Шучинскідегі студенттің өлімі: 10 адамға жаза кесілді
АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысы Бурабай ауданы сотының үкімімен жас жігітті суицидке итермелеген Бурабай ауданының 11 тұрғыны кінәлі деп танылды.
«Сотталушылар Бурабай ауданында ұзақ уақыт бойы (2 жыл ішінде) күш қолданып, қорқытып, 12 адамнан 130-500 мың теңгеге дейін (жалпы сома 1 140 000 теңге) ақша бопсалаған. Сонымен қатар екі сотталушы «Н» және «А» жәбірленуші «Б»-ні өзіне қол салуға дейін жеткізген. Сот 7 сотталушыны 4 жылдан 5 жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айырып, үшеуіне 4 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығын шектеді. Кәмелетке толмаған «Ш.» жәбірленушілермен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптан босатылды», - делінген сот үкімінде.
Сондай-ақ, сот «Н», «К» және «Т» жеткіншек болғандықтан, ал «Р» кінәсін мойындап, шынайы өкінгендіктен және «К», «СА», «Т»-ның бұрын сотты болмағандықтан жазаны жеңілдететін жағдай ретінде ескергені айтылды. Сотталушыларда ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
«Сотталғандардан жәбірленушілердің пайдасына жалпы сомасы 3 млн теңге көлемінде моральдық зиян және жалпы сомасы 1 140 000 теңгеге келтірілген материалдық залал өндірілді. Сонымен қатар басты сот талқылауы барысында тәртіпті бұзғаны үшін полиция департаментінің атына және аудан әкімінің атына жастарды жұмыспен қамту бөлігінде жұмысты күшейтуге назар аудара отырып, жек қаулылар шығарды», - дейді Ақмола облыстық сотынан.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, былтыр 7 қазанда Ақмола облысында теміржолдан студенттің денесі табылғаны туралы хабарлаған едік. 19 жастағы студент өзіне 6 қазанда қол жұмсаған.
Президент Щучинск қаласындағы студенттің өліміне қатысты істі жеке бақылауына алды.
Мемлекет басшысы Ішкі істер министріне аталған істің мән-жайын жан-жақты тексеруді тапсырды.
Айта кетсек, Шучинскідегі колледж студентінің өліміне қатысты іс сотқа былтыр 6 желтоқсанда жолданады.