Шортандыда жаңа диірмен кешені салынуда - Ақмола облысы
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Шортанды ауданында тәулігіне 200 тонна ұн шығаратын диірмен кешені салынуда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Жобаны «Агромакс Астана» ЖШС қолға алып отыр. Оның құны 750 миллион теңгені құрайды. Қазіргі кезде, ғимараттың қабырғалары тұрғызылып, монтаждау, қойманың құрылысы жұмыстары жүргізілуде. Кешенде ұн мен кебек өндіріліп, саудаға шығарылмақшы.
«Кешен өз жұмысын үстіміздегі жылдың маусым айынан бастайды. Сол кезде тәулігіне 200 тонна өнім шығарылатын болады. Бүгінгі таңда дайын өнімді Өзбекстан Республикасының нарығына шығару үшін алдын ала келісімшарт жасалынған», - дейді серіктестік директоры Дилявер Касимов.
Сонымен қатар, ауданда Индустриаландыру картасы аясында 2016 жылы екі нысан іске қосылып отыр. Оның бірі құны 1 миллиард теңгені құрайтын табиғи тас және мрамор өңдейтін «Turan Indastry» ЖШС-ы болса, екіншісі «Белая Лиллия» ЖШС-ның қаз фермасы.