Шошқа етінен «Мұсылман» шұжығын өндіріп жатқан жеке кәсіпкерге қатаң шара қолданылса игі

АСТАНА. 13 сәуір. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Шошқа етінен «Мұсылман» шұжығын өндіріп жатқан жеке кәсіпкерге қатаң шара қолданылса игі.

Шошқа етінен «Мұсылман» шұжығын өндіріп жатқан жеке кәсіпкерге қатаң шара қолданылса игі

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Премьер- Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешовтың атына сауал жолдаған депутат Бағила Бірмағамбетова осы мәселені көтерді.

«Жақында «Хабар» арнасындағы «Сонымен, солай дейік...» бағдарламасына қатыстым. Онда Қазақстан тамақ өнеркәсібінде «Халал» брендін дамыту, халал өнімдерін шығарған кезде халықаралық стандарттардың сақталуы, өнімді ішімдіктен және шошқа етінен жеке сақтау, малды сою, халал-дәмдеуіштерін пайдалану, жануарлар майын және әр түрлі зиянды қоспалар пайдалануға тыйым салу секілді мәселелер талқыланды. Соған орай, бағдарлама барысында «Халал» және «Мұсылман» шұжықтарының бірнеше түрі әкелініп, оларға 3-5 минуттың ішінде шошқа етінің, сояның, құрғақ сүттің және тағы басқалардың бар-жоғын айқындап беретін тестілердің көмегімен жедел-сараптау жасалған болатын. Соның барысында «Меденников» жеке кәсіпкерлігі шығарып жатқан барлық «Мұсылман» шұжықтарында шошқа етінің болуы мені таң қалдырды. Меденников мырза мұсылманның шошқа етін харам еткенін білмей ме екен, неге «Мұсылман» деп доңыз еті қосылған шұжықты атап отыр?», - дейді Б. Бірмағамбетова.

Осыған орай, депутат вице-премьерден жедел-сараптамамен анықталғандай атына сай келмейтін «Мұсылман» шұжығын жасаған «Меденников» жеке кәсіпкерлігін және оның филиалдарын тексеріп, қатаң шаралар қабылдауды сұрады. Аталған кәсіпорын жылына шамамен 229 тонна шұжық өнімін шығарып, оны 6 филиалы арқылы сатады екен. «Өз жұмысына жауапсыз қарайтын өндірушілерді лицензиядан айыру қажет», - деді депутат.