ШОПАН АТА ҚОРЫМЫ
Қазіргі Маңғыстау облысындағы Сенек ауылының солтүстік-шығысынан 25 шақырым жерде орналасқан. Қорым, аңыз бойынша Қожа Ахмет Яссауидің шәкірті Шопан ата салдырған мешіті төңірегіне жайғасқан.
Шопан ата қорымы жергілікті халықтың ертедегі салт-дәстүрін, жерлеу рәсімін танытатын діни сәулетті құрылыс түрінде салынған. Ол алып жатқан жер көлемі мен ескерткіштерінің саны жағынан (2 мыңнан астам) Орал-Каспий өңіріндегі ең ірі қорымның бірі, әрі қазақ және түрікмен қорымы деп нақты межеленіп, екіге бөлінген. Оның дәл ортасындағы әк тастан қашалып жасалған мешіт бірнеше бөлмеден тұрады. Мешіт ауласында «қасиетті» тұт ағашы өскен және жуынып шайынатын тас суат бар. Қорымның солтүстік-шығысында құжыралар, михрабтар мен намаз оқып, демалатын негізгі жайлар, ал шығыс бөлігінде көптеген сағанатам, күмбезді кесене, құлпытас, қойтас пен сандықтастар орналасқан. Мұндағы ескерткіштер сәулетті және әшекей-өрнектік шешімі жағынан сан түрлі: олар әктас, құмтастан қашалып жасалған. Ірі құрылыстардың ішінде ерекше көзге түсетіні - сағана тамдар. Олардың кіре берісі кесенелер секілді оңтүстікке қарайды.
Шопан ата қорымын 1952 жылы М.Меңдіқұлов басқарған архитектуралық экспедициясы, 1977-1978 жылдары Қазақ КСР-і Мәдениет министрлігінің экспедициясы және 1982 жылы Республикалық ескерткіштерді қорғау қоғамының экспедциялары зерттеген.
Дерек көзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 9 том.