Шотландияда мемлекеттік қызметшілерге төрт күндік жұмыс аптасы енгізіледі
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Шотландияның бірінші министрі Хумза Юсаф өңірдің мемлекеттік секторында төрт күндік жұмыс аптасын енгізуді көздеп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, бірінші министр Шотландия үкіметінің келесі жылға арналған бағдарламасы аясында төрт күндік жұмыс аптасының пилоттық жобасын жариялайды.
Пилоттық жоба шамамен 12 айға созылады және осы жылдың соңында басталады деп күтілуде. Аймақ үкіметі басшысының бұл жоспарын Шотландиядағы консерваторлар қатаң сынға алды.
«Біздің экономика Ұлыбританияның қалған бөлігінен артта қалып, Ұлттық денсаулық сақтау қызметіміз «аяққа тұра алмай» жатқан сәтте, ал кеңестердің бюджеті үнемі қысқартылып жатқан кезде бұл қисынсыз жоспар жүзеге асады деп ойласа, Хумза Юсаф қиял әлемінде қалықтап жүр», - деді Шотландияның Консервативтік партиясы атынан сайланған депутат Лиз Смит.
«Бұл орындалмайтын жоспарды жалғастыру жыл сайын Шотландия бюджетіне 2,5 млрд фунт стерлинг шығын әкеледі. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді жабуымыз қажет немесе мектеп, аурухана және төтенше жағдайлар қызметтерін тиісті деңгейде жүргізу үшін қосымша миллиардтаған фунт іздеу керек болады – осы екі жолдың бірін таңдауға тура келеді», - деп атап өтті ол.
Мемлекеттік қызметшілердің төрт күндік жұмыс аптасына көшуі жеке сектор қызметкерлерінің де наразылығын тудыруы мүмкін. Хумза Юсуф тұрғындардың ауқатты санаттары үшін табыс пен муниципалдық салықтарды көбейтуді көздеп отыр.
Аймақта төрт күндік жұмыс аптасын енгізу Шотландияның бұрынғы бірінші министрі Никола Стердженнің сайлау алдында берген уәделерінің бірі болатын. Наурыз айының соңында оның орнына Хумза Юсаф келді.
2021 жылы Стерджен өз қызметкерлері үшін «жұмыс пен жеке өмір арасында баланс» орнатқысы келетін компанияларға 10 млн фунт стерлинг бөлетінін айтқан. Алты айлық пилоттық жобаға 60-тан астам фирма қатысып, жұмысшыларға сол жалақыға бес күннің орнына төрт күн жұмыс істеуге мүмкіндік берді.
Компаниялардың көпшілігі осы тәжірибе аяқталғаннан кейін де 4 күндік жұмысты жалғастырғысы келетінін білдірген. Ал олардың қызметкерлері күйзеліс пен алаңдаушылық азайғанын атап өтті.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Германия да төрт күндік жұмыс аптасын сынақтан өткізуде.