ШҰҒЫЛ: Апалы-сіңлілі қыздарды өлтіріп, денелерін өртеп кеткен қылмыскер ұсталды - ІІМ
АСТАНА. 18 шілде. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының полицейлері апалы-сіңлілі қыздарды өлтіру қылмысын ашты.
Оны жасаған 29 жасар қанішер ұсталып, қамауға алынды. Бұл туралы бүгінгі баспасөз мәслихатында ҚР Ішкі істер министрлігі Мемлекеттік тіл және ақпарат департаменті бастығының орынбасары Бақыт Өмірсейітов мәлім етті.
Оның хабарлауынша, осы айда Арыс ауданы Хлопкое ауылында өртенген үйдің ішінде 41 және 46 жастағы екі апалы-сіңлілердің жартылай жанған мәйіттері табылған болатын. «Олардың аяқ - қолдары байланған, әрі бас сүйекке зақым келтіру және қылқындыру түріндегі зорлықпен өлтіру белгілері анықталды. Қылмыс бірлесіп арақ ішудің нәтижесінде орын алған. Бір адам басына тиген қатты соққыдан ажал құшса, екіншісін қылқындырып өлтірген. Қылмысының ізін жасыру мақсатында күдікті үйді өртеп жіберген. Қазіргі кезде аталған қылмыс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде», - дейді Б.Өмірсейітов.