ШҰҒЫЛ: «Алматы-Астана» рейсіндегі «шахид» белдемшесін асынған қыз туралы жалған хабар таратқан азамат қамауға алынды

АСТАНА. 25 сәуір. ҚазАқпарат -«Алматы-Астана» рейсіндегі «шахид» белдемшесін асынған қыз туралы жалған хабар таратқан азамат Астана қалалық сотының санкциясымен қамауға алынды.

ШҰҒЫЛ: «Алматы-Астана» рейсіндегі «шахид» белдемшесін асынған қыз туралы жалған хабар таратқан азамат қамауға алынды

Бұл туралы Астана қаласы Авиациялық көлік прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарланды.

«2012 жылғы 8 сәуірде сағат шамамен 00.45-те «Астана халықаралық әуежайы» АҚ халықаралық ұшу залының   «SIP» телефон нөміріне белгісіз ер адам хабарласып, таңертеңгі «Астана-Алматы» рейстік бағытымен «шахид» белдемшесін тағынған қыздың ұшатынын хабарлаған. Осыған орай, Астана қалалық әуежайының жеке құрамына дабыл қағылып, Халықаралық әуежайдың жаңа жолаушылар терминалына Көліктегі ішкі істер департаментінің оперативтік-тергеу тобы аттандырылады. Оқиға орнына құқық қорғау және арнайы органдардың, оның ішінде ҚР Президентінің Күзет қызметінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Авиациялық көлік прокуратурасының қызметкерлері дереу тартылған. Оқиғаға орай, әуежайдағы жолаушылар мен персоналдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өткізу режімі мен жүктерді қарау күшейтілді. Әуежай ғимаратына кіретін барлық қосымша есіктер жабылып, әуежайдың бүткіл аумағы қатаң бақылауға алынды. Қызметтік із кесуші иттердің көмегімен әуежайдың жолаушылар терминалы тінтілді», - делінген баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.

Бұдан бөлек, арнайы қызметтердің ширақтығы арқасында әуежайға қоңырау шалынған телефон нөмірі де айқындалған.  Одан кейінгі жедел шараларды жүзеге асыру  барысында 1982 жылы туған, ұлты қазақ азамат Д. Анаповтан әуежайға қоңырау шалынған «Нокия» ұялы телефоны алынып, кейіннен дәл осы телефоннан әуежайдың «SIP» залына қоңырау шалынғаны да белгілі болды.

Тергеу барысында азамат Д. Анапов «Пивница» мейрамханасында мас күйінде 8 сәуір күні сағат шамамен 00. 30 минутта азаматша  Елена Гавриловамен дауласып, оның таңертеңгі рейспен Алматы қаласына ешқандай да ұша алмайтынын айтқан.

Жоғарыдағы екеудің арасындағы дауды куәгерлер де нақтылап, Анаповтың Гаврилованы «бомбасы бар жанкешті» ретінде рейстен алып қалатыны туралы жалған хабарламасын да растаған. Куәгерлердің берген түсініктемесіне орай, осындай оқиғадан соң Анапов пен Гаврилова «Пивница» мейрамханасынан шығып, «Шоколад» түнгі клубына одан әрі қыдыруға кеткен.

«Қазіргі таңда осы фактіге орай  ҚР Қылмыстық кодексінің 242-бабы (терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар беру) бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергелуде. Адамдардың қалыпты өмірін бұзуға әкеп соғатын қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қарсы қылмыс жасалғанын, сондай-ақ көптеген адамдардың өздерінің функциялық міндеттерінен (Президент Күзет қызметі, құқық қорғау және прокуратура органы қызметкерлері және тағы басқалар) айырғанын  ескере отырып Астана қаласының соты Д. Анаповты қамауға алу туралы  санкция берді. Қазіргі таңда азамат Д. Анаповтың құқыққа қайшы әрекетінің салдарынан келтірілген залал көлемі анықталу үстінде», - делінген баспасөз айғағында (тергеуге орай тұлғалардың аты жөндері өзгертілген).