Шоу-бизнестің жұлдыздары сал ауруына шалдыққан балаларды Наурыз мерекесімен құттықтады
АЛМАТЫ. 24 наурыз. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыдағы «Балбұлақ» республикалық балаларды оңалту орталығында сал ауруына шалдыққан балаларды Наурыз мерекесімен «Қазақстан аруы -2010» конкурсының жеңімпазы Жанна Жұмалиева мен қазақстандық шоу-бизнестің жұлдыздары құттықтады.
Аталмыш шараны ұйымдастырған «Мэри Кей» (Қазақстан) компаниясы балаларға және олардың ата-аналарына арнайы мерекелік дастарқан мен концерт ұйымдастырып, сыйлықтар табыстады. Шараға орталықта ем алып жатқан бір жастан 14 жасқа дейінгі 58 бала мен олардың ата-аналары қатысты.
Қазақстан аруы Жанна Жұмалиева барша қауымды Наурыз мерекесімен құттықтап, балаларға денсаулық, ата-аналарына күш-қуат тіледі. Оның айтуынша, қайырымдылық сұлулық байқауының ажырамас бір бөлігі болып табылады.
«Мэри Кей» компаниясының бас директоры Константин Кулиничтің пікірінше, Қазақстандағы мүгедек балалардың мәселелері тек ата-аналардың және медицина мекемелеріндегі қызметкерлердің проблемасы болмауы керек. «Коммерциялық ұйымдар еліміздегі мүгедек балалардың оңалу жағдайының жақсаруына атсалысуы керек», - деп атап өтті ол.
"Біздің орталыққа мұндай көлемдегі жұлдыздар бірінші рет келіп отыр. Өздеріңіз де білесіздер, бұндай ауруға шалдыққан балаларға көбіне жақсы көңіл-күйлер мен жылулық, қарым-қатынас жетпейді. Жиі қонақтар келсе, олар бір жадырап қалады. Негізінен орталыққа цирктің әртістері мен басқа да еріктілер жиі келіп кетеді. Танымал адамдар өз жылулықтарын беріп, күш-қайрат сыйлап кетеді. Мұндай шаралардың оларға тигізер пайдасы көп. Сондықтан, игі істі ұйымдастырушыларға алғысымды айтқым келеді", - деді орталық директорының орынбасары Жанна Қожаева.
Оның айтуынша, бұл «Мэри Кей» компаниясының бірінші көмегі емес. "Компания 2007 жылдан осы сынды шаралар ұйымдастырып, балалардың психологиялық көмек алуына арналған "Сенсорлық бөлмені" және тезірек оңалуына ықпал беретін екі "Гросс тренажерін" біздің орталыққа сыйға тартқан болатын. Соның арқасында балалардың 15 пайызы оңалды. Бұл өте қажетті дүниелер еліміз бойынша тек біздің орталықта ғана бар", - деп атап өтті ол.
Балаларды құттықтауға арнайы келген танымал скрипкашы Жәмила Серкебаева да өзінің ыстық лебізін білдіріп, ең үздік туындыларды орындады.