Шу қаласының 50 жастағы тұрғынынан 11 келіден астам марихуана тәркіленді

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысы, Шу қаласының 50 жасар тұрғынынан тәртіп сақшылары 11 килограм 760 грамм болатын кептірілген марихуана тәркіледі, деп жазады ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: Stefan Puchner/Getty Images

Шу ауданында жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде полиция қызметкерлері «Toyota Corolla» автокөлігін тоқтатып, жүк салғыштан жолаушыға тиесілі қара полиэтилен пакетін табады.

– Күдікті өз кінәсін толық мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Қылмыстық Кодекстің 296-бабы, 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бұл бап бойынша 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген, – деді полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Нұржан Рахметуллаев.

Айта кетейік, бұған дейін біз Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары 6 жылға сотталды деп хабарлаған болатынбыз. Тараз қаласының №2 соты алаяқтық, ірі мөлшерде бөгденің мүлкін жымқыру және иемдену бойынша айыпталған 4 тұлғаға қатысты үкім шығарған еді.

Сондай-ақ, Жамбыл облысында 200-ден астам педагог заңсыз жалақы алғанын да жазғанбыз.


Соңғы жаңалықтар
Референдум