ШҰҒЫЛ: Бейбіт Ыстыбаев «Қазақстан барысы» атанды

 АСТАНА. 22 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бейбіт Ыстыбаев  «Қазақстан барысы» атанды.

ШҰҒЫЛ: Бейбіт Ыстыбаев  «Қазақстан барысы» атанды

Жеңімпазға «Қазақстан барысы» алтын белбеуі мен 150 мың АҚШ доллары, алтын тайтұяқ және темір тұлпар берілді. Ал, оның бапкері Елдос Далабайға 50 мың АҚШ доллары табыс етілді.

Жеңімпаз өз сөзінде бүгінгі жеңісін Жамбыл облысы мен ата-анасына арнайтынын жеткізді.

Күміс жүлдеге Шалқар Жоламанов ие болды.Оған 30 мың, бапкері Қанат Сүлейменовке 10 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы берілді. 

Қос палуан да былтырғы жылғы турнирде жеңіс тұғырына көтерілген еді. Сол кезде Бейбіт Ыстыбаев күміс жүлдеге ие болса, Шалқар Жоламанов қола медальға ие болған.

 Қола медальды алған Айбек Нұғымаровқа 10 мың АҚШ доллары, ал оның бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Серік Қоржыкеновке 13 мың АҚШ доллары берілді.

 Ең жас палуан Рустам Жұмаев «Көрермен көзайымы» атанып, 10 мың доллар жүлдеге  ие болды.

Еске сала кетейік, биылғы «Қазақстан барысы-2012» турниріне  әр облыс пен Астана, Алматы қалаларынан 32 палуан іріктелген еді. Сондай-ақ былтырғы «Қазақстан барысы» Ұлан Рысқұл мен Олимпиада ойындарына қатысушы Ержан Шынкеев іріктеуден тыс қатыстырылды. Алайда, Ержан Шынкеев қола жүлде үшін бәсекеде Айбек Нұғымаровтан, Ұлан Рысқұл Батыс Қазақстандық Арман Әбеуовтен жеңілді. Бейбіт Ыстыбаев: Лақап аты: Тараз Арланы. Туған жылы: 1985. Бойы: 193, салмағы: 135. Туған жері: Жамбыл облысы, Талас ауданы, Көшек батыр ауданы. Спорттық атағы: Қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Спорттық жетістіктері: Қазақ күресінен Әлем және Азия чемпионы, 2011 жылғы республикалық «Қазақстан Барысы» турнирінің күміс жүлдегері. Бапкері: Елдос Далабай.