Шетелден әкелінетін дәрілерге тәуелділікті азайту керек — Премьер-министр
АСТАНА. KAZINFORM — Дәрілік заттар өндірісінің толық циклін жолға қою стратегиялық міндетке айналуға тиіс. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті.
— Дәрілік заттармен қамтамасыз ету — халқымыздың денсаулығы мен өміріне тікелей қатысы бар өзекті мәселе. Сонымен қатар денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты жұмысының негізгі факторларының бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, отандық фармацевтика өнеркәсібін дамыту, өндіріс көлемін ұлғайту және шығарылатын дәрі-дәрмек түрлерінің ауқымын кеңейту бағытында тиісті шаралар қабылданып жатыр. Мұның барлығы еліміздің дәрілік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Президентіміз халыққа Жолдауында атап өткендей, өнімді терең өңдеуді көздейтін жобаларға баса мән беру керек. Сондықтан жай ғана «орап-қаптаудан» бас тартып, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өндірісінің толық циклін жолға қою стратегиялық міндетке айналуға тиіс, — деді Олжас Бектенов.
Оның айтуынша, фармацевтикалық жобалар бойынша инвестициялық келісімдер жасау және жер телімдерін бөлу — бұл ауқымды істің басы ғана.
Ендігі кезекте оларды нақты жүзеге асырып, жаңа өндіріс орындарын құруға және қолданыстағы өндірістерді кеңейтуге мықтап кірісу қажет.
— Бұдан бөлек, дәрілік заттардың тағы да бес жүзге жуық түрін шығаруды қолға алып, 1 200-ден астам тұрақты жұмыс орнын құру қажет болады. Отандық дәрілердің түрлерін көбейту, сырттан әкелінетін өнімдерге тәуелділікті азайту бағытында жұмысты жалғастыру керек. Оңтайлы бағаны қалыптастыру да — маңызды мәселенің бірі. Сондай-ақ дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіздігін баса назарда ұстаған жөн. Емделушілер дәрі-дәрмектердің сапасына толықтай сенімді болуға тиіс. Кейбір препараттардың жағымсыз кері әсері туралы азаматтардың шағымдарын Денсаулық сақтау министрлігі үнемі қадағалап отыруы керек, — деді Үкімет басшысы.
Бұған дейін хабарланғандай, бүгін Үкімет отырысында Мемлекет басшысының биылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының» жобасы мақұлданып, тиісті қаулы қабылданды.