20:23, 04 Тамыз 2012 | GMT +5
ШҰҒЫЛ: Данияр Елеусінов жеңісті жолын жалғастыруда
АСТАНА. 4 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Лондон Олимпиадасында 64 келі салмақ санатында жарыс жолына шыққан боксшымыз Данияр Елеусінов 1/8 финалдағы қарсыласы ирандық Мехди Толоутибандты айқын басымдықпен ұтты.

Бірінші кезеңде үш ұпаймен басымдық танытқан Данияр екінші раундта қарқынын күшейтіп, есепті 12:5-ке жеткізді. Ал шешуші кезеңде де ирандық боксшыға еш мүмкіндік бермеген боксшымыз жарысты 19:10 есебімен аяқтап, жеңіске жетті.
Айта кетейік, ирандық Мехди Толоутибанди 1/16 финалда испандық былғары қолғап шебері Джонатан Алонсо Флетені 16:12 есебімен жеңсе, біздің спортшы американдық қарсыласын 19:9 есебімен ойсырата ұтып, еліне жүлдесіз қайтарған болатын.
Данияр Елеусінов 21 жастағы астаналық спортшы. Халықаралық санаттағы спорт шебері. Ол Қазақстан чемпионы (2010-2011 жылдары), Азия ойындарының чемпионы (2010 жылы). Данияр жолдаманы жақында елордада өткен Азиялық іріктеу турнирінде қанжығасына байлады.