ШҰҒЫЛ: АҚШ-та өткен «Intel ISEF-2012» байқауында алғаш рет қазақстандық оқушы Әсия Құсайынова бірінші орынды иеленді

АСТАНА. 19 мамыр. ҚазАқпарат - АҚШ-та өткен «Intel ISEF-2012» байқауында алғаш рет қазақстандық оқушы Әсия Құсайынова бірінші орынды иеленді, деп хабарлады «Дарын» Республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының баспасөз қызметі.

ШҰҒЫЛ: АҚШ-та өткен «Intel ISEF-2012» байқауында алғаш рет қазақстандық оқушы Әсия Құсайынова бірінші орынды иеленді

Байқау оқушылардың ғылыми зерттеуге деген қызығушылығын оятуға және жас буынның ғалым мен инженердің жұмысына тартуға арналған. Жоғары сынып оқушыларына арналған халықаралық ғылыми-инженерлік «Intel ISEF - 2012» байқауы мамырдың 13-18 аралығында Питтсбург қаласында (Пенсильвания, АҚШ) өтті. Оған әлемнің 68 елінен келген 1500-ден астам жас дарын мен ғалымдар қатысты.

Елімізді бұл байқауда үш оқушы - Әсия Құсайынова - Қарағанды облысындағы дарынды балаларға арналған «Дарын» мектеп-интернатының 11 сынып оқушысы, Күнғожин Нұрбек - О. Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика орта мектеп-интернатының 11 сынып оқушысы және Арман Қадыров - Алматы қаласындағы №10 мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы таныстырды.

Ең үздік ғылыми зерттеулер байқаудың әділ-қазылар алқасымен таңдалып, іріктелді. Әділ-қазылардың құрамында жетекші әлемдік университеттердің өкілдері мен бүкіл әлемге белгілі жоғары дәрежелі ғалымдар болды.

Бірінші орын (3000 мың АҚШ доллар көлемінде ақшалай сыйлық) мен «Инженерлік жұмыстар ішіндегі санатта ең үздік» дәрежесін әділ-қазылар Әсия Құсайыноваға берді. Ол «Құбылмалы кесіктің айналмалы цилиндрлерін қолдану арқылы Магнус тиімділігі негізінде жел итеріп тұратын қозғалтқышты құру және іске асыру» атты өнертабысымен басып озды. Негізгі сыйлықтан басқа оның жұмысы  Carnegie Mellon University (АҚШ) білім беру мекемесінен арнайы шәкіртақы алды, Абдул Азиз королі (King Abdulaziz and His Companions' Foundation for Giftedness and Creativity (Сауд Арабиясы) атындағы қормен марапатталып, «Жаңартылған энергия көздері» атты санатында 3-ші орынға ие болып, жас дарындардың еуропалық байқауына жолдама ұтты.

Естеріңізге сала кетейік, оқушылар шығармашылығына арналған Intel International Science and Engineering Fair (Intel ISEF) Халықаралық ғылыми-техникалық байқауы - ең ауқымды халықаралық білім беруде әлемдік танымал Intel корпорациясының бастамасы болып табылады. Байқау 1950 жылы ашылған болатын. Intel корпорациясы бұл байқауды 1998 жылдан бастап қаржыландыруда. Қазақстан Республикасы алғашқы рет Intel ISEF қатысушы-мемлекеттер қатарына 2000 жылы кірді. Байқаудың ақшалай сыйлығы 4 млн. АҚШ долларын құрайды.