Шорт-трек: ІІІ республикалық қысқы жастар ойындарында Астана командасы үздік атанды

«Шорт-тректен елордалық құрама команда ІІІ республикалық қысқы жастар ойындарында бас бәйгені қанжығасына байлады. Жарыстың ресми ашылу салтанаты Шымкент қаласында болды. Қысқы спорт түрлерінен өткен бәсекеде елорда намысын Астанадағы №2 спорт мектебінің шәкірттері қорғады», -деп хабарлайды басқарманың баспасөз қызметі.
Жарыс нәтижесіне келсек, алғашқы күні 1500 метр қашықтыққа жүгіруден Санжар Жанысов алтын олжаласа, қыздар арасында осы қашықтықта Іңкәр Нұрланова күміс жүлдеге ие болды.
Келесі күні 500 метр қашықтыққа коньки тебуден астаналық спортшылар тағы бір алтын және қола медаль еншіледі.
Ал эстафета финалында қыздар 4-орынға тұрақтаса, ұлдар ақтық сынға жолдама алды.
Одан бөлек, шорт-тректен 1000 метр қашықтыққа жүгіруде ұлдар арасында Айбек Насен алтын, Санжар Жанысов күміс жүлдеге қол жеткізді. Сондай-ақ, бұл екі спортшының супер-спринттік қашықтыққа жүгіруде де қанжығалары майланды (Санжар Жанысов алтын, Айбек Насен күміс).
Айтулы спорт бәсекесінің қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Астана қаласы І орын, Алматы қаласы ІІ орын, сәйкесінше ІІІ орынды Қостанай облысының спортшылары иеленді.
Хабарламада айтылғандай, еліміздің 11 өңірінен 90 спортшы қатысқан қысқы жастар ойыны 4 жылда бір рет өтетін кешенді жарыс. Ол бойынша спортшылардың жетістіктері арқылы өңірлердің қысқы спорт түрлерін дамыту бойынша жұмыстарына талдау жасалып, алдағы маусымға құрама командалар жасақталады.