Шу даласында бірнеше күн бойы марихуана дайындап келген қостанайлық ұсталды

аймақаралық бөлім қызметкерлері «Мак-2012» жедел-алдын алу іс-шаралары барысында Рысқұлов ауданының құмды даласындағы «Қорағатты» учаскесінде Қостанай қаласының 50 жастағы тұрғынын құрықтап, одан 503 келі марихуана тәркіледі. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметінен хабарланды.
Алдын ала тексеріс бойынша анықталғандай, күдікті шілде айының басында Қостанайдан Алматыға келген. Кейін, 23 шілде күні Алматыдан көлікпен марихуаны әзірлеу үшін Жамбыл облысының Шу аумағына келгені анықталды. Күдікті өзімен бірге құрал сайманын да сайлап келіпті. Атап айтқанда, ол орақ, азық-түлік, суларын да ала барған және Шу қаласынан 150 шақырым қашықтықтағы далаға орнығып, бірнеше күн бойы марихуана әзірлеумен айналысқан.Сосын әзірлеген есірткіні ол даладағы құпия орындарға сақтап, кейін күзге қарай Қостанай қаласына алып бармақ болғаны да белгілі болды.
Бұдан бөлек, «Дельта-Долина» есірткі бизнесіне қарсы күрес бойынша аймақаралық бөлімінің және АІІБ Есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері Жамбыл облысы Қордай ауданы Қайнар ауылының жанынан 1971 жылы туған Алматы облысының тұрғынын ұстады. Ол 592 келіге жуық марихуана әзірлеген.
Ал ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес комитетінің және Ақмола облысы Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Степногорск қаласында 1969 жылы туған әйелді ұстап, одан 154 грамм героин тәркіледі. Сондай-ақ, ал Ақмола облысының Ақкөл аулында ІІМ және ІІД қызметкерлері 1987 жылы туған азаматтан 878 гр. героин тәркіленді. Жоғарыда аталған фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалды.