Шорт-тректен БҚО құрамасы ел чемпионатында сәтті өнер көрсетті
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Шорт-тректен БҚО құрамасы Астана қаласында ерлер мен әйелдер арасында мәреге жеткен ел чемпионатында сәтті өнер көрсетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, 1500 метр қашықтықта Нұртілек Қажығали мен Әділ Ғалиахметов екінші орынды еншіледі. Сондай-ақ 500 метр қашықтықта Ә.Ғалиахметов пен Анита Нагай екінші, Н.Қажығали үшінші орынға көтерілді. 1000 метрден Нұртілек Қажығали ел чемпионы атанса, Ә.Ғалиахметов күміс жүлдені иеленді. 3 мың метрлік суперфиналда Н.Қажығали екінші, Ә.Ғалиахметов үшінші орынға ие болды. Құрамында А.Нагай, Г.Ғаниева, Н.Жұмағалиева, Ғ.Жұмағазиева бар БҚО әйелдер командасы 3 мың метрлік эстафеталық жарыста мәре сызығын екінші болып қиса, ерлер (Н.Қажығалиев, Ә.Ғалиахметов, Ә.Қырымгереев, В.Ходов, Т.Меңдіхан) 5 мың метрлік додада үздік үштікті түйіндеді.
Еске сала кетейік, негізін батысқазақстандықтар құрайтын шорт-тректен Қазақстанның ерлер құрамасы 2016-2017 жылғы маусымда әлем кубогы кезеңдерінде табысты өнер көрсете білді. Енді қазақстандық шорт-трекшілер алдағы жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алу үшін дайындалатын болады.