Шортандыда зардап шеккендерге 6 медициналық бригада көмек көрсетті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Шортанды кентіндегі үйде газ баллонының жарылуы салдарынан зардап шеккендерге 6 медициналық бригада көмек көрсетті. Бұл туралы журналистермен өткен брифингте Ақмола облыстық жедел жәрдем станциясының бас дәрiгерi Александр Высоцкий мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, жедел жәрдем көмегіне полиция қызметкерлерінен 16-да қараша да кешкі сағат 21:15 шақыру келген. Онда газ баллоны жарылғандығы және үй өртеніп, зардап шеккендер бары айтылған. Сағат 21:16-де шақыру бірден жедел жәрдем бригадасына жолданды. Оқиға орнына Шортандыдағы медициналық көмек стансиясының екі бригадасы жетіп, сол жерде зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетті.

«Ересектер далада, ал балалар көршілерінде болды. Олар дереу Шортанды аудандық ауруханасына жеткізілді. Бұдан бөлек, қосымша көмекке Ақкөл, Аршалы аудандары және Жалтыр бөлімшесінен жедел жәрдем бригадасы, сондай-ақ, екі санавиация бригадасы жетті. Бірінші бригдада хирург реаниматолог болса, екіншісінде Көкшетау қаласынан балалар реаниматологы бар. Жалпы, зардап шеккендерге сол күні алты жедел жәрдем бригадасы көмекке тартылды», - деді Александр Высоцкий.

Еске сала кетсек, кеше түнде Шортанды кентінде барак типті үш пәтерлі үйде газ баллоны жарылды. Ақмола облыстық ТЖД бастығының орынбасары Манарбек Шапағатовтың айтуынша, өрттің шығуына қарапайым өрт қауіпсіздігі, яғни газ құрылғысын пайдалану ережесінің сақталмауы себеп болған.

Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықовтың мәлімдеуінше, жарылыстан зардап шеккен екі баланың жағдайы өте ауыр, денелерінің 90 пайызын күйік шалған.

«Біздегі мәлімет бойынша үш адам көз жұмып, он адам зардап шекті. Жалпы, ауруханаға 11 адам жеткізілді, оның ішінде бір қыз бала амбулаторияда ем қабылдауға жіберілді. Төрт бала шұғыл Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 балалар ауруханасының анестизия және жансақтау бөлімшесіне жатқызылды. Екі ересек адам Нұр-Сұлтандағы №1 қалалық аурухананың күйік бөлімшесіне орналастырылды. Сонымен бірге, Шортанды аудандық ауруханасында бір бала мен бір әйел станционарлық ем қабылдауда. Қалған зардап шеккендер амбулаторияда ем қабылдайды. Жансақтау бөлімінде жатқандардың жағдайы өте ауыр. Онда жатқан екі баланың бірі, 2009 жылғы ұл мен 2012 жылғы қыздың денелерінің 90 пайызын күйік шалған. Олар өкпені желдету аппаратына қосылған. Күйік бөлімшесіне түскен екі ер адамдардың жағдайы да өте ауыр. Олардың денесінің 70 және 40 пайызын күйік шалған», - деді Нариман Сыздықов.


Соңғы жаңалықтар