Шорт-тректен әйелдер арасында 1000 метрге жүгіруден алтын медаль Оңтүстік Кореяның қанжығасында кетті
АНА. 2 ақпан. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - 7-Қысқы Азия ойындары аясында шорт-тректен әйелдер арасында 1000 метрге жүгіруден алтын медальды Оңтүстік Кореяның спортшысы Пак Сынги (Park Seunghi) жеңіп алды. Жарыс Астанадағы Республикалық велотректе өтті.
Күміс жүлдені тағы бір оңтүстіккореялық спортшы Чо А Ли (Cho Ha Ri)ұтып алса, «қоланы» қытайлық Лю Куихон еншіледі.
Бұл додада Қазақстан намысын қорғаған Инна Симонова сегізінші, ал Ксения Мотова оныншы орынды місе тұтты.
Айта кетейік, осы сәттерде велотректе әйелдер және ерлер арасында сәйкесінше 3000 және 5000 метрге жүгіруден эстафеталық жарыстар өтіп жатыр.