ШҰҒЫЛ: Дамаскіде екі күшті жарылыс салдарынан 40-тан астам адам қаза тапты

Сирияның Денсаулық сақтау министрінің мәлімдеуінше, лаңкестік әрекет салдарынан 29 адам қаза тапты, тағы 103-і жарақат алды. Бұл ретте Reuters агенттігі жарылыстар салдарынан 40-тан астам адам қаза тапқанын хабарлайды.
Жарылғыш құралдардың бірі Дамаскінің халықаралық әуежайына апаратын жолға жақын орналасқан оңтүстік айналмалы жолына салынған. Лаңкестік әрекеттің мақсаты сириялық арнайы қызметтердің бөлімшесі болғаны шамалануда. Жарылыстардан кейін сириялық астанада атыс-шабыстар басталды. Қазіргі кезде қаза тапқандар мен жарақат алғандардың саны нақтылану үстінде.
Куәгерлердің айтуынша, лаңкестік әрекеттен кейін полицейлер Тамадун ауданын қоршап алды. Ол жақтан жедел жәрдем қызметінің дабылдары естілуде.
Бүгін сириялық құқық қорғаушылар Хомс қаласында қайтадан атыс басталғаны туралы хабарлағанын атап өту қажет. 2012 жлдың 10 мамырына қараған түні болған канонада соңғы үш аптадағы ең күштілердің бірі болды. Қазіргі кезде Хомс аумағында БҰҰ миссиясының 11 бақылаушысы жүр. Сирия Президенті Башар Асад режимінің жақтастары бұл оқиғаға әзірше ешқандай түсінік бермейді.
Сириядағы билік көздері мен оппозицияның бір-біріне қарсылығы 2011 жылдың наурызынан жалғасуда. Оппозиция үкіметтік күштерді бейбіт халыққа «жаппай хайуандық» жасауда деп кінәлап, Президент Б.Асадтың қызметін босатуын талап етеді. Ресми Дамаск елде демократиялық ұрандарды жамылған «қаруланған лаңкестер бандыларының» жүргенін айтады. БҰҰ-ның соңғы бағалары бойынша, Сириядағы ұрыстар кезінде 9 мыңнан астам азаматтық тұлға қаза тапты.