Шу алқабында Бішкек қаласының тұрғыны 1 тонна 213 келі қарасорамен ұсталды
АСТАНА. 20 шілде. ҚазАқпарат - Шу алқабында Бішкек қаласының тұрғыны 1 тонна 213 келі қарасорамен ұсталды,
деп хабарлады Жамбыл облыстық ІІД баспасөз қызметінен.
Ведомствоның атап өтуінше, «Кендір-2011» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында өткен сенбі күні Шу ауданының «Городок» учаскесінде Қырғызстан Республикасы Бішкек қаласының 53 жасар тұрғыны ірі көлемде марихуанамен ұсталды.
«Дельта-Долина» арнайы бөлімшесінің бастығы полиция подполковнигі Қуат Жапабаевтың айтуынша, ол 1 тонна 213 келі қарасораны дайындап, оның бір бөлігін кептіріп үлгерген. Құпия жертөле табылған, келімсек ол жерге есірткі шөпті жасыруға тырысқан.
«Қырғызстанда қарақшылық шабуыл жасағаны үшін жазасын өтеген есірткі жинаушы бұрын бұл жерде болғандығын, мұндай ірі көлемде өнімді алғаш рет жинағандығын мойындады. Бұл Қырғызстан азаматының ірі және аса ірі көлемдегі есірткімен ұсталуының бесінші дерегі. Күдікті жеті жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін», - деді Қ.Жапабаев.
Жыл басынан бері жамбылдық полицейлер заңсыз айналымнан барлығы 6,5 тоннадан астам есірткі заттарын тәркілеп, 158 есірткі қылмысының жолын кесті, оның ішінде 72 дерек есірткі сатумен байланысты болып отыр.