ШҰҒЫЛ: 1 тонна 700 келі «марихуана» тәркіленді
АСТАНА. 12 маусым. ҚазАқпарат - «Кендір-2012» және «Арна-Шығыс» кең ауқымды жедел алдын алу операциялары шеңберінде республика бойынша 1 тонна 700 келі «марихуана» тәркіленді.
Бұл туралы бүгін елордада Көліктегі ішкі істер департаментінде болған баспасөз мәслихатында Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Ақбаров мәлім етті.
Атап айтқанда, 2012 жылы 4 маусымда Шу-Аспара стансалары аралығында Көліктегі ішкі істер департаментінің қызметкерлері Алматы облысының 1969 жылы туған тұрғынын ұстады. Одан салмағы 613 келі «кептірілмеген марихуана» есірткі заты табылды. Ал 7 маусымда «Тәтті-Құрағатты» стансалары аралығында 690 келі «кептірілген марихуанамен» ОҚО тұрғыны құрықталды. Сол күні Тараз қаласының тумасы 410 келі «марихуанамен» ұсталды.
Ерлан Ақбаровтың айтуынша, тәркіленген есірткінің қара нарықтағы құны 7 млн. теңгеге дейін жетеді. Тергеуге алынғандардың ішінде 1958 жылы туған тараздық азамат бұрындары ұрлық жасап, сол қылмысы үшін сотты болған.
«Енді оларға аса ірі партия есірткі тасымалдағаны үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін», - деп түйіндеді сөзін Е. Ақбаров.