ШҰҒЫЛ: Астанада аса үлкен көлемде оқ-дәріні ұрлаған қылмыстық топ ұсталды - елордалық ІІД
АСТАНА. 6 қыркүйек. ҚазАқпарат - Астана қаласы ІІД тергеу бойынша басқармасының қызметкерлері 3 адамнан құралған қылмыстық топты қолға түсірді.
Олар - Батыс Қазақстан облысының тумалары, біреуі бірнеше рет істі болған.
Бұл туралы брифингте Астана ІІД тергеу бойынша басқарма басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Айдос Рысбаев айтты.
Оның сөзіне қарағанда, ұсталғандар Ақмола облысының аумағында тұрақта тұрған жүк көліктерінің ішінен тауарлық құндылықтарды ұрлап әкетіп отырған.
Құрықталғандардың тұрғылықты мекен-жайы мен көліктерін тінту кезінде полиция қызметкерлері теледидарлар мен микротолқынды пеш, киім-кешек, аяқ киім мен басқа да тауарлар тапты.
Оған қоса 12 калибрлік аңшы қаруының 6 мыңнан астам оқ-дәрісі алынды. ҚР ҚК-нің 175 бабы 4 бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды.