Шорт-трекшілер маусымы: алғашқы кезеңге Қазақстаннан кімдер қатысады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Ертең, 28 қазанда Канаданың Монреаль қаласында шорт-тректен Әлем Кубогінің алғашқы кезеңі басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Cпортты дамыту дирекциясына» сілтеме жасап.

Шорт-трекшілер маусымы: алғашқы кезеңге Қазақстаннан кімдер қатысады

Биылғы маусымдағы бірінші жарыс даңқты хоккейші Морис Ришар атындағы аренада 30 қазанға дейін жалғасады. Мұнда тек Қазақстан ерлер құрамасы сынға түспек. Әйелдер құрамасы Солт-Лейк-Сити қаласы қабылдайтын 2-кезеңге қатысады.

Ұлттық құрама тізімі: Нұртілек Қажығали, Абзал Әжғалиев, Әділ Ғалиахметов, Денис Никиша.

Бас бапкер – Нұрберген Жұмағазиев.

Жарыс қарсаңында конькишілердің жаңа спорт киімі де назарға ұсынылды.

Айта кетейік, Монреальда осыған дейін 1987, 2002, 2014, 2018 бен 2021 жылы шорт-тректен Әлем Кубогінің кезеңі өткен. Биылдан бастап барлық 6 кезеңнен соң ерлер мен әйелдер арасындағы жалпы есептің жеңімпазы «Гауһар глобусқа» ие болады.


Әлем Кубогінің келесі кезеңдері:

2-кезең – Солт-Лейк-Сити (АҚШ), 4-6 қараша;

3-кезең – Алматы (Қазақстан), 9-11 желтоқсан;

4-кезең – Алматы (Қазақстан), 16-18 желтоқсан;

5-кезең – Дрезден (Германия), 3-5 ақпан;

6-кезең – Дордрехт (Нидерланд), 10-12 ақпан;

Желтоқсанда араға 4 жыл салып Әлем Кубогі кезеңі Алматыға қайта оралады. Елімізде алғаш мәрте өткен 2018 жылғы бәсекеде (маусымдағы 3-кезең) Абзал Әжғалиев 500 метрге жарыста қола жүлдегер атанған-ды.




Фото: kazsports.kz