Шри-Ланкада ресей туристерін аралар шағып, төртеуі ауруханаға түсті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шри-Ланкада аралар талаған ресейлік төрт туристке медициналық көмек көрсетілді. Бұл туралы жексенбі, 27 қарашада ТАСС агенттігі NKAR Travels & Tours компаниясының менеджері Алевтина Юрковскаяға сілтеме жасап хабарлады.
«Бұлар 14 ресейлік туристердің тобы еді. Оқыс оқиға кеше болды, сегіз ресейлікті ара шаққан, төртеуінің жағдайы нашарлаған соң ауруханаға апаруға тура келді. Оларға медициналық көмек көрсетілді. Ресейліктермен бірге қытайдан келген туристер де зардап шекті»,-деді Юрковская.
Келеңсіз жағдай Оңтүстік Азиядағы үңгірде орналасқан будда ғибадатханасы маңында болған. Бұл аумақта аралар ұясы өте көп.