Шоумен Нұртас Адамбаевтың басы бәлеге қалды

АСТАНА. 2 мамыр. ҚазАқпарат -  Қазақты мазаққа айналдырып, сонысынан нәпақа айырып жүрген «Наша KZаша» ойын-сауық бағдарламасының әртісі Нұртас Адамбаевтың басы бәлеге қалды.

Шоумен Нұртас Адамбаевтың басы бәлеге қалды

Адамбаев осыдан 5 жыл бұрын көлігімен адам қағып, енді өзі жарымжан қылған жігітке жәрдемдесуден қашып жүрген көрінеді.

«Жас қазақ» газетінің (№16 (380) саны) жазуынша, шоумен Адамбаевтың көлігінің астында қалып, көз жанарынан айырылған алматылық Мақсат Қуандықов 400 млн. теңге өтемақы талап еткен. Қуандықов ол кезде небары 22 жаста болған. Адамбаев одан кешірім сұрап: «емдеу ақысын түгел төлеп берем» деп, келіскен көрінеді. Алайда, жарымжан жігіттің ата-анасының сөзіне қарағанда, шоумен оларды құр сөзбен алдап, уақытты созып келіпті. Басқа амалдары қалмаған Қуандықовтардың отбасы енді өтемақыны сот арқылы өндіруге бел буған.

Оқиға былай болған...

2007 жылдың наурыз айында Абай мен Фурманов көшелерінің қиылысындағы жаяу жүргіншілерге арналған жолмен өтіп бара жатып сүрініп құлаған Мақсатты жолдан бұрылмақ болған Нұртастың темір көлігі қағып кетеді. Адамбаев әжуалап жүретін жол полицейлері оқиғаның үстінен түспеген сияқты. Сөйтіп, ол кезде оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғамай, екі жақ өзара келісімге келіпті. Келісім бойынша экс-КВН жұлдызы Қуандықовты емдетпек болады. Сөйтіп оның сөзіне сенген Мақсаттың ата-анасы арыздарын қайтып алған. Алайда Адамбаев содан кейін бойын аулаққа салып, Қуандықовтармен шекарасын мүлде үзген.

Жәбірленуші жігіттің әкесі Мұратбек Қуандықов: «Адамбаевтың айтып жүрген сөзі - Мақсатты бірнеше қалаға, тіпті шетелге апарып емдетпек болғанының бәрі өтірік», дейді.

Мақсаттың көз жанарын қалпына келтіру туралы ешбір дәрігер кепілдік бермеген. Оның үстіне емге көп қаржы кетеді. Мәселен, Израильде 62 мың доллар, Ресейдеде сол шамадағы ақы сұраған. Бес жылдан бері суқараңғы тіршілік кешкен жарымжан жігіт биыл 27 жасқа толыпты. Ал оны қара жолдың бойында қап-қараңғы тіршіліктің қапасына тыққан Нұртас Адамбаев қазір Тайландта телефильм түсіріп жүрген көрінеді.

Ал «Время» газетіне сұхбат берген «Наша KZаша» бағдарламасының бұрынғы әртісі Нұртас Адамбаев былай деп ақталады: «Мен Мақсат Қуандықовтың не үшін машинамның астына түскенін түсінбеймін. Бірақ оқиға болған кезде туыстарыммен бірге оның қасында болдық. Емдеттік, дәрі-дәрмегін алып бердік. Тіпті үнемі ақша да беріп тұрдым. Бүгінге дейін жалпы қанша ақша бергенімді білмеймін. Ресейге де емдеткім келген, бірақ жолға билет алып қойған кезде олар өздері бас тартты. «Израильге емделем, 220 мың доллар тауып бер» деді. Менде ондай ақша қайдан болсын? Бірақ бәрібір Қуандықовтардың отбасы алдында менің арым таза!».

Қазақты мазақ қылудың қисыны

Жұрт Нұртас Адамбаевты «Наша KZаша» арқылы таниды. Алайда оның өз ұлтын, салт-дәстүрін, тілін мазақ қылатын, бірақ сонысына арланбайтын мінезін түсіне алмайды. Адамбаев өз ұлты туралы не айтпады? КТК телеарнасы арқылы қалың қара­көздің салтын сайтанға теңеді, аламан айтысын әжуалады. Мүмкін оның осы сатирасы біреулерге қажет болар, мүмкін қазақты мазақ қылған жігіттерді қолдайтын біреулер бар шығар. Неге екенін кім білсін, КТК экраны арқылы «Наша KZаша» айылын Алтай мен Атыраудың арасындағы Алаш баласынан жимай-ақ қойды. Әжуалады, кемсітті.

Айта кетейік, Forbes журналы қазақ әншілері мен шоу-бизнес өкілдерінің арасында былтырғы жылдың ең табысты адамдарын анықтаған болатын. «Наша KZаша»-ның жігіттері шоу-бизнестегі «табысты жетіліктің» 3-орынына табан тірепті.