Шу облысында екі көлік бетпе-бет соқтығысып, бес адам қаза тапты
БІШКЕК. ҚазАқпарат - Шу облысында Ford Transit және Toyota Camry автокөліктері соқтығысып, бес адам көз жұмды, екеуі ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Кабар агенттігі.
Көлік инспекторларының айтуынша, Ford Transit-тің жүргізушісі рульде келе жатып, ұйықтап кеткен.
Оқиға 24 шілдеде таңғы сағат 08:15-те болды. Оңтүстіктен солтүстікке бағыт алған Ford Transit автокөлігінің 24 жастағы жүргізушісі рульге ие бола аллмай қалған. Салдарынан қарсы бетке шығып кетіп, Toyota Camry автокөлігіне соғылған. Екінші көлікті 34 жастағы Д.А. есімді азамат жүргізіп келе жатқан.
Жол апатының салдарынан Ford Transit автокөлігінің жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды.
«Toyota жүргізушісі мен үш жолаушысы Ысық-Ата ауданының ауруханасында көз жұмды. Екі бала ауруханаға жеткізілді», -деді Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бас басқарма өкілі.
Қазіргі уақытта сот-медициналық және автотехникалық сараптама тағайындалды. Тергеу амалдары басталып кетті.