерген Раушан тек әлемдік көшбасшылар - қытайлық және нигериялық спортшыларға жол берді. Осы нәтижесі арқылы спортшымыз 2016 жылы Риода өтетін XV ойынға лицензия ұтып алды.   

Алматыда тұғырдан секіруден әлем Кубогы кезеңі өтеді

Алматыда 27-28 ақпанда тұғырдан секіруден әлем Кубогы өтеді. Халықаралық «Сұңқар» шаңғы трамплиндер кешенінде өтетін жарысқа 17 елден 500-ге жуық спортшы қатысады.Бұл халықаралық доданы «Kazsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.Көрсетілім кестесі:27 ақпан14:50. Әлем Кубогының кезеңі. Әйелдер. Финал (Алматы). 1-ші күн. Тікелей эфир19:30. Әлем Кубогының кезеңі. Ерлер. Финал (Алматы). 1-ші күн28 ақпан14:50. Әлем Кубогының кезеңі. Әйелдер. Финал (Алматы). 2-ші күн17:50. Әлем Кубогының кезеңі. Ерлер. Финал (Алматы). 2-ші күн. Тікелей эфирАйта кетейік, бұл сайыстар 2017 жылы Алматыда өтетін 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиадаға дайындық ретінде ұйымдастырылады. 


Оралда Алғыс айту күніне орай спортшыларға құрмет көрсетілді

 БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасында Алғыс айту күніне орай спорт түрлерінен дүниежүзілік додалар мен республика біріншіліктерінде топ жарған жеңімпаз-жүлдегерлерге құрмет көрсетілді.Басқарма басшысы Азамат Бекет пен шорт-тректен Қазақстанның мемлекеттік жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбеков жоғары табыстарға қол жеткізген спортшыларға ризашылығын білдіріп, алдағы жарыстарда да ел намысын абыроймен қорғап, жеңіске жетулеріне тілектестігін білдірді. Бұл ретте таяуда ғана Норвегияның Лиллехаммер қаласында мәреге жеткен ІІ қысқы жасөспірімдер олимпиадасында шорт-тректен аралас командалық жарыста қола жүлдегер атанған Анита Нагайдың орны ерекше. Болашағынан үлкен үміт күттіретін жас спортшыға алғысхатпен бірге 300 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Сонымен қатар үстел теннисі, грек-рим, әйелдер, дзюдо және қазақ күресі, гір спорты, бокс, велосипед жарыстарында оза шапқандар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Осындай спортшыларды тәрбиелеп отырған олардың ата-аналарына алғысхаттар тапсырылды.       

AIBA: Кәсіби боксшылардың Олимпиадаға қатысуы көктемнің ортасында белгілі болады

Олимпиадаға, атап айтқанда, Рио-де-Жанейродағы ойындарға кәсіби боксшылардың қатысуы туралы шешім AIBA халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының кезектен тыс конгресі өткен кезде көктем ортасында ғана қабылданады. Бұл туралы ресейлік ТАСС агенттігі AIBA-ға сілтеме жасай отырып хабарлайды.«Кәсіби боксшылардың Олимпиадалық ойындарға қатысуы жөніндегі қағиданың бекітілуі талқыланатын ұйымның кезектен тыс конгресі көктемге жоспарланған», - деп хабарлады қауымдастықта. 2013 жылы енгізілген AIBA-ның қолданыстағы қағидасына сәйкес кәсіби боксшылар кемінде 15 жарыс өткізсе (сыйақы алып), сондай-ақ ұйыммен арнайы қысқа мерзімді келісімшартқа қол қойған жағдайда Олимпиадаға қатысуға құқығы бар. «Ережеге қатысты айтар болсақ, оны ұйымның атқарушы комитеті бекітеді де, сосын кезектен тыс конгреске құптауға ұсынылады», - деп түсіндірді AIBA вице-президенті, Азиялық бокс конфедерациясының президенті Серік Қонақбаев. С.Қонақбаев кәсіби боксшыларда таяуда өтетін Олимпиадалық ойындарға қатысуға теориялық тұрғыдан қарастырғанда мүмкіндіктері бар екендігін атап өтті. «Теориялық жағынан болады. Егер біз қажетті құжаттарды ресми ресімдеу бойынша барлық рәсімдерді мерзімінде өтсек, онда бұл мүмкін. Ұлттық федерациялардың көпшілігі бұл бастаманы қолдады. Әрине, қай жаңалықтың болса да, жақтаушылары мен қарсы шығатындары болады», - деп мәлімдеді AIBA вице-президенті. Ұсынылған жаңа қағида қабылдануы мүмкін, ол  жасынан және тәжірибесінен тыс кез келген кәсіби боксшыға Олимпиада ойындарына қатысуға  мүмкіндік береді. 

Аршавин «Қайрат» құрамындағы алғашқы жаттығуын өткізді

Ресейлік жартылай қорғаушы Андрей Аршавин бүгін «Қайрат» құрамындағы алғашқы жаттығуын өткізді, деп хабарлады kazfootball.kz.Атап өту керек, бүгінде «Қайраттың» негізгі құрамының жартысы медициналық тексерістен өтті. Екінші жартысы жаттықты.   Андрей Аршавин «Қайратпен» келісімшартқа қол қою үшін бүгін таңертең Алматыға ұшып келді.  Осыған дейін БАҚ келісім мерзімі 1 жылға жасалатындығын хабарлаған. Еске сала кетейік, 34 жастағы ойыншы өзара келісім арқылы «Кубаньмен» келісімшартын бұзған.       

Қызылордалық таэквондошылар Біріккен Араб Әмірлігінде өткен халықаралық турнирде жақсы өнер көрсетті

23-25 ақпан аралығында Біріккен Араб Әмірлігінде таэквондодан «Фуджейра Опен - 2016» халықаралық жарысы аяқталды. G - 2 дәрежесінде өткізілген жарысқа 17 елдің спортшылары қатысты.Аталған сайыста жастар арасында 46 келі салмақта өнер көрсеткен Динара Әбдіржан (№1ОРМБЖМ) жарыс жеңімпазы атанды. 63 келі салмақта Тахир Нәбиев(№1ОРМБЖМ) екінші орын алса, 49 келіде Ботагөз Қапанова (спорт интернат) қола жүлдені иеленді.  Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады. Ересектер арасында Жазира Сапарбек (ЖСШМ) 46 келі салмақта және Айнұр Есбергенова (№1ОРМБЖМ) 49 келі салмақта III орындарға ие болды. Спортшыларды жарысқа Николай Курноскин, Нұрлыбек Сухан, Руслан Тілеулиев, Рашид Сандықбаев және Сламбек Мұсатаевтар дайындады.           


Серхио Мартинес: «Головкиннің күші Альварестікіне қарағанда басым»

 

 Екі салмақ дәрежесіндегі бұрынғы әлем чемпионы Серхио Мартинес  Сауль «Канело» Альвареспен салыстырғанда Геннадий Головкин мықты боксшы деп есептейді, деп жазды Sports.kz.- Головкин Канелоға қарағанда жоғары тұр. Ол орта дивизионда лидер, ол әлдеқайда мықты  ([Альвареске қарағанда). Головкиннің көп соққыны жіберіп алып, әлсіреп қалатын кезі де бар. Алайда ол 160 фунт салмақтағы боксшылардың ішіндегі ең мықтысы, - деген Мартинестің сөздерін келтіреді Boxingscene.com.      


БОКС: «Uzbek Tigers» пен «Astana Arlans» бірер сағаттан соң басталады

Бүгін Ташкент қаласында Бүкіләлемдік бокс сериясы (WSB) жобасының алтыншы маусымы аясында еліміздің «Астана арландары» командасы Өзбекстанның «Өзбек жолбарыстары» («Uzbek Tigers») командасымен алғаш рет кездескелі тұр.«Астана арландары» клубының Бас директоры, Олимпиада жеңімпазы Серік Сәпиев «Sports.kz» интернет-порталына берген сұхбатында қазақ пен өзбек боксшылары арасындағы бұл кездесу өте тартысты болғалы тұрғанын мәлімдеген. Ол Өзбекстан былғары қолғап шеберлері WSB жобасы бойынша алғаш рет қатысып отырғанмен, құрамында дарынды жастар бар екенін айта келіп, тәжірибесі мол «Астана арландарының» жеңіске жететініне сенім білдірген. Бүгін көрші елде шаршы алаңға шығатын боксшылардың жұптары мынадай:49 келі: Хасанбой Дусматов - Теміртас Жүсіпов;56 келі: Абдулхай Шарахматов - Мейірболат Тоитов;64 келі: Фазлиддин Мелибоев - Асхат Уәлиханов; 75 келі: Хуршид Норматов - Мейірім Нұрсұлтанов; 91 келі: Мирзабек Хасанов - Еркін Мұхамеджан. «Uzbek Tigers» пен «Astana Arlans» командасының кездесуі Астана уақытымен сағат 20-00-де басталады деп жоспарланған.Қос команданың тартысты жекпе-жегін «Хабар» телеарнасы бүгін түнгі сағат 12-05-те қазақстандық көрермендер назарына ұсынады.   

Бокстан Қазақстанның чемпион қыздары анықталды

Елордада әйелдер арасында бокстан ел чемпионаты өз мәресіне жетті. Жеңімпаз атанғандар қатарында таяуда Астанада өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын және Рио Олимпиадасына баратын спортшылар да бар, деп хабарлады ҚР Бокс федерациясының баспасөз қызметінен.Бұл чемпионаттың көптен күткен жаңалығы жаңа салмақ санатына көшкен әлем чемпионы Назым Қызайбайдың байрақты бәсекеде бас жүлдеге қол жеткізу болғаны анық. Назым 48 келіден Олимпиада ойындары бағдарламасына енгізілген 51 салмаққа ауысқан болатын. Сол сәттен бері оның бапкерлері спортшының жаңа салмақ санатына бейімделіп кетуіне күдікпен қараған еді. Дегенмен, чемпионаттың финалдық кездесуінде еліміздің тағы бір мықты боксшысы Жайна Шекербековаға қарсы шыққан Назым өзінің бабында екендігін дәлелдей алды. Ендігі уақытта Н.Қызайбай Олимпиадаға жолдама алу үшін барын салатын болады. Ал Рио жолдамасы сарапқа салынатын келесі турнир наурыз айында Қытайда өтеді. «Лицензия үшін осы чемпионатта бірінші орын алған қыздар жарыс жолына шығады. Олар Назым Қызайбайдан бөлек Назым Ищанова (60 келі) мен Дариға Шакимовалар (75 келі). Мамырда өтетін әлем чемпионатына кімдердің қатысатындығын әзірше айтпаймын. Дайындығы жоғары спортшы жарыс жолына шығатын болады», - деді әйелдер құрамасының бас жаттықтырушысы Вадим Присяжнюк. Сонымен 2016 жылы әйелдер бокстан Қазақстан чемпионатында жеңіске жеткен спортшылар мыналар:    48 келі I Алина Тұрлыбаева (Павлодар облысы) II Алуа Балқыбекова (Жамбыл облысы) III Динара Жамирова (Алматы облысы) III Әйгерім Қасенаева (Астана) 51 келі I Назым Қызайбай (Алматы) II Жайна Шекербекова (ОҚО) III Балауса Мұздиман (Алматы облысы) III Севара Тәжіқұлова (ОҚО)  54 келі I Дина Жоламан (Ақмола облысы) II Рано Пархатова (Алматы) III Аяулым Боранбаева (Астана) III Гүлжан Әкімова (Алматы) 57 келі I Сания Сұлтанқызы (Астана) II Оксана Королёва (Қарағанды облысы) III Аягөз Әбен (Астана) III Дәметкен Келімбет (Қызылорда облысы) 60 келі I Назым Ищанова (Атырау облысы) II Римма Волосенко (Астана) III Зарина Цолоева (Ақмола облысы) III Фируза Шарипова (Жамбыл облысы) 64 келі I Мадина Нұршаева (ОҚО) II Әлия Әбдірайымова (Астана) III Аида Сатыбалдинова (Астана) III Әмина Аманқұл (Жамбыл облысы) 69 келі I Валентина Хальзова (Астана) II Зура Құсайынова (Павлодар облысы) III Екатерина Братухина (Қарағанды облысы) III Любовь Хасиева (ОҚО) 75 келі I Дариға Шакимова (Алматы) II Фариза Шолтай (Жамбыл облысы) III Анастасия Рылина (Қостанай облысы) III Анастасия Заикина (ОҚО) 81 келі I Юлдуз Маматқұлова (Жамбыл облысы) II Мөлдір Базарбаева (Ақмола облысы) III Мереке Жүнісова (Астана) III Ақбота Исағұлова (Қарағанды облысы) +81 келі I Ляззат Күнгейбаева (Астана) II Умида Садықова (Алматы облысы) III Тоғжан Сыздықова (Алматы) III Меңсұлу Рысова (Ақтөбе облысы).                         

«Астана арландары» «Өзбек жолбарыстарына» есе жіберді

 Ташкент төрінде Бүкіләлемдік бокс сериясы (WSB) жобасының алтыншы маусымы аясында «Өзбек жолбарыстары» («Uzbek Tigers») командасымен  кездескен «Астана арландары» 4-1 есебімен ұтылып қалды, деп хабарлады Sports.kz.Шаршы алаңға ең бірінші болып көтерілген Теміртас Жүсіпов (49 келі) Хасанбой Дусматовқа 0:3 (45:50, 45:50, 45:50) есебімен есе жіберді. Одан кейін шаршы алаңға көтерілген боксшымыз  Мейірболат Тойытов та (56 келі) Абдулхай Шарахматовқа төтеп бере алмады. 64 келі салмақ санатында шаршы алаңға шыққан Асхат Уәлиханов (64 келі)  Фазлиддин Мелибоевтен ұтылды. Ал Еркін Мұхамеджан (91 келі) өзбек боксшысы Мирзабек Хасановтің жолын кесуге қауқары жетпеді.  Астана арландары сапынан тек Мейірім Нұрсұлтанов (75 келі) қана қарсыласы Хуршид Норматовтан басым түсті. Айта кетерлігі, Астана арландары енді 4 наурыз күні «Azerbaijan Baku Fires» боксшыларымен шаршы алаңда кездесетін болады.     

«Торпедо» екінші плей-офф ойынында «Сарыарқаны» жеңді

Қарағандыда жоғарғы хоккей лигасы чемпионатының екінші 1/8 плей-офф ойынында «Сарыарқа» өскемендік «Торпедомен» кездесті.Бірінші кезеңде «Торпедо» ойыншысы Евгений Белухин есепті ашты. Екінші жиырма минут ішінде өскемендік Евгений Фёдоров және Александр Шиннің шайбаларына қарағандылық Нериюс Алишаускас және Роман Благой жауап қайтарды. Үшінші кезеңде қақпаға шайба енбеді, деп жазды sports.kz. 1 наурызда Өскеменде «Торпедо» ЖХЛ чемпионатының үшінші 1/8 плей-офф ойынында қарағандылық «Сарыарқамен» ойнайды. «Сарыарқа» - «Торпедо» 2:3 (0:1, 2:2, 0:0)   

Алматыда өтіп жатқан Әлем Кубогының кезеңдік жарыстарын ұйымдастырушылға ризамын - С.Таканаши

Бүгін Алматыда Халықаралық «Сұңқар» шаңғы тұғырлары кешенінде Халықаралық шаңғы спорты федерациясы (FIS) Әлем Кубогының қысқы кезеңінің екінші күнгі жарыстары басталды.Ерлер мен әйелдер арасында өтіп жатқан сайыстарға әлемнің 15 елінен 150-ге тарта спортшылар қатысуда. Қазақстанның атынан бүгін ағайынды Марат және Радик Жаппаров, Константин Соколенко және Сабыржан Момынов өнер көрсетеді. Әйелдер арасында әзірге спортшыларымыз жоқ. Кеше, алғашқы күнгі жарыстардың нәтижесі бойынша жапониялық Сара Таканаши мен словениялық Петер Првец жеңіске жеткен болатын. Спортшылар екі реттен секірді. Сара Таканаши секіру қорытындысы бойынша 252.6 балл жинап, әйелдер арасында жеңімпаз атанды. Екінші және үшінші орындар австриялық спортшылар - Даниэль Ирашко-Штольц (245.3) пен Жаклин Зайфридсбергерге (239.2) бұйырды. «Мен бұған дейін осы «Сұңқарда» тұғырдан секіру бойынша Әлем Кубогының жазғы гран-при жарыстарына бірнеше рет қатысқан едім. Ал қысқы жарыстарға бірінші рет қатысуым. Әрине қобалжыдым. Бірақ, соған қарамастан жақсы нәтиже көрсете алдым. Ұйымдастырушылар мен еріктілердің жұмысына ризамын. Тұғырды өте жақсы дайындаған. Енді Қазақстанға тағы да келемін деген үміттемін», - деді жарыс соңында өткізілген брифинг барысында С. Таканаши. Ерлер арасындағы жарыста словениялық спортшы Петер Првецтің бағы жанды. Ол секіру қорытындысы бойынша 272.7 балл жинап, жеңіс тұғырына көтерілді. Австриялық спортшы Михаэль Хайбёк 254.7 баллмен екінші орынды иеленді. Ал үшінші орын германиялық Зеверин Фройндтың (252) еншісіне тиді. «Менің Алматыға тұңғыш рет келуім. «Сұңқар» кешені маған өте ұнады. «Әлемдегі ең үздік кешендердің бірі» деп бекерге айтылмайды екен. Бүгін соған көзім жетті», - деді өз кезегінде Петер Првец. Айта кетелік, бұл жарыстар алдағы 2017 жылы Алматыда өтетін қысқы Универсиада қарсаңындағы тестілік жарыстар болып табылады. Сондай-ақ, жарыс барысында Универсиаданы ұйымдастыру комитетінің жұмысы мен Халықаралық «Сұңқар» шаңғы тұғырлары кешенінің дайындығы тексеріледі. Бұл жерде қалалық Ішкі істер департаменті де өз қызметін пысықтауда. Әл-Фараби даңғылынан «Сұңқар» кешеніне дейінгі аралықтағы бірнеше жүз метрлік жол бойына әрбір 20-25 метр сайын бір-бір тәртіп сақшысы тұрғызылды. Олар қоғамдық тәртіпті жіті бақылауға алды. Әлем Кубогы Халықаралық шаңғы спорты федерациясының қолдауымен өтіп жатыр. Қысқы кезеңге 15 елден 150-ге тарта спортшы қатысуда. Олар FIS нұсқасы бойынша әлемдегі 30 ең үздік тұғырдан секірушілер тізіміне кіреді. Жарыстар Eurosport телеарнасы арқылы тікелей эфирде көрсетіліп жатыр. Жарыстарды тамашалау тегін.    




Әлем Кубогының қысқы кезеңі + 20° градусқа қарамастан сәтті өтіп жатыр - П. Новиков

Шаңғымен тұғырдан секіруден Әлем Кубогының қысқы кезеңінің жарыстарын +20 градус жылы ауа райына қарамастан сәтті өткізіп жатырмыз. Журналистерге берген сұхбатында осы жарысты ұйымдастыру комитетінің президенті, ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің вице-президенті Павел Новиков осылай деді.«Алматыда қазір күн жылып, қар еріп жатыр. +20 градустық температурада Әлем Кубогының қысқы кезеңін жоғары деңгейде өткізу - өте күрделі жұмыс. Соған қарамастан, біз бұл жұмысты жоғары деңгейде жүзеге асырып жатырмыз. Бұл жерде спортшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету - біз үшін ең басымды міндет. Біз оны ойдағыдай атқардық», - деді П. Новиков. Ол сонымен қатар, сенім білдіргені үшін Халықаралық шаңғы спорты федерациясына ризашылығын білдірді. «Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, Халықаралық шаңғы спорты федерациясы жарыс бағдарламасын қысқартқан да өзгерткен де жоқ. Яғни, бізге толығымен сенім білдірді. Бұл үшін федерация басшылығына қазақстандықтар атынан ризашылығымды білдіремін», - деді П. Новиков. Айта кетелік, қазіргі сәтте Халықаралық «Сұңқар» шаңғы тұғырлары кешенінде Халықаралық шаңғы спорты федерациясы (FIS) Әлем Кубогының қысқы кезеңінің екінші күнгі жарыстары жүріп жатыр. Алдымен, әйелдер өнер көрсетуде. Қардың тез еруіне байланысты, есептік жарыстар, тестілік секірулерсіз басталып кетті.   


Головкиннің әлеуетті қарсыласы шаршы алаңда жеңіске жетті

Қазақстандық спортшы Геннадий Головкиннің әлеуетті қарсыласы нокаутпен жеңіске жетті. Нью-Йоркте «Madison Square Garden» аренасында Геннадий Головкинді жекпе-жекке шақырған «WBO» нұсқасы бойынша бірінші орта салмақтағы әлем чемпионы 28 жастағы америкалық Теренс Кроуфорд пен 32 жастағы Хэнк Ланди кездесті, деп хабарлады sports.kz.Ланди жекпе-жекті жақсы бастады, алайда екінші кезеңнен Кроуфорд шаршы алаңда басымдық таныта бастады. Ол ара-қашықтықты бақылап, ауыр соққылар жасады.  Бесінші кезеңде Кроуфорд Ландиді нокдаунға жіберді, алайда ол тұрды. Кроуфорд тағы бір соққы жасағанда төреші жекпе-жекті тоқтатты.   

Жапон спортшысы Сара Таканаши Алматыда шаңғымен тұғырдан секіруден өткен Әлем Кубогының жеңімпазы атанды

Алматыда Халықаралық «Сұңқар» шаңғы тұғырлары кешенінде ерлер мен әйелдер арасында шаңғымен тұғырдан секіруден Әлем Кубогының қысқы кезеңі өтіп жатыр. Жаңа ғана әйелдер арасындағы жарыстардың ақтық раунды өз мәресіне жетті.  20 жастағы жапон қызы Сара Таканаши Әлем Кубогының жеңімпазы атанды. Оның көрсеткіші - 236.9 балл. Австриялық спортшы Даниэль Ирашко-Штольц 234.7 баллмен екінші орынды иеленді. Ал словениялық Мая Втиц 233.9 баллмен үшінші орынға көтерілді. Бүгінгі жарысты тамашалауға келген көрермендер әсіресе келбеті қазаққа ұқсас Сараға қызу қолдау көрсетіп отырды. Ол тұғырдан секірген сайын жанкүйер қол шапалақтап. қошемет көрсетіп жатты. Алматыда шаңғымен тұғырдан секіруден өтетін Әлем Кубогының бойтұмарына айналып үлгерген Сара бұл жолы да алдына жан салмай, көрермендердің көзайымына айналды. «Өздеріңіз білесіздер, мен Алматыға осымен бесінші рет келіп отырмын. Мен бүгін бірінші рет секіргенде аздап қателік жіберіп алдым. Бірақ, екінші рет секіргенде барынша қателік жібермеуге тырыстым. Менің Қазақстанға деген сүйіспеншілігім шексіз. Маған Алматы өте ұнайды. Енді, алдағы уақытта тағы да жарыстарға қатысу мүмкіндігі туындап жатса, міндетті түрде тағы да келемін», - деді Сара Таканаши. Айта кетелік, қазір ерлер арасындағы жарыстардың ақтық раунды басталды.     


Словениялық спортшы Петер Превц Алматыда шаңғымен тұғырдан секіруден өткен Әлем Кубогының жеңімпазы атанды

Жаңа ғана Алматыда халықаралық «Сұңқар» шаңғы тұғырлары кешенінде ерлер мен әйелдер арасында шаңғымен тұғырдан секіруден Әлем Кубогының қысқы кезеңінің ерлер арасындағы жарысы аяқталды.Словениялық спортшы Петер Превц секіру қорытындысы бойынша 325.9 балл жинап, Әлем Кубогының ақтық раундының жеңімпазы атанды. Ол кешегі раундта да жеңіс тұғырынан көрінген болатын. Сондай-ақ, кешегі жарыста үшінші орын алған германиялық Зеверин Фройнд бүгінгі ақтық сында екінші орынды иеленді. Оның көрсеткіші - 314.3 балл. Ал норвегиялық Даниэль-Андре Танде 310.9 баллмен үшінші орынды иеленді. Ол кешегі өткен алғашқы раундтық жарыста төртінші орынды місе тұтқан болатын. Қазақстанның атынан 4 спортшы өнер көрсеткен болатын. Өкінішке қарай, ағайынды Марат пен Радик Жаппаровтар және Константин Соколенко тіпті квалификациядан да өте алмады. Ал Сабыржан Момынов соңғы - 50-ші орынды иеленді.           


Атыраулық әжелер таэквондоны кәсіби спорт шеберінен үйренуде

Атыраулық қариялар спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануда.Кәріс этномәдени бірлестігінің мүшелері осылай ерекше спорт клубын ашып, көпшілікке үлгі болуда, деп жазады 24.kz. Кәрістердің ұлттық спорт түрі - таэквондоны әжелерге кәсіби спорт шебері үйретеді. Клуб мүшелерінің ең жасы алпыстан асса, соңы - сексенді алқымдаған қариялар. Қазір спорттық клубтың жиырмаға жуық тұрақты мүшесі бар. Биыл жасы сексенге шығатын Любовь Хен осында келгелі қан қысымым қалпына келіп, денемнің құрыс-тұрысы жазыла бастады дейді. «Өзімді жақсы сезінемін. Бұрын аяғым, белім ауыратын осы жаттығулардың арқасында қазір біршама жақсы болып келе жатырмын. Қатысамын деген қариялардың барлығын өз қатарымызға шақырамыз. Есігіміз әрқашан ашық», - дейді зейнеткер Любовь Хен. Жаттықтырушы таэквондадан қара белбеу иегері, кәсіби спортшы - Қабибек Мұхитов қарттардың құлшынысына жоғары баға беріп отыр. Болашақта ересектер арасында ұйымдастырылатын жарыстарға қатысуда жоспарда бар. «Келген кезде бұл кісілер кішкене дене қимылдары ауырлап, тосындау көрініп еді. Қазір қарап отырсам, күннен-күнге жақсарып келе жатыр. Қатысам деген, үйренем деген құлшыныстары өте жоғары. Қазақстан бойынша осындай үлкен жастағы адамдарға арналған ұйымдар көбірек ашылса дейміз. Біз соған үлгі болуға дайынбыз», - Таэквондодан ҚР еңбек сіңірген бапкері Қабибек Мұхитов. Бұл ұйымның ұйытқысы - «Тхоньил» кәріс этномәдени бірлестігі. Қарттар қолы бос та спортпен шұғылданады, ән салып, би де билейді. Салауатты өмір салтын ұстанған қариялар қашанда көпшілікке үлгі болмақ. Қыстай спорт залында шұғылданған қариялар күн жылына қала көшелеріне велосипедпен серуенге шығуды да жоспарлап отыр.   

Қазақстандық боксшы Ержан Жомарт Болгарияда өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды

22-28 ақпанда Болгарияда София Университетінің спорт кешенінде дәстүрлі 67-Халықаралық «Странджа» турнирі өтті. Жарысқа қазақстандық боксшылар да қатысты.Жақсылық Ілиясов (60 кг) АРВ сериясы бойынша чемпион өзбекстандық Хуршид Тожибаевқа жол беріп, жекпе-жектің алғашқы сынынан-ақ сүрінді. Ал Бекзод Халмедов (69 кг), Алмасбек Әлібеков (64 кг) және Вадим Казаков (81 кг) ширек финалға дейін келіп, жарыстан шығып қалды. Ал ақтық сынға тек Ержан Жомарт қана шықты. Ол алғашқы кездесуде 49 кг дейінгі салмақ дәрежесіндегі АРВ чемпионы - қытайлық Лю Бинді ұтты. Бин бұған дейін АРВ турнирінде қазақстандық Біржан Жақыповты жеңген еді. Болгарияда Ержан Жомарт 2:1 есебімен қарсыласынан басым түсті. Ал ақтық сында ол шаршы алаң иесі Тинко Банабаковты 3:0 есебімен жеңіп кетті, деп жазады  sports.kz.     

Астанада «Астана»-«Қайрат» матчына байланысты жол қозғалысы шектеледі

2016 жылы 8 наурызда «Астана»-«Қайрат» командасының арасында ҚР Супер кубогы үшін футбол матчын өткізуге байланысты елордада көлік қозғалысы шектеледі, деп хабарлады Астана қалалық ІІД-нің жергілікті полиция қызметі.Көлік қозғалысы 13.00-ден бастап Қабанбай батыр мен Тұран даңғылдары бойынша Керей мен Жәнібек хандар көшесінен Хусейн Бен Талал көшесіне дейін аралықта шектеледі. Шара аяқталғанша жол жабық болады. Аталған аумақты айналып өту үшін - Орынбор көшесімен жүру керек. Жанкүйерлерді жинау мен жеткізу бес арнайы бағдар бойныша төмендегі мекенжайларда жүзеге асырылады. 1)    «Қазақстан» СК маңында (Қажымұқан көшесі бойынша); 2)   «Хазірет Сұлтан» мешіті маңында (Қошқарбаев даңғылы бойынша); 3)   «Нұр Астана» мешіті маңында  (шығыс жақ автотұрақтан); 4)    Елордалық цирк маңындағы автотұрақ (Қорғалжын тас жолы бойынша автотұрақ) 5) Мұңайтпасов стадионы  маңындағы автотұрақ  (Кенесары көшесі бойынша);     



Құлдыраудың түбіне жеттік, енді тек жоғары көтерілеміз - ҚР Шаңғымен тұғырдан секіру және шаңғы қоссайысы федерациясының президенті

Біз құлдыраудың түбіне жеттік деп ойлаймын. Енді тек жоғары көтерілеміз. Алматыда шаңғымен тұғырдан секіруден өткен Әлем Кубогының екі күндік қысқы кезеңінің жарыстары аяқталған соң, журналистермен болған кездесуде ҚР Шаңғымен тұғырдан секіру және шаңғы қоссайысы федерациясының президенті Андрей Вервейкин осылай деді.Естеріңізге сала кетелік, Халықаралық шаңғы спорты федерациясы (FIS) Әлем Кубогы қысқы кезеңінің екі күндік жарыстары 27-28 ақпанда Алматыдағы Халықаралық «Сұңқар» шаңғы тұғырлары кешенінде өткен болатын. Қазақстанның атынан ағайынды Марат пен Радик Жаппаровтар, Константин Соколенко және Сабыржан Момынов өнер көрсеткен еді. Ал әйелдер арасындағы жарыстарға әзірге қыздарымыз қатысқан жоқ.    Алғашқы күнгі бәсекеде Марат Жаппаров 40-шы орынды иеленсе, екінші күнгі ақтық сында Сабыржан Момынов 50-ші орынға аяқ тіреді. Қалғандары іріктеуден өте алмады. «Марат Жаппаровтың 40-шы орын алғанын жетістік деуге болады. Өйткені, ол бұған дейінгі кезеңдерде мұндай нәтиже көрсете алған жоқ еді. Ал Радик Жаппаров Әлем Кубогының Нижний Тагил қаласында өткен кезекті кезеңінде 31-ші орынды иеленді. Алғашқы отыздыққа ілінуге бір-ақ ұпайы жетпей қалды. Оның үстіне маусым да күрделі болды. Біз құлдыраудың түбіне жеттік деп ойлаймын. Енді тек жоғары көтерілеміз», - деді А. Вервейкин. Ол сонымен қатар, 2017 жылы Алматыда өтетін қысқы Универсиадаға шаңғымен тұғырдан секіруден Қазақстан құрама командасы жаңартылған құрамда өнер көрсететіндігін айтты.  «Қазір бізде резерв бар. 16 жастағы спортшыларымыз шеберліктерін шыңдап жатыр. Олар алдыңғы қатарлы спортшыларымыздың деңгейіне жақындап қалды. Ал Универсиадаға қарай команда мүлдем жаңартылады. Әрине, сонда лайықты өнер көрсетуге тырысамыз», - деді А. Вервейкин.      

Мұндай ыстықта шаңғымен тұғырдан секіруден Әлем Кубогын өткізген емеспіз - В. Хофер

Шаңғы спорты тарихында мұндай жоғары температурада шаңғымен тұғырдан секіруден Әлем Кубогын өткізген емеспіз. Алматыда 2016 жылдың 27-28-ші ақпаны аралығында шаңғымен тұғырдан секіруден өткен Әлем Кубогының екі күндік қысқы кезеңінің жарыстары аяқталған соң, «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында Халықаралық шаңғы спорты федерациясының (FIS) шаңғымен тұғырдан секіру бойынша жарыстарының директоры Вальтер Хофер осылай деді.«Алматыда күн ыстық болды. Мұндай жоғары температурада шаңғымен тұғырдан секіруден Әлем Кубогын өткізіп көрген емеспіз. Әрине, Словенияның Планица қаласындағы жарыстар барысында да кейде күн жылы болады. 1995 жылғы Әлем чемпионаты барысында да күн жылы болған. Бірақ, мұншалықты деңгейде емес. Алматыдағыдай жағдай менің есімде жоқ. Соған қарамастан, жарыс өте жоғары деңгейде өткізілді. Ұйымдастырушылар мен еріктілердің жұмысына ризамын», - деді В. Хофер. Ол сонымен қатар, қазір заманауи технологиялардың арқасында қысқы кезеңдерді жылы ауа-райында да өткізе беруге болатындығын жеткізді. «Әрине, қазір жаңа технологиялар шығып жатыр. Солардың арқасында қарды жасауға да мұздатуға болады. Тіпті секіру екпінін күшейту үшін пластик те қолданылады. Бірақ, әр нәрсенің шегі болады ғой. Алматыда ауа температурасы 17 градустан жоғары болды. Бұл мен үшін рекорд», - деп күлді В. Хофер. Айта кетелік, биыл бүкіл Еуропа елдерінде ауа-райы ерекше жылы болғаны мәлім. Сондықтан, шаңғымен тұғырдан секіру бойынша Әлем Кубогының кезеңдері күрделі жағдайда өтті. Бірақ, Алматыдағы күннің ыстықтығы барлығынан асып түсті. Жарыстың алғашқы күні - 27-ші ақпанда қалада ауа температурасы 20 градусқа дейін жылынды.      

«Айсұлу» ХК Еуропалық әйелдер хоккей лигасының қола жүлдегері атанды

Алматылық «Айсұлу» хоккей клубы әйел командалары арасында Еуропалық хоккей лигасының қола жүлдегері атанды, деп хабарлады Алматы қалалық Дене тәрбиесі және спорт басқармасы.Еске салсақ, 27-28 ақпанда Италияның Триеста қаласында Құрлықтық лиганың шешуші матчы өтті. Біліктілік кезеңнен сенімді өткен біздің команда турнирде жеңіске басты үміткерлердің бірі ретінде Италияға барды. Жартылай ойында алматылық команда австриялық «Salzburg Eagles» (Зальцбург Иглз) клубына тойтарыс бере білді, «Айсұлу» бұрын олармен үш рет кездескен. Үшеуінде де жеңіске жеткен. Олардың екеуін 3:1 және 4:1 есебімен ойсырата ұтқан! Алайда осы жолы осы жолы керісінше 3:2 есебімен ұтылып қалды. Матчта 3-ші орынға сайыста «Айсұлу»  венгриялық «KMH Budapest» командасын 4:3 есебімен жеңді. Еске салсақ, Еуропалық хоккей лигасының біліктілік матчтары 2015 жылғы қазаннан бастап 2016 жылы ақпан аралығында өтті. Онда командамыз өз тобында екінші орынға тұрақтады, бұл олардың Лиганың финалдық бөлігінде жарысқа қатысуына құқық берді.     


АИБА нұсқаушылары 13 Азия елінің бапкерлерін оқытады

 29 ақпан мен 6 наурыз аралығында Алматы облысы Талғар ауданындағы бокс академиясында Азияның 13 елінен бапкерлерге арналған семинарлар өтеді. Біліктілік сабағын АИБА жоғары білікті нұсқаушылары Валентин Остьянов пен Андили Мофу жүргізеді.Азия бокс конфедерациясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл семинар Қазақстандық бокс федерациясымен бірлесіп құрылықтық бокс ұйымының бастамасы бойынша ұйымдастырылды, әрі АИБА білім беру бағдарламасының маңызды құрамды бөлігі. «Қазіргі уақытта Азия өңіріндегі бапкерлік құрамның және судьялық корпустың біліктілігін арттыруға мүдделіміз. Азияның көптеген өкілдері АИБА-ның сертификатталған мамандары болса дейміз. Білім беру бағдарламасы Қазақстаннан басталғанына қуаныштымыз», - деді Азия бокс конфедерациясының атқарушы директоры Бақдәулет Төреханов. Курс соңында емтихан болады, оның қорытындысы бойынша Азияның 40 бапкері, 10-нан астам қазақстандық бапкер  АИБА  1 және 2 жұлдызды сертификатын алады.         



Рио-2016: Тәуелсіз комиссия Қазақстанда допингке қарсы бақылауды жақсартады

Ұлттық Олимпиада комитеті Қазақстанның олимпиадалық спорт түрлері бойынша спорттық федерацияларының басшылығымен кеңес өткізді.Кездесудің қатысушылары бірқатар маңызды мәселелерді талқылады, солардың әрқайсысы тікелей немесе жанама түрде спортшылардың Бразилиядағы ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарына дайындығына қатысты болды. «Жиналғандар жарыстар кезінде олимпиадаға қатысушылардың белгіленген нормаларға сәйкес жабдықталу қажеттілігіне назар аударды. Спорттық федерацияларды аккредиттеу істерінің жағдайын жеке қарастырылды. Күн тәртібіне сондай-ақ допингпен күрес мәселесі кіргізілді», - деп түсіндірді ҰОК-нің баспасөз қызметінен. Еске сала кетейік, таяуда Қазақстанда допингке қарсы тәуелсіз комиссия құрылды. Комиссияның жұмысы Қазақстанда допингке қарсы бақылау жүйесінің жетілдірілуіне септігін тигізіп, допингке қарсы қозғалыстың барлық қатысушыларының «таза спорт үшін» күресте күшін біріктіреді. Оның құрамына түрлі ведомстволардың, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, спорттық функционерлер кірді. «Біз іске асырып отырған бірлескен жұмыстың нығайтылуын жалғастыру өте маңызды. Дәл сондықтан ҰОК басшысы Тимур Құлыбаев ҚР ҰОК-нің және ұлттық федерациялардың бірыңғай, шоғырландырылған жұмысының маңыздылығын атап өтуде. Барлығымыздың мақсатымыз бір - бұл спортшыларымыздың әлемдік спорттық жарыстарда жеңіске жетуі», - деп атап өтті ҚР ҰОК-нің атқарушы директоры Серік Қасқабасов.      


Денис Тен өзінің әуестіктері туралы айтты

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиаданың қола жүлдегері Денис Тен өзінің спорттық жетістіктерімен ғана емес, шығармашылық әуестіктерімен де танымал. Спортшы көптен бері фотосуретке түсірумен айналысып жүр, ал жақында қысқа мезеттік бейнероликтер түсіруде де өзін сынап байқауда.  «Мен осы кезге дейін фотосуретке неге әуес болғанымды өзім де түсінбеймін. Неге - мысалға. музыкамен. Мұның бәрі шығармаылық әуестік, бос уақытты құр өткізбеу. Бірақ та уақыт өте тапшы, идея көп. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір «идеялар бөгетін» жарып өтуге тура келеді... бұл кезде маған достарым көмеккғе келеді», деп жазды Денис Тен өзінің әуестіктері жайында. Айтпақшы, өзінің фотожұмыстарын мәнерлеп сырғанаушы Инстаграмдағы @d10world арнайы парақшасына жариялаған. Денистің әуесқойлығын 5 мыңнан астам фолловер бақылауда. Оның аккаунтінде 200-ден аса суреттер мен бейнероликтер бар, онда әртүрлі әлемдік шоуларда Дениспен бірге өнер көрсеткен танымал мәнерлеп сырғанаушылар да көзге түсіп қалады.           



Астанада футбол матчы өтетін уақытта көлік қозғалысы шектеледі

8 наурызда "Астана Арена" стадионында еліміздің қазіргі чемпионы «Астана» командасы мен алматылық «Қайрат» ФК ҚР суперкубогын сарапқа салатын болады. Матч өтетін уақытта қалада көлік қозғалысы шектеледі, деп хабарлады Астана әкімінің баспасөз қызметі. Ойын елордалық стадионда сағат 15:00-те басталады. Сағат 13:00-те Қабанбай батыр және Тұран даңғылдары бойында Керей мен Жәнібек хандар көшесінен Хусейн бен Талал көшесіне дейінгі бөлігінде көлік қозғалысы тоқтатылады. Жолдар матч соңына дейін жабық болады. Сондықтан әуежайға баратын астаналықтарға және жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындарына полицейлер айналып өту жолдарын алдын ала жоспарлауды ұсынады. Ең ыңғайлы жол - Орынбор көшесі арқылы жүру. Дәстүр бойынша футбол әуесқойлары үшін арнайы трансфер ұйымдастырылады. Автобустар жанкүйерлерді бес жерден алып кетеді: «Қазақстан» спорт сарайының жанындағы тұрақ, Қ. Мұңайтпасов атындағы стадионның, «Әзірет Сұлтан» және «Нұр Астана» мешіттерінің жанындағы тұрақтар, сондай-ақ, елордалық цирк жанындағы тұрақ. Астана қаласы ІІД жергілікті полиция қызметі жанкүйерлерден бұл күні қоғамдық көлікті пайдалануға шақырады.      

Соңғы жаңалықтар