ШҰҒЫЛ: Астана әкімдігі тұрғын үй комиссиясының оң қорытындысына ие болған 2446 азаматтың тізімін жариялады
Барлығы екінші кезең бойынша азаматтардан 26823 өтініш келіп түсті. Бірақ алдын ала жүргізілген жұмыстың барысында тұрғын үй комиссиясы өтініште көрсетілген жұмыс орны немесе жас отбасы санатына жататындығы жөніндегі мәліметтер жалған болып шыққан, болмаса өтініш білдіруші азаматтардың басымдық берілетін тобына жатпайтындығының 375 фактісін анықтаған.
Осыған орай, комиссия одан әрі тексеруге азаматтардың басым тобына қойылатын талаптарға сәйкес келетін 26448 өтінішті өткізді.
Мемлекеттік бағдарламаға қатысқан әр азамат үшін баспана мәселесінің қаншалықты маңызды екенін ескере отырып, тұрғын үй комиссиясы пәтер иелерін анықтауда қателікке бой алдырмау үшін әр өтінішті мұқият тексерді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 19 шілдедегі № 711 қаулысымен бекітілген Жергілікті атқарушы органдардың Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысының 2008 - 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде салынған тұрғын үйлерді сату ережелеріне сәйкес, тұрғын үйді сату жөнінде шешім қабылдау кезінде басымдық берілетін азаматтар тобына балл беру жүйесі арқылы іріктеу қолданылды. Комиссияның оң қорытындысына ие болуға үміткерлер арасында негізгі критерий бойынша жинаған балдар саны бірінші кезекте есепке алынады. Мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлері үшін жұмыс өтілі, жас отбасылар үшін олар тәрбиелеп отырған балалар саны негізгі критерий болып саналады. Тұрғын үй құрылысының 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына қатысып, іріктеуден өте алмаған азаматтар қосымша 10 балға ие болды.
Сонымен қатар комиссия мүшелері өз шешімін шығарар кезде пәтерге үміткерлер отбасында 1 және 2 топ мүгедектерінің болуын, өтініш білдірушінің немесе өтініш білдірушінің жұбайының 20 аптадан асатын жүктілігін назарға алды. Мемлекеттік кәсіпорын қызметкерлерінің өтініштерін қарастыруда әлеуметтік бағыттағы мекемелердің қызметкерлеріне басымдық берілді.
Мемлекеттік бағдарламаның қатысушыларына тұрғын үй беру жөніндегі қорытынды шығару кезінде міндетті түрде олардың меншік құқығында жылжымайтын тұрғын үй мүлкінің болуы және оның 2005 жылдан бері меншіктен шығару фактілері ескерілді.
Комиссия Тұрғын үй құрылысының 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының екінші кезеңі қатысушыларының қорытынды тізімін апелляциялық кезең деп белгіленген 2011 жылғы 19 тамыз бен 16 қыркүйек аралығында азаматтардан келіп түскен шағымдарды қарастыру негізінде балдарды қайта есептеуден кейін шығарды. Мемлекеттік бағдарламаның екінші кезеңі қатысушыларының шағымдардан кейін енгізілген өзгерістер мен қосымшаларымен қоса толық тізімі Астана қаласы әкімінің www.astana.kz сайтында орналастырылған.
Тұрғын үй құрылысының мемлекеттік бағдарламасының екінші кезеңі шеңберінде салынған 2446 пәтерге 26448 адам үмітті болуына байланысты тұрғын үй комиссиясы ең көп балл жинаған және меншік құқығында баспанасы немесе оның бөлігі жоқ, 2005 жылдан бері меншіктен шығару жасамаған үміткерлерге оң шешім шығарды.
Ережелерге сәйкес, тұрғын үй комиссиясы келіп түскен өтініштерді ескере отырып, басымдық берілетін әр санат үшін квота белгіледі және бекітті. Квоталар төмендегідей бөлінді:
- «жас отбасы» санаты бойынша 5574 өтініш келіп түсті, 514 пәтер;
- «мемлекеттік қызметшілер» санаты бойынша 8930 өтініш келіп түсті, 831 пәтер;
- «мемлекеттік мекеме қызметкерлері» санаты бойынша 4375 өтініш - 391 пәтер;
- «мемлекеттік кәсіпорын қызметкерлері» санаты бойынша 7569 өтініш келіп түсті, 710 пәтер бөлінді.
Тұрғын үй комиссиясының оң қорытындысына ие болған өтініш білдірушілер төлем қабілеттілігін растау үшін Астана қаласының «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ-на жолдама алады.
Тұрғын үй құрылысының 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының екінші кезеңі шеңберінде пәтер алуға тұрғын үй комиссиясының оң қорытындысына ие болған қатысушылардың тізімі «Вечерняя Астана» және «Астана Ақшамы» газеттерінің 2011 жылғы 19 қарашадағы нөмірлерінде жарияланады.