ШҰҒЫЛ: Демалыс күндері республиканың басым бөлігінде қатты жел мен бұрқасын көтеріліп, ауа температурасының төмендеуі күтіледі
АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - 25-27 қаңтар аралығында Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында қар, бұрқасын, оңтүстік-батыстан 15-20 м/с, кейбір жерлерде 25 м/с жылдамдықпен соғатын жел күтіледі, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында жел екпіні 30 м/с-тан асады.
Бұл туралы Қазгидрометке сілтеме жасаған ҚР ТЖМ-нің баспасөз қызметінен хабарлайды.
28 қаңтар күні Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарында ауаның температурасы 10-15 градус, кейбір жерлерде 25 градусқа дейін төмендейді. Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарында, 29 қаңтар күні Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында түнде ауаның температурасы 25-30 градус, кейбір жерлерде 30 градус суықты көрсетеді.