Шри-Ланкада қоқыс өртеніп, 20 адам мерт болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шри-Ланка астанасының солтүстік шығысында жанып жатқан қоқыстың құлауы салдарынан 20 адам мерт болды. Бұл туралы ТАСС Коломбо полициясына сілтеме жасап хабарлайды.

Шри-Ланкада қоқыс өртеніп, 20 адам мерт болды

Құқық қорғау органы өкілдерінің мәліметтерінше, осы жұмада биіктігі 91 метр болатын бірнеше мың тонна жанып жатқан қоқыс үйіндісі құлаған Колоновала аймағындағы құтқару жұмыстары аяқталды. Отқа оранып, кейіннен түтіндеп жатқан аймақта қалған күлдің астынан 21 адамның мәйіті табылды. Тағы үш адам із-түзсіз жоғалғандардың қатарында. Алайда оларды тірідей тауып алу неғайбіл болып отыр, 40-тан астам адамды күйік шалды.

Коломбоның ұлттық ауруханасының баспасөз хатшысы Пушпа Сойстің сөзінше, осы оқиғадан зардап шегіп, аталмыш ауруханада жатқан екі адамның жағдайы мүшкіл. Тонау әрекеттері орын алып жатқаны туралы хабарды алған соң полиция қызметкерлері қайғылы жағдай орын алған аймақта күзетті күшейтіп, мородерлық жасады деген күдікпен 18 адамды тұтқынға алды.

145 үй қирап, тағы жүздеген құрылыстарға зақым келді, қирандыларды аршу жұмыстарына 400-ден астам әскери қызметкерлер қатысуда. 600-ден астам адамға осы аудандағы мемлекеттік мектептен баспана берілді.

Жергілікті саясаткерлердің айтуынша, ел парламентінің өкілдері жуырда ғана Колоннавадағы 23 тонна қоқыстың жақын маңдағы адамдардың өмірі мен денсаулықтарына айтарлықтай қауіп тудырып отырғандығы жөнінде айтқан.

Олардың сөздерінше, болған оқиға табиғи апат емес,билік басындағы азаматтардың салақтықтарының салдарынан болған техногендік катастрофа. Күніне бұл аймақтағы қоқыс орнынан 800 тонна қалдықтар төгіліп келген. Тұрғындар болса аталған орынды өзге жерге көшіру немесе оны жабуды талап етіп, бірнеше мәрте наразылық шараларын ұйымдастырған.