Шіркей Түркістанға да жетті

шіркей
Фото: Pixabay

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Қазіргі таңда қаладағы жасыл желек толығымен дәріленіп жатыр.

Түркістан облысында бірнеше ауыл тұрғындарын шіркей әбігерге салып тұр. Әсіресе, отырарлықтар күндіз денесін қымтап, бетін тормен жауып тұратын бас киім киюге мәжбүр. 

Қазір шіркейлер облыс орталығы Түркістан қаласында да кездесе бастады. Бұл туралы Мариям Әбсаттар есімді журналист әлеуметтік желіге «Түркістанда шіркей көбейіп кетіпті…» деп жазды.

Ал, Тимурхан Назаров есімді тұрғын «Асылында шіркей мына Сырдария бойында, яки өзен бойларында болушы еді, қалада жүріп бір орында тұра алмайсың» деген пікір қалдырды. 

Қоғам белсендісі Ғани Назарбек шіркей талап жатқанын жеткізсе, Роман Бұрқаш «кешкісін жүре алмай қалдық» деген пікір айтты.  

Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, шіркеймен күрес бағытындағы дәрілеу жұмысына барлығы 6 техника, 10-ға жуық маман жұмылдырылған.

Шіркейге қарсы фипрон, кардинал және тиаметрин сынды дәрілері қолданылуда. 

«Бүгінге дейін қаланың негізгі орталық көшелері, әкімшілік-іскерлік, мәдени-рухани аумағы мен Б.Саттарханов даңғылы, 9-шы және 11-ші көшелер толықтай дәріленді. Шіркейлерге қарсы дәрілеу жұмыстары облыс орталығында үздіксіз жүргізілуде. Дезинсекция жұмыстары бүгінде саябақтар мен көше бойларында және шаһардың көгалды демалыс аумақтарында жасалып жатыр» делінген әкімдік тарапынан берілген ақпаратта.

Соңғы жаңалықтар