Шу қаласының тұрғыны 5 келіге жуық марихуанамен ұсталды
АСТАНА. 23 ақпан. ҚазАқпарат - Өткен тәулік ішінде Көліктегі ішкі істер департаментінің қызмет көрсету аумағында 9 қылмыс тіркелді, оның ішінде криминалдық полиция желісі бойынша - 8 қылмыс.
Қылмыстардың алтауының беті ашылды.
Аталған департаменттің баспасөз қызметінің мәліметінше, 21 ақпанда сағат 20.00 шамасында «Шу-Аспара» стансысы аралығында Шу желілік ішкі істер бөлімінің қызметкерлері «Допинг» жедел-алдын алу шарасын өткізу барысында Шу қаласының еш жерде жұмыс істемейтін және бұрын сотты болмаған 1988 жылғы М. есімді тұрғынын құрықтады. Одан полицейлер салмағы 4 келі 900 грамм болатын кептірілген марихуананы тапты. Ұсталған азамат Шу стансысы желілік ішкі істер бөлімінің уақытша ұстау абақтысына қамалды.
Бұдан бөлек, 22 ақпанда түнгі сағат 12 жарым шамасында ЖІІБ-ге Жамбыл облысының Шу ауданы, Төле би ауылында тұратын 1972 жылы туған Н. есімді азаматша шағымданды. Айтап айтқанда, 21 ақпанда Шу стансысының теміржол вокзалы маңындағы алаңда халықтық тұтыну тауарлары бар арбаны белгісіз біреу ұрлаған. Келтірілген залал құны 19330 теңге. ЖІІБ-нің кезекші жедел тергеу тобымен жедел-іздестіру шарасын өткізу барысында Жамбыл облысы, Шу қаласында тұратын, еш жерде жұмыс істемейтін және бұрын сотты болмаған 1974 жылғы туған С. есімді азамат ұсталды. Ұрланған зат тәркіленді.