Шотыңыз бен мүлкіңіздің бұғатталмағанын қалай тексеруге болады

АСТАНА. KAZINFORM – Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли ведомствоның баспасөз мәслихатында алаяқтар арасныда шот пен мүлікті бұғаттау туралы жалған ақпаратпен қорқыту тәсілі жиілеп кеткенін мәлім етті.

 коммуналдық төлемдер
Фото: freepik.com

«Жалған қызметкерлер өздерін сот орындаушысы ретінде таныстырып, азаматтардан қарыздарын өтеуді талап етуде. Талап орындалмаған жағдайда олар жеке шоттарды, мүлікті бұғаттайтынын айтып қорқытуда. Сізге осындай қоңырау немесе хабарлама түскен жағдайда Әділет министрлігінің, Республикалық және өңірлік жеке сот орындаушылар палатасының ресми сайттарындағы ақпаратты өз бетіңізше тексеріп, қажет болған жағдайда банкке хабарласуды ұсынамыз», - деді ресми өкіл.

Кез келген азамат өзінің шоты мен мүлкі бұғатталмағанына интернет арқылы көз жеткізе алады. Ол үшін үшін интернет-браузердің іздеу жүйесінде «Атқарушылық іс жүргізудің автоматтандырылған ақпараттық жүйесі» деп жазу керек. Содан кейін «Борышкерлер мен тыйым салулар тізілімі» бөлімін таңдап, тек ЖСН-ны енгізу керек.

«Егер сіз борышкер болсаңыз, онда сіздің қарызыңыз туралы ақпарат, сот орындаушысының аты-жөні және оның телефон нөмірі көрсетіледі.Егер сіз борышкер болмасаңыз, қызғылт сары түспен «Сұрауыңыз бойынша ештеңе табылмады» хабары пайда болады. Бұл сіздің шоттарыңыз бен мүліктеріңізді ешкім бұғатталмаған және бұғаттай алмайды дегенді білдіреді. Тек ресми дереккөздерге сеніңіз, жеке деректеріңізді белгісіз тұлғаларға бермеңіз», - деді Талғат Уәли.

Қосымша ақпаратты ведомствоның мына телефондарына хабарласып алуға болады: 119 немесе 8 7172 58-00-58.

Соңғы жаңалықтар