ШҰҒЫЛ: Бүгін түнде Қазақстанның тәулік бойы хабар тарататын «24KZ» тұңғыш жаңалықтар телеарнасы іске қосылады

АСТАНА.  31 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін түнде Қазақстанның тәулік бойы хабар тарататын «24KZ» тұңғыш жаңалықтар телеарнасы іске қосылады. Бұл туралы ҚР мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай Қазмедиаорталығында журналистер үшін брифинг өткізді.  

ШҰҒЫЛ: Бүгін түнде Қазақстанның тәулік бойы хабар тарататын «24KZ» тұңғыш жаңалықтар телеарнасы іске қосылады

Жаңа телеканал «Хабар» агенттігінің базасында құрылады. Телеарна әлемде болып жатқан оқиғалар туралы ауқымды ақпарат беріп, Қазақстанда болып жатқан жаңалықтардан хабардар етеді.  «24KZ» «ОтауТВ»  ұлттық спутниктік желісі арқылы және кабельдік желілерде көрсетіледі. Арна күн сайын 48 жаңалықтар топтамасы мен 40 ақпараттық тақырыптық бағдарламаларды эфирге шығарады.

«Бүгін шын мәнінде айтулы күн болғалы тұр. Елбасының тапсырмасымен «24KZ» телеарнасы ұйымдастырылып жатыр. Мұның өзі Қазақстандағы ақпарат құралдарына деген қамқорлық. Бұл шын мәнінде Орта Азияда теңдесі жоқ арна болады. Оның дәлелі осы Медиа орталықтың ашылуы. Бұл Медиа орталық бізге сол идеяларды жалпы жаңғырту мәселелерін жүзеге асыруға жәрдемін тигізеді деп ойлаймын. Бұл орталық бізге CNN, BВC, Euronews сынды әлемдік телеарналар стандарттарымен жұмыс істеуге мүмкіндік береді», - деді Д. Мыңбай.

Министрдің атап өтуінше, «24KZ» HD сапасындағы бейнесі бар тең салмақты хабар тарататын алғашқы отандық телеарна болмақ. Ақпараттық арнаның эфирлік саясаты «Әрбір жарты сағат сайын жаңалықтар» қағидасы бойынша қалыптасқан. Ал олардың арасындағы эфирлік уақыт тақырыптық бағдарламаларға бөлінеді.

Бүгін 23.30-да Қазмедиа орталығы алаңында «24KZ» арнасының іске қосылуының ресми тұсаукесері өтеді. Іс-шараның тікелей көрсетілімін «Хабар» және «Еларна» арналарынан көруге болады.