ШҰҒЫЛ: Алдыңғы шассиi iстен шыққан «SCAT» ұшағы апатты жағдайда Астанаға қонды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін таңертең «SCAT» әуекомпаниясының ұшағы Астанаға апатты жағдайда қонды. Бұл туралы елордалық әуежайдың баспасөз қызметінен хабарлады
«Шымкент-Астана» рейсі бойынша жолға шыққан «SCAT» әуе компаниясының ұшағы Астана әуежайында 10.57 сағатта алдыңғы шассиiнiң iстен шығу себебiнен апатты жағдайда қонды», - делінген хабарламада.
Ұшақ бiр сағат бұрын қону керек болған, алайда ақау салдарынан ол бiраз уақыт бойы Астана әуежайына қона алмаған. Ақпарат түскен бойда барлық қызметкер тiк тұрғызылды. Алдын ала қону алаңына ұшақты өрттен сақтайтын арнайы зат та төгiлдi.
Бортта 5 экипаж мүшесi мен 89 жолаушы болған. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
"Ұшқыштардың және әуежай, Азаматтық авиация комитеті, ТЖМ қызметкерлерінің келісілген жұмысы нәтижесінде бүгін таңертең Шымкенттен ұшып шыққан СКАТ әуе компаниясының «Боинг-737» самолеті Астана әуежайында 10.57-де сәтті қонды", деп хабарлайды ҚР ККМ баспасөз қызметінен. Айта кетейік, бұдан бұрын да «SCAT» компаниясының Бангкок - Астана бағыты бойынша ұшып шыққан тағы бір ұшағының тежегіші істемей қалып, Астана әуежайында апатты жағдайда қонған болатын. Ұшақ бортында 171 жолаушы мен экипаждың 9 қызметкері болған. Оның ішінде 49-ы - балалар.