ШҰҒЫЛ: Алматыда төрт адамды өлтіріп кетті
АЛМАТЫ. 12 маусым. ҚазАқпарат - Алматыда кеше жантүршігерлік оқиға орын алды. Өз пәтерлерінде 2006 және 2010 жылы туылған екі сәби мен 1979 және 1994 жылы туылған екі ересек адам өз пәтерлерінде қылғындырылып өлтірілген.
Қаза болғандардың бірі ҚХР азаматы, деп хабарлады қалалық ІІД-нің баспасөз қызметінен.
Оқиға орнына Алматы ІІД бастығы Қайрат Тыныбеков, қала прокуроры Берік Асылов және ІІД мен Медеу аудандық ІІБ тергеу жедел топтары барды.
Қаза болғандардың әкесінің айтуынша, үйден ақша және зергерлік бұйымдар салынған металл сейф ұрланған.
Сол күні шамамен 22 сағатта «Боран-135» патрульдік көлігінің экипажы жедел іздестіру шаралары кезінде 1983 жылы туылған Өзбекстан азаматы мен 25 жастағы екі Алматы облысының тұрғынын ұстады.
Өзбекстан азаматы сейфтегі заттарды ұрлау үшін төрт адамды өлтіргенін мойындады. Сейфте ақша мен бағалы заттардың бар екенін ол үй иесінен білген, сондай-ақ сол үйде әлденеше рет қонақта болған.
Сейфті тексеру барысында онда 290 мың юань, Алматы облысы Жамбыл ауданында орналасқан жылжымайтын мүліктің құжаттары, түрлі тұлғалардан әртүрлі көлемдегі қарыздық хаттар, зергерлік бұйымдар және бес кілт табылды.
ҚР ҚК-нің 96 бабы, 2 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды.