Шошқа тұмауының таралуына байланысты шет елдерден ет тасымалдануына шектеу қойылды

АСТАНА. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Мексика мемлекетінде және Америка Құрама Штаттарының Техас, Калифорния және Арканзас штаттарында шошқаның H1N1 тектес тұмауы тіркелгенін мәлімдеді,

Шошқа тұмауының таралуына байланысты шет елдерден ет тасымалдануына шектеу қойылды
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіп кешені комитеті бүгін, сәуірдің 27-сінде өкім шығарып, Қазақстан аумағында аталған аурудың таралып кетпеуін алдын-алу мақсатында 2009 жылғы сәуірдің 28-нен кейін Мексика мен АҚШ-тағы Техас, Калифорния және Канзас штаттарында тиелген және жолаушылардың қол жүгі, әуе және су кемелерінің борт экипаждарының тағамдарын қосқанда, арнайы өңдеуден өтпеген түрлі жануарлардың ет және ет өнімдерінің елімізге тасымалдануына шектеу қойды. Сонымен қатар 2009 жылғы сәуірдің 28-нен кейін Латын Америкасындағы Гватемала, Гондурас, Доминикан республикасы, Колумбия, Коста-Рика, Куба, Никарагуа, Панама, Сальвадор, сондай-ақ Алабама, Аризона, Арканзас, Джорджия, Канзас, Луизиана, Нью-Мексико, Оклахома және Флорида штаттарынан шошқа және шошқа етінен жасалған өнімдерді әкелуге тиым салынды. Шошқа тұмауы аяқ астынан басталып, жылдам тарайды, тез дене қызуының көтерілуімен және тыныс алу мүшелерінің зақымдануымен сипатталады. Аталған мал ауруы тек қысты күні пайда болады және барлық мал басын қамтиды. Дерт, әсіресе климаттық жағдайлар ауысқанда тез таралады. Қайтадан ауру шығуы 10-14 айдың аралығында, күзгі-қысқы кезеңдерде байқалады. Ал негізгі таратушы көздері - жануарлар. Індеттің таралуына адамдар мен құстар себеп болуы мүмкін. Шошқа тұмауының вирусы құс пен адам тұмауының қосындысы болып табылады деген болжам бар.