Шұғыл көмекті қажет еткен 1 жасар сәби ТЖМ тікұшағымен Қызылордаға жеткізілді

АСТАНА. KAZINFORM - Қызылорда облысының Төретам кентінде бір жасар баланы облыс орталығына шұғыл жеткізу қажеттілігі туындады, деп хабарлайды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.

құтқарушылар
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, сәбиге шұғыл медициналық көмек қажет болып, ТЖМ авиациясы көмекке келген. Аз уақыт ішінде тікұшақ экипажы Төретам кентінен Қызылорда қаласына ұшып шығып, дәрігерлердің сүйемелдеуімен баланы медициналық мекемеге жеткізді.

-Ұшқыштар мен медицина қызметкерлерінің үйлесімді әрі кәсіби әрекеттерінің арқасында сәби дер кезінде ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта бала мамандардың бақылауында,-делінген хабарламада.

Сонымен қатар құтқарушылар Өскемен қаласында С.Нұрмағамбетов көшесінде жер үйден шыққан өрттен үш адамды қауіпсіз жерге көшірді. Өрт сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ, өрттің шығу себебі нақтыланып жатыр.

Осыған дейін құтқарушылардың Бозжыра маңында балшыққа батқан екі туристік автобусты шығарғаны туралы жаздық.