Шу өзенінің бекінісін нығайтып, Көксай өзенінің арнасын Қазақстан аумағына көшіру қажет - депутат Қ. Уәли
АСТАНА. Қазанның 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Құрманғали Уәли Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады. Онда депутат Жамбыл облысындағы Шу өзені жағалауы бекінісін нығайту, Теріс-Ащыбұлақ су қоймасын қайта жаңғырту және Көксай өзені арнасын Қазақстан аумағына көшіру мәселелерін көтерді.
«2006 жылдан бері Жамбыл облысының Қордай және Шу аудандары арқылы өтетін Шу өзенінің су ағыстарының өзгеріп, жағалаулардың шайылып кету үрдістері жиі орын алып жүр. Әсіресе, қазақ жерін қырғыз елінің пайдасына айырып берілуіне байланысты шекара сызығының өзгертіліп, шекара бағаналары мен қауіпсіздік белгілерінің шайылып кету салдарынан Қырғыз Республикасымен шекаралас аймақтарда күрделі жағдайлар туындауда. Шу өзенінің жағалауы бекінісін нығайту шараларын іске асыру мақсатында әзірленген және мемлекеттік сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттар ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетіне тапсырылды. Жобаның сомасы Қордай ауданы бойынша 6 млрд. 15 млн. теңгені, Шу ауданы бойынша 2 млрд. 650 млн. теңгені құрайды», - деді депутат.
Оның айтуынша, тағы бір апатты нысан болып табылатын Теріс-Ащыбұлақ су қоймасы 1963 жылы іске қосылған. Нысан арқылы 20 мың гектар егістік алқабы суғарылады. Алайда,
1994 жылғы есептеулер нәтижесінде аталған су плотинасының жер сілкіністеріне төзімсіздігі туралы қорытынды берілген. Соған байланысты су қоймасының мөлшері 108 млн. кубометрге дейін кемітіліпті. «Ендігі бір мәселе - Көксай өзені арнасын бері көшіру. Арнаның 36,5 шақырымының 12,8 -і Қырғыз Республикасының аумағында орналасқан. Сондықтан, Қырғыз жағынан арна бөлігін талқандау арқылы ағын суды өз бетінше иелену жағдайы да орын алуда. Осы жағдайға байланысты арнаның қырғыз жағында орналасқан бөлігінде су пайдалану шараларын қамтамасыз ету барысында қиыншылықтар туындап отыр», деген депутат аталған шараларға тиісті қаражат бөліп, мәселені тиімді шешу қажеттігін атап өтті.