Щучинскідегі жарылыс: оқиға қалай өрбіді

АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысы Бурабай ауданының Щучинск қаласындағы «Центр плова» дәмханасында болған газ-ауа қоспасының жарылуы салдарынан 28 адам зардап шегіп, 7 адам қаза тапты. Kazinform тілшісі оқиғаның хронологиясын жасады.

Щучинскідегі жарылыс: оқиға қалай өрбіді
Фото: Оксана Матасова/Kazinform

26 ақпан, 21.56

112 пультіне бес қабатты тұрғын үйге жапсарлас орналасқан дәмханада газ-ауа қоспасының жарылғаны және өрт шыққаны туралы хабарлама түсті. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбадан жарылыс сәті анық көрінеді. Жарылыстан кейін бірнеше адам ғимараттан шығып үлгергенімен, басқалары ішінде қалған.

ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиевтің айтуынша, оқиға орнына өрт сөндірушілер бес минут ішінде жеткен.

Щучинскідегі жарылыс: оқиға қалай өрбіді
Фото: Оксана Матасова/Kazinform

26 ақпан, 22.01

– Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері 5 минут ішінде келді. Дәмхана ғимараты толықтай ашық жалынға оранғаны анықталды. Сыртқы қабырғалар мен ішкі қалқалар құлаған. Алғашқы әрекеттер барысында 10 адам құтқарылды. Сонымен қатар 50 литрлік 5 газ баллоны шығарылды. Бұл қайталама жарылыстардың алдын алуға мүмкіндік берді, – деді Ерлан Төрегелдиев.

Алғашқы мәліметтер бойынша, 6 адамның қаза тапқаны айтылды.

Щучинскідегі жарылыс: оқиға қалай өрбіді
Фото: Оксана Матасова/Kazinform

Дәл осы уақытта жедел жәрдем бригадалары да жетті. Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек оқиға орнына облыстық станцияның және жергілікті медициналық ұйымдардың барлық жедел жәрдем бригадалары жұмылдырылғанын айтты.

Сондай-ақ Біржан сал, Шортанды, Макинск аудандарындағы медицина мекемелері де тартылған.

Щучинскідегі жарылыс: оқиға қалай өрбіді
Фото: Оксана Матасова/Kazinform

Кейін нақтыланған мәлімет бойынша, 28 адам зардап шеккен, 7 адам қаза тапқан. Оның бесеуі жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмған. Екі науқас жансақтау бөліміне түскен сәтте қайтыс болған.

Төрт науқас Щучинск аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайы өте ауыр, тасымалдауға келмейді. Үш науқас травматология бөлімінде ем қабылдауда. Тағы сегіз адам амбулаторлық ем алуда.

Щучинскідегі жарылыс: оқиға қалай өрбіді
Фото: Оксана Матасова/Kazinform

Ең жас қаза тапқан – 15 жастағы қыз, ол дәмханада ыдыс жуушы болып жұмыс істеген. Зардап шеккендердің басым бөлігі – жастар, ең үлкені 45 жаста.

– Негізгі жарақаттар – күйіктер. Пациенттердің 50%-ында бет пен аяқ-қол күйігімен қатар жоғарғы тыныс жолдарының ингаляциялық күйіктері бар. Бұл олардың жағдайының ауырлығын күшейтеді. Амбулаторлық ем алып жатқан сегіз адамның екеуінде құлақ пен бет күйігі бар, қалғандарында жеңіл күйік пен шок жағдайы тіркелген, – деді Нариман Ермек.

Щучинскідегі жарылыс: оқиға қалай өрбіді
Фото: Оксана Матасова/Kazinform

Кейін үш науқасты Астанадағы Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығына ауыстыру мәселесі қаралды.

Жарты сағаттан кейін

Жарылысты маңайдағы тұрғындар да естіген. Куәгер Досболат Дауылбай жарылыстан кейін 30-40 минуттан соң барғанын айтты. Оның айтуынша, ғимарат толық жанып кеткен, құтқарушылар мәйіттерді алып шыққан, өрт сөндірушілер асүй жағындағы отты электр сымдарының үзілуі салдарынан бірден өшіре алмаған.

Щучинскідегі жарылыс: оқиға қалай өрбіді
Фото: Оксана Матасова/Kazinform

Щучинск тұрғыны Айғаным Досымбек сол кеште аталмыш дәмханаға баруды жоспарлаған, алайда соңғы сәтте райынан қайтқан.

27 ақпан, 02.11-02.26

Ақмола облысы әкімінің орынбасарлары Елдос Рамазанов пен Алтынай Әмренова алты ауыр науқасты санитарлық авиация арқылы облыстық көпсалалы ауруханаға жеткізу туралы мәлімдеді. Кейін олар жансақтау бөліміне жатқызылды.

Щучинскідегі жарылыс: оқиға қалай өрбіді
Фото: Оксана Матасова/Kazinform

– Пациенттердің жағдайы ауыр. Күйік көлемі 30%-дан 80%-ға дейін. Қазіргі уақытта күйіктік шокпен күрес жүргізілуде, – деді облыстық аурухананың хирургиялық қызмет жөніндегі директордың орынбасары Дмитрий Чайков.

27 ақпан, түске қарай

Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов қаза тапқандардың отбасыларына 2 млн теңгеден, зардап шеккендерге 1 млн теңгеден біржолғы материалдық көмек берілетінін хабарлады. Әкімдік жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру шығындарын өз мойнына алған. Сондай-ақ туыстарын орналастыру және сүйемелдеу мәселелері шешілген.

Щучинскідегі жарылыс: оқиға қалай өрбіді
Фото: Оксана Матасова/Kazinform

Әкімнің мәліметінше, 2022 жылға дейін нысан дүкен болған, кейін дәмхана ретінде қайта тіркелген. 2023 жылы барлық құжаттары рәсімделген.

Кейін Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті оқиға орнында арнайы тергеу басталғанын мәлімдеді. Алдын ала дерек бойынша, қаза тапқандардың бесеуі және зардап шеккендердің сегізі дәмхана қызметкерлері.

Щучинскідегі жарылыс: оқиға қалай өрбіді
Фото: Оксана Матасова/Kazinform

Оқиға фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум