ШҰҒЫЛ: Білім және ғылым министрі оқушы туыстарының мектеп ұстазын ұрып-соғуын күпірлік деп бағалады
АСТАНА. 15 наурыз. ҚазАқпарат - Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Алматыдағы № 151 мектептің ұстаздарының бірін оқушы туыстарының ұрып-соғуын күпірлік деп бағалап отыр.
Білім және ғылым министрлігінің мәліметтерінше, бұл оқиға жөнінде Білім және ғылым министрлігі де, Алматы қалалық білім басқармасы да хабардар. Осы оқиғадан соң зардап шеккен ұстаз оқушының ата-аналарын сотқа берді. Қазіргі таңда бұл мәселемен сот айналысуда және соттың шешімімен мектеп әкімшілігі ендігәрі мұндай әрекеттердің алдын алу үшін тиісті шара қолданатын болады.
Ал министрдің өзі бұл жағдайға былайша баға берді: «Кез келген адамды соққының астына жығу бұл кемшілік емес, барып тұрған қылмыстың өзі. Ұстаз қашанда халық қадір тұтып, құрметтейтін қасиетті мамандық иесі болып есептеледі. Осы себепті біз ұстаздарға өзіміздің ең дүниедегі қымбат құндылығымыз - ұрпағымызды, олардың болашағын сеніп тапсырамыз. Ал мұндай адамға қол көтеру күпірлік. Мен әрине сот судьясы емеспін және осы әрекеттің ақ-қарасын сот өкілдері ажыратады. Соған қарамастан мен қоғам болып, ел болып, ұстаздарды осындай әрекеттерден қорғайтын тетіктер қалыптастыруымыз қажет деп санаймын. Сондықтан бұл мәселе білім беру саласының барлық деңгейінде басты назарда болады. Мен оны өзімнің жеке бақылауыма аламын», - деді министр.
Естеріңізге сала кетейік, 1 наурыз күні бұқаралық ақпарат құралдары мектеп мұғалімі Асхан Шаметовтің 6-шы сынып оқушысына ескерту жасағаннан кейін оқушы өзінің ата-аналарына шағымданғаны жөнінде хабарлаған болатын. Осыдан кейін оқушының ата-аналары мектепке барып, ұстазбен әңгімелерін бітірген соң, полиция органдарына хабарлаған. Бұл әрекеттердің барлығы бейнекамераға түскен. Ал полиция қызметкерлеріне оқушы қыздың ата-анасы мұғалімнің қызын жиі ұратындығын айтқан.
Оқушының туыстарынан соққы алған ұстаз - А.Шаметовке медициналық тексеруден өтіп, емделу қажет. Мектепке ол тек толық сауыққаннан кейін ғана келеді. Оған қазір компьютермен жұмыс істеуге және телевизор көруге тыйым салынған.